Жастық шақ - Жақсылық жыры

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖЫРЫ

Энуарбек Дүйсенбиевке

Қиналғанда құйған бойға қуатты,
Көп адамнан көрдім жастай шуақты.
Бір жақсы аға өлеңімді бастырды,
Қайғырғанда бір жақсы аға жұбатты.

Мен де ер жетіп қосылдым деп қатарға,
Бақыт қуып шықтым жиі сапарға.
Жақсылықтар, тағы маған тап келдің,
Күн боп күліп, таң боп аппақ атарда.

Өлең жазсам ақыл айтты бір дарын,
Алға қарай созылсын деп жолдарың.
Құлап бара жатсам қанша сүйеді,
Ағалар-ай, өздеріңнің қолдарың.

Мен жасымнан жақсылықты көп көрдім,
Өстім нұрлы шуағымен көктемнің.
Ағалар-ай, алақаны аялы,
Бәріңе айтар ақ алғысым көп менің.

Алғысым көп көңілімді тербеген,
Отты жыр боп жүрегімді кернеген.
Осынау көп жақсылықты өтеуін,
Беу ағалар, қайтарармын мен немен?

Көмектесті созып олар қолдарын,
Алға қарап жалғассын деп жолдарың.
Көрсетем деп жақсылықты жалау қып,
Менің балғын қанат қақты жырларым.

Мен де бүгін қосылдым деп қатарға,
Шаттық қуып жиі шықтым сапарға.
Жер бетінде жауларым да кездесті,
Мылтығы бар, оғы жоқ тек атарға.

Олар мені күндеді кеп өсектеп,
Ту сыртымнан тас лақтырып кесектеп.
Түзу жолдан тайса екен деп тіледі,
Менің қате басқанымды есептеп.

Олар кейде жиып қойып ұятты,
Талай рет түнгі ұйқымнан оятты.
Жақсылық та, жамандық та білсеңіз,
Қатар шапқан қос рельс сияқты.

Қос рельс түйіспейді сірә да,
Ол түйіссе құлар поезд жыраға.
Сондықтан да адамдардан тілерім,
Жол бермендер жамандық пен жалаға!

Адам жаны жақсылықпен гүлдемек,
Жақсы жанды сүйеді кеп күн де көп.
Жақсы болмай, жаман болсаң ей, адам,
Жер бетінде өмір сүріп не керек?