Кешірім

 

Keshirim2Немерелері сабаққа, келіні жұмысқа кетісімен, Күмісай әже таңғы шайын қоюлап ішіп, жерге жарық түскен бойда киініп жолға дайындалды. Ұлы Әсет те оянып, ас үйге кірді.

-Әдемі көйлегіңізді киіп қайда жиналдыңыз?

-Көк базарға барып, анау-мынау әкелейін немерелерім келгенше. Келін шапқылап күні-түні жұмыста, сәл де болса көмегімді тигізейін дегенім  ғой.Читать далее

-Кешке жұмыстан  келгесін супермакеттен алатын едік қой?

-Әй, мәркет-пәркетің құрсын, әлгі тоңазытқыштар жан-жақтан дырылдағанда, аяқ-қолым дірілдеп, не алып, не қойғанымды білмеймін. Одан базарым жақсы!

-Мейлі, өзіңіз біліңіз. Жүріңіз, жолдан тастап кетейін.

-Автобуспен асықпаааай барам, балам. Жұмысыңа кешігесің, кел, шайыңды ішіп алшы.

Ұлы жұмысқа кеткесін, Күмісай әже тартпадан ескі тор дорбасын алды. Ескі болса да өзіне сондай қымбат, шалының көзіндей ұстап, жоғалтпай, тығып қояды. "Қазіргі сатушыларға да сенім жоқ, бесыйымді де алайын" деп дорбасына ескі темір өлшегішін салып алды.

Түнде жауған нөсер жаңбыр басылып, күн шайдай ашылып тұр. Таңғы самал Күмісай әженің тынысын аша түскендей, жайдақ жолды бетке алып, әндете аялдамаға қарай бет алды. "Автобус келе жатыр ма екен" деп алысқа көз салып қояды, қаланың жүйткіген шетелдік көліктері арасынан автобус көрінбеген соң, аялдамадағы ағаш орындыққа жайғаса  кетті. 

- 63-ші аптобусты күтіп отырған жоқсыз ба?

Күмісай әже өзіне сөйлеген адамға мойын бұрды. Жасы өзі шамалас, сақал-мұртын ақ қырау шалған, басына жапырайта киген ақ тақиясын тастамай жүретін кісіні бірден таныды. Қарама-қарсы орналасқан бір бөлмелі пәтерге жақында көшіп келген көршісі екен. Таяққа сүйене күні-түні жалғыз өзі кіріп-шығатын қарияға қарап "осы көршінің отбасы қайда екен?" деп ойлайтын-ды. 

-Иә, замандас. Сол, базар жаққа бара жатқан ем. Жақында айт мерекесі, біреу-міреу келіп қала ма деп...

-Дұрыс екен... Аптобусқа үлгере алмай қалдым, жаңа ғана кетіп қалды. Таяғымды шошаңдатып қанша "тоқта" десем де болмады, "зейнеткерден қайыр жоқ" деді ме, шөпірі есігін жапты да кетті...

-Олар сөйтеді ғой. Айтқандай, мен сіздің пәтеріңізге қарсы орналасқан 16-үйде тұрамын. Жақында көшіп келдіңіз ғой?

-Ие... Мен де базарға барып анау шөпжелке немерелеріме тәтті-пәтті алуға бара жатырмын.

-Немерелеріңіз  бар  ма? Немере деген балдан да тәтті болады екен, солар деп өмір сүріп жатырмыз ғой.

-Немере болғанда, қызымның балалары ...

-Е, қыздан өрбіген бала бала боп жарыта қойса жақсы...

Сайлаубек атаның құйқасы шымыр ете қалды. Үнсіз күрсінді. Күмісай ойланбай сөйлеген сөзінің замандасының шымбайына батып кеткенін ұқты, "неге айттым екен?" деп іштей өкінді.

-Бірақ қыз деген өріс қой, өрісіңіз ұзара берсін. Әне, аптобус та кеп қалды,-деп жуып-шайған болды. 

***

Зейнетақысының барлығына немерелеріне азық-түлік алған Сайлаубек ата қызының үйіне құстай ұшты. Қас қылғандай лифт те істемей қалыпты, бір қолында таяқ, бір қолында зілдей азық-түлігі бар ақсақал ырсылдап алтыншы қабатқа әрең көтерілді. Демін басып, қоңырау түймесін басты. Ешкім ашпады. Қоңырау қанша бажылдаса да,  сары мысық Марусяның мияуынан өзге дыбыс естілмеді. Көзіне көзілдірігін киім, жалма-жан қалтасынан ұялы телефонын алып, қызының нөмірін іздей бастады.

