Өмір - Ағаға сыр

АҒАҒА СЫР

Қабижан Сағиевке

Арамызды жатыр бөліп есебі жоқ күн өткен,
Жүр сағыныш көңіл тербеп, жыр боп үшып жүректен.

Кездеспедік, өтті арада содан бері төрт көктем,
Өзің жақтан, қанша күттім, ешбір хабар жок көптен.

Қаздар қайтты мекеніне төртінші рет салып он,
Мен соларға қарап тұрып өзіңді аға, сағынам!

Өткен күнмен өлшенетін болса керек мұнараң,
Сондықтан да арттағы ізін ұмытпайды бұл адам.

Жылдар жаңа бар қызығын әкелсе де жасанып,
Өткен күнді ойлаймыз біз жанарға ыстық жас алып...

Аяулы аға, әлі ешкімге шертілмеген сырым бұл,
Әлі еш жанға арналмаған оттан да ыстық жырым бұл.

Балалық кез, балдырған шақ, мұңсыз еді, тәтті еді,
Өлең жазып жүруші едім шимайлап ақ дәптерді.

Талай адам мені көріп күлген кезде мазақтап,
Іштей жасып қалатынмын жылауға да аз-ақ қап.

Әлі есімде жап-жайдары көктем еді құлпырған,
Құшағында қырдың қызыл үлбіреген гүл тұнған.

Мұндай шақта тебіренбей үйінде үнсіз жатар кім,
Мен газетке арман жайлы бір жыр жазып апардым.

Балауса өлең анау айтқан болмаса да тым отты,
Оқығанда кәдімгідей тербететін жүректі.

Тап сол күні түңғыш рет қағып мені арқамнан,
Алға қарап талпына бер- дедің жаймен - жан қалқам!

Алғаш рет жақсы лебіз естігенге мастанып,
Мен сол күні жаттым ұзақ дәптерімді жастанып...
Бір қуаныш күтіп жүрдім содан кейін бір апта,
Жететіндей әр күн сайын аңсаған бір мұратқа.

Алтыншы күн мен газеттен өлеңімді оқыдым,
Жарқыл қағып, арманымның, үмітімнің оты мың.

Содан бері тыным алмай, төсін басып сан қырдың,
Көріп келем маған тартқан сыйын қарсы ап тағдырдың.

Шаршап кейде тұрып қалсам биіктеу бір белесте,
Қайта-қайта алдым аға, сонда өзіңді мен еске.

Сосын қайта қайраттандым, сосын қайта түледім,
Дүрсілдеді төсімді ұрып менің құйттай жүрегім.

Талай күндер өтті ұйқысыз, құсын қуып қиялдың,
Жаман өлең жаза алмадым-мен өзіңнен ұялдым.

Кей сәттерде баяғыдай қағып мені арқамнан,
Алға қарап ұмтыла бер, дейтіндейсің, жан қалқам!

Арманыма жетіп кейде шықсам биік белеске,
Сенің де аға, үмітіңнің орындалғаны емес пе?!

Сондай шақта көңіліме нәп-нәзік бір күй еніп,
Тұрғандаймын, аға, сенің иығыңа сүйеніп!

Асқар таудай биік болсын шыққан мейлі мұнараң,
Өткенімен бақытты боп, қуанады бұл адам.

Сондықтан да бір ауыр мұң басқан кезде еңсені,
Болашаққа тіке қарап, еске аламын мен сені!