Әжетханаға тасталған нәресте

kokek ANA2

Тұлабойын ашу-ыза кернеген бойжеткен жанталаса басып келеді. Іші бүріп, белі сырқырап ауырып барады. Толғағы қысқан сайын жаны көзіне көрініп, жанарынан еріксіз парлап жас ағуда. Тастай қылып байлаған ішін аяусыз жұдырығымен соққылай берді.

-Сүмелек! Не істесем де өлмедің ғой сен! Елге қарабет қылайын дедің бе, а? Бұрыш қосып арақты да іштім, ауыр зат та көтердім, бәрібір түспедің, жабысқан бәлесің сен! Сен маған бәрібір керек емессің, жыбырлаушы болма! Жек көрееееем!

Теңселе басып барып Әмина ішін ұстап отыра қалды. Қаңтардың сарышұнақ аязы да өңменінен өтіп барады. Толғағы қысқан сәтте әке-шешесі оянып кетпесін деп жұқа көйлегімен мысықтабандап шығып кетіп еді. Енді міне, сумаңдаған аяз өн-бойын аралап, бүрістіре түсті. 

-Не істесем екен, сен көктемегірді?!  Суға батырайын десем, көл де жоқ! Жерге көмейін десем күрек те жоқ!-деп ойлана аяғының астына қарады. Жер көктайғақ, қатып жатыр. 

Аузына ақ ит кіріп көк ит шыққан Әлима "бұл да болмайды" деп тістене бас шайқады. Сол орында қанша тұрғаны белгісіз, әбден діңкесі құрыды. Екі аяғының арасынан ыссы су жерге сар еткенде барып есін жиды. Ойлануға енді уақыт жоқ. Ел оянбай тұрып істі бітіру керек! 

Оның көзіне көрінгені тек Сәтімбайдың әжетxанасы болды. Бойжеткен ішін қос қолдап ұстаған күйі сол жаққа қарай дедектей жөнелді...

.

***

Әлима-үйдің жалғызы. Тым ерке боп өсті. Күләш Алладан қанша сұраса да Әлимадан кейін сәби сүйе алмады. Күйеуі Тоқтар екеуі көзінің ағы мен қарасындай көріп, жалғыздарына өздері кимегенді кигізіп, жемегендерін ауыздарынан жырып берді. Шолжаңдап өскен ерке қыз мұны әлбетте түсінбеді. Оқу үлгерімі нашар болса да, сыланып-сипануды біліп, қылтиып ерте бойжетті. Әйтеуір ілініп-салынып жүріп, ата-анасының арқасында мектепті бітірді. "Өзім оқымасам да, тым болмаса қызым білімді азамат болсын" деп Тоқтар қорадағы бар малын сатып, жалғызын қалаға оқуға түсіреді. 

Әке-шешесінің үкілеген үмітін ақтаудың орнына, Әлима жатақxанада қасында жатқан Маржанға ілесіп, әуелі темекі тартуды үйренді. Артынан шампань кетті, кейін ақ арақтың дәмін татты. 

-Өмір бір-ақ рет беріледі!-деді бірде Маржан көк түтінді будақтатып тұрып,-пенде сол өмірге келген соң бәрін көріп үлгеруі тиіс! Ал сен екеуміз не көрдік? Ештеме! Кітап, дәптерді кеміріп келе жатқанымызға бақандай он екі жылдан асты!-деп жерге шырт түкірді.

"Жөн-ақ" дегендей Әлима да басын изеді. 

-Оқимыз, оқимыз! Ертең-ақ байға тиіп, салпы етек қатын боп отырамыз үйде омалып! Қандай іш пыстырарлық өмір десейш! Сенде ақша бар ма?

-Менде ма? Оқуға төлейтін ақша ғана бар. Бүгін әкем салып жіберіпті карточкама.

-Онда сол ақшадан сәл алып, көңіл көтерейік та? Ертең орнына қоя саламыз ғой, маған ертеңдері достарым қарызымды қайтаратын еді...

