Бір үміт. Бір арман. Бір сенім.

 

 bir ymit«ВИЧ жұқпасы жыныстық қатынас арқылы, ауру адам қолданған инені пайдаланғанда және жүкті анадан баласына жұғады» деген билбордтағы жазуды оқып, Үміт  құрбысы Шынарға қарап ернін сылп еткізді:

-Мектепте де дәрігерлер келіп, осы ВИЧ жайлы жиі айтып кетуші еді, енді көшедегі плакаттарға да жазып қойыпты, не керегі бар соның, түсінбеймін?!

-Басыңа түспеген соң білмейсің ғой. Өзіңе қатысы жоқ нәрсеге бас ауыртып қайтесің?-деп Шынар құрбысын тыйып тастады.

***

...Үміт пен Шынар университет қабырғасына аттап басқан күні танысып, айырылмас досқа айналды. Екеуі де үйлерінің сүт кенжесі. Үйдің еркесі болса да екеуі де ақылды боп бойжетті. Мектепті үздік бітіріп, ең таңдаулы оқу орнына түсті. Қазір 3-курс студенттері. 

Үміттің ата-анасы Шынардыкындей емес, қаталдау. Сондықтан болар осы үш жылда Шынардың үйіне бір рет те барып көрмепті. Ал Шынар құрбысының үйіне жиі келіп тұрады.

...Бүгін Шынардың туған күні. Үміт шоқ қызыл гүлін алып алғаш рет құрбысының үйіне қонаққа келді. Ата-анасы, ағасы, інісімен танысты. Отбасы Үмітті жылы қарсы алды. Әсіресе анасы Ақжарқын атына заты сай, аузын ашса жүрегі көрінетін аққөңіл жан екен. Барлығы туған күн иесі Шынарға жылы лебіздерін айтып, кеш тамаша өтті. 

Дастарxанда Үміттің көзі үйдің үлкені Арманмен жиі түйісіп қала берді. "Қасы, көзі қиылған Арман отбасындағы ерекше сымбаттысы екен. Хм, тіпті жігіт болса да құрбымнан да ажарлы ма, қалай өзі" деп Үміт көзінің шетімен Шынарға қарап қойды. 

Арманның мінезі тұйықтау сияқты. Сөзге де сараң екен. Көзінде бір мұң бар. Үміт әдемі қара көздерімен қараған сайын ол неге екені, көзін төмен тайдырып әкетеді. 

Бұл кеште Үміттің Арман жайлы бар білгені, жаман әдеттен бойын аулақ ұстап, намаз оқиды екен. Үлкен компанияда белді қызмет  атқарады.

Артынан сөз айтып жүгірген емес,  керісінше қолы жетпес жанға ынзар болу-барлық қызға тән қасиет емес пе, сол кештен кейін Үміт жатса-тұрса, Арманды ойлайтын болды. 

-Шынар, Арман үйленем демей ме? Жасы келді ғой?

-Жоқ!-деп Шынар орнынан ыршып тұрды.

-Эx! Ол сондай сымбатты...

-Үміт, менің ағама көз салушы болма! Тіпті ойлама да, ұқтың ба? Енді ол туралы айтушы болма!-деп Шынар жылдам басып аудиторияға кіріп кетті.

Үміт аң-таң. Қатқан қазықтай бір орында мелшейді де қалды. Лекцияда мұғалімнен көз алмай отырғаны болмаса, ойы сан-саққа кетті. Бағанағы құрбысының әрекетін түсіне алмай әлек. "Сонда мені, жан құрбысын ағасына қимағаны ма? Әлде Арманды маған қимай ма? Арман бөтен әрекеттен ада жігіт сияқты, намаз да оқиды. Әлде бүгін екеуі ренжісіп қалды ма екен? Мүмкін мені Арманға лайық көрмейтін болар? Бірақ бұған дейін жігітпен жүрмек түгілі, біреуінің сөзін қабыл алмағанымды жақсы біледі ғой?" 90 минут бойы Үміт осы сансыз сұраққа жауап таппады. 

Сабақтан соң екеуі күндегідей үйге бірге қайтты. Шынар бәрін ұмытып кеткен сияқты, ойында ештеме жоқ, әңгіме айтып келеді. Үміт үнсіз, тек тыңдап келеді. Қоштасарда Шынар:

-Менің сұлу құрбым, маған ренжіп келе жатқаныңды білем. Сені туғанымдай жақсы көрем. Сондықтан саған жаман болсын демеймін, өміріңді өксітпе. Бақытың алда кездеседі,-деп бетінен сүйіп, автобустан түсіп кетті.

