Жастық шақ

 ОН ЖЕТІ ЖАСҚА

Армаңдай пәк кеудеден жаратылар,
Сағымдай көкжиекке таратылар.
Қияға сермеп ұшар қанаты бар,
Он жеті-желкілдеген бала шынар.

Кигізіп жақұттардан өмілдірік,
Жүректі қуанышқа көмілдіріп.
Көңілден көрікті әнді төгілдіріп,
Он жеті-сендерге тұр өмір күліп.

Арманға созып қолды қаусырғанша,
Жалын боп жанғайсыңдар таусылғанша.
Төбеден ақ жаңбырлар жаусын жауса,
Жетеді айқаласам даусым қанша!

Күндерді жатса да күн алмастырып,
Шын алмас қиып өтпей қалмас тұрып.
Арманын жас жүректің алға астырып,
Өтіңдер таңды таңмен жалғастырып!
1966.



ОН СЕГІЗДЕ ЕДІК БІЗ

Өтерін зулап уақыт ойлапты кім,
От көңіл баса алмай-ақ қойды аптығын.
Оралып туған жерге сағынып мен,
Отырмын жастық жайлы ойлап бүгін.

Жас едік сұлу көрсек тамсанатын,
Ұзақ түн дала кезіп ән салатын.
Мүлгіген қайың күліп қарсы алатын,
Он сегіз жас, тәтті еді-ау әр сағатың.

Тағы да жаныма бір күй аңсатқыз,
Балбұлақ баратұғын жиі ән сап біз.
Тыңдайтын үнсіз менің жырларымды,
Қайдасың, қайда бүгін ұялшақ қыз?!

Көп болды көріп тырна тізбелерін,
Таппадым мен өзіңді іздеп едім.
Сағыныш көлі болса көкірегіңде,
Неге бір маған қарап жүзбегенің?

Кеттің сен өзге жаннан сыр ұқтың да,
Жүрмін мен жанып жүрек тұнып мұңға.
Шат күлкіңе куә еткен айлы түнді,
Ақ-сары қыз шынымен ұмыттың ба?!

Ол күндер тез өтер деп ойлапты кім,
От көңіл баса алмай-ақ қойды аптығын.
От болып он сегізге келген күндер,
Аңсаймын өзің жайлы ойлап бүгін.



КОМСОМОЛ

Комсомол!
Сен дегенде толғанамын,
Толқиды көкірегімде арман-әнім,
Қуанам сенің жарқын іздеріңнен,
Түлеген жүзін көріп маң даланың.

Комсомол!
БАМ-ға барсам сені көрем,
Түлеген тыңға барсам сені көрем,
Сені көрем қиындық қайда болса,
Ешқашан күш-қайраты кемімеген!

Комсомол!
Ғарышқа ұшып, төске өрледің,
Кәріне табиғаттың дес бермедің.
Қой бақтың кең даланы әнге бөлеп,
Ақпанның аязынан сескенбедің.

Комсомол!
Тау қозғалып қайратыңнан,
Тайсалды талай жаулар айбатыңнан.
Келесің асқақ басып, биікке өрлеп,
Барыңды елге беріп бойда тұнған.

Комсомол!
БАМ-ға барсам сені көрем,
Түлеген тыңға барсам сені көрем,
Сені көрем қиындық қайда болса,
Ешқашан күш-қайраты кемімеген!
1965.



МЕН - ЖАСТЫҚ

Мен-жастық, шатты өмірдің символымын,
Жалынды жүректердің жыр-күйімін.
Өр даусым тебіренген ғарышқа өрлеп,
Әлдилеп жатыр сұлу күн биігін.

Мен-жастық, кең даланы дүбірлеткен,
Қиындық болса өзгеден бұрын жеткен.
Құлан жортпас жапанға бау-бақша егіп,
Менің құрыш қолдарым күлімдеткен.

Мен-жастық, жоқ ешкім де еркін менен,
Күйлерім жүр көңілде шертілмеген.
Келемін биікке өрлеп асқақ басып,
Жалынды жастыққа тән серпінменен.

Мен-жастық, ұлы Ленин ұрпағымын,
Шарықтап шығады асқақ шырқап үнім.
Ататын бар адамзат бақыты боп,
Сәулетті коммунизм нұр таңымын.

Шығады жылдармен бір жалғаса үнім,
Уақыттың сом берік бағасымын.
Мәңгі өлмес Октябрьден қуат алған,
Мен - жастық, революция жалғасымын!
1965.



ЖИЫРМА ЖАСҚА ТОЛҒАН КҮНІ

Жиырма жасқа толдым деп мен нұрланып,
Шаттығымды бөліссін деп қуанып.
Бір топ досты шақырып ем, келді олар,
Қолдарына қызыл-жасыл гүл алып.

Келіп еді гүлге толы сан құшақ,
Әрбіреуі атқан бөлек таңға ұқсап.
Біз сол күні күліп едік көбірек,
Біз сол күні айтып едік әнді ұзақ.

Жап-жас едік біз ол кезде құлпырған,
Жанымызда ойын-күлкі, жыр тұнған.
Бір-бір жігіт бір-бір бұлақ секілді ек,
Өз арнасын жаңа тауып бұлқынған.

Бал өмірдің бар шаттығын тойлаған,
Өндірлер ек қуанышқа тоймаған.
Сол бір күндер бүгін еске түскенде,
Мұңданамын, еріксіз мен ойланам.

Қайран жастық,сайран жастық, балғын күн,
Талай-талай жүректі өрт қып жандырдың.
...Қайта келмес бозбала шақ, сал дәурен,
Мен өзіңді сағындым!



