Өмір - Бозбала күннің достары

БОЗБАЛА КҮННІҢ ДОСТАРЫ

Кеше ғана біз жап-жас бозбала едік,
Туған жерде шырақ боп маздап едік.
Жазылмаған жырлардың шумағы едік,
Айтылмаған әндердің саздары едік.

Тұлпар едік тұяғы кетілмеген,
Сұңқар едік қанаты жетілмеген.
Күмбірлеген қос шекті домбыра едік,
Сағағынан күй әлі шертілмеген.

Әрқайсымыз құлпырған көктем едік,
Көктем едік, қайратты өктем едік.
Талай қызға айсың деп, жұлдызсың деп,
Жыр нөсерін аямай төккен едік.

Қызық-ақ қой, қызық-ақ жас күн деген,
Асаудай ек ойнақ сап бас білмеген.
Тұлпарлармен ағызып өтуші едік,
Ойыншық боп қалатын тасқын деген.

Дауысымыз тұратын көкке жетіп,
Көктем едік, қыздарға өктем едік.
Бірақ жалғыз аруды құшаққа алып,
Талай қызды кетіп ек өкпелетіп.

Кеше ғана біз жап-жас бозбала едік,
Туған жерде шырақ боп маздап едік.
Жазылмаған жырлардың шумағы едік,
Айтылмаған әндердің саздары едік.

Әркім өзі салуы үшін соқпағын,
Жүрегінің жақты алау оттарын.
Қаншама сын өтті бастан кей-кейде,
Жалаңаяқ бастық өмір шоқтарын.

Соның бәрі кеше ғана, кеше еді,
Думандатып жасаған той көшелі.
Амал қанша өткен күндер сағынтып,
Бас қосқанда тек есіңе түседі.

Несі бар, дос, соның өзі жұбаныш,
Әлі алысқа жол тартайық біз алыс.
Өмір деген зымыраған қозғалыс,
Бола берсін біздер күткен қуаныш.

Жоқ кезіміз ешкімді әлі күндеген,
О, жастық шақ, ғажап өмір бұл деген.
Мәңгі жас боп бозбала күн достары,
Өздеріңді көрсем деймін күнде мен.