"Өміріңді өксітпесі" несі тағы? Әлде Арманның бір "міні" бар мас екен? Мүмкін ажырасқан жігіт шығар... Қой, арамызға сызат түспей тұрғанда, қоя салайын"... 

Үміт өзін көндіргенімен, жүрек шіркін бағынбады. Бұл "ұмытам" деген сайын, ынтызар болған құштар жүрек "Арман" деп одан сайын соға берді. 

"Мәссаған, мұндай да болады екен! Бір көргеннен ғашық болу-кинода ғана ма десем, шынайы өмірде де кездеседі екен-ау. Көз алдымнан соның қиылған қасы, көкшіл көзі, әдемі етіп жанына қайырған шашы, адамды баурап алатын жымиюы... кетер емес. Енді не істеймін?" деп айнаға қарап, өз-өзімен сөйлесіп, жылайтынды шығарды. 

Шынар сезбей жүр емес, ғашықтықтан мұң кешіп жүрген мұның күйін іштей білді. Бірақ сұрағысы келмеді, ал бұл өткендегі тақырыпты қайта қозғауға бата алмады. 

Сабақты сылтауратып, соңғы кезде Шынардың үйіне жиі баратын болды. Арманды көрген сайын жүрегінің қағысы жиілеп, дүрсілдеген дыбысы өзіне естіліп, не сөйлей алмай әбден сасады.

Ал Арманның бұл қызда ойы жоқ сияқты, жылы амандасып, бөлмесіне кіріп кетеді де, содан қайта шықпайды. Үміт болса сол жаққа қарай-қарай көзі талып,  ақыры үйіне қайтады...

Бір күні Шынар сырқаттанып сабаққа келмей қалды. Үміт оқуынан шығып, аялдамаға қарай кетіп бара жатса, Арманның даладағы орындықта газет оқып отырғанын байқап қалады. Қасына дем арада қалай жетіп барғанын өзі де аңғармады. Енді ше, неше айдан бері осы жігітті ойлап, қайғыдан қан жұтып жүрсе, осы сәтті ұзақ күтті емес пе?

-Арман! Сәлем! Не істеп жүрсің мұнда?

-О, Үміт! Қал қалай? Бір мұғалімге жолығуға келіп ем. Қазір сабақта екен. Күтіп отырмын. Өзің сабақтан шықтың ба?

-Иә... А, жоқ, менің қосымша сабақтарым бар. Бірақ бір сағаттан соң. Бір сағат боспын... Түскі ас ішіп алдың ба? Шынар келмеп еді, мүмкін...

-Тіпті жақсы. Студент кезді еске алып бір, сенімен асxанасына барайын.

Асxанаға Үміт сүйгенімен мейрамxанаға кіргендей әсермен кірді. Нағыз бақыттан бас айналудың не екенін түсінгендей. Екеуі түрлі тақырыпты сөз етті. Арман байыппен, көзге тік қарап, нық сөйлейді екен, театр әртістерінен еш кем емес. Үміт бетіне тамсана осылай өмір бойы қарап отыра беруге дайын... Тіпті ас та батпады. Қоштасар сәттің болғанын қаламаса керек, қандай күш итермелегенін, Үміт:

-Арман, сәл таза ауамен тыныстағым келіп тұр. Егер жиырма минут уақытың болса...

-Қандай балмұздақ ұнатасыз, леди? "Бомба" ма, "Пломбир" ма?-деп әдемі жымиды Арман.

20 емес, екеуі саябақта қыдырып жүріп, 3 сағаттың қалай зуылдап өткенін аңғармай қалды.

-Сен сондай тап-таза, мөп-мөлдір қызсың, Үміт! Періште дерсің!Саған қарап үзілген үмітім қайта жалғанғандай, бүгінгі күнді маған арнағаныңа көп раxмет! Бұл күн мен үшін көп жылға татиды! Ал енді сау бол!

-Арман, саған xабарласып тұруға рұқсат па?

-Мен тек қуанар ем...

Бұл күн - екеу арасындағы құпия боп қалды. Үміт құрбысына сыр білдірмеді. Бірақ Шынар кеше ғана ұнжырғасы түсіп жүрген құрбысының аяқ асты неге бақыттан басы айнала шат-шадыман жүргенін ұқпады.

