Табиғат - Күз

КҮЗ

Тыным таппай шарқ ұратын жағада,
Жоқ боп кетті көл еркесі шағала.
Қайыңдардың бұтағынан сыбдырлап,
Жапырақтар түсіп жатыр сарыала.

Ішін тартып ысқырады жел сосын,
Бір мазасыз күй билеген жер төсін.
Құс керуені ұшып бара жатыр көп,
Қиналса да тастап туған өлкесін.

Кең далаға өзгеше бір күй еніп,
Күн ызғары жасап жатыр иелік.
...Құстар кеткен жаққа қарап көп тұрды,
Менің көкем таяғына сүйеніп...

***

Суылдайды салқын жел ішін тартып,
Құм көшкінін суырып ысылдатып.
Жапырақтар сап-сары ұшып жатыр,
Бұлттанады сәт сайын күн мұнартып.

Шал-теректер сарғайған, жүдеген бе,
Қаңбақтар жүр зыр қағып құба дөңде.
Керуен-керуен құс қайтып бара жатыр,
Даусы естіліп төменннен, төбеден де.

Боп-боз дала, бозарған төңірегім,
Босап көңіл ішімнен егілемін.
Жылу іздеп жүрегім қалтырайды,
Көше кезіп кетуге ерінемін.

Көкірегімнен ұшады арман-құсым,
Айқай салғым келеді жанғанда ішім.
Қаламымды қолыма ап тістелеймін,
Көктем кетіп, күз келіп қалған ба шын?!

Көктем менің жастығым, махаббатым,
Кезің еді толықсып гүл ататын.
Өткенің бе, шынымен, кеткенің бе,
Отты жырды өртенген борататын.

Күз келген бе, жаз өтіп кеткені ме,
Қайта қалай оралам көктеміме?
Күз келгені рас па, күреңітіп,
Шыныменен өмірдің өткені ме?