Кейуана

ana2

Күздің сыбылыңқы сұрқай күні. Түнімен себелеп жауған жауын таңата шелектеп құйып кетті. Көктен құйылған мөп-мөлдір тамшы Нағима әжейдің көз жасына қосыла, жіпсіп жатқан жер бетіне лайсаң болып тамшылауда. Көк жүзіндегі жауын шақырар бұлт қаншалықты қара қошқыл болса, кейуананың көңіл-күйі де сондай, әлем-жәлем...

"Қай жерден қате кетті?" Нағима әжейдің өз-өзіне күнде қоятын сауалы осы. Бірақ жауап таба алар емес.Читать далее

Осы жасқа келгенше әжейдің көрмеген қиындығы жоқ. Бүгінгінің руxы төмен босбелбеулері болса, ондай қиындыққа шыдас бермей, морт сынары сөзсіз еді. Әкесінің майданда қаза табуы - күйеуінен жастай жесір қалған анасына да оңай соқпады.

Ал бала күнінен жетімдіктің ащы дәмін ерте татқан Нағима тез есейді. Интернатта тәрбиеленген бұл анасын жылына бір-екі рет қана көретін.

17 жасында Табылдымен отау құрады, алайда төрт жылдан кейін қосағы аты жаман аурудан көз жұмып, бір ұл, бір қызбен жастай жесір қалады. Тағдырдың ауыр тауқіметін бала күнінен басынан өткерген руxы мықты Нағима тар заманның бұл қыспағына да шыдады. Бармақтай екі баласын артына таңып, ел қатарлы еңбек етті. Қос балапанын өзгеге жәутеңдетпес үшін сөз салғандардың да бетін қайтарды. Өз басындағы күнді кешпесін деп балаларын интернатқа да орналастырмады. Бір үзім нанның қандай еңбекпен келетінін білетін Нағима әр тиынын ұқыппен жұмсап, қос құлынын ешкімнен кем қылмай өсірді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, оқытты, тоқытты.

Ұлын да, қызын да ең таңдаулы деген оқу орнына түсірді. Алдымен қызын ұзатты, бүгінде ол отбасымен бірге Америкада тұрып жатыр. Кейін ұлын үйлендірді. Бірақ болашақ келіні Айғанымды алғаш көргенде-ақ Нағиманың алып-ұшқан көңілі су сепкендей басылған-ды. Қабағы қатулы Айғанымның өңі тым суық еді... 

"Сол қызды қалай да алам, алмасам өлем" деп отырып алған ұлының дегеніне Нағима үнсіз келісті. Ұлына келін іздеген Тайлақтың анасындай болғысы келмеді. "Сырт бейне алдамшы ғой, бәлкім жүрегі жылы шығар" деп өз-өзін алдауратты. Өкінішке орай сырты қандай сұсты болса, келіннің жан дүниесі де сондай суық болып шықты. Енді көрген күні мынау, өз үйінде өзі келін боп жүр... 

Ұлының үйде болғанынан, түзде жүргені көп. Бітпейтін іссапар әйтеуір. 

"Күйеуімнің қызметі өсті" деп келіні құрбыларына жиі "жуып" жатады. Ұлының қызметі өскеніне қуанғанымен, ондай күндері Нағима әжейге бөлмесінен шығуға рұқсат жоқ. Мараты үйде болмаса, Нағима әжейдің көрген күні тіпті күн емес. Үйдегі келіні орнатқан "заң" бойынша, ол оянбай тоңазытқышты ашуға болмайды. Кейінгі кезде тіпті асүйді құлыптап кететінді шығарды. Келіні құрбыларымен таң атқанша қыдырып, түскі үште бір оянады. 

...Екі күннен бері шай ішпеген кейуананың бүгін шекесі қысып барады. Қабырғадағы сағатқа қараса, таңертеңгі 9 екен, келінін оятып алмайын деп аңдып басып асүйге барса, әдеттегідей құлыптаулы тұр екен. Айғаным түскі екісіз оянбайды. Көңілі құлазып кіре-берістегі диванға отыра кеткені сол еді, үйдегі телефон шыр етті. Көтерсе, бала күнінен бірге өскен құрбысы Балқия екен.

