Табиғат - Қысқы Алматы


ҚЫСҚЫ АЛМАТЫ

Алматы да қар жауып тұр себелeп,
Жерге келіп қонып жатыр көбелек.
Жазым зулап, күз де өтіп, әттең-ай,
Қыс та келіп қалыпты ғой не керек.

Алматыға қыс келіпті шынымен,
Қар жауып түр үсті-үстіне түнімен.
Ақша қарға қарап тұрып мына аппақ,
Сырласамын Алатаудың шыңымен.

Көк түтіндер мұржалардан ұшады,
Естілмейді төңіректен құс әні.
Аппақ, аппақ жапалақтап ақша қар,
Қара жердің көкірегін құшады.

Қар жауды кеп таңертең де, кешке де,
Қар астынан көрінбейді ештеңе.
Бар дүние аппақ түске боялды,
Көше кезген көрінбейді еш пенде.

Алатау тұр қабағынан қар жауып,
Тау басына бұлт үйірілген бір ауық.
Басылатын емес жауған қар мына,
Ерке ұлдай таяқ жеген жылауық.

Қысқы Алматы қаһар шашып тұрғандай,
Мұндай кезде туа қойсын жыр қандай.
Астананың жазғы сұлу келбеті,
Алыстапты көзден ұшқан армандай.

Қар жауып тұр Алматыда тағы да,
Бір мұңды ой ызыңдайды жаныңда.
Суық желден тоңазиды денең де,
Ұйып қалған сияқты бар қаның да.

Алматының қысы биыл осындай,
Шырша мүлгіп тұр жылқышы қосындай.
Шатырлардан тамшылайды қар суы,
Жазды аңсаған мөлдір көздің жасындай.