Таңқурай

tankur

Жаздың  оттай ысыған күнінде ауылдың бала-шағасын айтпағанда, еңкейген қартынан бастап, еңбектеген баласы да, мыңғырған малы да тау жаққа қарай шұбырады. Не үшін дейсіз бе? Таңқурай теру үшін. Таңқурай қандай тәтті болса, оны теру-нағыз азаптың-азабы. Себебі таңқурай – тікенекті өсімдік, жабық киім кимесеңіз, теріп болғанша үсті-басыңыздан сау жер қалмайды. Әрі өрмекші, шыбын-шіркей де сол тәттіні жақсы көре ме, өмірі көрмеген жәндіктің түр-түрі таңқурайдың маңынан кездестіресіз.

 

 Ал бұл ауылдың тұрғындары тау етегінде өсіп тұрған таңқудайды көрсе, бейнебір қазына тапқандай, бір-бірін итергіштеп, таң атпай жатып қып-қызыл соғыс басталады.  Әркім шелегін таңқурайға толтырғысы келеді, ал егер таңқурай таппай қалып, шелегі даңғырлап бос қайтса, одан жаман нәрсе жоқ дей беріңіз.

-Тұршы-әй әрі жағаласпай!

-Саған ғана малина керек пе, біз де жегіміз келеді, варенье бізге де керек, шелегің онсызда толып тұр ғой, тұрш, біз де терейік.

-Қыздар, анам маған малинасыз қайтпа деген, біреуге жинап берем деп уәде беріп, ақшасын алып қойыпты, көмектесіңдерші...

-Сенің мамаң-ақ саудагер түге! Әй, әлі терілмеген малинаны есі дұрыс адам сата ма? Саған жол берем деп, өзімнің таяқ жейтін жәйім жоқ, сондықтан... ренжіме, қарағым,-деп  бір-біріне жекірген дауысқа бұл ауыл тұрғындарының еті әбден үйреніп алған.

Бір жақсысы, ешкім ешкімге ренжімейді, таудан түсіп, ауылға оралған соң бейнебір ұрсыспаған адамдай, әркім өз шаруасымен жүре береді.

...Тау етегінде ауылдың жасөспірім қыздары тап осылай тартысып жатқанда, жандарына ұзын бойлы, қасы-көзі қиылған сымбатты жігіттің келе қалғаны үлкен жаңалық болды. Жаңағы ұрыс-керіс сап тыйылып, аң-таң болған қыздар «бұ кім болды екен?» дегендей бір-біріне үрпие қарасты. Таңғалған себебі, ауылда мұндай әппақ жігіттің тұрмайтыны өздеріне аян. Аспаннан түскен періштедей ақ жейде, ақ шалбар киген жігіт қолына темір шелек ұстап жымиып тұр. «Жаңағы ұрысымызды естіп қалмады ма екен» дегендей, сол жердегі қыздар біртүрлі қызарақтап қысылып қалды.

-Сәлем, қыздар! Есімім-Кәрім болады. Болатхан әкейдің қалада тұратын інісінің ұлымын. Ауылдың бәрі таңқурай теруге кетті деген соң, қызық көріп келгенім ғой...,-деді шелегін бұлғаңдатып.

Қыздарда дыбыс жоқ, бәрі үн-түнсіз жол беріп, қарап тұр.Тау етегінде бір өзгеріс болғанын Сарыбайдың жылқылары да сезгендей, бастарын кегжите қарап қалыпты.

Кәрім емін-еркін өтіп, тауға шыққаны сол еді, кенет аяғы тайып кетіп, құлап бара жатып, шеттегі Шынардың білегінен шап беріп ұстай қалды. Үлбіреген 15 жастағы қызда қайбір күш болсын,  Кәрім өзі құлағанымен қоймай, Шынарды бірге ала кетті. Қыздың қолынан жіберетін емес. Елдің бәрі төменде домалап жатқан екеуден көз алмай, тырс үндемей тұр. Орнынан тұрған Кәрім қыздың үсті-басын қағып жатып, күлкісін тияр емес.

-Кешірім өтінем, қарындас! Қалада самсап тұрған таңқурайды көрсек, өзімізше  менсінбейміз, бірақ оны терудің осыншалықты азап екенін білмеппін... Мен бірақ таңқурайды сондай жақсы көрем,-күлкісін тыйған Кәрім қасындағы аруға енді көз салды,-Есімің кім? Маған ренжіп қалмадың ба?

