Табиғат - Құлпырды дала


ҚҰЛПЫРДЫ ДАЛА

Бусанып дарқан жер деген алып жарықтық,
Қылтиып шықты қырлардың төсін жарып бүк,
Мөлдіреп лағыл моншақтар жауды-ай төгіліп,
Көктемнің аппақ жаңбыры жерді қарық қып.

Аймалап беттен елжірей сүйіп жел өпкен,
Нұрланып дүние албырап кетті кенеттен.
Қыз-қайың жарды бүршігін аппақ баудағы,
Күмбірлеп кеуде жыр ұшып шығып жүректен.

Сыбызғы орман сыбдырлап әсем ән салып,
Мөлдіреп жатыр көл көкке қарап тамсанып.
Шаңқанбоз дала көк ала кілем жамылған,
Қуанып жатыр қасиетті көктемді қарсы алып.

Сәуірдің сұлу сүмбіле шағы көкпеңбек,
Ақ ұлпа қарлар тау бастарына шөккен кеп.
Жайықтың үстін қиқулап әнге толтырған,
Қаңқылдап ұшқан үйрек пен қазы неткен көп.

Сұлу күн күліп, ақ сәуле көкте тұр тұнып,
Бұлақтар алға барады ән сап бұлқынып.
Балбырап дүние, көктем кеп ой-хой, шіркін-ай,
Бусанып жатыр, шаңқанбоз дала құлпырып.

***
Күн көкке көтерілді шашып сәуле,
Қызғалдақ гүл қауызын ашып әуре.
Кірпігін азар-азар қимылдатып,
Түн кетті көкжиекке қашып зәуде.

Армандай таңның аппақ құшағынан,
Құшағынан тербеліп ұшады ән.
Сағынған күннің алтын арай нұрын,
Аймалап еркін өбіп құшады маң.

Көкжиекте сағымдар тербетілген,
Көк көлдің аумай қалған келбетінен.
Күн шығып кең далаға жатыр тарап,
Таң болып келген шаттық жер бетінен.

***
Бөленіп мұңға жаным мың,
Ақ таңда ақ нұр жамылдым.
Қай жақтан келіп табылдың,
Ару Май, сені сағындым!

Даламда бүгін сан қилы,
Гүлдердің исі аңқиды.
Ақ шәлі бұлттар қалқиды,
Әсем ән көкте шалқиды.

Сұлу күн көкте елжіреп,
Өбеді беттен жел жібек.
Көшеге шықты гүл-қыздар,
Орамалдары желбіреп.

Сұңқарым менің, бармысың,
Ән шырқа көңіл шалқысын.
Көп айтар саған алғысым,
Ару Май, сәлем армысың!

***
Күн күлді мөлдір,
Бұлқынды өмір,
Көкорай көктем кеп.
Былдырлап бұлақтар,
Сыбдырлап құрақтар,
Нұр жайды көктен көп.

Кең дала түрленді,
Қайыңдар бүрленді,
Өзендер тасыды сарқырап.
Есті де жаз лебі,
Қаңқылдап қаз келді,
Көл беті айнадай жарқырап.

Қырларға гүл шығып,
Құлпырды тіршілік,
Төгіліп нұр көктен.
Жасампаз даланы,
Жайнатып барады,
Көгілдір гүл-көктем!

***
Ағала қар шыңның басын құрсаулап,
Сүңгі-сүңгі көк мұздардан нұр саулап.
Тауға көктем келе жатыр жан-жақтан,
Қыс ызғарын жылы ауамен қоршауға ап.

Ойдым-ойдым қырдың бетін бұрғылап,
Бұлақ шауып бара жатыр құлдырап.
Қырға көктем келе жатыр көк жүзі,
Қайта-қайта қабақ түйіп тұр жылап.

Көрі-құртаң қыс барады тұнжырап,
Жап-жас көктем келе жатыр жыр жырлап.
Кәріні жас ауыстырып-табиғат,
Осылайша өмір алға жылжымақ...