Табиғат - Жаңбырлы түн


ЖАҢБЫРЛЫ ТҮН

Шайнап от аспан жатыр күркілдесіп,
Жөңкіген бұлт желменен жүр тілдесіп,
Сыбырлап бала қайың қозғалады,
Мөлдіреп жатқан көлмен күңкілдесіп.

Төбелер мұнартады көлбеңдеген,
Көк тұман қонақтады көлге төмен.
Тыншыды аспан ақ жаңбыр төгіп кеткен,
Тыныштыққа шақыра келген білем.

Ақ тамшылар аймалап қыр гүлдерін,
Әдемі боп жайнап кетті түн керім.
...Дала шаңын бір тазартқан ақ жаңбыр,
Тазартсаң-ау көңілдің де кірлерін!..