ЖИЫРМА БЕС

Келдің де жарқылдаған жалын жасым,
Көңілімнің көкке ұшырдың қарлығашын.
Төрт бөліп түн ұйқымды өлең жаздым,
Болған соң жиырма бес жас дарынға сын.

Ешкім жоқ бұл жасымда еркін менен,
Күйлерім жүр көңілде шертілмеген.
Келемін асқақ басып қияға өрлеп,
Жалынды жастыққа тән серпінменен.

Барсың сен жиырма бесім жыр тілімде,
Барсың сен гүл-қыздардың кірпігінде.
Барсың сен желкілдеген жастығымда,
Барсың сен ақ қайыңның бүршігінде.

Жиырма бес толғанбаймын қалай бүгін,
Тұрған соң күлімсіреп арайлы күн.
Ән салып жатқан мынау дүниеге,
Ерекше құмарлықпен қараймын мың.

Бар хақым жарқын жырлар шертем деуге,
Жоқ уақыт елтеңдеуге, селтеңдеуге.
Ұшамын қанат қағып, жиырма бесім,
Өзіңнен старт алып ертеңдерге.



МЕН - ОТЫЗДАМЫН

Отызға келдім, қысты отыз бастан өткердім,
Мен де отыз рет гүлдерін тердім көктемнің.
Жанып та көрдім от болып жастық шағымда,
Күндерге өткен артатын өкпем жоқ менің.

Отызға келдім, жанарым менің мөлдіреп,
Жанымнан есіп жайдары жұмсақ жел-жібек.
Достарым бүгін келіңдер менің үйіме,
Қарсы алайын мен көктемдей күліп елжіреп.

Келіңдер достар үйімді нұрға толтырып,
Отырайын мен жаныма ыстық жыр тұнып.
Отыз деген жас сабырлылыққа үйретер,
Ішімде көңіл тұрса да мұңды жыртылып.

Отызға келдім, самайға ақ қырау түсіпті,
Жазым да жайсаң отыз рет бастап көшіпті.
Қыздарға қарап қадалу қалған сияқты,
Көздерімде де тентектік оты өшіпті.

Отызға келдім, не тындырдым деп бір уақыт,
Отырам кейде өзіме-өзім тіл қатып.
Алғаным көп те, бергенім аз-ақ сияқты,
Қаламымды алып жыр жазам сосын боратып.

Отызға келдім, аға болдым мен жастарға,
Жаңа бір жұлдызбын күлімсіреген аспанда.
Тағдырым менің жанымды жас қып мәңгілік,
Келер күндерге нық сенімменен баста алға.

***

Маған сенім артқан еді көп адам,
Сенен ақын шығар деген көп ағам.
Сол сенімді тоқ санаумен жүріппін,
Қайтем енді осыған да жұбанам.

Енді содан қара бүгін, не шықты,
Келер көктем биыл тағы кешікті.
Үміт күліп кіріп келер сияқты,
Бұзып өтіп күдік деген есікті.

Аялашы, аялашы жыр-бақыт,
Жүбатсаң да өз еркіңде жылатып.
Әр күн сайын күтіп үнсіз жүремін,
Маған күліп келеді деп бір бақыт.

***
Ағынымен жүзіп жүріп уақыттың,
Шақырумен күнде өзіне жарық күн.
Баламын деп ойлап-ойнап жүргенде,
Отыз деген жасқа келіп қалыппын.

О, достарым, кел, ендеше тойлайық,
Өткен күннің тереңіне бойлалық.
Шын ба осы отыз қырдан асқаным,
Деп бүгін мен тұрмын үнсіз ойланып.

Көп қой әлі бергеніммен берерім,
Көп қой әлі көргеніммен көрерім.
Мені алға сүйреп жүрген дүрсілдеп,
Соға бер тек менің ыстық жүрегім!

Отыз жас бұл отыз белес, отыз қыр,
Отыз жылда гүлін жарды отыз гүл.
Әлі де жас гүл-қыздардың ішінде,
Қыран қабақ жарқылдаған отыз жүр.

Кел отыз жас, шыға бер сен төріме,
Шомыла бер шұғыла-бақыт көліне.
Мен тұрайын асқар таудай қасқайып,
Бір сүйеніш болу үшін еліме.



ЖОЛДАРЫМ

Жолдар, жолдар мені алысқа шақырды,
Кейде шат қып, кейде мұңға батырды.
Арманыма күткен алдан жетсем деп,
Мен сабалап келем арман-атымды.

Жолдарменен ешкім әлі жүрмеген,
Өлең қуып от боп лаулап мен келем.
Алға ғана шақырады арманым,
Кездерімде соқпақ кезіп шөлдеген.

Жұрегімнің жағып алау шамдарын,
Келер күнге арманымды жалғадым.
Өлең жаздым түн ұйқымды төрт бөліп,
Алға қарай созылсын деп жолдарым.

Жолдар, жолдар мені алысқа шақырды,
Кейде шат қып, кейде мұңға батырды.
Арманыма күткен алдан жетсем деп,
Мен сабалап келем арман-атымды.

Жолдарменен ешкім әлі жүрмеген,
Өлең қуып от боп лаулап мен келем.
Алға ғана шақырады арманым,
Кездерімде соқпақ кезіп шөлдеген.

Жүрегімнің жағып алау шамдарын,
Келер күнге арманымды жалғадым.
Өлең жаздым түн ұйқымды төрт бөліп,
Алға қарай созылсын деп жолдарым.



СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ

Жасанып келген жасыл көктем еді,
Айналып тұла бойды өпкен лебі.
Ойылдың суы тасып арнасынан,
Ақ қайың сыбдырлап сыр шерткен еді.

