Табиғат - Жаз суреті


ЖАЗ СУРЕТІ

Жаз. Қырқаға күлімдеп,
Күн сәулесін шашады.
Қызғалдақтар дірілдеп,
Қауыздарын ашады.

Мүнар басқан көл беті,
Шылым шегіп жатқандай.
Кең даланың келбеті,
Әжімді бет қарттардай.

Шөп басында шық-күміс
Мөлдірейді дір етіп.
Шықылықтап ұшты құс,
Қыр үстінен пыр етіп.


Жусан исі әтірдей,
Қыз үстінен аңқыған.
Арабтардың әрпіндей,
Көкшіл түтін шалқыған.

Ызыңдаған аралар,
Бал жинауға тоймайды.
Ыңылдаған масалар,
Шымшып-шымшып ойнайды.

Ән шырқағың келе ме,
Шіркін, жазғы шақ қандай.
Күн сәулесі денеңе,
Массаж жасап жатқандай.

Ризасың бұл жазға,
Жұпар иіс далаға.
Толып кеткен пляжға,
Адам-Ата-Хауа-Ана.

Көл бетіне шағала,
Шашыратар суды кеп.
Ақын отыр жағада,
Сөзбен салып сурет.

***

Жұлдызды аспан шүпірлеп,
Төгілгелі тұрғандай.
Тостаған көл күбірлеп,
Думан-сауық құрғандай.

Қарайған қыр жондары,
Қйқыдағы батырдай.
Дүзгін, терек, тал-бәрі,
Құрып қойған шатырдай.

Ай туып көк шоқтары,
Сүт түске енді аз ғана.
Көрші ауылдың оттары,
Көзін қысқан бозбала.

Түнгі аспанға бір қарап,
Шопан үйге кіреді.
Қара қазан бұрқылдап,
Шәйнек сақ-сақ күледі.

Түн бері асты қырқадан,
Ай да туды көктегі.
Екі ауылдан екі адам,
Бір-біріне беттеді...

***

Жұлдыздай аққан көгімнен,
Қызық ең жастық күндері.
Өзіңе ғашық едім мен,
Туған жерімнің түндері.

Армандай аппақ ақ түндер,
Ыстық ең маған әрдайым.
Жалынға толы шат күндер,
Жырымды саған арнаймын.

Мақпал түн төніп төбеме,
Жасырын бір сыр шертеді.
Ақ сәулем бүгін келе ме,
Жүрегім неге елтеді?

Ойылым мөлдір сылдырлап,
Толқындар ойнап барады.
Ақ қайың баяу сыбдырлап,
Жұлдыздар от боп жанады.

Тебіреніп толқып барам ба,
Бұлбұлдың сұлу үніне.
Ыстық қой шіркін адамға,
Туған топырақтың түні де.

***
Ақ бұлақты бұлқынған алқындырып,
Жайдары жаз оралды жарқын күліп,
Кербез қырдың төсінде сағым көшіп,
Баурайында сап-сары алтын тұнып.

Шал-теректі көл-сұлу тамсандырып,
Құрақтарға қыз-кірпік ән салдырып,
Азон исі бүрқырап, нөсер төгіп,
Оқтын-оқтын аспанда жар салды бұлт.

Жиектерін таулардың күлтілдетіп,
Етектерін қырлардың бүлкілдетіп,
Көк жиекке көк жібек сағым қонды,
Көзайым көлдер көзін мөлтілдетіп.

Боз торғай боз көдені шыр айналып,
Тіршілік кетті зәуде шырайланып,
...Бар адамның көңілі жаздай болса,-
Деп ақ түбіт төбеде тұр айна-бұлт...

***

Аймалап ақ қайыңның бүршігін күн,
Аралар теріп қырдан гүл шырынын.
Кең далаға сап-сары бояу шашып,
Жарқын жаз тастап кетті тіршілігін.

Жақпар таулар бұлттармен жағаласқан,
Жақұт нұрға бөленіп жанады аспан.
Былдырлап бұлақ суы шайып кеткен,
Бұрқырап бу шығады қара тастан.

Құрақтар жағадағы тұр шықтанып,
Қызыл құм жатыр бассаң шымшып қалып.
Бозарған боз даланың жусанына,
Қонады шегірткелер ыршып барып.

Қалыпты көкжиекке сағым қонып,
Қараймын аппақ нұрға жаным толып.
Жайнап кетсе бар дүние сенің де бір,
Келеді екен кеткің кеп жалын болып.

***

Қара бұлттар торлап алып аспанды,
Жарқ-жұрқ еткен бір ғаламат басталды.
Найзағайдың кірпігінен от ұшып,
Көздерінен көк аспанның жас тамды.

Шал-теректің жапырағы желпілдеп,
Қызыл құмның жұмыр жоны бүлкілдеп.
Жерге келіп бұршақ-моншақ төгілді,
Доп-домалақ жанарлары мөлтілдеп.

Құйып кеткен жазғы жаңбыр тасырлап,
Тез басылды, жоғалды бұлт бас ырғап.
Көкжиекке кемпірқосақ өріліп,
Нұрға оранып шыға келді жасыл бақ.

Еріп жатыр моншақ-бұршақ шашылған,
Ауа қандай жаңбырдан соң ашылған.
...Өмір де осы жазғы жаңбыр сияқты-ау,
Қас-қағымда құйып өтіп басылған...