Өмір

 МОЙЫНДАУ

Ой қуар кезде қиқулап,
Той қуып жүріп қалыппын.
Уақыттың көбін митыңдап,
Өткізіп босқа алыппын.

Қияға келем талпынып,
Жұгім де ауыр білемін.
Жетермін бәлки алқынып,
Көмектес, Муза-тілегім!

Білмеймін не өтер басымнан,
К8тіп тұр не сын алдымда?
Әйтеуір, Муза жасымнан,
Шын ғашық едім мен жырға.

Қайтейін өткен өтті ғой,
Бір көмек сенен керек дос.
Осы қинағаның жетті ғой,
О, Муза, маған көмектес!


ТІЛЕК

Көңілім-көктем, жаз-жаным,
Күн сайын от боп маздадым.
Ұшырып көкке келемін,
Жүректің жыр қып саздарын.

Қызықтан үркіп қашпадым,
Тойға да құмар жас жаным.
Шығайын қандай биікке,
Аспадым және таспадым.

Күндермен аққан жарысып,
Қуаныштармен табысып.
Ержетіп мен де келемін,
Қиындықтармен алысып.

Өлеңде қаппын көп кейін,
Тұлпарымды енді ерттейін.
Өкпелі жандар бар шығар,
Мен ешкімге өкпелемеймін.

Жаңа аштым өмір есігін,
Тербетіп тағдыр бесігін.
Ренжіп жүргендер болса,
Етіңдер маған кешірім.

Таратып көкке арайын,
Жүректің отын жағайын.
Өлеңнің асқар көгінен,
Өз соқпағымды табайын.

Жүрер жол алда бар қанша,
Жанайым сөніп қалғанша.
Аға бер, өмір өзені,
Ішейін шөлім қанғанша!


ТӨГІЛЕ БЕРСІН БҰЛБҰЛ ҮН

Роза Бағлановаға

Бұлбұл әуен тамылжып,
Қызғалдақтай жайнаған.
Сахнада қырық жыл,
Бұлбұл құстай сайраған.

Гүлденгенін өмірдің,
Шалқығанын көңілдің.
Сахнадан көрсетіп,
Әсем ән боп төгілдің.

Мына сұлу өмірде,
Болмасын деп азап-мұң.
Сайрап келе жатырсың,
Сандуғашы қазақтың.

Кеткен тағы бүгін де,
Жайнап дала қырмызы.
Өсе берсін өнерің,
Роза - ән жұлдызы!

Жүрекке орап күн нұрын,
Құшаққа алып қыр гүлін.
Сайрай берші сахнада,
Әсем сұлу бұлбұл үн!


КҮНДЕРІМ МЕНІҢ

Әрбір күнім келген сайын күлімдеп,
Уақытқа көп қараймын дірілдеп.
Сұрақты да барған сайын көп қоям,
Не бітірдім бүгін деп?

Жас кездегі жүрек толы жырларым,
Марқайтатын көңілімнің гүл-бағын.
Соның бәрі енді бүгін қарасам,
Қиялға бай екен сырлы құр сағым.

Сырым да көп, мұңым да көп жазбаған,
Өлеңдерім -кеніш екен қазбаған.
Талап, арман қос қолтықтап көтеріп,
Жастық оты екен өртей жаздаған.

Бәріне де үлгеретін секілді ем,
Болған шығар ойыным аз, күлкім кем.
Жарқ етіп бір шығамын ғой деуші едім,
Тірі болсам бір күн мен.

Ойлағанның бәрі бірдей болмас та,
Мезгіл жетсе шорт сынады алмас та.
Өмір -теңіз толқынында ойнатып,
Салды-ау талай жамбасқа.

Арманымның ақ боз атын шаңдатып,
Көңілімнің қиял құсын самғатып.
Келер күндер,
Саған үшып келемін,
Алдымда деп мені күткен бар бақыт.


AHA ЖҮРЕГІ

Жалаң аяқ жар кештім,
Бейнетті көрдім ертерек.
Қиындықпен белдестім,
Көрмедім жас боп еркелеп.

Шырылдап анам өсірді,
Жалаңаш-жалпы жүріп-ақ.
Табаны талай тесілді,
Көрмеді қызық біруақ.

Жар қызығын да көрмеді,
Шашы да ерте ағарды.
Тағдырдан жағыз тіледі,
Жеткізе көр деп баламды.

Жеткізді, болды дегені,
Азамат болдым мен енді.
Көрмеді бірақ ол оны,
Қызықтың бірін көрмеді.

Не деген шіркін, ер еді,
Ананың алып жүрегі.
Құлатпай мені келеді,
Ақ үміті мен тілегі.


«МҰНАЙШЫ» ГАЗЕТІНЕ

Бастан өтті не бір қиын талай сын,
Бүгін елге биіктерден қарайсың.
Туын ұстап, сен мұнайлы Мақаттың,
Қайта өмірге келдің тағы "Мұнайшым!"

Тарих қой сенің өткен жылдарың,
Талай жылдар тек биікке самғадың.
Сан ұрпақтың армандарын аяулы,
Ер еңбекпен келер күнге жалғадың.

Сан ақынды өз бетіңде жырлаттың,
Талай жанның көз жасын сен құрғаттың,
Оқ ысқырған сонау соғыс жылдары,
Дүйім елге "Мұнай бер!" деп тіл қаттың.

Жеңіс келді кызыл туы желбіреп,
Күн күлімдеп, есті баяу жел жібек.
Қуаныштан гүл-гүл жайнап жүрегің,
Солдаттарды қарсы алдың сен елжіреп.

Талай ауыр сын қалса да артыңда,
Өзгеріс жок, әдет-ғұрып, салтыңда.
Бүгінге де аман-есен жеттің сен,
Шындықты іздеп шырылдаған қалпыңда.

