Жастық шақ - Борышым көп

БОРЫШЫМ КӨП

Борышым көп қой әлі өтелмеген,
Арман да көп алдымда жетем деген.
Болғам жоқ берерімді беріп түгел,
Келгем жоқ өмір саған бекерге мен.

Борышым көп, алдымда тындырарым,
Көңілімнің аштым жаңа мың бұлағын.
Талай күн ақ қағазды өрнектедім,
Талай түн ойдың кенін бұрғаладым.

Борышым көп алдында жақсы ағаның,
Алдымда күткен мені асқарларым,
Тауға да, тасқа соқтым маңдайымды,
Бірақ мен жыр жазуды тастамадым.

Борышым көп-ақ менің жыр алдында,
Аспаған таулар қанша тұр алдымда.
Баспаған соқпак қанша мені күткен,
Дариға-ай, жетем қашан шығар шыңға!

Деп күнде төске шыңдап талабымды,
Қияға қадап отты жанарымды.
Күн-түні демалыссыз еңбек ет деп,
Жұмысқа салып қоям қаламымды.

Әйтсе де тындырғаным аз-ақ екен,
Жыр жазу өте ауыр азап екен.
...Кеше жазған жырымды жырттым бүгін,
Ал ертең қандай өлең жазар екем?..