-Жоға... Мен жоғарғы көшедегі Сағынтайдың қызымын ғой. Есімім-Шынар...

-Бұл ауылға алғаш келуім. Ешкімді танымайм да ғой,-деп күліп жіберді Кәрім,-Жақсы Шынар, танысқаныма қуаныштымын. Таңқурай теріп қатырмайды екем, енді мал суарып көрейін. Тағы да жүздесеміз ғой,-деп Кәрім көзін қысып, әппақ жігіт ұзап барады. Кенет кілт тоқтап, артында қозғалмай қарап тұрған Шынарға қарап:

-Пока!-деді.

Сәлден соң жаңадан бері үн-түнсіз тұрған қыздар Шынардың қасына жүгіріп келді:

-Бұ кім?

-Құлағың естімей ме? Айтты ғой, Болатхан ағаның туысымын деп.

-Әдемісін-аййй, үнді киносындағы жігіттерге ұқсайды екен,-деп Айым шелегін қысып тұрып, үнсіз күрсінді. Сосын Шынарға жалт қарап: -Сені емес, туу тегі, менімен неге құламады екен?...

-Сені қайтсын? Ол да ауылдың сұлу қызын біліп тұр дә...

-Қойыңдаршы, қыздар! Кеш батып барады, қайтайық үйге,-деп Шынар қабағын түйіп, үйіне қарай бет алды.

Сол күннен бастап Шынардың өміріне үлкен өзгеріс енді. Бұрын дүкенге баруға, мал суаруға, таңқурай теруге баруға кежегесі кейін тартып, біреу арқасынан итеріп әрең барушы еді, енді далаға қарай алып‑ұшып тұратын болды. Бұрынғыдай емес, жеке өзі үшін Кәрім бұл ауылға жарық сәуле әкелгендей. Қыздар Кәрім келгенде, тау баурайында ойын ойнап, көп әңгіме айтатын болды. Тіпті тауда таңқурай көбейіп кеткендей, бәрі сол жаққа күнде барғысы келіп тұрады... Бәрінің тілеуі бір-Кәрім таңқурай теруге келсе екен... Мейлі, ол таңқурайды термей-ақ қойсын, қыздар өздері теріп берер, тек жандарында әңгіме айтып отырса болғаны. Расында да Кәрім-өте тартымды еді, өте сымбатты болса да қарапайым, паңдық мінезден ада жігіт.

Кәрім Шынардың ойынан бір сәт те кетпей қойды. Жатса-тұрса соны ойлайды. Кәрімнің дене-пішімі, бойы, ойы да Шынардан қаншалықта үлкен болса, оның жас мөлшері де соншалықты ересек еді. Бірақ жүрек құрғыр оған да қарасын ба? Өйткені ондай сымбатты, мінезі көркем жігіт ол ауылда бұрын-соңды болмаған. Ауылдың күні мен желіне аяусыз қақталған қарасы да, қара торысы да, сүйкімдісі де, сүйкімсізі де толып жатыр-ау, бірақ олардың  бірде-біреуі де Кәрім сияқты әппақ емес еді...

... Кәрім Шынардың ауылында үш апта жүрді. Уақыт өте тіпті сол ауылдың адамы сияқты болып кетті. «Ол көңілді боп көрінгісі келгенімен, көзінде мұң бар, әй сол қаладан біреуге көңілі қалып келген сияқты», «Үп-үлкен шахарға сыймаған адам, кішкентай ауылға сияды деймісің?» деп Бүбіш апай сияқты пал ашқыштар да табылып жатты.

Әйтеуір елге Кәрімнің ауылда ұзақ жатқанында үлкен жұмбақ жатқандай көрінді. Бүбіш апайдың айтқаны да дәл келіп, көп ұзамай Кәрім қалаға кетіп қалды.

Шынар бастаған ауыл қыздары шелектерін құшақтаған күйі артынан қарап, тау етегінде қала берді. Әсіресе, Шынардың қымбат дүниесін біреу тартып алғандай іші удай ашыды...