Жақын бүгін көкжиек те, алыс шың,
Білмегендер өзіңменен таныссын.
Мақтағандар мерейіңді тасытып,
Жамандаған жанның жағы қарыссын!

Өзің болып асқақ арман, арай шың,
Әр күн сайын мың-мың болып тарайсың.
Шежіресін шертіп кәрі Мақаттың,
Ал да сен асқақтай бер "Мұнайшым!"


АРУ МАЙ

Сүмбіле сұлу сұңқар боп ұшып көгімнен,
Далама мынау жақұт нұр болып төгілген.
Келдің де Майым, жүректе жанып алау от,
Асқақтап әсем ән толқып шықты көңілден.

Меруерт моншақ дүние шіркін ақ қандай
Жарқ етіп жанар тұра алмайсың шаттанбай.
Қыз - кірпік көктем еріксіз бойды балқытып,
Атсам-ау дейсің албырап мынау ақ таңдай...

Шағала қанат алқызыл тулар желбіреп,
Сұлу күн көктен карайды күліп елжіреп.
Сыңғыр да сыңғыр ән шертіп байтақ кең дала,
Еркелеп жәймен өбеді келіп жел жібек.

Аспандап арман, көңілімнің ұшып құсы аппақ,
Жүрсем ғой мәңгі қызғалдақтарды құшақтап.
Адамдар күліп келеді әсем ән салып,
Бәрі де менің ақкөңіл анама ұқсап қап...


ЖАҢА ЖЫЛ

Төгілтіп көк жүзінен ақша қарды,
Ақ көрпе жапты бүгін бақшаларды.
Мен келдім есіктерді ашыңдар деп,
Жаңа жыл күллі әлемге жар салады.

Келеді Аяз Ата ақ самайлы,
Көтерген төбесіне Ханша да айды.
Қоштасарда не айтсам екен дей ме,
Ескі жыл босағадан сығалайды.

Ертерек басталғаны биыл қыстың,
Көбіне күрмеу болды қиын істің.
Қарасам көз жіберіп өткен жылға,
Бергені аз да емес 93-тің.

Жол аштың көтермелеп дарындарды,
Түзеттік жолдарынан жаңылғанды.
Егемен ел болғалы тұңғыш рет,
Ата Заң -Конституциямыз қабылданды.

Ғарышқа Тоқтар ұшып көгімізден,
Мол астық алдық биыл жерімізден.
Көк байрақ желбіреді аспан түстес,
Елтаңба орын алды төрімізден.

Қазақстан аты алыс тарап жатты,
Асқақтап Әнұраным қанат қақты.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев,
Есімі кетті кезіп шартарапты!

Жетеді байлык толған жер де бізде,
Алтын, күміс, көмір, мыс-кен де бізде.
Осы жылы дүниені дүр сілкінтіп,
Келді өмірге жарқырап теңгеміз де.

Осылай өтті өткен жыл берекелі,
Болды ол қуанышты мерекелі.
Тыныштық тұнған ұйып Қазақстан,
Белгілі болды қандай ел екені.

Қиындық жолды бөгеп ол да жатыр,
Жеңеміз оны кәміл қара да тұр.
Тәуелсіз елім менің сенімменен,
Қарыштап биіктерге бара жатыр.

Кел, жылым, қуаныш бол, мереке бол,
Тасытқан ырыс байлық береке бол.
Сен аман жайнап тұрсаң туған елім,
Ақының отты жырын шерте берер.

Жаңа жыл, орын дайын төрімізде,
Сайран сап адымдай бер елімізде.
Мәңгілік тыныштықтың символындай,
Көк байрақ желбірей бер көгімізде!

***
Көк жүзінде ақша қарлар мың аунап,
Қонып жатыр жерге келіп қылаулап.
Сәлем саған, жазиралы Жаңа жыл,
Күтті сені мынау дала, мынау бақ.

Шаттық қанша кеудемізді кернеген,
Қанат қағып жатыр көкте, жерде өлең.
Аймалайды салқын самал бетіңді,
Ағаштардың басын жәймен тербеген.

Ауа қандай тыста мөлдір тыныстар,
Жарқырайды күн нұрымен күміс қар.
Тарихтың жаңа бетін аудардық,
Алда қанша атқарылар ұлы іс бар.

Жүректерде шалқып жатыр арман-ән,
Кел Жаңа жыл, күтті сені бар ғалам!
Тарап жатыр бүгін бүкіл дүниеге,
Менің асқақ от жырларым самғаған.

Жамылды да жарқын өлке, дала нұр,
Жүректерден төгілді кеп жаңа жыр.
Жақсылық пен тыныштық боп төрге шық,
Қош келдің сен, жазиралы Жаңа жыл!

Төрлет, Жаңа жыл жұлдызы жоғары,
Шарықтасын туған жердің жыр-әні.
Солқылдатып ерлік еңбек балғасын,
Адымдасын алға елімнің ұланы.

Демократия өркен жайып елімде,
Жариялылық қанат берді көңілге.
Әділдік пен шындық туы желбіреп,
Мағыналы бола түсті өмір де.

Бүгін тағы ақ таң атты жарқырап,
Көңілдерден шауып шықты ақ бұлақ.
Арғымақ жыл ағып өтіп жөнелді,
Тарихтың қойнауына шапқылап.

Көп қиындық кездесті өткен жылдары,
Жаңа ашылды көне тарих сырлары.
Қайта құру кедергіге тап болып,
Алмас болат жігерлерді шыңдады.

Ақша қармен көмкерілді ой, қырым,
Кең даланы тербетеді сиқырлы үн.
Тыныштықтың тал бесігін аялап,
Жоймен басып келе жатыр қой жылым.

Кел, Жаңа жыл, ел еңсесін көтеріп,
Жатсын дәйім борышымыз өтеліп.
Желбіретіп бақыт, шаттық жалауын,
Алдағы асу асқарларға жетелік.