Қарайды тас төбеден елжіреп құз,
Шықты ұйден орамалы желбіреп қыз.
Сол күні қолымызға сумка алып,
Мектепке барған едік соңғы рет біз.

Дариға-ай ыстық еді-ау сол бір сағат,
Жүруші ек өткізе алмай күнді санап.
Соңғы рет қоңыраудың дауысымен,
Жүректің де соғысын тұрдық санап.

Класта шуылдаған тиылды үн,
Ұстазға сөз сөйлеу де қиын бүгін.
Қош мектеп, алтын ұям білім берген,
Ұмытар бұл дүниеде сыйыңды кім?

Кеудеме алтын нұрын жайғанда күн,
Зуылдап өттің қалай сайран шағым?
Қош мектеп, ұмытылмас балғын күндер,
Бал дәурен, балалық шақ қайран сағым.



АЛҒАШҚЫ ЖЫР

Шаттанып мынау өмірде,
Адымдап алға келемін.
Арттағы қалған күндерге,
Сағына қарап жүремін.

Есімде жұртқа алғашқы,
Өлеңімді оқып бергенім.
Кеудемде ойлар арбасты,
Мінбені тұңғыш көргенім.

Оқылып өлең біткенде,
Қол соқты талай адамдар.
Үн-түнсіз қалған жоқ пенде,
Ертеңіме менің алаңдар.

Жанғандай бір от ішімде,
Нөсер боп жүрек селдетті.
Сен де бар едің ішінде,
Дуылдап тұрған сол көптің.

Кеудеме менің бір ыстық,
Қонғандай күні даланың.
Көзіміз қалды түйісіп,
Нұрлана маған қарадың.

Қол соқтың көппен бірге сен,
Ең қымбат баға сол еді.
Кеткендей сосын менде есем,
Оқыдым талай өлеңді.

Қамшылап көңіл-дөненді,
Жүректің жанып отын мың.
Шаттанып тұрып өлеңді,
Кейін де талай оқыдым.

Арада талай жыл өтті,
Жыр да көп кейін оқылды.
Шабытқа бөлеп жүректі,
Лаулаттым өлең-отымды.

Қауырсын қалам ер жетіп,
Жақсы жыр талай жазылды.
Алғашқы өлең оқыған,
Ұмытпан сол бір жазымды.



АҒАЛАР

Қиын шақта қол ұшын бергендерің үшін,
Ертеңіме сенгендерің үшін.
Менен үміт отын көргендерің үшін,
Ағалар, сендерге рахмет!

Жыр жазып жалындағаным үшін,
Жастықпен кейде арындағаным үшін.
Ешкімге бас ұрып жалынбағаным үшін,
Ағалар, сендерге рахмет!

Өздеріңнен көп нәрсені үйренгенім үшін,
Күнделікті өмірдің күйбеңдері үшін,
Мен үшін кейде күйгендерің үшін,
Ағалар, сендерге рахмет!

Тайыздардың таза боп өсегінен шын,
Шындықтың туын көтере ілгенім үшін,
Адал боп өсе білгенім үшін,
Ағалар, сендерге рахмет!



ЖАНЫМЫЗ БІЗДІҢ БІРГЕ ЕМЕС ПЕ ЕДІ?

Көп болды өзің жақтан жел еспеді,
Хаттарың сырын шертіп тілдеспеді.
Сәулем-ау, неге алыс кеттің жырақ,
Жанымыз біздің бірге емес пе еді?!

Көкпеңбек жапырағы желбіреген,
Көктем де келді қайта мөлдіреген.
Жоқсың сен жанды өртеген сағынышты,
Өзіңе жыр қып, сыр қып ақтарар ем.

Көп болды өзің жақтан жел еспеді,
Хаттарың сырын шертіп тілдеспеді.
Аққуым, оралсаңшы туған жерге,
Жанымыз біздің бірге емес пе еді?



ПОЕЗДА

Қалды артта талай көк белдер,
Сыбызғы-орман жайқалып.
Астасып кеткен көк пен жер,
Келеді поезд жайқалып.

Таныспақ болып келемін,
Жанымда жас қыз арайлы.
Еңкіштеу келген кәрі адам,
Ұрланып бізге қарайды.

Бір шаттық орнап жаныма,
Бұрымын сұлу тарайды.
Әлгі адам оған тағы да,
Ұрлана келіп қарайды.

Қартайып жасың келсе де,
Жастықтың оты сөне ме?
Кім білсін мына қарт адам,
Жас кезін ойлап келе ме?

О, қайран жастық, өзіңе,
Жететін не бар өмірде.
Меншіктеп қызды өзіме,
Келеді бір ой көңілде.

Жастығың өтсе амал не,
Өтпеген шығар жылусыз.
Кенеттен бірақ таңдантып,
Поездан түсті сұлу қыз...

Соғады самал арқадан,
Зуылдап поезд барады.
Жанымдағы қарт адам,
Ойланып маған қарады,
Мұңданып маған қарады.



ҚАЛАМЫМ

Жүрегімнен жыр құлатып,
От боп кейде жанамын.
Жаз өлеңді бұрқыратып,
Сенімді дос қаламым.

Көңілім тасып толғанғанда,
Сені қолға аламын.
Жаным жүдеп мұңданғанда,
Қайрылма сен, қаламым.

Төк жырыңды отты қалам,
Артыңа соз қалдырып.
Күнде жанды отқа салам,
Өлмеу үшін мәңгілік!



ДОСҚА ХАТ

Дос едік қой доп қуалап тел өскен,
Қатар жүріп гүл теретін белестен.
Көптен бері хабарласпай кеттің сен,
Шыныменен шығардың ба мені естен.

