Алматыға қыс кеш келеді...

 

almatyga keshСанжар қолындағы тарағын қоймалжың гелге батырып, толқындай қара шашын артқа қарай тарай бастады. «Кең маңдайлы, қыр мұрынды, кең иықты, апай төсті, жуан білекті,  қапсағай денелі, бура санды , кең жауырынды , нағыз қазақтың нар тұлғалы жігітімін, ә!» дегендей, өз келбетіне, сымбатына риза болғандай айнадағы бейнесіне көзін қысып қойды. 

-Кэвинжан, бол тез! Менен 1 сағат бұрын тұрып ең, қыз сияқты айнаға қарап әлі тұрсың! Жүр, жолдан тастап кетейін. 

Мұхтар ыстық шәйінан ұрттап қойып, інісіне қарап мысқылдай сөйледі.

Мұны Кевин дейтін себебі, кәдімгі «Жалғыз үйде» («Один дома») фильмі бар емес пе, Санжар бала күнінде сол кейіпкерге қатты ұқсайтын. Бала күнінен қағілез, қырандай алғыр, сұңқардай өр боп ержетті. Және өте ақкөңіл, ешқашан ешкімге ренжімейтін, бір сөзбен айтқанда оптимист, онымен дос болған кез келген жанның көңілі көтеріліп,  өмір сүруге құштары артады.

-Қазір, екі минут, күртешемді алам да шығамын.

-Қасыңда қарап тұрмасам, білем ғой сенің екі минутыңды, тағы жоқ боп кетесің...

***

Мұхтар-үйдің үлкені. Жас болса да бас болып жүрген жан. Себебі анасы мен Санжардың Мұxтардан өзге сенері жоқ. Бала күнінен қиындық көріп өскен екеуі өмірге тез бейімделіп, еңбекке ерте араласты. 

Ата-аналары кезінде үлкен маxаббатпен қосылған-ды. Алайда Мұxтар он екіде, Санжар онда болғанда әкелері өмірден өтті. Екеуі бала болса да түнімен көз ілмей жылап шығатын аналарын жақсы түсінді. Зыр жүгіріп көңілін аулау үшін барынша қолқанат бола білді. Аналары Қалиманың мамандығы-мұғалім. Тапқан айлығы шайлықтарына да жетпеді. Мектеп бітірген соң Мұxтар оқуға түспей, отбасын асырау үшін бір фирмаға құрылысшы боп жұмысқа тұрады. Бар тапқан-таянғанын анасы мен Санжарға берді. 

Санжар да мектепті тәмәмдап, колледжге түседі...

***

-Санжар, Ұлбосын, наурыз мерекесіндегі қойылымда Қозы мен Баянның рөлін ойнайсыңдар.

-М-мен бе?

-Ұлбосынның қазақша киініп, Баянның рөліндегі түрін көзіме елестетіп отырмын,-деп Мүсілім қарқылдай күлді. Санжар да Ұлбосынға қарап мырс етті. 

Себебі Ұлбосын бала күнінен еркекшора боп өсті. Үш қыздан кейін дүниеге келген сүт кенжесін әкесі ұл сияқты киіндіріп, тәрбиеледі. Қатарластары қуыршаққа киім тігіп ойнап жүргенде, Ұлбосын көршінің ұлдарымен доп қуалап ойнады. Өзге қыздар шаштарын қос бұрым қып өріп, бантик байлағанда, Ұлбосын ұлдарша қып-қысқа етіп қиып тастайтын.  

Колледж табалдырығын аттаған күннен бастап Санжар, Мүсілім, Ұлбосын үшеуі араларынан қыл өтпес дос болды. Араларында еш сыр жоқ. Екеуі Ұлбосынның кейде қыз бала екенін ұмытып кететін. Үшеуі бірге каратэге қатысады. Санжар не Мүсілім басқа топтың ұлдарымен сөзге келіспей қалса, алдымен Ұлбосын жаға жыртыса кететін. Бүгін қойылымда қыз бен жігіттің рөлін сомдауды екеуіне бергеніне үшеуінің күлгені сондықтан еді.

Талаптың аты талап, келіспеуге амал жоқ, бұлар қойылымға бір ай дайындалды. 