ЕЛІМ МЕНІҢ

Қазақстан, бүгін барлық арналады ән саған,
Күтті осы мерекені, күтті асыға барша жан.
Алпыс жылдың асуында өркен жайып нұрлы аймақ,
Қала, дала құрыш қолдар күшіменен тұр жайнап.

Бағындырып асу бермес бұрқыраған көлдерді,
Гүлге орадық құлан жортпас құла түз бен шөлдерді.
Алпыс жылда айналдық біз космостың еліне,
Бүкіл әлем таңғалады қазір менің жеріме.

Көкте алтын күн күлімдеп далам бүгін нұр құшқан,
Әр жүректен толқып асқақ әсем ән мен жыр ұшқан.
Шартарапқа әр күн сайын тарап жатқан атағы,
Жаса, жаса, елім менің миллиардтар отаны!


ӨМІР ЖОЛЫНДА

Өмір жолдары сан тарау,
Қан тепкен сансыз тамырдай.
Шығу бар шыңға, бар құлау,
Тік жүру қиын жаңылмай.

Жолда осы талай шаршадым,
Жасырам оның мен несін.
Кеудемді басты қанша мұң,
Жүректің шертіп пернесін.

Ақ таңға сәлем беремін,
Келсін деп күліп алдан күн.
Аңқылдап жүрген жан едім,
Сан рет оңбай алдандым.

Қиналдым кейде теңселіп,
Мазалап жанды күдіктер.
Жабы боп шықты мен сеніп,
Тұлпар деп жүрген жігіттер.

Ес-түссіз сүйген іңкәр боп,
Құдіретің өмір, мықты ғой.
Жігіттер жүрген сұңқар деп,
Жапалақ болып шықты ғой.

Сырларың көп қой ұққанға,
Ұяттан кейде жанамын.
Қаршыға болып шыққанда,
Қарға деп жүрген адамың.

Қайтейін соның бәрі де,
Қателік болар, балаңдық.
Жаныма бірақ әлі де,
Ұя салған жоқ арамдық.

Мен соған іштей қуанам,
Жақсылық туым-ұраным.
Қайғырсам тез-ақ жұбанам,
Сенім мен төзім - жыр-әнім.

Терейін өмір гүлдерін,
Мен де бір таңмын жаңа атқан.
Зулай бер, зула күндерім,
Жұлдыздай ағып баратқан.


ШАБЫТ

Қолыма aп қаламды,
Отырмын тістелеп.
Қинайды санаңды,
Жүрекке түскен от.

Ойыңда тоқысаң,
Маржан сөз құйылар.
Жазуға отырсаң,
Быт-шыт боп сұйылар.

Қалың ой мазалап,
Жаныңды қинайды.
Жыр жазу азап-ақ,
Кім көрген мұндайды?

Қағазға төгіліп,
Кеткенде жырларым.
Қуана егіліп,
Келеді жылағым.

Мұның не деме сен,
Мұныма күлме сен.
Тәттіні білмес ең,
Ащыны жемесең.


АШЫҚ КҮН

Адам үшін ең қымбатты ашық күн,
О, ашық күн, саған мәңгі ғашықпын.
Саған қарап бейбіт күндер аяулы,
Жүрегімнің жыр қайнарын тасыттым.

Сен болмасаң тұрар ма еді мына аспан,
Ай, жұлдызы тал бойына жарасқан.
Болар ма еді мөлдір көл мен шалғын бел,
Асқар тауар ақ бұлттармен таласқан.

Сен болмасаң мына тірлік оңар ма,
Жер-анада өмір оты жанар ма?
Бар адамзат бала өсіріп, жар сүйіп,
Лаулар ма еді шаттық оты жанарда.

Сен болмасаң жұпар ауа аңқыр ма,
Көңіл құсы қияларға шалқыр ма?
Сен болмасаң бәрі-бәрі түк емес,
Бәрі-бәрі - байлық, ақша, алтын да.

Сен болмасаң құлар шыңдар - қуарар,
Айна-көлдер шөлге айналып суалар.
Бүкіл әлем топыраққа көміліп,
Жер бетінен тірлік мәңгі жоғалар.

Міне, бүкіл планета картасы,
Дала, қала, суы, нуы, жартасы.
Соның бәрі аман тұрса, адамдар,
Үмытпаңдар, ашық күннің арқасы.


АҚЫНДАРҒА ТИІСПЕ

Ақындарға тас атқандар оңбайды,
Қасіреттен бір күн сорлап, зарлайды.
Пәле жауып кейде залым біреулер,
Менің ақын сезімімді қорлайды.

Таңғалмаймын, тоғышарлар әлі бар,
Аяқ бассаң сүмең қағып жолығар.
Солар бір кез Қасымға да оқ атқан,
Тұлпар болсам деп шулаған жабылар.

Керек ақын тұрсын алда не бір сын,
Деп тілейді ол әр жүректе күн күлсін.
Ақынды ел ардақтайды қашан да,
Бірақ оны тоғышарлар не қылсын!

Оған қымбат қарынының тоқтығы,
Тек кемді күн қайғы-мұңның жоқтығы.
Келер күндер толғандырмас оларды,
Оларға уайым - дүниенің боқтығы.

Пасықтық пен арамзалық, күншілдік,
Жеңген кезде қаншама рет күрсіндік.
Ешқашанда жеңілмейтін олардан,
Ол-ақындық, білмесе егер білсін жұрт.

Сондықтан да биік ұстап еңсемді,
О, ақындық кастерлеймін мен сені!
Өйткені сен мәңгі жасай бересің,
Азаматтық, адалдық ар өлшемі!


ҰЛЫМА

Бірінші жыр

Сен бір гүлсің қауызыңды жармаған,
Көкірегіңнен әлі ұшқан жоқ арман-ән.
Ақ төсекте пыс-пыс етіп жатырсың,
Қабағыңда бір кірбің жоқ жан-балам.