Тірлік заңы еркімізге бағынбай,
Зулап жылдар өтіп жатыр сағымдай,
Күнде өзіңнен хабар күтіп мен жүрмін,
Шыныменен жүрсің бе сен сағынбай?

Алдап бізді өтіп жатыр күліп күн,
Мен өмірден білсең қанша сыр ұқтым.
Жаңа достар тапқанменен ондаған,
Ескі достың көбін мүлдем ұмыттым.

Дос жүрегін шын дос қана ұғады,
Бұған бәлки мен болармын кінәлі.
Бірақ сені ұмытпадым, жан досым,
Көз алдымда әркез бейнең тұрады.

Сенсіз алдым тас қараңғы түнектей,
Кім тыншиды қайнап жатса жүректе ой.
Хабарласып, хат жазысып тұрайық,
Мына өмірде шын дос деген керек қой.



КҮЛІП ЖҮРЕЙІК

Ордасын ойдың ойрандап,
Жемесін жанды күдіктер.
Төріме менің жайраңдап,
Күліп келіңдер, жігіттер!

Жоқ жерден қажып, қамығып,
Жабырқамасын үміттер.
Ағыңнан әркез жарылып,
Күліп жүріңдер, жігіттер!

Көп іске әлі олақпыз,
Қиналмай өмір сүріп көр.
Өмірге аз күн қонақпыз,
Күліп жүрейік, жігіттер!


АҚ ЖАЙЫҚ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ОЙ

Қайран Жайық, баба Жайық, Ақ Жайық,
Толқыныңда ойнақ салған сан қайық.
Саған келсем тұла бойға күш дарып,
Жүрегімді жыр кернейді ғажайып.

Толқындарың сылаң қағып тербелген,
Сан ақынның қиялына жел берген.
Ақ Жайығым, қанша сұлу болса да,
Ешбір жерді мен өзіңе тең көрмен.

Алтын сәуле су бетінде жарқырап,
Жағаң толған сыбдыр қаққан бал құрақ.
Жыр оқығым келіп-ақ тұр өзіңнің,
Бұрқыраған толқыныңдай сарқырап.

Тұрмын бірақ жүрексініп бата алмай,
Сен туласаң толқыныңа батардай.
Жыр-сапарға аттанамын қалайша,
Ақ Жайығым, мен өзіңнен бата алмай.

Қайран Жайық, баба Жайық, Ақ Жайық,
Сенен қанша батыр шықты ғажайып.
Махамбеттер жырлап өткен жерлерде,
Жыр оқымай босқа тұрсаң таза айып.

Сан ақынның қиялына от берген,
Тебіреніп, тербелгенін көп көрген.
Саған келген сайын ару Ақ Жайық,
Кездескендей боламын бір көктеммен.

Кездескендей болам бала шағыммен,
Кездескендей болам бұла шағыммен.
Сені көрген сайын ару Жайығым,
Жүздескендей болам болашағыммен.

Бір ұлың ем еркін өскен далада,
Келіп тұрмын талап қуып жағаңа.
Ұланыңның кес тұсауын, Жайығым,
Жарқылдаған жырларыма қара да...



Төлеген Айбергеновке

Отыз жыл соқты да жүрегің,
Тоқтады. Сен жаңа жыр едің.
Сен қайтыс болғанда Нөкісте,
Студент боп КазГУ-де жүр едім.

Мінгенмін енді-енді атқа мен,
Жырыңды түгелдей жаттап ем.
Ағасыз өскем ем сондықтан,
Ағам деп жүректе сақтап ем.

Жетсем деп биікке алқынып,
Көргім кеп іздеуші ем талпынып.
Жақсы өмір қашан да қып-қысқа,
Қалдық біз қайғырып аһ ұрып.

Зулаған жылдардан жоқ белгі,
Аңсайсың кей-кейде өткенді.
Сен бүгін келер ең елуге,
Бірге ертіп көкорай көктемді.

Амал не сен бірақ келмейсің,
Халқыңа жыр оқып бермейсің.
Бірақ та бар да өлең, бар да жыр,
Ешқашан сен аға, өлмейсің!


ОТАН

Бағыңда сайрап құлпырған,
Жарқылдап өскен ұлыңмын.
Бұлақпын алға бұлқынған,
Бауырыңда өскен гүліңмін.

Анам боп мені тербедің,
Әкем боп құшақ аштың сен.
Қайғырып мүлде көрмедім,
Арқаңда сенің жас күннен.

Шарықтат дедің жырыңды,
Шаттыққа мені бөледің.
Күн болып төктің нұрыңды,
Бақытты бол деп бөбегім.

Отаным, жүк арт ұлыңа,
Мандайдың терін төгемін.
Басты да тігем жолыңа,
Қажет деп тапсаң ұлы елім!

***

Қан тамырдай алпыс екі таралған,
Қасиетті армандардан жаралган.
Жер бетіне менің жаркын өмірім,
Жақсылық боп тарап жатыр сан алуан.

Ағарып таң атқан кезде арайлы,
Мен де ашып кеудемдегі сарайды.
Шұғыла боп төңірекке тараймын,
Қуанышқа бөлеп мұңды талайды.

Көкірегімнен көктем әнін таратам,
Сәуле шашып атқан сайын құба таң.
Мен басымды ием жалғыз құдіретке,
Оның аты-
оттан ыстық Ұлы Отан.


ШАБЫТ ҮСТІНДЕ

Көйлегім көк, тамағым, көңілім тоқ,
Бірақ менің тыншыған бір күнім жоқ.
Күні-түні толғанып өлең жазам,
Өйткені жырсыз менің өмірім жоқ.