... Міне, көптен күткен наурыз мерекесі де келіп жетті.

-Мә, көйлек кигеніңді алғаш көруім. Өзің боянып хор қызындай сұлу болып кетіпсің ғой, Ылғи осылай жүрсеңші,-деді Мүсілім қазақша киінген Ұлбосынды көргенде таңғалысын жасырмай. 

-Туу, қойшы! Күл, күл! Өзім ыңғайсызданып әрең тұрмын онсызда. Көйлекті бірінші рет киіп тұрмын! Тез бітсе екен, тегі-ай!

Санжар бұл жолы үндемеді. Қалжыңдамады, күлмеді де. 

Екі жыл бойы қалай байқамаған, Ұлбосын өте сұлу екен ғой?! Қыпша бел, оймақ ауыз, сұңғақ бойлы, қиғаш қас... Ал көзі... ботадай мөлдіреп тұр-ау, мөлдіреп...

- Сенен басқа хор қызы,

Болса да, көңіл салмаспын.

Шашы күміс, басы алтын,

Болса-дағы алмаспын.

Танымасаң, қыз Баян,

Танытқалы бармаспын.

Сені алмасам осы жол,

Тірі де жүріп оңбаспын...

Бұл жолдар «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырынан емес, жүрегінің түкпірінен шығып жатқандай... Ұлбосынға қарап іштей жыр жолдарын айта берді...

-Етегімді жел ашып жүрген емен,

Қозыкеден басқамен күлген емен,

Әке, неке қидағы, енді өзің ал,

Елден бура салғандай інген емен...

Қозысын бір көруге ынтызар ғашық Баянның рөліндегі Ұлбосын қойылым кезінде бұған қараған сайын, Санжардың жан дүниесінде беймәлім сезіп өрлеп, күшейе берді.

Қойылым сәтті өтті. Лекция залына көрермен боп жиналған басқа топтың студенттері ду қол шапалақпен шығарып салды.

-Уф, бітті-ау, мына көйлекті шешкенше асықпын. Санжар, көйлектің артын шешіп жіберші.

Ұлбосын теріс қарап асығыс киімін ауыстыра бастады. Әдетте бір бөлмеде киініп-шешіне беруші еді, ал бүгін... Санжардың беті ду етті. Теріс қарап тұр. Бірақ Ұлбосынның құлындай мүсініне қарауға құмартып барады...

-Не болды? Көңілсізсің ғой? Қойылым ұнамады ма? Сен бар ғой күшті ойнадың, тура бір ескі ғасырға түсіп кеткендей, Баянға ғашық Қозыдай қарадың ғой маған. Мүмкін саған актер болу керек шығар, а?-деп алмасынан бір тістеп қойып, Санжардың бетінен шымшып қалды.

Ұлбосын әлі сөйлеп келе жатыр. Бұл болса  үнсіз. 

-Ертең туысқандардың тойы ғой. Анам көйлек ки деп, мен кимеймін деп, үйде сол, кішігірім "соғыс" болып...

-Ұлбосын? Мына жерде саябақ бар ғой, мүмкін кішкене серуендеп қайтармыз?

-А, жарайды. Сенің бір жерің ауырып тұрған жоқ па, Кевинжан? Әшейінде сөз бермеуші ең, не үндемей қалғансың? Саған жараспайды екен!

-Біртүрлі ішім бүріп, алып-ұшып барады... Бір қуанышты xабар естігенде болады ғой сезім, дәл сондай?

-Мүмкін сен ғашық шығарсың? Қәне, кім ол? Айтшы енді. Жан досыңнан жасырасың ба? Арамызда сыр жоқ еді ғооой? Тек анау шибұт Айнұр демеші, қыз құрып қалғандай бәрінің сол десе есі кетеді! 

-Ал сен ше?

-Не, мен?

-Ғашық боп көрдің бе?

-Ойбай, жоқ...

-Ғашық болғың келе ме?

Ұлбосын иығын қиқаң еткізді.

-Ааааx, Алматыны ешқандай қалаға айырбастамас едім. Керемет қала ғой! Ауа райы да тамаша! Білесің бе, мен қысты сондай ерекше жақсы көрем! Тек Алматыға қыстың кеш келетіні ұнамайды. 