Сен бар жерде күмбірлеп күй шалқиды,
Асқақтап ән көкіректен қалқиды.
Жанымыздан мүң дегенін жоғалды,
Ойыныңа қарап сенің сан қилы.

Мәз боламыз сені ортаға алып біз,
Өзің болсаң қуанышқа қарықпыз.
Шын шаттықты саған қарап ұғыппыз,
Шын бақытты саған қарап таныппыз.

Сенің әрбір қимылыңнан жыр ұқтық,
Сен арқылы шын бақытпен жолықтық.
Бала адамның-бауыр еті деген сөз,
Рас екен, ата-ана боп соны ұқтық.

Екінші жыр

Тәтті екен бал шәрбаттай бала-шырын,
Жарадың күлуге де қарашығым.
Өсе бер ерке ұлы боп туған жердің,
Жасыңнан жаттап өскен дала сырын.

Жоқ сырым сенен ешбір жасыратын,
Болдым мен жеткенше үйге асығатын.
Жұмыстан шаршап келсем қарсы шығып,
Сен бар деп мойыныма асылатын.

Келгелі сен өмірге ардақты ұлым,
Шығатын болды менің салмақты үнім.
Өзіңе арнап жазған өлеңдерім,
Барады кең дүниені шарлап бүгін.

Сүйейін құмарлана, аймалайын,
Сәулесін өміріме жайған айым.
Сен менің ұлым бол да қарашығым,
Халқыңның баласы бол айналайын.


КЕҢШІЛІККЕ

Өмірге мынау ерке едің,
Өлеңмен жанды өртедің.
Төмпешік болып жатырсың,
Қалайша текті тентегім?

Жасыңнан қудың арманды,
Арманың асқақ салды әнді.
Жалмаған сендей серіні,
Қайтейін мына жалғанды.

Жыр едің тұнған құйылып,
Бұлт едің шыққан түйіліп.
Оқушы ең сүйіп жырыңды,
Қараушы ең саған сүйініп.

Арманын, ойын, мұратын,
Айқайлап айтып тұратын.
Тектілері аз мынау дүниеге,
Жетпей тұр сендей бір ақын.

Муза деп білген мұратың,
Күлімдеп дәйім тұратын.
Қадірін оның біліңдер,
Ортаңда жүр бір ерке ақын.

Тентектеу болар, тел болар,
Қыран боп көктен сорғалар.
Жақсының орны бір бөлек,
Жаман аз емес сор болар.

Асып та кейде сөйлер ол,
Тасып та кейде сөйлер ол.
Кешірім оған етіңдер,
Ұрттап та койса тойда егер.

Өйткені өлең - өмір ғой,
Шалқыған айдын көңіл ғой.
Тірлікте мынау бір тұтам,
Тұнжырап жүрген өлім ғой.

Сондықтан шалқып күліңдер,
Шаттанып дәйім жүріңдер.
Ортаңда жүрген осы ерке,
Ақынның қадірін біліңдер.


AHA ҚАБІРІ БАСЫНДА

Көктем келді біздің туған далаға,
Өзен тасып ұшты көлден шағала.
Келіп тұрмын қабіріңе, жоқсың сен,
Енді кімге еркелеймін жан ана?

Қуанышымды енді кіммен бөлесем?
Жұбанышыңды айта алмайсың енді сен.
Шақырсам да оралмайсың сен енді,
Жан анашым қол ұшынды бер десем.

Мына өмірде қуаныштан жайнасам,
Немесе атқан оққа басты байласам.
Сен келмейсің, демемейсің, қолтықтан,
Мұңға батам осы жайлы ойласам.

Анам менің, панам, жанған шырағым,
Өзіңді ойлап көздің жасын бұладым.
Бақыт деген сен екенсің, жан ана,
Сен екенсің менің барлық жыр-әнім.

Мейірімің мол боп еді балаға,
Ерте неге тастап кеттің жан ана?
Кештің бе екен ақ сүтіңді ұлыңа,
Өлең қуып ұзақ жүрген қалада.

Қиналамын осы жайлы ойласам,
Жабығады жаным жылап мұңдансам.
Ақ сүтіңді кеш анашым ұлыңа,
Деме, жебе мына өмірде қиналсам.


МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ

Күнімсің күліп шығысымнан шығатын,
Нұрымсың аппақ төбемде мәңгі тұратын.
Жырымсың отты кеудемнен шыққан күмбірлеп,
Гүлімсің жайнап тұратын барда мына күн.

Бақытым сенің - жанымда менің жаңғырған,
Жақұтым сенсің-жарқ етіп өткен бар қырдан.
Ақ арманымсың албырап атқан ақ таңдай,
Ақ алмасымсың көкпеңбеп тудай шарқ ұрған.

Сұңқарым менің- көңілімде ұшқан қыраным,
Іңкәрім менің, кеудемде жүрген нұр - ағын.
Атыңды сенің айтумен күнде ән қылып,
Өзің деп мәңгі жүректе тұрар ұраным.

Өзіңе ғана арналар барлық өлеңім,
Өзің деп қана соғады мәңгі жүрегім.
Ерлік пен елдік, достықтың құтты ордасы,
Жасай бер, жаса, Қазақстаным, ұлы елім!


КЕШПЕ СЕН

Қырандай қалқып төскейде,
Қалықтап ағып баратсам,
Жастығым мені кеш кейде,
Жанымнан боран боратсам,

Жарқ етіп жалын көзімде,
Қасқая тартсам беткейге,
Түсін сен, мені өзің де-
Сорғалап қыран өтпей ме?!

Кеудемді желпіп түнгі ызғар,
Қақ жарса қара көк төсін,
Көрініп тұрған жұлдыздар,
Төгіліп қалай кетпесін.

Арқамда қалып жүз белдер,
Жанарын бүркеп абат бақ,
Тостаған тектес қыз-көлдер,
Ұялар сонда қарап қап.