-Алло, Зоя? Қызым, қалайсың?

-Пап, мен клиентпен сөйлесіп отырмын. Не керек?

-Қызым, мен келіп тұр едім. Үйде ешкім жоқ екен.

-Тағы келдің бе? Өткен айда ғана келдің ғой? Күт енді, кешке бір келеміз. Мен емес қой сені шақырған!

Зоя телефон тұтқасын қоя салды. Қызының шаңқылдаған дауысы жаралы жүректі одан әрі жұлқылағандай, қария қаққан қазықтай есік аузында сілейіп қатты да қалды. "Қой, ақыры келдім, немерелерімді иіскеп біржола кетейін. Зоядан не мейірім көріп ең? Сол баяғы қалпы. Жақсы тәрбие бермеген өзіңнен көр, Сайлаубек" деп өз-өзіне ұрысып, баспалдаққа отыра кетті.

Сол отырғаннан тапжылмай бес сағат отырды. Баспалдаққа сүйеніп отырып көзі ілініп кеткен екен, немерелерінің «аталаған» дауысынан шошып оянды.

-Қошақандарым менің! Сендерді қалай сағынғанымды білсеңдер ғой,- деп жүгіріп келген немерелерін құшағына алып, мейірлене маңдайларынан иіскеді. Үш немересі қарияның жүрегін қорғасындай балқытты.

-Так! Қойыңдаршы осындайларыңды! Арнұр, Мәнсия, Бақытжан, мұрындарыңа тез оксолин жағыңдар!  Тұмау жұқтырып, тағы жатасыңдар ертең!-деп шаңқ етті Зоя. Ар жағында кіріп келген күйеубаласы да «тағы келдің бе?» дегендей, қайын атасына сұраулы жүзбен салқын амандасты.

Өздері кіріп кетіп, қарияға жол бермеді. «Төрлетіңіз» демеді. Қалқиып подъезде жалғыз қалған Сайлаубек ата ілбіп басып таяғын алып, дорбасын көтеріп ішке кірді.

-Сен үшеуің шуылдамай жатыңдар! Тамақты мейрамханада іштіңдер, ас үйге кіре бермеңдер!-деп есігін тарс жауып, Зоясы кескен томардай бұған түксие қарады.

-Қызым-ау, қалдерің қалай? Немерелерімді сағынып...

-Туһ, пап, емешегің үзілмей ана диванға жата кетші. Аманбыз. Қайда кетеді дейсің?

-Жаңа күні бойы кіре-берісте отырам деп тамағым кеуіп кетті. Бір кесе шай болса...

Еркелеп өскен шолақ ойлы қыз бүгінде нағыз көкбет әйелге айналыпты. Қарияның әкелген заттарын аяғымен итере салып, асүйде отырған қарияның алдына салқын шайды тарс еткізіп қоя салды.

Әкелері келді ме, жоқ па, жұмысы жоқ, қолдарындағы телефондарына үнсіз үңіліп отырған күйеу баласы мен қызына қарап, қария қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына іштей налыды. Үнсіз көк диванға қисая кетті. Бірақ ұйқы келер емес, жұлым-жұлым болған құрғыр жүрек шаншуын қояр емес... Есігі ашық тұрған қарама-қарсы бөлмеден күйеу баласы мен қызының сөзі анық естіп жатты.

-Мына шалдан құтылатын күн бар ма өзі? Таяғын сүйретіп келеді де тұрады.

- Саулық қойдың жасындай жасы қалды ғой өзі де, қайтеміз, шыдаймыз да!

- Әлде шешеңнің үйін бергенін бұлдап жүр ме?

-Кім білсін?! Бірақ үйді сатып, өзіміз екі бөлме, оған бір бөлме әпердік қой? Несін бұлдайды? Өзі де төрінен көрі жақын, өлсе, ана үйді де квартираға беріп қойсақ, ақша өз-өзінен құйылып тұрмай ма?

