Табиғат - Туған жер


ТУҒАН ЖЕР

Асқар таудай артқан маған ел сенім,
Арманшыл бір ұлың едім мен сенің.
О, туған жер, өскендігін бойымның,
Сенің заңғар биігіңмен өлшедім.

Кеудемде көп жалын артқан бар арман,
Сенің байтақ дархандығыңнан жаралған.
Бойымдағы жалындаған махаббат,
Сенен менің тамырыма таралған.

О, туған жер, алыс кетсем елеңдеп,
Асығамын қашан сені көрем деп.
Тұрсам деймін мөлдіреген көгіңде,
Өзің жайлы жазылған бір өлең боп...

***

О, кең далам, жасыл далам, боз далам,
Сен бір кілем өрнектерің тозбаған.
Магнитсің, қай қиырда жүрсем де,
Саған ұшам, саған қарай қозғалам.

Көкжиегің көк теңіздей көлбеген,
Көк аспаның көркем кесте зерлеген.
Бұлбұлдарың әнге салып думандап,
Айналаны шат әуенмен тербеген.

Қашан келсем көк шалғының жайқалып,
Сыбдырлайды теректерің шайқалып,
Сылаң қағып ақса өзенің мөлдіреп,
Жағалауды ұрған толқын қайта ағып.

Сыбдыр-сыбдыр жамырасып құрақтар,
Былдыр-былдыр жүгіреді бұлақтар.
От жүрегім сағыныштан өртенген,
Саған келсе тыным алып тұрақтар.

Туған далам, сайран далам,боз далам,
Саған деген от жырым көп жазбаған.
Сенің арқаң жанып дойім тұрса егер,
Жүрегімнің шаттық оты маздаған.

***
Сенсің менің бар байлығым, қазынам,
Саған ғана өтеді айтсам базынам.
Мен ауырсам дәрі емес мөп-мөлдір,
Жайығымның суын ішіп жазылам.

Туған жерім, асқақ менің әнім ең,
Сен ыстықсың, сен қымбатсың бәрінен.
Өзіңе арнап өлең жазсам жаздым мен,
Сия емес жүрегімнің қанымен.

Туған жерім, сенен бойға күш дарып,
Арманымды келер күнге үшты алып.
Сен арқылы күллі әлемді сүйдім мен,
Махаббатым бір өзіңнен басталып.

Көңілімде күмбір қағып бар талап,
Келем саған сағынышымды арқалап.
Өмір бойы жүрегімде сөнбейді,
Туған жерім, саған деген махаббат.