Тауға да жету-арман бір,
Оның да шығар басы бар.
Тасырлап өткен ақ жаңбыр,
Ертең-ақ бәлкім ашылар...

Күндерде өткен жоқ есем,
Көмейде жүр көп тасқын үн.
Қырандай қағып өтпесем,
Кешпе, сен мені, жастығым!


БЕУ, ТІРШІЛІК

Беу, тіршілік!
Қызығыңа тоймаған,
Бір ұлың ем жұрт бақытын ойлаған.
Сондықтан ба, жүргендіктен жарқылдап,
Өмір күнде той маған!

Беу, тіршілік!
Дүрс-дүрс соғып жүрегім,
Қуанамын, шаттанамын, күлемін!
Ашық болсын аспанымыз лайым,
Осы жалғыз тілегім!

Ашық болса, нұр аймалап жер үстін,
Күліп тұрса төбемізде күміс күн.
Қуансақ та, қайғырсақ та әйтеуір,
Тынары хақ күллі істің!

Сондықтан да, ашық болсын ақ аспан,
Ай, жұлдызы көк жүзіне жарасқан.
Беу, тіршілік, бір-ақ жұтым ауаңа,
Түк жетпейді, таласпан!

Беу, тіршілік!
Мен өзіңнен айналам,
Арманыма жетсем деймін ойлаған.
...О, адамдар, сендер күліп жүрсеңдер,
Өмір күнде той маған!!.


АРМАН

Құладым талай биіктен,
Еңіреп іштей жыладым.
Өмір-ай, неткен сүйікті ең,
Бәріне бірақ, шыдадым.

Жеңілдік іздеп көрмедім,
Өзіңе сендім арман-ән.
Достарға қолды сермедім,
Тар шақта мені алдаған.

Шақырды алдан шартарап,
Қиялға баттым күнде мен.
Арманды аппақ арқалап,
Сырластым нұрлы түндермен.

Төгілсін мейлі көк терім,
Қол созып келем арманға.
Жапырақ жайып көктедім,
Отаным барда, ел барда.

Жас төгіп, жылап жанардан,
Мақсатсыз жүрсең-басты айып,
Туса егер ауыр күн алдан,
Қарсы алам тұрып қасқайып.


ШОПАН

Жүрегі -аппақ, көңілі- адал, жаны-ізгі,
Кең даладан ажыратар әр ізді.
Шопан деген қарапайым батыр жан,
Туған жердің барометрі тәрізді.

Сырласады ол даламен де, көкпен де,
Гүлмен бірге құлпырады көктемде.
Сақылдаған сары аязда қой баққан,
Шопаныңнан төзімі артық жоқ пенде.

Күш-қайраты сыймай бойда тасыған,
Көкірегінен жатады ылғи тасып ән.
Найзағайдың жарқылынан сыр тыңдап,
Нұр жинайды бұлттың гәуһар жасынан.

Шаршаса да білдірмейді ешкімге,
Байқамайды тез түскенін кештің де.
Күні бойы тыным алмай жүреді,
Әрқашан бір қызу істің үстінде.

Қиындықпен алысумен не түрлі,
Табиғатты жеңуге де жетілді.
...Қыр басында тұр ол әне, қырандай,
Кең даланың ақиығы секілді...


ӨМІРГЕ ДЕГЕН ҒАШЫҚТЫҚ

Кем болдым демен ешкімнен,
Артық та болған жерім жоқ.
Еркелеу болып өстім мен,
Алаулап жүрді өңім де от.

Жанымда толқып күй керім,
Жырымды шерттім ақ таңда.
Достарға арқа сүйедім,
Мұң келіп есік қаққанда.

Өмір-ай, сүйіп мен сені,
Жанымдай көріп келемін.
Көтеріп жүрем еңсемді,
Өйткені саған сенемін.

Жанымның жанып шырағы,
Келемін дәйім басып тік.
Құлатпай жүрген мені әлі,
Өмірге деген ғашықтық...


АУЫЛ АҚСАҚАЛДАРЫ

Сендерсіңдер тұнып тұрған даналық,
Даналықпен жатады өмір жаңарып.
Өздеріңмен жатыр гүлдеп күн сайын,
Болашақтың қабырғасы қаланып.

Сендерсіңдер толған ақыл, парасат,
(Кеңдігіңе болар жалғыз дала шақ.)
Біздерде арман болмас еді өмірде,
Жақсы ағаға жақсы іні боп жарасақ.

Әр жыл сайын кемел ойлар марқайып,
Ақ жүздерден бал-бұл жанған әр тайып.
Жиырма бесте жарқылдаған жігіттер,
Барасыңдар жылдармен бір қартайып.

Зулап өтіп талай көктем, талай күз,
Сан сызықпен шималанды арай жүз.
Қиындыққа қарсы тұрған қасқайып,
Ағаларға бас имейміз қалай біз?!

Сендер барда иілмейміз, сынбаймыз,
Құрметтейміз, қастерлейміз, сыйлаймыз.
Ақылды, абзал қайран ақсақалдар-ай,
Сиреп бара жатыр деуге қимаймыз.

Аппақ алау көңілдегі армандар,
От жылдарда оққа қарсы барғандар.
Алдымызда асқар таудай еңселі,
Сендер жүрсең бізге қандай арман бар,
Алаулаған армандар!


ӨМІР ТУРАЛЫ ОЙЛАР

Өмір кейде мұң боп есік қағады,
Бар шаттығы жете бермес әр үйге.
Біреулерге тағар болсаң кінәні,
Себебін де ойлайсың ғой, әрине,

Шаттығымды күндер кейде ұрлайды.
Бір қуансаң болмайды ол да дәнеңе.
...Өмір деген бір қайғыдан тұрмайды,
Бір шаттықтан тұрмайды екен және де...

Бір адамның бір адамнан несі кем,
Әркімді де бағалаймыз ісімен.
Мен қорқамын көз алдыңда көлгірсіп,
Күліп тұрып жылататын кісіден.

