Өмір - Өмір туралы ойлар

ӨМІР ТУРАЛЫ ОЙЛАР

Өмір кейде мұң боп есік қағады,
Бар шаттығы жете бермес әр үйге.
Біреулерге тағар болсаң кінәні,
Себебін де ойлайсың ғой, әрине,

Шаттығымды күндер кейде ұрлайды.
Бір қуансаң болмайды ол да дәнеңе.
...Өмір деген бір қайғыдан тұрмайды,
Бір шаттықтан тұрмайды екен және де...

Бір адамның бір адамнан несі кем,
Әркімді де бағалаймыз ісімен.
Мен қорқамын көз алдыңда көлгірсіп,
Күліп тұрып жылататын кісіден.

Жүріп жатса тамағың тоқ, жайлы ісің,
Бостан босқа шу шығарар қай кісің.
...Біреулердің жүрміз білмей қадірін,
Жылап жүріп жасыратын қайғысын...

Мен өлеңде дара соқпақ салмадым,
Оған бәлки жетпес менің әлім де.
Бұлбұлдарға толғаннан соң жан-жағым,
Құлақ салып келем әлі әр үнге.

Өмір-өлең, мұнша неткен сүйікті ең,
Кім-кімге де толқу керек тасарда.
Құлау оңай, шыққан заңғар биіктен,
Шығу қиын сол биікке қашанда.

Өмір-асау құнан болса мөңкіген,
Мен-шабандоз оны қолға үйретем.
От күндерім алға қарай жөңкіген,
Бір тартылмай өте шығар күй ме екен?

Асау құнан қабырғасын тепкілеп,
Зымырасаң қызады ыстық от қандай.

Ешкім айтпас арманыма жеттім деп,
Тіпті соңғы сағаты кеп соққанда.