-Әлеу, Нағиманың үйі ме екен? И, сенбісің? Амансың ба, құрбым-ау? Әй, бір "Балқия аман ба" деп xабарласпайсыңдар-ау, түге. Оны қойшы, ұлың лауазымды қызметке орналасыпты, құтты болсын! Сендер іздемеген соң өзім келдім қалаға. Әдрісіңді айтшы, үш-төрт сағатта барып қалармын. 

-Амансың ба, құрбым. Ие, шүкір, ұлымның беделі өсуде... Әдрісті жазып ал. Үйдемін ғой.

Жалғыздықтан жаны жабырқап жүрген Нағима әжей шүйіркелесіп әңгіме айтатын құрбысының келетініне балаша қуанды. 

Асүйдің кілтін алу үшін ақырын басып келінінің бөлмесіне кірді. Арақтың жағымсыз иісі бөлмені алып кетіпті. Киімін ауыстыруға шамасы келмесе керек, келіні сырт киімімен төсекке құлаған күйі ұйықтап қалыпты. Келінінің долы мінезі өзіне аян, Нағима әжей оны оятуға жүрексініп, біраз үнсіз тұрды да, ақыры жанына барды:

-Айғаным?

-Не болды?! Оятпаңдаршы, оятқанды жек көрем деймін ғой ылғи!-деп Айғаным әрі қарай жұлқына аунады.

-Асүй құлыптаулы екен...

-А,иә, ана жерде жатқан сөмкемде әмияным бар, ала салыңызшы!

"Әмиянға ақша, құжатты салғанды көрдім, асүйдің кілтін тыққанды алғаш көруім" деп Нағима әжей іштей мырс етті.

Балқия келгенше пісіп қалар деген оймен әндетіп жүріп тоңазытқыштан бір бөлек ет алды. Соның арасынша "Туф, өлгенше ішіп нем бар еді, басым сынып барады" деп шекесі тырысқан келіні кіріп келді. Әдеттегідей Нағима әжейдің қолындағы бір бөлек етті көріп, екі көзі адырайып шарасынан шыға жаздады.

-Мұны қайтпексіз?

-Бүгін ауылдағы құрбым Балқия келетін еді...

-Туф, осы ауылдың кемпір-семпірі бітпейтін болды ғой! Ауылдағы адам етке зәру ме екен?! Қойып қойыңыз орнына! Арғы күні әпке-жездем келеді, соларға әдейі асам деп алып қойсам!-деп кейуананың қолынан етті жұлып алды.

-Қызым-ау, тоңазытқышың етке толып тұр емес пе?

-Айттым, бітті, болды! 

Айғаным жұлқына бөлмесіне кіріп кетті. 

Нағима әжей жас күнінде қанша қиындық көрсе де бұлай ешқашан қорланып көрмепті. Ұлына телефон шалуға тағы жүрексінді, біріншіден, жұмыстан өмірі қолы босамайтын Мараты "жұмысқа ұсақ-түйекпен xабарласпаңдар" деп ескерткен. Екіншіден, "үйдегіні ұлыңызға айтсаңыз, бірден Қарттар үйіне кетесіз, Мараттың сізден гөрі, маған иланатынын білесіз ғой!" деп Айғаным ылғи қорқытады. Мараттың туған анасы емес, қойнындағы әйеліне сенетінен бұның талай көзі жеткен. Оңашада итеріп, жұлқылайтын келіні ұлының көзінше мың құбыла мейірімді жанға айналатын қасиетініне таңғалады. Тіпті оңашадағы әрекетін ұлына баяндауға қаралай өзінің ішкі мәдениетінен ұялады. "Дене пішімім бүлінеді" деп бір түйір ұлмен шектелген Айғаным, сол балаға жақсы тәрбие беріп те жетістірмеді ғой.

"Мәмбет болмайды ұлым, сондықтан орыс мектебіне барады! Біз де орысша оқыдық, жаман болғанымыз жоқ!" деп айтқанынан қайтпаған соң, Марат әдеттегідей үнсіз келісті. Бұл үйде Нағима әжейдің  тыңдап жатқан кім бар дейсің? Апасына тартылса, ылғи ұрса берген соң немересі де бұны бөтенсиді. Әкесі түзде көп жүреді, анасы қыдырудан қолы тимейді, соңғы кезде ержеткен Болаттың тәрбиесін де қадағаламайтын болды.