Кей-кейде ұмыт қалып ұстамдылық,
Бұрқантып буырқантар құштар қылық.
Отырам найзағайдай жарқыл қағып,
Шабыттың ақбоз атын ұстап мініп.

Жетсем деп арманыма талаптанып,
Ұшамын биіктерге қанат қағып.
Қалықтап бара жатам көк аспанда,
Арқамнан мың сан жұлдыз қарап калып.

Ашқанда сөйтіп маған шабыт құшақ,
Отырам жырдан асыл жақұт ұстап.
Әйтеуір қиналсам да, қуансам да,
Осындай көптеу болғай бақытты шақ!


Жұмекенге

Өшпес бейнең көңілден,
Өкінішпен жыр етем.
Қыршын кеттің өмірден,
Ақын ағам-Жұмекен.

Бұйра шашың толқындап,
Жүруші едің жай күліп.
Ерте атандың жарқылдап,
Өлең-жырда сәйгүлік.

Құмар едің көктемге,
Ашық аспан көгіне.
Күндесе де көп пенде,
Пысқырмадың біріне.

Талант едің шын асыл,
Жырлар жаздың өртеніп,
Әттең, жердің қойнына,
Кеттің-ау сен ерте еніп.

Шарықтады жыр құсы,
Тұрса да алда мың бір сын.
Ғұмырыңа екінші,
Асықтың ба, кім білсін?

Табиғаттың заңы бұл,
Қатал еді не деген.
Неге сұңқар құлайды,
Шыңға құлаш сермеген?

Жазбағанмен жыр енді,
Жүрсің көңіл көгінде.
...От боп жанған өлеңді,
Жеңе алмайды өлім де...


АҚЫНДЫҚ ТУРАЛЫ

Өмірге келдім жанып маздау үшін,
Асса деп алты қырдан қаз дауысым.
Өлеңде өз жолымды тапсам деп ем,
Тындырған бірақ әлі аздау ісім.

Өлеңді жүргенім жоқ кәсіп етіп,
Сүрлеуін ағалардың басып өтіп.
Қарасам ақын көзбен дүниеге,
Қалады туған жердің тасы да елтіп.

Көп ойды серпіп тастап қамалаған,
Қолыма амалсыздан қалам алам.
Құйылып жыр нөсері ондай кезде,
Қанатын қияларға қағады арман.

Тапқандай содан шаттық, бақытымды,
Ұрлатам талай алтын уақытымды.
Сүземін мидың миллион қатпарларын,
Ұстағым келіп ойдан жақұтымды.

Перзенттей жарып шыққан жүрегімді,
Ұшырып балғын-бөбек өлеңімді.
Отырам оқырманмен сұхбаттасып,
Сыр етіп арманымды, тілегімді.

Жоқ болар бүдан асқан жаза жеңіл,
Таппайды күні-түні маза көңіл.
...Өмірдің жүрегіндей сияқты екен,
Ақындық-азабы мол, ғажап өмір!..


БОРЫШЫМ КӨП

Борышым көп қой әлі өтелмеген,
Арман да көп алдымда жетем деген.
Болғам жоқ берерімді беріп түгел,
Келгем жоқ өмір саған бекерге мен.

Борышым көп, алдымда тындырарым,
Көңілімнің аштым жаңа мың бұлағын.
Талай күн ақ қағазды өрнектедім,
Талай түн ойдың кенін бұрғаладым.

Борышым көп алдында жақсы ағаның,
Алдымда күткен мені асқарларым,
Тауға да, тасқа соқтым маңдайымды,
Бірақ мен жыр жазуды тастамадым.

Борышым көп-ақ менің жыр алдында,
Аспаған таулар қанша тұр алдымда.
Баспаған соқпак қанша мені күткен,
Дариға-ай, жетем қашан шығар шыңға!

Деп күнде төске шыңдап талабымды,
Қияға қадап отты жанарымды.
Күн-түні демалыссыз еңбек ет деп,
Жұмысқа салып қоям қаламымды.

Әйтсе де тындырғаным аз-ақ екен,
Жыр жазу өте ауыр азап екен.
...Кеше жазған жырымды жырттым бүгін,
Ал ертең қандай өлең жазар екем?..


ДИКТОР ҚАРЫНДАСҚА

Күнде эфирден жататұғын шашырап,
Сенің алтын саф дауысың асыл-ақ.
Естимін де сол даусыңды тұрамын,
Ұзақ қарап Алатаудың басына ақ.

Сенің даусың -қоңыраудың сыңғыры,
Сенің даусың-ақ қайыңның сыбдыры.
Сенің даусың-айтып бітпес сан арман,
Сенің даусың ақ бұлақтың сылдыры.

Сан қызыққа, сан арманға тоймаған,
Кезімізде қиял кезіп ойнаған.
Сол дауыстан ләззат ап күн сайын,
Қателессем толғанамын, ойланам.

Шаттық әнін, бақыт жырын шертесің,
Кейде ақылшы, кейде әзілқой еркесің.
Танымасам да аралап бір жүремін,
Сенімен бір қала-дала, жер төсін.

Жүрегімді алған әбден мекендеп,
Арман-дауыс келем саған жетем деп.
...Тілеймін тек сенің бұлбұл осы үнің,
Қырық бірдегідей естілмесе екен деп...



ОКТЯБРЬ

Айтқан бір кезде бақтар ән,
Сырымды саған ақтарғам.
Атыңды сүйіп жаттаған,
Октябрь, сен ең бақ маған.

Жалын боп жанып көзімде,
Жүрді атың барлық сөзімде.
Қиналып жүрген кезімде,
Сен жүрдің от боп сезімде.

