Өмір - Майдангер

МАЙДАНГЕР

Кең көшемен келеді балдақты адам,
Қос иығын таяққа салмақтаған.
Жол беріндер, адамдар, жол беріңдер,
Майдангерге бүкіл ел ардақтаған.

Ауыр басып екі аттап демін алып,
Тағы жүріп кетеді ол ыңыранып.
Қара саннан кесілген қос аяғын,
Ауырсынып барады белі талып.

Аяғы жоқ, бар болса бүйтер ме еді,
Үйде жатыр қол арба итермелі.
Кейде батып кетеді жүрегіне,
Қос балдақтың қолтыққа үйкелгені.

Кең көшемен келеді балдақты адам,
Қос иығын таяққа салмақтаған.
Төрт жыл бір оқ тимеген екі аяғын,
Жеңіс күні Берлин жалмап қалған.

Сол күнді ойлап кейде қарт күйінеді,
Жауар бұлттай түнеріп, түйіледі.
Ұйықтаған шақта да соңғы кезде,
Қос аяғы түсіне жиі енеді.

Шүкір бірақ, кезінде қызық қуар,
Жауды жеңіп қайтты бұл бұзып қамал.
Тілейді енді сұм соғыс болмасын деп,
Ұрпақтарым көрсін деп қызықты бар.

Осы, осы, тек осы тілегені,
Өзін қойшы, өстіп-ақ жүрер енді.
-Мен болайын-деп қария күбірлейді,
Сұм соғыстың ең соңғы мүгедегі.

Ауыр басып жетер жерге жақындап,
Жаны жүдеп келеді қарт калтылдап.
Сұм соғысқа таяқ екеш таяқ та,
Қарғыс айтып бара жатыр сартылдап...