-Ол өлгенше жүйкеден жүйке қалмас. Әкеңнің үстінен шығатын қолқаны қабатын жағымсыз иіс, шәй ішкенде сораптап, төгіп-шашып ішкені, ұйықтағанда қорылдағаны жыныма тиіп бітті!

Мына сөздер онсыз да жүрегі жаралы қарияның көңіліне қаяу-мұң қалдырды. Ешкімге көрсетпей көзіне жас алды... Иә, ешкімді кінәлай алмайды. Бәріне тек өзі кінәлі. Орыстан әйел алып несі бар еді? Қанша жерден қазақша таза сөйлесе де, өзге ұлттың аты өзге ұлт. Марқұм Зояның анасы, Марина да қонақ десе кірпідей жиырылатын. Күйеуінің туыстары келсе, басын қайқитып, қақшаңдап жақтырмай шыға келуші еді. Зоя да анасынан аумай қалыпты, тіпті әкесін де адам құрлы көрмейтін болды. 

Марина көз жұмған соң шолақ ойлы шолжаң қыз даулап жүріп әкесінің төрт бөлмелі үйін сатқызып, өзіне бір үй, әкесіне бір бөлмелі пәтер әперіп тынышталған-ды...

Сібірлеп таң да қылаң берді. Сайлаубек қария орнына зорға тұрып, сүйеулі тұрған таяғын қолына алды. Қызы ұйқыда жатқанда немерелерінің бетінен айызы қанғанша сүйіп, үйден шығып кете барды.

«Қайда жүрсеңдер де аман болыңдар, қарақтарым!» деп тұманданған көзімен тоқтап тұрып артына бір қарады. Көңілі астаң-кестең. «Құдайдың маған берген ең ауыр жазасы осы шығар...» деп ауыр күрсініп, үйіне бет алды.

***

...Күмісай әже бір дәлізден кіретін көршінің жартылай ашық қалған есігіне қарап Сайлаубек қарияның келгенін түсінді. Әжесі есікке қарағыштай бергесін, 7 оқитын немересі Марат:

-Апа, көрші атаны күтіп жүрсіз бе? Не болды, қарағыштай бердіңіз ғой?-деді қуақылана.

-Тәйт, көтек! Не дейді?!

Күмісай әже жас күніндей қызарып беті ду етті. 

-Апа, көрші атаға үйге айттап кір десем қайтеді?  Әрі ол кісімен танысар едік?-деп жаңалық ашқандай, Марат орнынан атып тұрды.

-Мейлі, айтсаң айта ғой. Мен онда шай қойып жіберейін.

Шер тартқатқысы келді ме, Күмісай әже де қуана келісе кетті. Сүт пісірім уақыт өтпей немересі мен таяққа сүйенген Сайлаубек қария да кірді.

-Адам қартайса бала болады деген. Сіз тәтті шайға шақырды дегенде құстай ұштым, замандас!

Шал мен кемпір қосыла күлді.

-Ал, отырыңыз дастарxанға, қызыңыздың үйіне барғаныңыздан келгеніңіз жылдам болды. Немерелеріңіздің қалы жақсы ма екен?

Сайлаубек қария мұңая алысқа көз салды.

-Эx, несін сұрайсыз... Жалғыздық деген Құдайға ғана жарасар, кәрі қойдың ғұмырындай жас қалғанда жалғыз қалғаннан жаман нәрсе жоқ екен. Төрт қабырғаға телміруден жалықтым. Қазіргі серігім тек-кәрілік қана. Маңдайымның соры бес батпан мен сорлы, кезінде жіберген қателігім үшін өз тұяғыма жолай алмай, кеудеден итерсе де өзгенің баласына өзегім үзіліп бара жатқан жоқ па? Өзегім ғана емес-ау, жан дүнием күйіп, жүрегім суырылап барады ғой...

-Ойбай-ау, не деп кеттіңіз, көрші?

-...Жас болдық. Жастыққа мас болдық. Хатшы болып орналасқан орыс қызына өлердей ғашық болып, айрандай ұйып отырған отбасымды ойрандадым. Бір партада оқып, қыздай алған келіншегім мен ұлымды тастап, орыс қыздың арбауына байланып кете бардым... Қыз күнінде бәрі жақсы демекші, ғашық болған сұлуым үйленген күннің ертесі-ақ нағыз бет бейнесін көрсетті. Долы мінезді орыс әйелімнен қорыққан туысымның біреуі де есігімнен сығаламады. Орыс әйелімнің бетіне телмірумен ғұмырым өтті.  Марина көз жұмған соң Зоя қызым даулап жүріп үйді сатқызды. Қайта қарттар үйіне өткізбей, осы бір бөлмелі пәтерге шығарғандарына тәуба дедім...