Жүріп жатса тамағың тоқ, жайлы ісің,
Бостан босқа шу шығарар қай кісің.
...Біреулердің жүрміз білмей қадірін,
Жылап жүріп жасыратын қайғысын...

Мен өлеңде дара соқпақ салмадым,
Оған бәлки жетпес менің әлім де.
Бұлбұлдарға толғаннан соң жан-жағым,
Құлақ салып келем әлі әр үнге.

Өмір-өлең, мұнша неткен сүйікті ең,
Кім-кімге де толқу керек тасарда.
Құлау оңай, шыққан заңғар биіктен,
Шығу қиын сол биікке қашанда.

Өмір-асау құнан болса мөңкіген,
Мен-шабандоз оны қолға үйретем.
От күндерім алға қарай жөңкіген,
Бір тартылмай өте шығар күй ме екен?

Асау құнан қабырғасын тепкілеп,
Зымырасаң қызады ыстық от қандай.

Ешкім айтпас арманыма жеттім деп,
Тіпті соңғы сағаты кеп соққанда.


ОЙ ТАМШЫЛАРЫ

Тұздың дәмін дәмді ас татқан білер,
Денсаулықтың қадірін жатқан білер.
Қайырымсыз туыстан көршің артық,
Қамқор болып жүрсе егер жаттан бетер.

Қыс түскенде аңсайсың көктеміңді,
Бірақ қайтара алмайсың өткен күнді.
Құлын-тайдай ойнақтап жүріп бір күн,
Байқамайсың дүниеден өткеніңді.

Бақыт мәңгі деп ойлап есіресің,
Уақыт мәңгі деп ойлап көсілесің.
Зулап жатқан күндерді өзің білмей,
Маңдайыңа әжім қып көшіресің.

Айтысасың, тартысып, таласасың,
Дос болмаспен дос болып жарасасың.
Жүгірумен, уақытқа жетем деумен,
Ағарғанын білмейсің қара шаштың.

Уақыттың қадірін өткен білер,
Домбыраның қадірін шерткен білер.
Ей, жүрегім,
Қинама қыс келді деп,
Қыс артынан көгілдір көктем келер!

***

Өмір -өлең, білген жанға көркем ғой,
Ден сау болса әрбір күнің екен той.
Адамдар мен адамдардың арасын,
Жалғайтұғын көңіл-көпір екен ғой.

Өмір-бәйге, жүрген шауып қаншама ат,
Оңай тимес, көптен озып шапсаң-ақ.
Сөздерде алмас сияқты ғой кей-кейде,
Жүректерді кете барар паршалап.

Өмір-сапар, жол үстінде тепеңдеп,
Жетер жерге асығасың жетем деп.
Бақ та тозар, бақыт та озар басыңнан,
Тозбайтұғын пәк махаббат екен тек.

Өмір, өмір, түбіне оның жетер ме ой,
Байлық, атақ _ түбі бәрі бекер ғой.
Өмір мәні - еңбек етіп, ел үшін,
Соңыңа бір із қалдыруда екен ғой.


ТОРЫҒУ

Жатсаң да жайрап қансырап,
Шықпайды ешкім қал сұрап.
Жанымды менің қинайды,
Шешімін таппай сан сұрақ.

Даламыз неге қуарды,
Өзендер неге суалды?
Қарғалар неге көбейіп,
Бұлбұлдар неге жоғалды?

Күйзелді бақша-бауымыз,
Аласа неге тауымыз?
Біреуді біреу құлатқан,
Көп неге арыз, дауымыз?

Жарыста озып танылар,
Елеусіз неге дарындар?
Тұлпарлар қайда жоғалды,
Озып жүр неге жабылар?

Біреуге біреу сенбейді,
Бұзылды мүлдем ел кейпі.
Ақ жүрек жандар азайып,
Арамза неге көбейді?

Жүреміз неге тұнжырып,
Жүреміз неге қалжырап?
Жүйкемді менің жеп жүр ғой,
Жауапсыз осы сан сұрақ.


ҚАЙТА ҚҰРУ

Қолға алып бітпеген сан құрылысты,
Тындыру үшін кезек күткен көп істі.
Қайта құруды бастау керек әркімнен,
Қайта құру керек барлық жұмысты.

Партияның осынау асқак жолымен,
Таба білсең соқпағыңды өмірден.
Жан дүниеңді жаңғыртса егер саф-самал,
Қайта күру деп білемін оны мен.

Бәрі бірден керім болмас бірақ та,
Күреспей сен жете алмассың мұратқа.
Тұлпар қалай дүбірлемек жарыстың,
Қиқулаған үні келсе құлаққа.

Сондықтан да қайта құрып жұмысты,
Жаңғыртайық сәнді сарай құрылысты.
Жеделдетіп алғы күнге жалғайық,
Елімізде басталған сан ұлы істі!
1985.


АҚКӨЛІМ

Жанымды менің өртеген,
Ауылым неткен көркем ең.
Көрмеген жанға ертегі ең,
Талай жыр, шежіре шертер ең,
Ақкөлім менің, Ақкөлім.

Былдырлап мөлдір бұлағың,
Сыбдырлап жасыл құрағың.
Қашықтап кетсем өзіңнен,
Асығып саған тұрамын,
Ақкөлім менің, Ақкөлім.

Гүл бағым, әсем жанатым,
Дүниедегі қымбатым.
Қыран ем қаққан қанатын,
Жаныма сенсің тым жақын,
Ақкөлім менің, Ақкөлім.

Өзіңде талай қырды астым,
Жапырағыңмен сырластым.
Өмірге қадам бір бастым,
Мен енді мәңгі сынбаспын,
Ақкөлім менің, Ақкөлім.

Жыр болып әсем төгілген,
Шаңырағыңа тігілген.
Жырқұмар бір ұл едім мен,
Кұн нұры кетпес көңілден,
Ақкөлім менің, Ақкөлім.