Басында тек смс xабарлама жазысып жүрсе, кейін сағаттап телефонмен сөйлесу, Арман мен Үміттің күнделікті әдетіне айналды. Анда-санда киноға, саябаққа баратын. 

Бірақ бір қызығы, Арманның жігіттің сүйген қызына тән көрсететін қылығын танытпағаны. Не ұнатамын деп айтпады, не Үмітті құшағына алмады. Осылай жыл өтті. Екеуінің не дос, не ғашық жандар екенін айыра алмады Үміт. Ал Шынар бәрін біліп жүрсе де, үндеген жоқ. 

Үміт болашақ жары ретінде тек Арманды көретін, басқа ешкімді елестеткісі де келмеді. Бірақ шаңырақ құру туралы айтса болды, Арман тақырыпты өзгертіп жібереді. 

Биыл туған күніне Арман әдемі алтын сақина сыйлады. Үйленуге ұсыныс айтар деп күтті Үміт. Алайда Арман үндемеді, баяғыша тек әдемі жымиды. Белгісіздік-адамды жегідей жейді емеспе, Үміт шыдамай:

-Арман! Мен саған кіммін осы? Досыңмын ба, сүйгеніңмін бе?

-...

-Бір жыл болды ғой кездесіп жүргенімізге, күнде сөйлесеміз. Ал сен сөз айтпайсың,тіпті қолымнан да ұстаған емессің!

-Үміт! Кейін сөйлейікші. Мен асығыспын...

-Ылғи да айтатының осы! Мен өзі қыз ретінде ұнаймын ба саған? Тым болмаса соны айтшы маған!

-Мен сені жанымнан артық жақсы көрем... Періштем!

-Жаным... Сонда биыл бас қосамыз ғой, иә?

-Жоқ... Сен мені кешір, мен саған үйлене алмаймын...

Жасаураған көзін сүртіп, Арман жылдам басып кетіп барады. Үміт  ашуланайын деді. Арманның соңынан қуып жетіп:

-Мен не саған ойыншықпын ба ойнайтын? Әлде кішкентай баламын ба? Неге ашып айтпайсың? неге ылғи осындай әңгімеден қашасың? Неге менімен бірге болғың келмейді?

Сәл үнсіздіктен кейін Арман сөзін бастады.

-Мұны есту саған оңай болмайды, Үміт... Мен... Құдай ұрған адаммын. ВИЧ деген аждаһамен ауырамын...

-Неее?

-Сөзімді бөлме. Соңына дейін тыңда, өтінем.  Сосын көрмей кетсең де өзің біл.

... Мен қалада туып-өстім, ата-анам лауазымды қызметте.  Сондай бақытты ұлда не ой болсын? Ішкенім – алдымда, ішпегенім – артымда, сауық-сайран кешкеніме мәз болып жүре беріппін. Әрі ата-анам "ұл бала ғой" еркіме жіберді.

Сөйтіп 19 жасымда маған операция жасалып, со кезде менен алынған қан талдаулары бойымда ВИЧ жұқпасы барын көрсетті. Қазір айтуға оңай ғой, бірақ дәл сол сәтте көз алдым қарауытып, қараңғы көр елестеп, қатты есеңгіредім. Өлгім келді... Аты жаман дертті қай уақытта, кімнен жұқтырғаным белгісіз, бірақ төсек қатынасынан жұқтырғанымды анық білемін. 

Оңбай қателескенімді ұғып, бармағымды қанша тістегеніммен, өзімнің алаңсыз, бақытты күндерімді енді қайтара алмайтынымды ащы өксікпен мойындадым.

