Жастық шақ - Бір мұғалім...

БІР МҰҒАЛІМ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Балалық бал, балдырған шақ естен мәңгі кетер ме,
Кейде біздер өткен күнді ұмытамыз бекерге.
Балалығын болса ұмытар есейгенде бұл адам,
Өте алмайды өмір бойы өткелі көп жырадан.

Біз де бір кез бала болдық, тентек, момын болдық па,
Шаш қойдық біз сол бір күзде он алтыға толдық та.
Бізге бір күн сабақ берді жаңа келген мұғалім,
Таныстырды аты-жөнін, бұрын тұрған тұрағын.

Аз-ақ күнде құрмет пен ілтипатқа ілікті,
Мұнша білім бір адамда болғанын кім біліпті.
Ол сөйлесе барлық бала аузын ашып тыңдайды,
Айтқан кезде өмір жайлы, бақыт жайлы, гүл жайлы.

Оқып жүрдім менің күткен алда еді деп мұратым,
Күнде ертемен мұғалімді көргім келіп тұратын.
Көргім келіп тұратұғын сөйлегенін, күлгенін,
Бірақ оның ешқашанда кейігенін көрмедім.

Жаны дархан кереметтей көңілі пәк жан еді,
Біз оқыған мектептің ол қуанышы, сәні еді.
Ән салатын бізбен бірге, жүгіретін сабақта,
Үйрететін болма үйір деп темекі мен араққа.

Көңіл кейде кең емес қой, болғанменен дала кең,
Жақсы жанды көре алмайтын біреулер де бар екен.
Ақыры сол албырт жанды кетті жеңіп жамандық,
Жеңгені сол кей жандарда үстем болды надандық.

Көп өршітпей күншілдермен арадағы дау істі,
Жақсы ағамыз қиналса да басқа жерге ауысты.
Бар көркімен келген кезде жасыл көктем жасанып,
Біздер қалдық жол бойында көзімізге жас алып.

...Жылдар өтті, біз де есейдік, барлық жайға түсіндік,
Кеудемізден бақытқа асық арман құсын ұшырдық.
Зулап жылдар айналса да зымыраған ұршықтай,
Осы бір жай жүрегімді келеді әлі тыншытпай.

Балалық шақ, балдырған кез естен мәңгі кетер ме,
Кейде біздер өткен күнді ұмытамыз бекерге.
Өткен күнге қарап түрып жақсылықты көреміз,
Жамандыққа балта шауып отап және келеміз.

Адамдар-ай, не жетпейді мынау дархан өмірде,
Арам ойдың болмағаны жақсы емес пе көңілде.
Мұғалімім, осылай деп жар салсам деп келемін,
Шын жүректен барша адамға бақыт тілеп жүремін!