Шынардың Кәрімге деген балаң сезімі сондай пәк, мөлдір еді. Былайша айтқанда, Кәрім-Шынардың қиялындағы ақ боз атты ханзадасы. Идеалы еді. Иә, Кәрім Шынарға ешқандай уәде берген жоқ, бірге әңгіме айтып, қалжыңдаса да, жігіт боп көз салған емес, себебі бала көрді. Бірақ арада бес жыл өтсе де Шынар Кәрімді бір күн де ұмытқан жоқ. Қайта қиялындағы ханзадасын күн өткен сайын жақсы көре түсті, болашақ жарым сол Кәрімге ұқсаса деп армандады...

***

 

Суы тартылған көлдей ақырын жылжып өткен бес жылдың Шынар үшін айтарлықтай жаңалығы болған жоқ. Жоғарғы оқу орнын аяқтап, колледжде сабақ береді. Соңғы жылы кәсіппен айналысатын ағасының тасы өрге домалап, қала сыртынан коттедж сатып алды, қос-қостан көлік алды. Ал сол күні Шынар ағасының үйіне қонаққа келе жатқан-ды. Кенет жанына қара түсті шетелдік көлік келіп тоқтады. Бала күнінен техникаға қызыға бермейтін бұл олардың бір‑екеуін болмаса, көбінің маркасын ажырата алмайтын.

Ал керек болса! Көліктен түскен сұңғақ бойлы сұлу жігіт бұған қарап жымиып тұр. Бірден таныды. Иә! Сол! Арманындағы ханзадасы! Кәрім.

-Шынар? Сенбісің?

-Иә-менмін!

-Сені де көретін күн болады екен-ау! Қандай сұлу боп кеткенсің!

-Мына үйде ағам тұрады.

-Мәссаған! Жақында көшіп келген жаңа көрші ағаң болды ғой. Мен арғы үйде тұрамын.

Шынар дәл сол үш қабатты зәулім үйге қарап таңданғаны бар еді. Сөйтсе сол үй-Кәрімдікі екен.

-Сонша жылдан кейін кездесіп тұрмыз, мүмкін бірге жерге отырып сыр шертісерміз?

Неше жылдан бері армандап, аңсап келген сүйіктісі кездесуге шақырғанда, Шынар қалай бас тартсын? Ағасына қоңырау соғып, кешігіп келетінін ескертіп, мейрамханаға баруға қуана келісті. «Құдайым-ау, өңім бе, түсім бе» деп өз-өзін шымшып қояды.

Екеуі иық түйістіре қатар аяңдап келіп, мейрамхана залына кірді. Кәрім дастархан мәзіріне көз жүгіртіп, асқа тапсырыс беріп, қонаққа өзі шақырғанын сыпайылықпен танытты.

-Шарап ішсек қайтеді?-деп Шынарға сұраулы жүзбен қарады.

-Сенімен у ішуге де дайынмын ғой,- дей жаздай барып,-Бұрын ішіп көрмеп ем...-деді күмілжіп.

-Онда ішіп көрсеңші. Мұндай кездесу күнде бола бермейді!

-Сен мені жаман үйрететін болдың,-деп күлді Шынар.

-Таңқурай теруге барғанда сенімен бірге құлағаным әлі есімде. Содан бері есімдесің, Шынар...

Шынардың беті ду етті. «Есіңде болсам, қайда болдың екен осы уақытқа дейін?» дегісі келді, бірақ сол баяғы ұяңдығынан дей алмады...

Даяшы дастарханға қып-қызыл шарап пен көкөністерді қойды да, екі бокалға толтыра шарап құйып қойды.

-Алғашқы тостты не үшін аламыз, Шынар?

-Ммм... Кездесу үшін шығар?

-Керемет! Онда сол үшін алайық.

Шынар шарапты ойланбай ішіп қойған Кәрімге  қарап:

-Сен көлік жүргізіп келгеніңді ұмытқан жоқсың ба?-деді.

-Жоқ,-деп жымиды Кәрім.

Алғаш рет ішкен соң ба, шарап бірден Шынардың буын-буынына тарап, біртүрлі бойында батылдық пайда бола бастады.

-Өзің жайлы айтсаңшы. Отбасың бар ма? Қай жерде қызмет етесің?‑дегендей. Саусағында неке жүзігі болмағанына қарап, жігіттің бойдақ екенін алдында-ақ түсінгеніп қойған негізі.