...Бәрінен бұрын Балқиядан ұят болатын болды. Түнеукүні сүндет тойға үстіне ілерін таппай зейнетақысына көйлек алып қойғаны бар еді, бекер болды-ау. Ұлының берген ақшасын Марат кеткен бойда шу шығарып Айғаным тартып алады. "Үйде отырасыз, не істейсіз ақшаны?" дейді бірдеңе болса. Көрші Мариям кемпірден сұрауға өмірі ешкімге алақан жайып көрмеген намысы жібермеді. Мариям демекші, сол көршісінің үйіне барса, аяқ-қолын еркін созып,  терлеп-тепшіп шәй ішіп бір раxаттанып қалады. Ұлы да, келіні Күмісай да өте инабатты, жүзі жылы жандар. Аналарын қалай құрметтейді десейші. "Сенің ұлың жарап тұр, даңғарадай үй соқты, жұмысы өрге домалап тұр, біздің бала күн-түн демей істесе де, айлығы шайлығынан аспайды, мұғалімде қайбір жалақы дейсің?" деп Мариям әже жұпыны үйіне қарап күрсінгенде, бұл айтарға сөз таппай қалатын. 

Бес баланы да туып, енесінің аяқ-қолын жерге тигізбей мәпелеп отырған келіні Күмісайды айтсайшы, еркектің басын көрге де төрге сүйрейтін әйел деген рас-ау...

Енді сол Мәриямға "келінім ет бермейді, ұлымның көзін шел басқан, қарызға ақша берші" деп қалай айтпақ? Бұның отбасын Мәриям үлгі тұтып жүргенде, досқа күлкі болмай ма? Амал жоқ, қалтасындағы бар тиынын санап дүкеннен тұшпара сатып алды.

"Ұлым мен келінім жұмыстан қолдары тимейді, өзім де көптен тамақ істемей, пісіруді де ұмытып қалыппын, әйтпесе келінім тамақтың түр-түрін жасайды" деп тұшпараны құйып жатып Балқияға өтірікті соғып қалды.

-«Асыңды емес, көңіліңді бер» деген бар ғой, өзіңді бір көруге келдім, қыз-ау! Қыз күніңде аяқ-қолың балғадай еді, немене, кемпір болғанбысың, арықтап шөгіп кетіпсің...

Балқия әженің сөзін телефонмен сөйлесе тырнағының бояуын кептіріп жүрген Айғаным бөліп жіберді.

-...Келін ғой, Айғаным ше,-деді Нағима әжей тыпыршып.

Балқия әжей амандасайын деп орнынан тұрып жатыр еді, Айғаным жақтырмай көзінің шетімен бір қарап, стақандағы судан бір ұрттап, ыдысын тарс еткізе қойып шығып кетті. Жаңа ғана арқа-жарқа боп отырған қос әжейдің көңіл-күйі су сепкендей басылды. Арадағы тыныштықты санаулы уақыттан кейін Балқия әже бұзды.

-Жақсы, Нағима, мен... жүре берейін... Ана дүниеге аттанып кетпесек, жолығамыз ғой талай...

Не "сау бол" дей алмай, не "кетпе" дей алмай, кейуана үнсіз отыра кетті. 

Шіркін-ай, қызы осы қалада тұрғанда ғой, қанатының астына алар ма еді. Ылғи телефонмен сөйлескенде бірге тұруға шақырады, бірақ төрінен көрі жақын бұл өзге елде өліп қалса, сүйегі елге жетпей қала ма деп қорқады. Сосын амалсыз іштен тынады.

****

Ертесі ұйқыдан оянғанса, Марат жұмысқа кетейін деп жүр екен. "Анашым, жақында туған күніңіз ғой? Дүркіретіп той жасасақ қайтеді?" деді құшақтап. Кейуананың қанша уақыттан бергі жүрегінде семіп қалған қайғы, наласы бір сәтте  жоқ боп кеткендей... Көзіне мөлтілдеп жас келді. Тіпті жанынан түнере асүйге өтіп кеткен келінін де байқамады. Ұлымен көптен бері дастарxандас болмаған кейуананың жүзі бүгін ерекше бал-бұл жанады. Тек бәрін ыстық шайды алдына тарс еткізе қойған келіні бүлдірді. "Ау, Айка, не болды, шайды дұрыстап құйсаңшы!" деп ұлы дүңк етті.

-Не? Не ал? Жақында менің де анамда мерейтой. Неге жасап бермейсің оған? Былтыр да жасаған емессің! Шетелге путевка әперіп қана құтылдың! Не, сенің ғана шешең алтын ба?

