Жастық шақ - Ақ жайық...

АҚ ЖАЙЫҚ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ОЙ

Қайран Жайық, баба Жайық, Ақ Жайық,
Толқыныңда ойнақ салған сан қайық.
Саған келсем тұла бойға күш дарып,
Жүрегімді жыр кернейді ғажайып.

Толқындарың сылаң қағып тербелген,
Сан ақынның қиялына жел берген.
Ақ Жайығым, қанша сұлу болса да,
Ешбір жерді мен өзіңе тең көрмен.

Алтын сәуле су бетінде жарқырап,
Жағаң толған сыбдыр қаққан бал құрақ.
Жыр оқығым келіп-ақ тұр өзіңнің,
Бұрқыраған толқыныңдай сарқырап.

Тұрмын бірақ жүрексініп бата алмай,
Сен туласаң толқыныңа батардай.
Жыр-сапарға аттанамын қалайша,
Ақ Жайығым, мен өзіңнен бата алмай.

Қайран Жайық, баба Жайық, Ақ Жайық,
Сенен қанша батыр шықты ғажайып.
Махамбеттер жырлап өткен жерлерде,
Жыр оқымай босқа тұрсаң таза айып.

Сан ақынның қиялына от берген,
Тебіреніп, тербелгенін көп көрген.
Саған келген сайын ару Ақ Жайық,
Кездескендей боламын бір көктеммен.

Кездескендей болам бала шағыммен,
Кездескендей болам бұла шағыммен.
Сені көрген сайын ару Жайығым,
Жүздескендей болам болашағыммен.

Бір ұлың ем еркін өскен далада,
Келіп тұрмын талап қуып жағаңа.
Ұланыңның кес тұсауын, Жайығым,
Жарқылдаған жырларыма қара да...