КИІКТЕР

Кең дала жатқан маужырап,
Дүбірге кенет бөленді.
Бота көздері жаудырап,
Киіктер шаба жөнелді.

Сусылдап жерде кияқтар,
Тапталып қалып барады.
Дүрсілдеп болат тұяқтар,
Солқылдатады даланы.

Машина зулап келеді,
Қалатын емес олар да.
Күн нұрын көктен төгеді,
Созылған ұзақ жол алда.

Намысты, олар арынды,
Қатерге басын тіксе де.
Қиып өткенше алдыңды,
Шабады өліп кетсе де.

Қарасаң ойлап аң ісін,
Тағылым алып жай ғана.
Сынға түседі екен намысың,
Өмір жолыңда қайда да.

Бәйгеден әркім үміткер,
Шабайық қолдан келгенше.
Жақсы ғой өлген жігіттер,
Намысты қолдан бергенше.


МАЙДАНГЕР

Кең көшемен келеді балдақты адам,
Қос иығын таяққа салмақтаған.
Жол беріндер, адамдар, жол беріңдер,
Майдангерге бүкіл ел ардақтаған.

Ауыр басып екі аттап демін алып,
Тағы жүріп кетеді ол ыңыранып.
Қара саннан кесілген қос аяғын,
Ауырсынып барады белі талып.

Аяғы жоқ, бар болса бүйтер ме еді,
Үйде жатыр қол арба итермелі.
Кейде батып кетеді жүрегіне,
Қос балдақтың қолтыққа үйкелгені.

Кең көшемен келеді балдақты адам,
Қос иығын таяққа салмақтаған.
Төрт жыл бір оқ тимеген екі аяғын,
Жеңіс күні Берлин жалмап қалған.

Сол күнді ойлап кейде қарт күйінеді,
Жауар бұлттай түнеріп, түйіледі.
Ұйықтаған шақта да соңғы кезде,
Қос аяғы түсіне жиі енеді.

Шүкір бірақ, кезінде қызық қуар,
Жауды жеңіп қайтты бұл бұзып қамал.
Тілейді енді сұм соғыс болмасын деп,
Ұрпақтарым көрсін деп қызықты бар.

Осы, осы, тек осы тілегені,
Өзін қойшы, өстіп-ақ жүрер енді.
-Мен болайын-деп қария күбірлейді,
Сұм соғыстың ең соңғы мүгедегі.

Ауыр басып жетер жерге жақындап,
Жаны жүдеп келеді қарт калтылдап.
Сұм соғысқа таяқ екеш таяқ та,
Қарғыс айтып бара жатыр сартылдап...


МАҢҒЫСТАУ

Адуын асау көк толқындарың жағаны ұрып тепкілеп,
Сыңсыған қалың мұнараларың асылған көкке-көп білек.
Созады жираф-мойынын аппақ бұлттарға биік крандар,
Сан қабат үйлер суреттей сәнді барады өсіп көк тіреп.

Аруана мекен жұмбақ болдың сен сан ғасыр ешкім баспаған,
Байлығың қанша жатырған тұнып қойныңда әлі ашпаған.
Құдіретті қолдар тербетіп бүгін толғатқан тұмса түбекті,
Қозғасаң билеп кетердей өзіңде шырқап тастар да он.

Айқұш та ұйқыш мұнаралардан даланың төсі қайысып,
Ыңырана жортар мұнай тиеген составтар белі қайысып.
Көк көйлек киген кербез қырлар мен беті әжім басқан тауларың,
Ақ көңіл қарттардай әңгіме-дүкенмен отырған ыстық шай ішіп.

Армани өңір, ақ шаңқан таулар төбесін күнге күйдірген,
Ақ маржан қалаң барады өсіп Жайыққа бетін сүйдірген.
Құдіретіңнен мың мәрте сенің айналдым баһадүр Маңғыстау,
Дұшпаныңның да ішін өрт жалатып, иілмес басын идірген.

Мұнайлы мекен, сыңсыған биік мұнараларыңнан да асқақ тым,
Өзіңнен қанша арманшыл асқақ дос таптым.
Таспадай тіліп теңіздің түбі, қүба жондарға жан беріп,
Құрыш қол жандар темірден өріп, төсеуде жолын составтың.

Жаһанда жер жоқ дүбірге бөлеп өзіңнің даңқың бармаған,
Сөз жетпес сенің келбетің ғажап жүректі тербер арман-он.
Осынау сендегі ғаламаттар мен көз тоймас байлық туралы,
Төгілген жырды хас тарлан ақынның бірі де жеткізе алмаған.

Әр таңың атқан еңбектің жырын-таусылмас дастан шертеді,
Құрсағың қүтты көрмеген жанға сенбейтін ғажап ертегі.
Атағың сенің армани өлке, алып елімнің ертеңі,
Келер күндерге шарықтап ұшып жетеді.


ҚАРА ШАЛДАР

Ассалаумағалейкүм, қара шалдар,
Даламның шежіресі -дана шалдар.
Қысайын тарамысты қолдарыңды,
Төбеге көтерейін қаласаңдар.

Қарсы алып Октябрьдің жарық таңын,
От кешкен он сегізде алыптарым.
Сапында Буденныйдың шайқастыңдар,
Азамат соғысында ағып қаның.

Жолдарың толы ерлікке жария бар,
Даламда толқып аққан дариялар.
Қырық бірде қалқан болып Ұлы Отанды,
Сендерсің қорғап қалған қариялар!

Жер жыртып, егін егіп, қала салған,
Еңбекте кім сендермен таласа алған.
Ешқашан адалдық пен ар алдында,
Кездерің болмапты-ау бір аласарған.

Ұрғанда жұдырыкпен нар құлатқан,
Дұшпанды карсы шапқан зар жылатқан.
Сүйегі асыл, аяулы кара шалдар,
Түсесіңдер әлі де карғып аттан.