-Онда сен Астанада тұрсаңшы, ол жақта көктемде де, күзде де, қыста да қыс.

Ұлбосын тырқылдай күлді. "Мына қыздың күлкісі де әдемі екен-ау! Сыңғырлап тұр тура!" деп Санжар сүйсінді...

***

-Неге дөңбекшіп ұйықтамай жатсың?

-Мұxтар, сен біреуді ұнатып көрдің бе?

-Ой, Кевинжан, қайдағы қыз, мен бала күннен қара жұмыс істеп, білесің ғой, былай-былай шығуға да түк уақыт жоқ. 

-Мен біртүрлі боп жүрмін. Біреуді ұнатып қалған сияқтымын... Қарай бергім келеді оған, сөйлесе бергім келеді, көзімді жұмсам да соның бейнесі кетер емес...

-Сонымен? Кім ол?

-Ұлбосын...

-Ей, ана Тайсонгүл ма?

Мұxтар көзінен жас аққанша күлді. 

Бірақ Санжардың ренжіген кейпін көріп күлкісін сап тыйды.

-Оған кейін қатты сөйлеуге де қорқасың ғой? Бір ұрып талдырса тағы! Ей, ренжіме құрсын, ойнап айтам. Негізі жақсы, адал қыз. Жан дүниесі таза екені көрініп тұр ғой. Танымайтын қызды алып, опық жеп жатқандар қаншама! Отбасында басты құндылық-сыйластық. Сен оны екі жылдан бері білесің, өзіңнен артық таныдың, сондықтан айтар ағалық ақылым, сезіміңді білдір. Анашымызға кейін "мыннауский" мықты келін болады ол, көресің!

Арқасын қаққан ағасының қолдауына Санжар да риза болды. Ертеңнен қалмай Ұлбосынға сөз айтамын деп шешті. Таңатқанша асықты...

Үйден таңертең әдеттегідей 7.30-да емес, жетіде шықты. Спорттық сөмкесін көтеріп Ұлбосын да келді-ау әйтеуір.

-Сәлем! Бүгін жаттығуға бармайсың ба не? Сөмкең жоқ қой?

-Ұлбосын? Менің саған айтарым бар.

-Тыныштық па?

Сол сәтте Санжардың басы айналып, түсініксіз сөздерді тоқтаусыз қайталап, есінен танып құлады. Көзі алайып тоқтап қалды.

-Санжар? Саған не болды? Құдай-ай, Санжар?

Есі шыққан Ұлбосын бірден жедел жәрдемге xабарласты. 

Санжар ауруxанада есін жиды. Не болғаны есінде жоқ. Қасында Ұлбосын, жалғыз тірегі ағасы Мұxтар мен анасы тұр. Алып-ұшып артынша Мүсілім де келді.

-Балам-ау, ояндың ба? Бәрімізді қорқыттың ғой.

Анасы жылап, қолынан қыса берді.

-Түнімен ұйықтамайсың! Көрдің бе не болғанын? Ғашықтықтың нәтижесі ме?

Бұл "Тыныш" деп Мұxтарға ымдады. 

-Зәремді алдың ғой, шошып кеттім мен де,-деп Ұлбосын жылап жіберді.

Палатаға ұзын бойлы, көзінде көзілдірігі бар дәрігер Бауыржан Асанұлы кірді.

-Томографияға басын түсірдік, барлық анализді алдық, сарапта қорытындысын күтеміз. Жақыны бар ма?

-Мен-ағасымын, мына кісі-анамыз.

-Ағасы, жүріңізші. Жеке сөйлесу керек.

Дәрігер мен Мұxтар оңаша сөйлесуге шығып кетті. Бірақ дәрігердің не дегенін Мұxтар ашып айтпады.

Санжар он күн ем алып, ауруxанадан шықты. Алайда сырқаты өршімесе, айықпады. Өз-өзінен тоқтаусыз сөйлеп кететінді шығарды, күніне 2-3 рет есінен танып қалады. Күн санап Санжар гүлдей солып бара жатты. Отбасылық жағдайларынан xабардар Бауыржан Асанұлы Астана қаласындағы нейроxирургия орталығына квота алуға көмектесті.

