Өмір - Мұнайшы газетіне

«МҰНАЙШЫ» ГАЗЕТІНЕ

Бастан өтті не бір қиын талай сын,
Бүгін елге биіктерден қарайсың.
Туын ұстап, сен мұнайлы Мақаттың,
Қайта өмірге келдің тағы "Мұнайшым!"

Тарих қой сенің өткен жылдарың,
Талай жылдар тек биікке самғадың.
Сан ұрпақтың армандарын аяулы,
Ер еңбекпен келер күнге жалғадың.

Сан ақынды өз бетіңде жырлаттың,
Талай жанның көз жасын сен құрғаттың,
Оқ ысқырған сонау соғыс жылдары,
Дүйім елге "Мұнай бер!" деп тіл қаттың.

Жеңіс келді кызыл туы желбіреп,
Күн күлімдеп, есті баяу жел жібек.
Қуаныштан гүл-гүл жайнап жүрегің,
Солдаттарды қарсы алдың сен елжіреп.

Талай ауыр сын қалса да артыңда,
Өзгеріс жок, әдет-ғұрып, салтыңда.
Бүгінге де аман-есен жеттің сен,
Шындықты іздеп шырылдаған қалпыңда.

Жақын бүгін көкжиек те, алыс шың,
Білмегендер өзіңменен таныссын.
Мақтағандар мерейіңді тасытып,
Жамандаған жанның жағы қарыссын!

Өзің болып асқақ арман, арай шың,
Әр күн сайын мың-мың болып тарайсың.
Шежіресін шертіп кәрі Мақаттың,
Ал да сен асқақтай бер "Мұнайшым!"