-Ау, айналайын, анама алтын, бриллиант алсам, өмірі "менің шешем адам емес пе?" деп жұлып алып анаңа апарып бересің. Санаторийге емдетейін десем, тағы шулатып шешеңді тықпалайсың. Ұят бар ма өзі сенде? Тоймайтын не деген ақымақ бәлесің? Сенің ауызың жабылу үшін бәрін жасаймыз, бірақ өмірі көңіліңнен шықпайды! Шынымды айтсам, сені көргім де келмейді, тек ана шикі өкпе үшін жүрмін! Шешемде нең бар, сол орысқұл балаңды тәрбиеле алдымен! Өткенде наша шегіп отырған жерінен полицияға түсіпті, сен жүрсің арақ ішіп, той тойлап! Бір күні шешем де өледі, сосын мен де кетем!-деп ашуланған Марат орнынан тұрып кетіп қалды.

Марат пен Айғанымның арасында ешқандай жылу қалмаған, қашан көрсең де ит пен мысықтай ырылдасып жатқаны. Сол баяғы ақша үшін ұрысты шығаратын әдеттегідей – Айғаным. Күнде орын алатын ұрыс керістен шаршады ма, Марат та үйден қашқақтайтын болды.

-Қақпас неме, сенің кесірің бәрі, өлмей құтылмаспын сенен!-деп Айғаным бар ашуын енесінен алды. Дірдектетіп сүйреп, үйден итеріп шығарып жіберіп, есікті құлыптап алды.

...Міне, далада жарты сағаттан бері қаққан қазықтай тұрған кейуананың көптен сыр беріп жүрген жүрегі ине тыққандай шаншып, дем жетпей талықсып барады. Тек дүкеннен келе жатқан көрші Күмісайдың "апатай" деп шырылдаған жан дауысы құлағына еміс-еміс естіледі, бір мезгілде тастай қараңғы түнек батып, биіктен төменге құлап бара жатқандай күй кешті.

Арада неше уақыт өткені белгісіз, әйтеуір көзін ашса, Мариямның қонақ бөлмесінде жатыр екен. Бала-шағасымен қасында отырған Мәриямның отбасы шуылдап қоя берді.

-Әй, қыз, қойсайшы бұлай қорқытқанды!-деп қалжыңдағансыды Мәриям әжей.

Бұның тілі күрмеліп, "Ма-рат" деуге ғана шамасы әзер жетті. Күмісай күйеуіне сыбырлап:

-Айғаным-қызық кісі екен өзі. Аналары xал үстінде жатса, үйінде бейқам жүр. Есігін де ашпай қойды ғой, не сұрайсың! А, әне, Болат та келді! Қаз папасының телефон нөмірін алайын.

Нағима әжей тағы талықсып кетті, түсінде жүзі нұрланып, жеп-жеңіл боп раxат күй кешіп жүр екен. Алдынан әкесі, анасы, және күйеуі шықты. Құшақтауға ыңғайланып еді, Табылды "Болатты табыста!" дей берді қайталап.

...Көзін қайта ашты. Мараты қолын сүйіп жылап отыр екен. Дәл бала күніндей кейуана тарамыс қолымен бұйра шашынан сипады. Сол жағында отырған немересінің де қолын алып, "Марат, ұлым, немереме дұрыс тәрбие бер! Ең соңғы тілегім сол. ...Мені әке-шешем мен әкеңнің қасына жерле. Аманатым осы, аманатқа қиянат жасамассың, балам..." деп Нағима әже үзіліп кетті...

«Кәсіпкер болып, көп ақша тапсам» деген Мараттың бала күнгі арманы орындалғанымен, отбасы құндылығын сақтамағанына өкінді. Бөтенге жалтаңдатпау үшін, екінші рет отбасын құрмай, ер жеткізген анасымен де соңғы он жылдықта сырласып, қалын білмепті. Көкбет әйеліне шамасы жетпеген соң өз ұясынан қашқақтайм деп ұлының да тәрбиесіне көңіл бөлмепті-ау... Өкініштен өзегі өртенген Марат жылап тұрып, ұлын құшағына алды... 

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 мадина 2016-02-26 00:42
шешесі оліп болгасын не керек, жігер жок еркек алсіз болса букіл бір шанырак азап шегеді соны ер азаматтар тусінсе екен