Өмір - Ару май

АРУ МАЙ

Сүмбіле сұлу сұңқар боп ұшып көгімнен,
Далама мынау жақұт нұр болып төгілген.
Келдің де Майым, жүректе жанып алау от,
Асқақтап әсем ән толқып шықты көңілден.

Меруерт моншақ дүние шіркін ақ қандай
Жарқ етіп жанар тұра алмайсың шаттанбай.
Қыз - кірпік көктем еріксіз бойды балқытып,
Атсам-ау дейсің албырап мынау ақ таңдай...

Шағала қанат алқызыл тулар желбіреп,
Сұлу күн көктен карайды күліп елжіреп.
Сыңғыр да сыңғыр ән шертіп байтақ кең дала,
Еркелеп жәймен өбеді келіп жел жібек.

Аспандап арман, көңілімнің ұшып құсы аппақ,
Жүрсем ғой мәңгі қызғалдақтарды құшақтап.
Адамдар күліп келеді әсем ән салып,
Бәрі де менің ақкөңіл анама ұқсап қап...