«Сенің қаныңнан ВИЧ жұқпасы табылды!» Бұл сөздің қандай суық екенін білесің бе?...  Иә, бұл менің өмірімдегі ең қатігез сәт еді. Анамның шашын жайып, зарлағанын көрген болсаң, сен «әлемдегі ең бақытсыз ана» қандай болатынын түсінер ең...
Жоқ, неге мен? Неге басқаны емес? Неге анау отырған маскүнемді немесе қол жайған қайыршыны емес, а?! 
Қараңғы түндерге шерімді ақтарып, өз көкірегімді өзім тырналап, жалғыздықта қабырғаға өрмелеп кеткім келетін осынау күйде өмір сүріп жатқаныма да көп жыл боп қапты!
Бірақ не керек, «үш күннен соң қараңғы көрге үйренесің» демекші, бұл дертке де бойым үйреніп алды. 
Мендей сырқаттар тұмау, суық тию сияқты өзіміз жеңіл-желпі көретін аурулардан ерекше сақтанып жүрген жағдайда өмірлерін 30 жылдан астам уақытқа ұзарта алады. Сондықтан біздің бойымыздан асқан сорлының кейпін іздеп керегі жоқ. Алда-жалда сырқат асқына қалса, ағзада жұқпаның мөлшері көп болса, емдеу курсынан өтеміз. Бірақ мен емдеу курсын қабылдап жүрген жоқпын. Себебі өзімді өте жақсы сезінем. Және ағзамда жұқпа мөлшері қалыпты жағдайда. Әрине, ауруға ұрынғалы денсаулығымды өте қатты күтуіме тура келеді. Қазір ішімдікті татып алмаймын, шылым да шекпеймін. Намазға жығылдым... Неғұрлым сақтана білсем, соғұрлым өмірім ұзаратынына үміттенем.
Шындықты дос-жарандарыма кейде айтқым-ақ келеді, бірақ батпаймын. Өйткені лауазымды қызметтемін, достарым мен әріптестерім құрметтеп, бәйек болып тұрады. Осының бәрін кімнің жоғалтқысы келер дейсің?Олар естісе, сөзсіз, теріс айналады... Өйткені біздің қоғам ВИЧ-пен ауыратын адамның жан дүниесін түсінуге, оны бауырына тартуға дайын емес. 
Ауырғалы бері бұл дерт туралы білерім көбейді. ВИЧ жағдайыңның жақсы-жамандығына қарамайтынын, шалыс бассаң, солақай соқпаққа басың ауа берсе, ауруды өзің іздеп табатыныңды білдім. 
Алғаш ауру екенімді білген сәтімде, біреуден өш алғым келді. Бірақ кімнен алайын? Жұқпаны қашан жұқтырғаным да есімде жоқ. Және таңды таңға ұрып ойын-сауық құрған кездерімде армансыз құшқан бикештерімнің қайсыбірін түгендейін? 

Арасында өзім есімін толық білмейтіндер де толып жатыр емес пе... Ойнаған от басар деген осы болар...

Ауру екенімді білгелі ешкіммен төсек қатынасына түскен емеспін. Өйткені менің төсектен көңілім қатты қалған. Төсексіз де өмір сүріп жүрмін ғой, бұрын неге сөйтпедім екен, шіркін?! 
Біз, ВИЧ жұқпасын жұқтырғандар, ешкіммен жыныстық қатынасқа бармауға, ешкімге біле тұра ауруды қасақана жұқтырмауға заң жүзінде ант еткенбіз. Антты бұзсақ, жазаға тартыламыз. Алда-жалда біреумен ондайға барар болсам, ескертуге міндеттімін. 
Сен ВИЧ-жұқпалы жандардың бәрінен ауру бала туады деп ойлама. Олардан дені сау бала да туады. Менің көңіліме бұл – қатты демеу... Мен де ет пен сүйектен жаралған жанмын ғой, қанша қарсы келсем де жүрегім бағынбады, сені қалады... сүйіп қалдым. Шындықты білдің, енді кетем десең өзің біл...

-Арман, мен ешқайда кетпеймін. Сенімен мәңгі бірге боламын. Бұл берген сертім! Өзің айттың ғой, бұл дертке шалдыққан жаннан ауру бала туылмайды деп. Бұл Алланың маңдайыңа жазғаны, әр нәрсенің қайыры бір бар, күрессек, бір Құдайдың өзі жәрдем берер... Медицина дамып жатыр, Бәлкім емі табылар. Ойлашы, сен солай шайқап жүре берер болсаң, нашақор боп кетер ме едің. Ал ол дерттен жазылу өте қиын. Сондықтан Алладан үміт үзбелік. Мен сені жақсы көрем, және сенен ұрпақ сүйгім келеді.

-Сонда сен маған тұрмысқа шығуға келісім бересің бе?

-Иә...

-Жаным!

Келешектен Үміт күткен қос ғашық Армандарының жүзеге асқанына қуана, болашаққа нық Сеніммен қадам басты...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Togzhan Ontalapova 2016-02-27 00:27
:-| :-|