-Бизнес қой... Сендер сияқты білім қумадық. Отбасым да жоқ... Несін айтасың. Кейде кім үшін, не үшін өмір сүріп жүргенімді өзім де білмеймін, Шынар.

-Сен сияқты сымбатты жігіттің жалғыз жүруі ақылға қонбайтын нәрсе ғой?

Терезеден аспанға мұңая қараған Кәрім:

-Қарашы, Шынар, ай қандай әдемі!  Дөп-дөңгелек алып жұмыртқа іспеттес. Ол жалғыз... Дәл мен сияқты... Мен жалғыздықтан қорқамын...

- Неге?

- Шарап ішейік оданда.

 

***

Түн ортасында олар мейрамханадан көңілді шықты. Айнала аппақ нұрға шомылып жатқандай арайланып кеткен. Шараптан бұрын, махаббатқа масайған Шынардың аяғы өз-өзіне бағынар емес. Жүзі бал-бұл жанып, күле береді. Бойжеткенді Кәрім белінен қысып құшақтап алды.

-Кеттік пе?

-Бірақ сен...

-Қорықпа, мен рулге отырсам бірден сауығып кетем.

Қаланың жарқ-жұрқ еткен жарығын артқа тастаған қара көлік құйындай ұшып келеді. Шынар Кәрімнің қайда бара жатқанын білмей масаң күйде маужырап отыр. Тіпті сұрағысы да, білгісі де келмейді. Екеуі өздеріне беймәлім әлемде ұшып келе жатқандай...

-Ұйықтап қалдың ба, Шынар?

-Ояумын...

Көлік жүргізіп келе жатқан Кәрім сол қолымен рулді, оң қолымен Шынардың сүйріктей саусақтарын қысып ұстады. Зулаған  көлік қаланың түнгі кафелерін артқа тастап, тау жаққа барып, бір тоқтады. Екеуі сыртқа шығып, жан-жаққа құлақ түрді. Өзен сарыны естіледі. Алып қала биік таудың үстінен алақандағыдай көрінеді екен. Ай да, жұлдыздар да қақ төбелерінде самсап тұр. Шамалы созылсаң, қол жеткізуге болатындай. Әсіресе Айды айтсаңшы, айрықша жарқырап, «қарашы, қандай сұлумын?» деп беймезгіл уақытта түн қатып жүргендерді өзіне шақырып тұрғандай...

Дәл осы сәтте Шынар өте бақытты еді. Уақыт дәл қазір тоқтап қалса қуанбаса, өкінбес еді.

«Тоңған шығарсың, Шынар?» Кәрім Шынардың иығына курткасын жауып, өзіне қарай тартты. Шынар да осы сәтті көп жыл күтті ғой, тіпті күні-түні армандады, сондықтан жігіттің құшағына оп-оңай кіріп кетті. Кәрімнің кеудесінен шыққан ып-ыстық леп тұла бойын ысытып жібергендей. Ол бетін қыздың самайына басты.

-Не ойлап тұрсың?

-Ештеңе. Тек табиғаттың сұлулығына тамсанып тұрмын...

-Шынар, менікіне барайықшы...

-Бірақ...

-Тш...

Кәрім саусағымен Шынардың ернінен басып «үндеме» деді де, жұмсақ ернін қыздыкіне тигізіп, тас қып құшақтап алды. Шынар да Кәрімнің бетінен қысып ұстай алып, ернінен, маңдайынан шөлпілдетіп сүйе берді...

 

***

Көлік Шынар анада көріп тамсанған үш қабатты зәулім үйдің қасына келіп тоқтады. Екеуі қымбат тастан жасалған баспалдақпен көтеріліп, ішке кірді. Шынар биік талғам, қымбат жиҺаздармен жасауланған үйге таңдана қарады.

-Бұл жақтың ауасы өзгеше. Әсіресе, айнала қыста әдемі, сыртқа шықсаң, бейнебір ертігелер әлемінде жүргендей боласың. Саған үй ұнай ма?

-Әрине,-деді Шынар таңданысын жасырмай.

-Не ішесіз, мадмозел? Бүгін сен-қожайын, мен-қызметшің болайын,-деп Кәрім орнынан ұшып түрегелді.

Жан-жаққа абдырай қарап, терең ойда отырған Шынар оны естімегендей...

-Шынар, не ойлап кеттің?