Солай күңіренген күндер, сағыныш толы айлар, өкінішпен өткен жылдар зулап өте шықты. 

-Ал бірінші әйеліңіз бен ұлыңыз ше? Кешірім сұрап бардыңыз ба?

Сайлаубек қария қалтасынан ақ орамалын алып суланған көзін сүртті.

-Қанша барғым келсе де, батылым жетпеді. Күләшім үш жыл бұрын мәңгілік мекеніне аттанды. Ең болмаса соңғы рет тілдесе де алмадым... Сағыныштың сары жапырағына жүрегімді қатар көміп кеткен Күләшімді еске алып, көкірегімде шер боп қатқан  мұзды сәл де  болса ерітемін...

-Ұл ше?

-Армантай үлкен азамат болды. Қазір Астанада тұрады деп естідім. Ол енді мені көргісі де келмейтін шығар. Бала күнінде тастап кеткен әкеден не қайыр?!

-Адам қателеспеу үшін қателеседі, алайда кешірім сұрап бармағаныңыз жөн болмапты, Сәке!

-Ата!

Залдан жүгіріп келген ақылды Марат қарттардың қасына жайғаса кетті.

-Сіз ұлыңызға барып кешірім сұрасаңызшы?!

-Әй, тентек! Кісі сөзін тыңдама деп қанша айтам саған, а? Бар сабағыңды оқы!

Қабағын түйген Күмісайға  Сайлаубек қария "айтсын" дегендей ишара жасап:

-Баланың сөзін бөлмеңіз,-деді, сосын Мараттың басынан сипап,-Сенің ойыңша ұлым мені кешіре ме?

-Мысалы, мен сіз сияқты атамның болғанын қалаймын! Сіздің де немереңіз сізді сағынатын шығар?

Күйеуінен жастай жесір қалған Күмісай кемсеңдеп жылап жіберді.

-Ал ұлым мені кешірмесе ше?

-Онда сіз ұлыңыздың көргісі келмейтінін біліп жүретін боласыз!

-Айналайын, қандай ақылды бала!-деп қария Мараттың маңдайынан құшырлана сүйіп, жалма-жан орнынан ұшып түрегелді.

-Әу, қайда барасыз? Шай да ішілмеді.

-Мына бала дұрыс айтады. Дұрыс. Әрине, дұрыс! Күләштан кезінде кешірім сұрауға батылым жетпеді, тым болмаса өлерімнің алдында Армантайымды бір көріп, кешпесін білсем де...тәуекелге бел байлап қайтайын.  Бүгіннен қалмай билет алып келейін!

Таяққа сүйенген қария асығыс шығып кетті. Сол күні билет алып, таңғы поезбен Елордаға бет алды.

***

Көршісінің екі аптаға кешігуін Күмісай әже жақсылыққа жорыды. Жорамалы рас боп шықты. 

Арада ай өтпей есіктің алдына қомпиған шетелдік джип тоқтап, ішінен Сайлаубек қария мен жігіт ағасы түсті. Күмісай оны Арман  шығар деп болжады. Ұзын бойлы, аққұба келген жүкті келіншекті келіні деп ойлады. Әнеееу ортекедей ойнақтап жүрген қос немересіне қарап сүйсінді...

Қуанышы қойнына сыймаған Сайлаубек қария ұлы мен келін, немерелерін үйіне кіргізе сала, көрші кемпірдің қоңырауын бажылдатты.

-Қош келдің, замандас! Қалай болды?!

-Құдайға тәуба! Ұлым саналы азамат болып ержетіпті! Ол мені кешірді...  Сенесіз бе?! Ол сіздердің, анау кішкентай Маратжанның арқасы! Қысқасы, кешке қонаққа келіңіздер! Сол кезде дұрыстап әңгімелесеміз! Отбасыммен таныстырамын! 

Бұл жолы қос қария күліп тұрып көз жастарын қатар сүртті. Ол қуаныштың көз жасы еді...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...