Мен сенгем, мәңгі сенемін,
Сен үшін барлық өлеңім.
Өзіңе бүгін қарасам,
Ертеңімді де көремін.

Күн сайын келем ер жетіп.
Ақ армандарымды тербетіп,
Арқаңмен сенің, Октябрь,
Бақытқа қолым жүр жетіп.
1960.


ГИМН

Тыңдасам сені көкірегімді ұрғылап,
Ақ нөсер төгіп кеудемнен кетер жыр құлап.
Көңілімнен мөлдір көктемдей сосын тасиды,
Бұрқырап аққан мың бұлақ.

Тұра алмаймын мен тыңдасам сені бұрқамай,
Бойды алар әсем әндерге салып шырқамай.
Жанымды менің желпінтіп жүрген Гимнім,
Өзіңе алуан арналды ыстық жыр талай.

Тыңдасам, сені әкеліп дала сыйлығын,
Кетеді дойім күмбірлеп шалқып күй бүгін.
Отанымның мықтылығын әр кез аңғарам,
Елімнің тыңдап Гимнін.


АЛТЫН ЗАҢ

Нұрына бөлеп маңайды,
Күлімдеп сәуле тарайды.
Келеді атып армандай,
Ақ таңым менің арайлы!

Жанымда менің жаңғырып,
Келеатқан мынау таң күліп.
Алтын заң, сенің арайың,
Еркіндік жыры -мәңгілік.

Атсын десең нұр таңдар,
Бәріңнен сұрар қолқам бар,
Алтын заң жайлы салып ән,
Шырқаңдар, достар, шырқаңдар!

Ақ күнім менің алтын бақ,
Ақ сәулелерің жалтылдап,
Сен келсең кеудем толған кіл,
Шаттығым қалай сарқылмақ!

Күндерден күткен шаттығым,
Кеудемде көкте тап бүгін!
Келеді атып арайлы,
Армандай менің ақ күнім!!..
1962.


НАН

Ақ бидайға жайқалған дала тұнған,
Бұрымындай сұлудың таратылған.
Нан ғой бұл қасиетті хош иісті,
Бар тағамнан жоғары дара тұрған.

Аппақ нан-қуанышы шат даламның,
Мен сенен өмір бойы бақ табамын.
Қашан да көтеремін көкке сені,
Сен болсаң шаттанамын, мақтанамын!

Аппақ нан-көңілімді әлдилеген,
Өмірді гүлдендірген ән-күйменен.
Жүр қанша дүниенің бұрышында,
Сәбилер нан таба алмай зар илеген.

Аппақ нан-белгісі сен ұлылықтың,
Өзіңнен тіршіліктің сырын ұқтым.
Құласам биіктерден қайта тұрып,
Тоңсам мен сені қолга ап жылыныппын.

Биіктігің аспанмен шектеседі,
Мақтасам ешбір теңеу жетпес еді.
Қасиетті таба нан қастер тұтып,
Мәңгілік көтеремін көкке сені!


КОММУНИСТ

Өмірдің сынына ауыр жасымаған,
Қол жеткен табысына тасымаған.
Қарапайым, ақ жарқын, от жүректі,
Коммунист! Ол- керемет асыл адам!

Тау бұзып, тасты жарып шақылдаған,
Қой баққан қарлы қыста сақылдаған.
Бермесін табиғаттың тартып алған,
Коммунист! Ол - керемет ақылды адам!

Қажет болса космосқа, айға аттанған,
Досына-адал, жауына айбаттанған.
Жапан дүзді құлпыртып баққа ораған,
Коммунист! Ол- керемет қайратты адам!

Шілдеде ми қайнатып күйіп тұрған,
Мыңғыртып мал өргізген биік қырдан.
Мартендер мен домнаны лапылдатқан,
Коммунист! Ол - ержүрек, сүйікті адам!

Жанына жасырын сыр сақтамаған,
Ешкімді сырттан жақтап, мақтамаған.
Кімнің де кемшілігін көзіне айтар,
Коммунист! Ар-ожданы аппақ адам!

Қамқоры- туған елдің, айбатты ері,
Жанының жылуымен жайнатты елді.
...Қып-қызыл Лениндік билеті бар,
Коммунист! Ол-партия қайраткері!
1970.


ЖЕҢІС КҮНІ

Шаттықтан дүние теңселіп кеткен секілді,
Қызыл гүл басқан айналамызды не түрлі.
Тас төбемізде алкызыл тулар желбіреп,
Жібек жел желпіп сүйеді келіп бетіңді.

Шағала қанат шұғыла қонып жаныңа,
Асқақ бір әсем ән салсам дейсің тағы да.
Мерейлі мынау мереке күні атқандай,
Аппақ боп ұлы Жеңістің бүгін таңы да.

Жанарда жалын, жүректі нәзік күш керіп,
Парадқа шықтық әкелер жүрген көшке еріп.
Революцияның қарт сазбаздары тұр алда,
Сұрапыл шақтағы өмірі бір-бір естелік.

Шаттықтан қазір тұрса да көзде жас ұйып,
Ұлы Отан үшін тұрды олар бір кез касқиып.
О, Ұлы жеңіс, әкелер даңқы, біз саған,
Өтеміз мәңгі құрметпенен бас иіп!
1975.


ЖАҚСЫЛЫҚ ЖЫРЫ

Энуарбек Дүйсенбиевке

Қиналғанда құйған бойға қуатты,
Көп адамнан көрдім жастай шуақты.
Бір жақсы аға өлеңімді бастырды,
Қайғырғанда бір жақсы аға жұбатты.

