Өмір - Ауыл ақсақалдары

АУЫЛ АҚСАҚАЛДАРЫ

Сендерсіңдер тұнып тұрған даналық,
Даналықпен жатады өмір жаңарып.
Өздеріңмен жатыр гүлдеп күн сайын,
Болашақтың қабырғасы қаланып.

Сендерсіңдер толған ақыл, парасат,
(Кеңдігіңе болар жалғыз дала шақ.)
Біздерде арман болмас еді өмірде,
Жақсы ағаға жақсы іні боп жарасақ.

Әр жыл сайын кемел ойлар марқайып,
Ақ жүздерден бал-бұл жанған әр тайып.
Жиырма бесте жарқылдаған жігіттер,
Барасыңдар жылдармен бір қартайып.

Зулап өтіп талай көктем, талай күз,
Сан сызықпен шималанды арай жүз.
Қиындыққа қарсы тұрған қасқайып,
Ағаларға бас имейміз қалай біз?!

Сендер барда иілмейміз, сынбаймыз,
Құрметтейміз, қастерлейміз, сыйлаймыз.
Ақылды, абзал қайран ақсақалдар-ай,
Сиреп бара жатыр деуге қимаймыз.

Аппақ алау көңілдегі армандар,
От жылдарда оққа қарсы барғандар.
Алдымызда асқар таудай еңселі,
Сендер жүрсең бізге қандай арман бар,
Алаулаған армандар!