Табиғат - Бұлттар-ай...


БҰЛТТАР-АЙ, БҰЛТТАР

Бұлттар-ай, бұлттар тулайды,
Аспанның алып тынышын.
Шетінен шарпып турайды,
Найзағай сілтеп қылышын.

Жабағы бұлттар жабырқап,
Жөңкіліп қайда барады?
Көк аспан асты шатырлап,
Көзінің жасы тамады.

Қарайып келсе сесі бар,
Бәрібір алыс ықты ғой.
Жел итереді, несі бар,
Мықтының аты мықты ғой.

Бұйрабас бұлттар зулаған,
Мұңыңды кімге шағасың?
Қара ормандар шулаған,
Тамшы боп қана тамасың.

Жылайсың биік жүрсең де,
Көзінің жасын төгесің.
Төбеден жерге төсең де,
Бәрібір жерге сіңесің...

Бұлттар-ай, қайтсын тулайды,
Аспанның алып тынышын.
Шетінен бірақ турайды,
Найзағай сілтеп қылышын.

Күшті боп бүгін көрінсең,
Ертеңге бірақ кім ие.
Өзгеріп тұрар, білгін сен,
Аума да төкпе дүние...