Мен де ер жетіп қосылдым деп қатарға,
Бақыт қуып шықтым жиі сапарға.
Жақсылықтар, тағы маған тап келдің,
Күн боп күліп, таң боп аппақ атарда.

Өлең жазсам ақыл айтты бір дарын,
Алға қарай созылсын деп жолдарың.
Құлап бара жатсам қанша сүйеді,
Ағалар-ай, өздеріңнің қолдарың.

Мен жасымнан жақсылықты көп көрдім,
Өстім нұрлы шуағымен көктемнің.
Ағалар-ай, алақаны аялы,
Бәріңе айтар ақ алғысым көп менің.

Алғысым көп көңілімді тербеген,
Отты жыр боп жүрегімді кернеген.
Осынау көп жақсылықты өтеуін,
Беу ағалар, қайтарармын мен немен?

Көмектесті созып олар қолдарын,
Алға қарап жалғассын деп жолдарың.
Көрсетем деп жақсылықты жалау қып,
Менің балғын қанат қақты жырларым.

Мен де бүгін қосылдым деп қатарға,
Шаттық қуып жиі шықтым сапарға.
Жер бетінде жауларым да кездесті,
Мылтығы бар, оғы жоқ тек атарға.

Олар мені күндеді кеп өсектеп,
Ту сыртымнан тас лақтырып кесектеп.
Түзу жолдан тайса екен деп тіледі,
Менің қате басқанымды есептеп.

Олар кейде жиып қойып ұятты,
Талай рет түнгі ұйқымнан оятты.
Жақсылық та, жамандық та білсеңіз,
Қатар шапқан қос рельс сияқты.

Қос рельс түйіспейді сірә да,
Ол түйіссе құлар поезд жыраға.
Сондықтан да адамдардан тілерім,
Жол бермендер жамандық пен жалаға!

Адам жаны жақсылықпен гүлдемек,
Жақсы жанды сүйеді кеп күн де көп.
Жақсы болмай, жаман болсаң ей, адам,
Жер бетінде өмір сүріп не керек?


БОРАН ЕСКЕРТКІШІНДЕ

Совет Одағының Батыры
Боран Нысанбаевқа

Қыран қабақ, қою қасты бір жігіт,
Жүзі жайнап, маған қарап тұр күліп.
Жас өңінде қайсарлық пен нәзіктік,
Жанарында алаулаған нұрлы үміт.

Жап-жас өзі қара шашы төгілген,
Бір қуаныш күтетіндей өмірден.
"Аман болсын мына әлем" деп тұрғандай,
Албыраған аппақ достық көңілмен.

Айналада алқызыл ту желбіреп,
Беттен өбіп аймалайды жел-жібек.
Жол бастаушы таныстырып ескерткішпен,
"Батыр Боран осы,- дейді,- ержүрек".

Тұрып қалдым жасқа толып жанарым,
Өр қыранын көріп туған даланың.
Өзімді-өзім сәл бекітіп қайтадан,
Сырласқандай ер Боранға қарадым.

Қайран Боран! Жоқсың десе кім сенер,
Мынау асыл бәйтерек те теңселер.
Жұлдыз болып мәңгі бірақ жанасың,
Тас төбеде күн жарқырап тұрса егер!

Қайран Боран! Қарап үнсіз тұрсың тек,
Соқпайды енді жас жүрегің дүрсілдеп.
Өр кеудеңмен жау дзотын жауыпсың,
Ертеңгі ұрпақ бақытты өмір сүрсін деп.

Көз жүмыпсың. Біз бақытты болсын деп,
Туған жерім, нұрға, гүлге толсын деп.
Тұрмын үнсіз, менің де жас кеудемде,
Снарядтар жарылғандай гүрсілдеп.

Жо, босама, жабырқама, көңілім,
Боран босқа қиған жоқ жас өмірін.
Отаны үшін қан майданда мерт болды,
Тау қып үйіп фашистердің өлігін.

Енді міне, мәңгі тқрсың ер ұлан,
Оқты жеңген от жылдарда бораған.
Ескерткіш боп мәңгі бақи тұр Боран,
Қос жанарын қияларға қадаған.

Тайсалмастан жауға шапқан арыстан,
Жаңа ғана шыққандай зор ұрыстан.
Мына әлем тыныш болсын дейтіндей,
Батыр солдат оралмаған соғыстан.


БІР МҰҒАЛІМ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Балалық бал, балдырған шақ естен мәңгі кетер ме,
Кейде біздер өткен күнді ұмытамыз бекерге.
Балалығын болса ұмытар есейгенде бұл адам,
Өте алмайды өмір бойы өткелі көп жырадан.

Біз де бір кез бала болдық, тентек, момын болдық па,
Шаш қойдық біз сол бір күзде он алтыға толдық та.
Бізге бір күн сабақ берді жаңа келген мұғалім,
Таныстырды аты-жөнін, бұрын тұрған тұрағын.

Аз-ақ күнде құрмет пен ілтипатқа ілікті,
Мұнша білім бір адамда болғанын кім біліпті.
Ол сөйлесе барлық бала аузын ашып тыңдайды,
Айтқан кезде өмір жайлы, бақыт жайлы, гүл жайлы.

Оқып жүрдім менің күткен алда еді деп мұратым,
Күнде ертемен мұғалімді көргім келіп тұратын.
Көргім келіп тұратұғын сөйлегенін, күлгенін,
Бірақ оның ешқашанда кейігенін көрмедім.

Жаны дархан кереметтей көңілі пәк жан еді,
Біз оқыған мектептің ол қуанышы, сәні еді.
Ән салатын бізбен бірге, жүгіретін сабақта,
Үйрететін болма үйір деп темекі мен араққа.