-Қалай десем екен... Мына үлкен үй қаншалықты әдемі болса-іші соншалықты құпияға толы сияқты... Сұрақ көп...

-Қойшы енді. Бұл өмірде сұрақтың бәріне жауап беру міндетті емес шығар? Тек өзің бақытты, үлде мен бүлдеге оранып өмір сүрсең болды емес пе?

-...

-Мәселен, бақыт құсы өзге емес, менің қолыма кеп қонды. Сонда мен оған «неге келдің?» деп ұшырып жіберуім керек пе?

-Сансыз сұраққа жауап болмаса, оның қандай құс екенін пенде қайдан біледі?

Кәрім бір сәт үнсіз отырып қалды.

-Шынар, мен сені ұнатып қалған сияқтымын. Өмірімде алғаш рет... бұл бір керемет сезім екен.

Ол қызды құшақтауға ұмтылып еді, Шынар оның қолын сыпайы түрде итеріп, көзіне тік қарап тұрып:

-Сұрақты төтесінен қояйын. Сен кімсің, Кәрім? Мына зәулім үйді, көлікті қалай алдың? Қандай қызметте істейсің?

-...Жақсы. Білгің келсе, ештеңе жасырмай айтайын. Одан кейін мені көрмей кетсең, еркіңде,-Кәрім көңілі қаламайтын әңгімені тістене әрең бастады,-Сен сұрап отырған мына зәулім сарай, сыртта тұрған қос көлікті, және банк шотымдағы ақшаларды мемлекетіміздегі белгілі саяси тұлға сыйға тартты...

-Не үшін?

-Ол әйел мені сүйеді.

-Сен ше?

-Жоқ! Сүймеймін! Мен оны жек...

-...

‑Сананы тұрмыс билеген заманда, қазір адам ақша үшін бәріне дайын. Ал «ар-намыс, ұят» деген ұғым екінші қатарда қалып қойды. Мен қарапайым отбасыда дүниеге келдім. Балалық шағымда спортқа әуес болдым. Мектептен кейін медициналық колледжге түстім. Бірақ кейін мамандығым бойынша жұмыс істей алмадым. Көптеген қызметтерді ауыстырдым: құрылысшы, күзетші  болдым. Кейін қаладағы белді мейрамханада даяшы боп жүргенімде, «онымен» таныстым. Өзімнен 25 жас үлкен әйелді бірден таныдым, теледидардан жиі көретін «апай». Алғаш танысқан күннен бастап‑ақ ол қыр соңымнан қалмады. Қайда барсам да алдымнан шығады. Тіпті қашып, басында ауылға да кетіп қалғам...

Кәрім бір сәт үнсіз қалып, терең күрсінді.

-Мені тыңдап отырсың ба?

-Иә...-деді Шынар, жылауға шақ отырғанын білдірмей тістеніп.

-Ол әйел намыс дегенді білмеді, отбасы бола тұра, қайда барсам да, мерседесімен  мені аңдитын болды. Мені сүйетінін қайталай беретін. Жұмыс істеп жүрген жерімнен шығарып алады. Жолымды жауып тастады. Себебі оның құрығы ұзын болды, қолынан бәрі келеді. Қолыма пішендеп ақша, астыма көлік, үстіме зәулім сарай берді. Солай... бара-бара мен оның жекеменшік қуыршағына айналдым. «Тек мен келгенде үйде болсаң болғаны. Сенсіз өмір сүре алмаймын» дейді...

-Қолыңа қонған бақыт құсың сол ма?

-Мен бақытсызбын, Шынар... Өзімді жалғыз сезінем... Бірақ мына рахат өмірден де айырылғым келмейді. Ақшасыз қалсам-жағаға шыққан балықтай шарасыз күйде қалатын сияқтымын...

-Ха! Мұның бәрін маған не үшін айтып отырсың?

-Өзім де білмеймін... Менің тіпті айыбымды мойымдап, сырымды айтатын адамым да жоқ екен... Бірақ  дұрыс түсін, ақталып отырған жоқпын, тек ішіме сияр емес...

Шынар аз-кем ойланып отырды да:

-Менімен неге кездестің, Кәрім? Мында неге әкелдің мені?

«Сен соны әлі түсінбей отырсың ба?» дегендей, Шынарға таңдана қарады.

