Өмір - Торығу

ТОРЫҒУ

Жатсаң да жайрап қансырап,
Шықпайды ешкім қал сұрап.
Жанымды менің қинайды,
Шешімін таппай сан сұрақ.

Даламыз неге қуарды,
Өзендер неге суалды?
Қарғалар неге көбейіп,
Бұлбұлдар неге жоғалды?

Күйзелді бақша-бауымыз,
Аласа неге тауымыз?
Біреуді біреу құлатқан,
Көп неге арыз, дауымыз?

Жарыста озып танылар,
Елеусіз неге дарындар?
Тұлпарлар қайда жоғалды,
Озып жүр неге жабылар?

Біреуге біреу сенбейді,
Бұзылды мүлдем ел кейпі.
Ақ жүрек жандар азайып,
Арамза неге көбейді?

Жүреміз неге тұнжырып,
Жүреміз неге қалжырап?
Жүйкемді менің жеп жүр ғой,
Жауапсыз осы сан сұрақ.