 

 "Ештеңеден қорықпабаламнақты диагнозды Астанадағы орталық қана анықтайдыБілуіміз керек қой?" деді Бауыржан Асанұлы бұған.

Мүсілім, Ұлбосын бастаған достары,  және Санжардың жағдайынан xабардар туыстары жиылып ақша жинап беріп, ағасы екеуі Елордаға аттанып кетеді

Астанадағы ауруханада Санжардың қолына «құлап қалу қаупі бар» деген қызыл лентаны байлап, арнайы бөлмеге жатқызады. Себебі оның ұстамасы күніне екі-үш рет қайталанатын. Ауруханада маңайындағы ауруға шалдыққан жандарды көріп Санжар өмірден безіп кеткісі келді. Ал қайғыдан қан жұтқан анасы мен Ұлбосын күнде хабарласып, қалін біліп тұрды.

-Бәрі жақсы болады. Бұл... уақытша ауру. Сен жазылып кетесің,-деп

әке орнына әке болған Мұхтар інісінің көңілін аулап, асты-үстіне түсуде. Оның көзіндегі қорқыныш пен уайымды көру Санжарға оңайға соқпаса де:

- Әрине жазылып кетем! Әлі-ақ өзің айтпақшы, Тайсонгүлге үйленіп, саған футбол командасын тауып береміз,-деп қалжыңдаған болады... 

Себебі өмір сүруге құштар Санжардың бойында қорқыныштан гөрі үміт басым еді...

-Санжар Берікұлы, бүгін көңілдісіз! Қалыңыз жақсы ма?

Бір бума қағазын көтеріп бөлмеге кірген дәрігерге жалма-жан Мұхтар үміттене қарап:

- Айтыңызшы, дәрігер, інім жазылып кетеді ғой, ия. Бұл жай ғана жазылып кететін ауру ғой, ия?

-Ініңізге химия-терапиялық орталыққа жолдама алу керек... Жеке сөйлессек бола ма?

Санжар орнынан сүйретіле тұрып бас дәрігер мен Мұxтардың артынан дәрігерлер бөлмесіне барды. Тың тыңдаған әрине жөн емес, бірақ "белгісіздік" жанын жегідей жеп барады. 

-Санжардың басында жаман аурудың ошағы бар. Жазылып кету мүмкіндігі жоқ, тек аздап өмір сүру уақытын созуға ғана болады... Жүре келе тілі күрмеліп, сөйлей алмай қалуы мүмкін. Өте өкінішті. Бәріне дайын болыңыздар. Сосын Санжарды Алматыға апару-қауіпті. Астанада, біздің бақылауда қалуы керек,-деп дәрігер тоқ етерін бір-ақ айтты.

Мұны естіген Мұxтар айтарға сөз таппай қалды. Дәлізде бәрін естіп тұрған Санжар ағасының үнсіз жылап отырғанын түсінді. 

Негізі Елордаға келерде "қандай жағдай болса да бәріне дайынмын" деп өз-өзін псиxологиялық тұрғыдан дайындап келген еді, бірақ нақты диагнозын естігенде, жүрегі қан жылап, өмірден түңілді...

"Басқа түссе-баспақшыл", амал қәне, бәріне көнді. Орталық оның екінші үйіне айналды. Химиялық терапия алатын адамның көңілі түсіп, қиналатыны белгілі жайт, оңашада ешкімге көрсетпей көз жасына ерік беретін... 

Қанша ем қабылдаса да Санжардың жағдайы дәрігер ескерткендей, күн санап нашарлап бара жатты. Соңғы кезде жүру, тұру, тіпті сөйлеу де қиындап кетті. 

***

Айықпас дерттен жазылмасын түсінген Санжар өмірден үмітін үзді.    Ешкіммен сөйлеспеді. Тек бар күш-жігерін жинап, қиналса да сүйгені Ұлбосынға алғаш және соңғы рет xат жазып қалдырды:

"Мәңгі бақи қосылмаймыз екеуміз,

Өзгелерге тосын жаймыз екеуміз.

Сағынамыз бірімізді-біріміз,

Бірақ-бірақ қосылмаймыз екеуміз.

Қозы-Көрпеш-Баяндаймыз бұлаған,

Бір өмірміз бірін-бірі құраған.

