Жастық шақ - Ақындық туралы

АҚЫНДЫҚ ТУРАЛЫ

Өмірге келдім жанып маздау үшін,
Асса деп алты қырдан қаз дауысым.
Өлеңде өз жолымды тапсам деп ем,
Тындырған бірақ әлі аздау ісім.

Өлеңді жүргенім жоқ кәсіп етіп,
Сүрлеуін ағалардың басып өтіп.
Қарасам ақын көзбен дүниеге,
Қалады туған жердің тасы да елтіп.

Көп ойды серпіп тастап қамалаған,
Қолыма амалсыздан қалам алам.
Құйылып жыр нөсері ондай кезде,
Қанатын қияларға қағады арман.

Тапқандай содан шаттық, бақытымды,
Ұрлатам талай алтын уақытымды.
Сүземін мидың миллион қатпарларын,
Ұстағым келіп ойдан жақұтымды.

Перзенттей жарып шыққан жүрегімді,
Ұшырып балғын-бөбек өлеңімді.
Отырам оқырманмен сұхбаттасып,
Сыр етіп арманымды, тілегімді.

Жоқ болар бүдан асқан жаза жеңіл,
Таппайды күні-түні маза көңіл.
...Өмірдің жүрегіндей сияқты екен,
Ақындық-азабы мол, ғажап өмір!..