Көңіл кейде кең емес қой, болғанменен дала кең,
Жақсы жанды көре алмайтын біреулер де бар екен.
Ақыры сол албырт жанды кетті жеңіп жамандық,
Жеңгені сол кей жандарда үстем болды надандық.

Көп өршітпей күншілдермен арадағы дау істі,
Жақсы ағамыз қиналса да басқа жерге ауысты.
Бар көркімен келген кезде жасыл көктем жасанып,
Біздер қалдық жол бойында көзімізге жас алып.

...Жылдар өтті, біз де есейдік, барлық жайға түсіндік,
Кеудемізден бақытқа асық арман құсын ұшырдық.
Зулап жылдар айналса да зымыраған ұршықтай,
Осы бір жай жүрегімді келеді әлі тыншытпай.

Балалық шақ, балдырған кез естен мәңгі кетер ме,
Кейде біздер өткен күнді ұмытамыз бекерге.
Өткен күнге қарап түрып жақсылықты көреміз,
Жамандыққа балта шауып отап және келеміз.

Адамдар-ай, не жетпейді мынау дархан өмірде,
Арам ойдың болмағаны жақсы емес пе көңілде.
Мұғалімім, осылай деп жар салсам деп келемін,
Шын жүректен барша адамға бақыт тілеп жүремін!


ПАРТБИЛЕТ
(баллада)
I

Мамыражай көктем еді құлпырған,
Тайсойғанның баурайына гүл тұнған.
Сылаң қағып ерке Ойыл мөлдіреп,
Қырдан төмен ойнақ салып бұлқынған.

Шопан жігіт шығып еді бүгін де,
Туған жердің қойын жайып төрінде.
Сылқым самал тебірентіп жүрегін,
Сұлу дала толып еді мың үнге.

Шопан жігіт жаны дархан, замандас,
Бұйра шашы желмен ойнап жалаңбас.
Үш-төрт жылдың жүзі болған, үй тігіп,
Сұлу қызға үйленгелі қолаң шаш.

Еңбегімен ер атанған жастарға,
Қызығатын үлкен-кіші, достар да.
Екі бөбек-жас семья сәні еді,
Көңілдерін көтеретін аспанға.

Көктем мынау, құлпырады, айнала,
Жайнап кеткен қызыл-жасыл бай дала.
Дүниенің төрт бұрышы дүрілдеп,
Қызу еңбек өріс алған қайда да.

Шопан жары көрші ауылға беттеген,
Күліп-ойнап кетіп еді көппенен.
Кенет сұмдық айқай шықты алыстан,
-Көмек керек! -Көрші ауылда өрт деген!

II

Өрт дегенде бір-ақ ұрып дөненді,
Жігіт кейін шауып ала жөнелді.
Көз алдында қос сәбиі-Қалайша,
Бауыр етін тілсіз отқа береді.


Бұл жеткенде үйі түгел лапылдап,
Отты ұшқындар жатыр еді жарқылдап.
Тоқталмастан кіріп кетті жалынға,
Атпен шауып келген сол бір қалпында-ақ.

Шықты сосын қос сәбиін қолына ап,
Қос жанары ұшқын шашып, жалындап.
Жиылған жұрт оған қарсы ұмтылды,
Алдарында аяулысы шырылдап.

Балаларын бере салып жарына,
Жігіт өртке қойып кетті тағы да.
Жұрт сілтідей тына қалды көз тігіп,
Оның қайта кіріп кеткен жағына.

Ұстап бірақ үлгермеді тұрғандар,
Жылайды үнсіз ағайыны, туғандар.
-Көп ақшасы қалған болар сандықта,
Деп сыртынан тон пішіп те тұрған бар.

Осы кезде қүлап түсті үй төбесі,
Жігіт қайда, бөлмеде ме келесі!
Шықпай өрттен кеткені ме күл болып,
Кірмей мына көк түтіннен енді есі.

Сол сәт жігіт өрттен шығып келді де,
Құлап түсті тұрған топты көрді де.
Жұмып алған қолына жұрт қарайды,
Алтын ба екен, ақша ма екен, енді не?!

Не болса да қымбат болар өмірден,
Әйтпесе жас жігітке не көрінген.
Ақша үшін жан беруге бола ма?
Деп көп адам қолына оның үңілген.

Ысқырған от үйді жайпап барады,
Кең даланың түсіп кеткен қабағы.
Бір топ адам үсті-басын сөндіріп,
Содан кейін жұмған қолын қарады.

Жігіт қолы қалған екен қарысып,
Сүйектері бір-біріне жабысып.

Не нәрсе екен жеңіп алып шыққаны,
Тілсіз жаумен жекпе-жекте алысып.

Кенет қолы ашылды да жігіттің,
Тас төбеден шыға келді күліп күн.
Қып-қызыл боп алаулаған Партбилет,
Талқан етті бәрін басқа күдіктің.

Алтын шуақ нұрландырып даланы,
Күн күлімдеп жүзіп көкте барады.
Партбилеттің ең бірінші бетінен,
Күн- көсемнің күлімдейді қабағы.

III

Көктем күні мамыражай күлімдеп,
Алтын сәуле төгіледі дірілдеп.
Отар жатыр кең даланың төсінде,
Көкте ұшады самолеттер гүрілдеп.

Қыр жанында көзді тартып алыстан,
Бір зират тұр...Суретте таныс жан.
Партбилетпен көмкерілген бейнесі,
Осы екен өртті жеңген арыстан.

Алтын сәуле төңіректе ойнайды,
Сұлулыққа іңкәр көңіл тоймайды.
...Мәңгі өмірдің куәсіндей зиратта,
Қызыл гүлдер көзді тартып жинайды.
1970.