Табиғат - Қыс


ҚЫС

Асылып жер бетіне ақтарып бар,
Үлбіреп қонып жатыр ақ мамық ар.
Ілініп қалды сәтте ағаштарға,
Бауыры жарқылдаған ақ балықтар.

Асылын жер бетіне ақтарып бар,
Үлбіреп қонып жатыр ақ мамық қар.
Көркіңе көз тоймайтын о, сұлулық,
Сен менің көкірегімде жатталып қал!

Келдің де кең өлкеме тасыттың ән,
Арманды алғы күнге асықтырған.
Қалыпты қайың үнсіз, мамырлап шың,
Барады ұшып тауға ғашық қыран...

Дала аппақ, жатқан кеше жауын сіңіп,
Төбеде жүр қалықтап қауырсын-бұлт.
Қайың тұр көтере алмай жерден басын,
Қар басқан бұтақтарын ауырсынып.


***

Ақша қар көктен төгілген,
Керемет сұлу түн еді.
Қайыңдар қарға көмілген,
Төбеден бізге төнеді.

Шыршалар жасыл паңданып,
Қардан ақ бөрік киіпті.
Қараймыз үнсіз таңданып,
Қыс түні қандай сүйікті.

Келеміз кезіп бақтарды,
Сұлу-ақ, бүгін сұлу түн.
...Мойныма салып ақ қарды,
Сен кенет алға жүгірдің.

Төгіліп күлкің барасың,
Желменен ойнап қолаң шаш.
Мен қуып жетіп... қалқашым,
Сүйістік ұзақ... біз алғаш.

Еріннің дәмі... бал екен,
Жүректер соқпай қалғандай.
Бақытты бізден бар ма екен,
Дәл бүгін мынау жалғанда-ай.

Ұмыта алман мәңгілік,
Еріннің сол бір ыстығын.
Айтамын мұңды ән қылып,
Алыста қалған қыс түнін.


***

Көктен жерге себелеп,
Жауып тұр қар-көбелек.
Сықырлаған шыңылтыр,
Ауа қандай керемет!

Таулар ақбас қарттардай,
Қайың-ару ақ маңдай.
Гүрсілдеп мұз өзенде,
Салют беріп жатқандай.

Жалт-жұлт етіп ақша қар,
Тон киіпті бақшалар.
Құрып қойған шатырдай,
Қыр үстінде шоқша тал.

Айна-көлді жағалай,
Алтын сәуле жанады-ай.
Қыз күткендей қыдиған,
Нән бөрікті қарағай.

Балта даусы тықылдап,
Сынады ағаш сытырлап.
Аяз-сынған хрусталь,
Аяқ бассаң сықырлап.

Аппақ дала, мұз да аппақ,
Ән салып тұр шулап бақ.
Мұржалардан ұшады,
Көкшіл түтін будақтап.

Ауа қандай, нұр қандай,
Жұтасың кеп бір қанбай.
Түртіп қалсаң аппақ қыс,
Жырлағалы тұрғандай.

Орман бейне-түс кілем,
Бүрісіп тұр қыс кілең.
Қыс барады омбылап,
Аппақ қардың үстімен...