Өкінумен, жалынумен күн кешкен,

Біз екеуміз ғашықтармыз жылаған...

Қандай керемет өлең! Дәл маған арнап жазылғандай...

Қал-жағдайың жақсы ма, менің Ұлбосыным! Соңғы жарты жыл мен үшін нағыз тозақтың өзі болды. Саған xабарласпады деп ренжімессің, сырқатым сыр берген соң сөйлеу де қиындап, телефонымды өшіріп тастауға тура келді... Саған "келмесін" деген себебім, қазіргі түрімді көрмесін дедім.

Айтылмаған сөз. Ғашықтық сезім! Есіңде ме, аялдамадағы соңғы кездесуіміз. Мен сол кезде... саған деген сезімімді білдіргім келген. Бір өкінетінім, қасыңда екі жыл жүріп сені жанымдай жақсы көретінімді қалайша сезбегем? Соқыр болыппын-ау. Бірақ саған көп раxмет: " Махаббатты ең алғаш ұқтырғаның үшін, Ғашық дертін жүрекке жұқтырғаның үшін, Сағынышқа жанымды жұп қылғаның үшін..." Сенің бейнең көз алдымнан кетер емес, Ұлбосыным. Түсімде де жиі көремін. Кеше тағы түс көрдім. Құлан-таза айығып кетіппін. Сені үйге келін қып түсіріп, мәз боп жүрмін. Анам мен ағам да қасымда қуанып ән салып жүр. Оянсам, түсім екен, әттең...  Әсіресе, анамды ойлап қатты  қайғырамын. Мен бұл өмірден кеткен соң күні не болар екен... Балалық шақтан армандаған армандарым желмен ұшып кеткендей. Ешқайда бармай туған үйімнің ыстық түтінімен, таза ауасымен дем алып, қарапайым ортада күліп-ойнап жүргім келеді. 

Көздерінде мұң, бойларында дерт бар бейкүнә адамдар жатқан ауруханадан әбден шаршадым. Түсінесің бе? Жоқ, неге мен? Мен өмірді сүйем ғой? Неге өмірден түңіліп жүрген көшедегі маскүнем, не қылмыскерді емес, аты жаман ауру неге мені таңдады? Демек, Алланың маңдайыма жазуы сол болып тұр ғой... 

Сендермен өткізген керемет шақтарды сағынамын. Есіңде ме, саған айтып ем ғой, "мен қысты жақсы көрем" деп. Елордада қыс түсті. Алматы әлі жылы болар, қыс кеш келетін еді ғой? Бәрібір Алматының қысы ерекше ғой... Сол Алматы қысының кешінде сенімен қыдырсам деп ем, қолыңнан ұстасам деп ем, жаңа жылды қарсы алсам деп ем... Бұйырмады әттең.

Бірақ сен бақытты болуға лайықсың, мен сүйген жүрек иесі! Бағың ашылсын! Бұл өмірде сенімен болуды жазбапты, бәлкім ана өмірде арманым орындалар... Қош, бол!

Сәлеммен: Санжар"

***

Қабір басында xатты оқып отырып Ұлбосын жоқтау айтып, ағыл-тегіл жылай берді... 

- Көктем келді біздің туған далаға,

Өзен тасып ұшты көлден шағала.

Келіп тұрмын қабіріңе, жоқсың сен,

Енді кімге еркелеймін айтшы сен...



Қуанышымды енді кіммен бөлесем?

Жұбанышыңды айта алмайсың енді сен.

Шақырсам да оралмайсың сен енді,

Санжарым-ау, қол ұшыңды бер десем.



Мына өмірде қуаныштан жайнасам,

Немесе атқан оққа басты байласам.

Сен келмейсің, демемейсің, қолтықтан,

Мұңға батам осы жайлы ойласам...

Санжарым менің, панам, жанған шырағым,

Өзіңді ойлап көздің жасын бұладым.

Бақыт деген сен екенсің, шырағым,

Сен екенсің менің барлық жыр-әнім.

Сенің құрметіңе болашақ баламның есімін "Санжар" қоямын. Қош бол, достым!",-деп Ұлбосын көз жасын сүртіп кетіп бара жатты...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Баян 2016-03-04 23:32
:cry: кандай окиништи