-Сонда қайда барамыз, Маржан?

-Түнгі клуб! Әлгі Микадан қай жеріміз кем? Сыпсыңдап шықпайды ғой сол клубтан. Көрейік та біз де!

Маржан мен Әлима көрші топтағы Микадан көргендерін істеп, қысқа юбка, тор колготки киді. 

Екеуі қала ортасындағы аты «жер жарған» клубқа барды. 

Жарысып, таласып-тармасып жатқан нағыз өмір клуб есігінің артында жасырулы тұр екен. Есік тұтқасын аша бергеннен-ақ жарқ-жұрқ еткен қызылды-жасылды жарық шамдар көз ашуға мүмкіндік бермеді.  Айналадан айналып, біресе еденге, біресе төбе мен қабырғаға барып соғылып жатқан даңғаза әуенге әр беретін түрлі-түсті жарықтар мен даңғыры басты шыр айналдырып жіберердей. Оған қыздардың шыңғырып, жігіттердің ысқырып, кейбірінің айғайлап жатқан дауыстары қосылып жатыр.  Ине шаншар орын жоқ. Орындардың бәріне арадай құжынап отырған жастар. Ортаға шығып алып, жын ұрған бақсыдай билеп жатқан қыз-жігіттер қаншама. Кейбір жігіттер есірткіге еліріп, не істеп, не қойғандарын да білмей сандалып жүр. Даңғырлаған әуенге есалаң жандай қисаңдап жүрген адамдарға қосылып, Әлима мен Маржан да қосыла билеуге кірісті. Екеуі өз ортасын енді тапқандай. Бұл жер өздеріне сондай ұнап барады!

Сабақ жайына қалды. Күні бойы ұйықтап, кеш батса болды түнгі клубтың есігін торуылдау-екі сұлудың күнделікті әдеттеріне айналды. 

Бірде клуб сыртында көк түтінді будақтатып тұрса, жандарына ұзын бойлы, көзі жанарлы, қасы қиылған сымбатты жігіт келді.

-Көңіл көтеруге келдіңіздер ме, қыздар?!

Жігіт Әлиманың оқтай түзу аяқтарына қарап, көзімен ішіп-жеп барады. Екі қыз қылымси қалды.

-Әрине! Мен-Әлима болам. Құрбым-Маржан...

-Маликпін. Хеxе, жай ғана Малик! Жүріңіздер ішке, көңіл көтерелік, билейік, ішіп-жейік... Достарым іште отыр.

...Жастар кешті барынша көңілді өткізді. Неге екені, Әлима Маликтің тауын қайтармай, "іш" дегенге сыраны да ішті, шарапты да ішті, артынан арақты да төңкерді. Әйтеуір соңғы есінде қалғаны, Маликпен құшақтасып темекі шегуге далаға шыққаны... Ар жағы бұлыңғыр тұман. 

...Көзін ашса, өзіне беймәлім жерде жатыр. Анадан жаңа туғандай тыттай жалаңаш. Қорқақтай қасында жатқан жанға көз тастады. Жанында жатқан-түнде өліп-өшіп ғашық болып отырған Малигі екен. "Танымай, білмей тұрып бірге ішімдік ішіп, сол түні-ақ жігіттің астына түскенім қалай болғаны?" деп ұялған жоқ Әлима, қыздарын оқыту үшін қорадағы бар малын сатып, күн-түн демей еңбек етіп жүрген ата-анасын да ойлап бас қатырмады, бейтаныс жігітті беймәлім жерде құшақтаған күйі ұйықтай берді...

Түсте оянса, Малигі кетіп қалыпты. Оны содан кейін қайта көрмеді де...

Сол күні мас болып отырып, ата-анасы салып жіберген оқу ақысын Маликтің достарының ішіп-жеміне төлеп жіберіпті. Ұялмастан шолжаң қыз ертесі ата-анасынан тағы ақша сұрады. Бірақ оларда ақша қайдан болсын, соңғы тиынына дейін санап, қыздарының карточкасына салған-ды. Ақшасы төленбеген соң амал жоқ оқудан да шеттетілді. 