-Мен саған ғашық боп қалдым, Шынар. Сенімен кездесу, сырласу арманым еді. Бес жыл бұрын сен бала едің, өзім екіұдай ойда жүргендіктен, саған сезімімді білдіруге болмайтынын білдім. Бірақ сол кездегі тәтті қиялым маза бермейтін...

Кәрім орнынан тұрып, Шынардың қасына келіп, құшағына алды.

-Сен менің арманым болдың... Мен сені тіпті сүйіп қалғандаймын. Бүгінгідей бақытты сәтті басымнан ешқашан өткермеппін. Ешқашан...

Кәрім Шынардың ернінен қадала ұзақ сүйді... Өз-өзін ұмытып, қыздың әппақ тамағынан иіскей бастады.

Манағы әңгімені естімегенде, бұл түннің немен аяқталары белгілі еді. Бірақ Кәрімнің ішкі сыры Шынардың жалындап жанған сезімін баяғыда-ақ өшіріп тастағандай, қыз орнынан түрегелді. Бір-екі аттап басып, оң жақтағы диванға отырды. Кәрім де жанына келіп, қыздың санына басын қойып, аяғын созып ұйықтап кетті.

Шынардың сол отырған күйі көзі ілініп кетіпті. Арайлап атқан ақ таңның жарығы бетіне түскенде бір оянды. Басын санына қойып ұйықтап жатқан Кәрімді оятып алмайын деп, аяғының ұшымен басып, бөлмеден шықты. Шығып бара жатып, қымбат белорустық шкафтағы суретке көзі түсіп кетті.  Кәрім мен бөтен әйелдің құшақтасып түскен суретіне жақындап келіп, дұрыстап қарады.

Бұл әйел әлгі... Иә, теледидардан жиі көрінетін таныс «апай». Үнемі «пәлсапа» соғып отыратын ше... Әрі сайлауға түсіп жатыр. Суреттері көшеде самсап тұрған әлгі... Қанша жас көрінгісі келіп, бетіне  пластикалық операция жасатса да, Кәрімнің қасында тым кәрі көрінеді. Тап анасындай!

Әйелдің көздері... Шынарға шегірейе қарап: «Мен жоқта үйіме келіпсің... Мұндай үйді, жиҺазды өңің түгілі, түсіңде де көрмеген боларсың?! Ұстап көр тым болмаса, ха-ха! Менің «жекеменшік» дүниеме көз салушы болма, ұқтың ба? Дәметпе де! Бейшара, мұғалім! Егер жолымды кес-кестейтін болсаң, тұқымыңмен құртам! Енді үйімнен көзіңді жоғалт!» деп тұрған сияқты.

Шынар тәтті ұйқыда жатқан Кәрімге бір, суретке бір қарады. Сосын аяғының ұшымен басып барып, Кәрімнің маңдайынан соңғы рет қимай иіскеп тұрып «Қош!» деді.

Түнде байқамай тап болған мынау белгісіз әлемнен тезірек сытылып шыққысы келді. Тіпті ағасының коттеджіне де барғысы келмеді. Жүрегі өзінің жалдап тұратын бір бөлмелі ұясына ұмтылғандай... Еңсесін басқан зәулім үйден шығып, көліктер әрлі-берлі жүрген трассаға шыққанда барып, тордан бостандыққа шыққан құстай, кеудесін кере тыныс алды...

***

 

«Гүл әдемі болған сайын, одан жұпар иіс аңқымайды» деген рас екен... Шынар күні кеше арманындағы Кәрімді көргеніне сондай қуанып еді, ал бүгін керісінше, өкініп қалды. Себебі оны кездестірмегенде, Кәрім кейін де қиялындағы «ханзадасы» боп қалатын еді... Сол қиялындағы тұлғаны жүрегінде пәк күйінде сақтап, әрі қарай өмір сүре берер еді. Тіпті өзімен бірге қабірге әкетер ме еді, кім білсін...

 «Өмір-қиял емес, қиял-өмір емес» деп күбірлей берді Шынар. Aдырдағы алдамшы сағымдай елеске ұмтылмай, тіршіліктегі шынайы болмысқа тез көшу керегін сол сәтте ұқты...

 

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
+2 #1 ИНДИРА 2016-03-18 15:38
Өте әсерлі әңгіме екен...Қаламыңы з ұштала берсін!!!