Өмір - Жаңа жыл

ЖАҢА ЖЫЛ

Төгілтіп көк жүзінен ақша қарды,
Ақ көрпе жапты бүгін бақшаларды.
Мен келдім есіктерді ашыңдар деп,
Жаңа жыл күллі әлемге жар салады.

Келеді Аяз Ата ақ самайлы,
Көтерген төбесіне Ханша да айды.
Қоштасарда не айтсам екен дей ме,
Ескі жыл босағадан сығалайды.

Ертерек басталғаны биыл қыстың,
Көбіне күрмеу болды қиын істің.
Қарасам көз жіберіп өткен жылға,
Бергені аз да емес 93-тің.

Жол аштың көтермелеп дарындарды,
Түзеттік жолдарынан жаңылғанды.
Егемен ел болғалы тұңғыш рет,
Ата Заң -Конституциямыз қабылданды.

Ғарышқа Тоқтар ұшып көгімізден,
Мол астық алдық биыл жерімізден.
Көк байрақ желбіреді аспан түстес,
Елтаңба орын алды төрімізден.

Қазақстан аты алыс тарап жатты,
Асқақтап Әнұраным қанат қақты.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев,
Есімі кетті кезіп шартарапты!

Жетеді байлык толған жер де бізде,
Алтын, күміс, көмір, мыс-кен де бізде.
Осы жылы дүниені дүр сілкінтіп,
Келді өмірге жарқырап теңгеміз де.

Осылай өтті өткен жыл берекелі,
Болды ол қуанышты мерекелі.
Тыныштық тұнған ұйып Қазақстан,
Белгілі болды қандай ел екені.

Қиындық жолды бөгеп ол да жатыр,
Жеңеміз оны кәміл қара да тұр.
Тәуелсіз елім менің сенімменен,
Қарыштап биіктерге бара жатыр.

Кел, жылым, қуаныш бол, мереке бол,
Тасытқан ырыс байлық береке бол.
Сен аман жайнап тұрсаң туған елім,
Ақының отты жырын шерте берер.

Жаңа жыл, орын дайын төрімізде,
Сайран сап адымдай бер елімізде.
Мәңгілік тыныштықтың символындай,
Көк байрақ желбірей бер көгімізде!

***
Көк жүзінде ақша қарлар мың аунап,
Қонып жатыр жерге келіп қылаулап.
Сәлем саған, жазиралы Жаңа жыл,
Күтті сені мынау дала, мынау бақ.

Шаттық қанша кеудемізді кернеген,
Қанат қағып жатыр көкте, жерде өлең.
Аймалайды салқын самал бетіңді,
Ағаштардың басын жәймен тербеген.

Ауа қандай тыста мөлдір тыныстар,
Жарқырайды күн нұрымен күміс қар.
Тарихтың жаңа бетін аудардық,
Алда қанша атқарылар ұлы іс бар.

Жүректерде шалқып жатыр арман-ән,
Кел Жаңа жыл, күтті сені бар ғалам!
Тарап жатыр бүгін бүкіл дүниеге,
Менің асқақ от жырларым самғаған.

Жамылды да жарқын өлке, дала нұр,
Жүректерден төгілді кеп жаңа жыр.
Жақсылық пен тыныштық боп төрге шық,
Қош келдің сен, жазиралы Жаңа жыл!

Төрлет, Жаңа жыл жұлдызы жоғары,
Шарықтасын туған жердің жыр-әні.
Солқылдатып ерлік еңбек балғасын,
Адымдасын алға елімнің ұланы.

Демократия өркен жайып елімде,
Жариялылық қанат берді көңілге.
Әділдік пен шындық туы желбіреп,
Мағыналы бола түсті өмір де.

Бүгін тағы ақ таң атты жарқырап,
Көңілдерден шауып шықты ақ бұлақ.
Арғымақ жыл ағып өтіп жөнелді,
Тарихтың қойнауына шапқылап.

Көп қиындық кездесті өткен жылдары,
Жаңа ашылды көне тарих сырлары.
Қайта құру кедергіге тап болып,
Алмас болат жігерлерді шыңдады.

Ақша қармен көмкерілді ой, қырым,
Кең даланы тербетеді сиқырлы үн.
Тыныштықтың тал бесігін аялап,
Жоймен басып келе жатыр қой жылым.

Кел, Жаңа жыл, ел еңсесін көтеріп,
Жатсын дәйім борышымыз өтеліп.
Желбіретіп бақыт, шаттық жалауын,
Алдағы асу асқарларға жетелік.