Ақыл тұнған бойларың даналарым,
Алдарыңа сағынып барам op күн.
Тәкәппар шыңға ұқсаған шынарлар-ай,
Сиреңкіреп қалыпты-ау қараларың.

Даламның шежіресі-дана шалдар,
Тау біткен өздеріңнен аласа бар.
Сағынып бүгін тағы келіп тұрмын,
Ассалаумағалейкүм, қара шалдар!


БОЗБАЛА КҮННІҢ ДОСТАРЫ

Кеше ғана біз жап-жас бозбала едік,
Туған жерде шырақ боп маздап едік.
Жазылмаған жырлардың шумағы едік,
Айтылмаған әндердің саздары едік.

Тұлпар едік тұяғы кетілмеген,
Сұңқар едік қанаты жетілмеген.
Күмбірлеген қос шекті домбыра едік,
Сағағынан күй әлі шертілмеген.

Әрқайсымыз құлпырған көктем едік,
Көктем едік, қайратты өктем едік.
Талай қызға айсың деп, жұлдызсың деп,
Жыр нөсерін аямай төккен едік.

Қызық-ақ қой, қызық-ақ жас күн деген,
Асаудай ек ойнақ сап бас білмеген.
Тұлпарлармен ағызып өтуші едік,
Ойыншық боп қалатын тасқын деген.

Дауысымыз тұратын көкке жетіп,
Көктем едік, қыздарға өктем едік.
Бірақ жалғыз аруды құшаққа алып,
Талай қызды кетіп ек өкпелетіп.

Кеше ғана біз жап-жас бозбала едік,
Туған жерде шырақ боп маздап едік.
Жазылмаған жырлардың шумағы едік,
Айтылмаған әндердің саздары едік.

Әркім өзі салуы үшін соқпағын,
Жүрегінің жақты алау оттарын.
Қаншама сын өтті бастан кей-кейде,
Жалаңаяқ бастық өмір шоқтарын.

Соның бәрі кеше ғана, кеше еді,
Думандатып жасаған той көшелі.
Амал қанша өткен күндер сағынтып,
Бас қосқанда тек есіңе түседі.

Несі бар, дос, соның өзі жұбаныш,
Әлі алысқа жол тартайық біз алыс.
Өмір деген зымыраған қозғалыс,
Бола берсін біздер күткен қуаныш.

Жоқ кезіміз ешкімді әлі күндеген,
О, жастық шақ, ғажап өмір бұл деген.
Мәңгі жас боп бозбала күн достары,
Өздеріңді көрсем деймін күнде мен.


АҒАҒА СЫР

Қабижан Сағиевке

Арамызды жатыр бөліп есебі жоқ күн өткен,
Жүр сағыныш көңіл тербеп, жыр боп үшып жүректен.

Кездеспедік, өтті арада содан бері төрт көктем,
Өзің жақтан, қанша күттім, ешбір хабар жок көптен.

Қаздар қайтты мекеніне төртінші рет салып он,
Мен соларға қарап тұрып өзіңді аға, сағынам!

Өткен күнмен өлшенетін болса керек мұнараң,
Сондықтан да арттағы ізін ұмытпайды бұл адам.

Жылдар жаңа бар қызығын әкелсе де жасанып,
Өткен күнді ойлаймыз біз жанарға ыстық жас алып...

Аяулы аға, әлі ешкімге шертілмеген сырым бұл,
Әлі еш жанға арналмаған оттан да ыстық жырым бұл.

Балалық кез, балдырған шақ, мұңсыз еді, тәтті еді,
Өлең жазып жүруші едім шимайлап ақ дәптерді.

Талай адам мені көріп күлген кезде мазақтап,
Іштей жасып қалатынмын жылауға да аз-ақ қап.

Әлі есімде жап-жайдары көктем еді құлпырған,
Құшағында қырдың қызыл үлбіреген гүл тұнған.

Мұндай шақта тебіренбей үйінде үнсіз жатар кім,
Мен газетке арман жайлы бір жыр жазып апардым.

Балауса өлең анау айтқан болмаса да тым отты,
Оқығанда кәдімгідей тербететін жүректі.

Тап сол күні түңғыш рет қағып мені арқамнан,
Алға қарап талпына бер- дедің жаймен - жан қалқам!

Алғаш рет жақсы лебіз естігенге мастанып,
Мен сол күні жаттым ұзақ дәптерімді жастанып...
Бір қуаныш күтіп жүрдім содан кейін бір апта,
Жететіндей әр күн сайын аңсаған бір мұратқа.

Алтыншы күн мен газеттен өлеңімді оқыдым,
Жарқыл қағып, арманымның, үмітімнің оты мың.

Содан бері тыным алмай, төсін басып сан қырдың,
Көріп келем маған тартқан сыйын қарсы ап тағдырдың.

Шаршап кейде тұрып қалсам биіктеу бір белесте,
Қайта-қайта алдым аға, сонда өзіңді мен еске.

Сосын қайта қайраттандым, сосын қайта түледім,
Дүрсілдеді төсімді ұрып менің құйттай жүрегім.

Талай күндер өтті ұйқысыз, құсын қуып қиялдың,
Жаман өлең жаза алмадым-мен өзіңнен ұялдым.

Кей сәттерде баяғыдай қағып мені арқамнан,
Алға қарап ұмтыла бер, дейтіндейсің, жан қалқам!

Арманыма жетіп кейде шықсам биік белеске,
Сенің де аға, үмітіңнің орындалғаны емес пе?!

Сондай шақта көңіліме нәп-нәзік бір күй еніп,
Тұрғандаймын, аға, сенің иығыңа сүйеніп!

Асқар таудай биік болсын шыққан мейлі мұнараң,
Өткенімен бақытты боп, қуанады бұл адам.

Сондықтан да бір ауыр мұң басқан кезде еңсені,
Болашаққа тіке қарап, еске аламын мен сені!