Өмір - Ой тамшылары

ОЙ ТАМШЫЛАРЫ

Тұздың дәмін дәмді ас татқан білер,
Денсаулықтың қадірін жатқан білер.
Қайырымсыз туыстан көршің артық,
Қамқор болып жүрсе егер жаттан бетер.

Қыс түскенде аңсайсың көктеміңді,
Бірақ қайтара алмайсың өткен күнді.
Құлын-тайдай ойнақтап жүріп бір күн,
Байқамайсың дүниеден өткеніңді.

Бақыт мәңгі деп ойлап есіресің,
Уақыт мәңгі деп ойлап көсілесің.
Зулап жатқан күндерді өзің білмей,
Маңдайыңа әжім қып көшіресің.

Айтысасың, тартысып, таласасың,
Дос болмаспен дос болып жарасасың.
Жүгірумен, уақытқа жетем деумен,
Ағарғанын білмейсің қара шаштың.

Уақыттың қадірін өткен білер,
Домбыраның қадірін шерткен білер.
Ей, жүрегім,
Қинама қыс келді деп,
Қыс артынан көгілдір көктем келер!

***

Өмір -өлең, білген жанға көркем ғой,
Ден сау болса әрбір күнің екен той.
Адамдар мен адамдардың арасын,
Жалғайтұғын көңіл-көпір екен ғой.

Өмір-бәйге, жүрген шауып қаншама ат,
Оңай тимес, көптен озып шапсаң-ақ.
Сөздерде алмас сияқты ғой кей-кейде,
Жүректерді кете барар паршалап.

Өмір-сапар, жол үстінде тепеңдеп,
Жетер жерге асығасың жетем деп.
Бақ та тозар, бақыт та озар басыңнан,
Тозбайтұғын пәк махаббат екен тек.

Өмір, өмір, түбіне оның жетер ме ой,
Байлық, атақ _ түбі бәрі бекер ғой.
Өмір мәні - еңбек етіп, ел үшін,
Соңыңа бір із қалдыруда екен ғой.