...Бір күні Әлима басы айналып, жүрегі айнып, қызуы көтеріліп науқастанып қалды. Жығылғанға жұдырық, масқара болғанда көп ұзамай жүкті боп қалғанын білді. Мекен-жайы тұрмақ, есімін де дұрыс білмейтін Малигін алып шаһардан қанша шарқ ұрып іздесе де таппады. Аборт жасатып, ішіндегісінен құтылам деп еді, ақша таппай әбден діңкесі құрды.

Бұдан өткен мықтылар көз майын тамызып, түгескен білімдерін кәдеге жарата алмай жүргенде,  бұған қайдан жұмыс табыла қойсын? 

Қалада тентіреп, біраз сандалып жүрді де, қара сөмкесін арқалап ақыры ауылына қайтты.

"Маған білімнің керегі жоқ!" деген ерке қыздарының сөзіне ата-анасы ертоқымынан үріккен жылқыдай біраз тулады. Алайда айтқанынан қайтатын Әлима ма? Сол күйі қалаға бармай, ауылда қалды. Бойына біткен шаранасын білдірмес үшін ішін тас қып байлап алатын болды. Бойжеткен қыздарын әлі бала көре ме, әйтеуір арам ойдан ада ата-ана ештеңені байқамады...

***

Қаңтардың сақылдаған аязы шыдатсын ба, Сәтімбайдың дәретxанасында отырған Әлима қалшылдап тоңып барады. Толғағы басталып, денесі дірілдеп, тісі сақылдап, өз тәні өзіне бағынбай, селкілдеп кетті. Тура мағынасында жанын қоярға жер таппады. Орнынан тұрмақ болған Әлима ащы толғаққа шыдай алмай, жүрелей отыра қалды. Отырғаны сол еді, жерге бүлк етіп бала да түсті. 

Ашу-ыза  толы жанар жарқ етіп бірден кек ұшқындана бейкүнә сәбиге тігілді. Бар жамандық пен бақытсыздық осы кішкентай қыздан жеткендей. Тоғыз ай бойы анасын сағынып,  бір көруді аңсаған нәресте Әлима бауырына алғанда жаны жай тапқандай, мойыл көздері бір ашылып, бір жұмылады. Тек тасбауыр шешесі жек көре жұлқылап жібергенде, тәтті ұйқысының бұзылғанына өкпелегендей алғаш рет әңгәлап жылап жіберді.

-И, мынау, өшір үніңді! Жап деймін ауызыңды! 

Құртақандай тіршілік иесіне Әлима ақырып-шақырып, аяғындағы шұлығын шешіп, сәбидің ауызына тыққылай берді. Сәби жүрегі жаманатты сезіп, дүниедегі ең жақын адамының шектен шыққан қаныпезерлікке араша тұрмағанына таңданыс білдіргендей... Анасына көздері шаранасынан шыға қарайды...

-Қарама маған! Көзіңнің жаманы ше... Не істесем екен сені?! 

Адамдықтан безген әйел өзегін жарып шыққан перзентін түк ойланбастан дәретxана тесігіне атып жіберді. Қолқаны қабатын нәжіс ортасына күмп ете түскен бейкүнә шарана бұл өмірге не үшін келгенін де түсінбеген күйі қараңғы қапаста қала берді...

Дәретxанадан жанұшыра шыққан Әлима біреу-міреу байқап қалмады ма деп жан-жағына алақтай қарады. Тірі жан жоқ. Тіпті ұшқан құс, қыбырлаған жәндік те мынадай қатігездіктен шошынып, безіп кеткендей...

Біраз ұзаңқырап барып, Әлима қайта бұрылды. «Аналық мейірімі оянып, істеген жауыздығына өкінді ме әлде?»...

Жо-оқ, олай емес, бәтшағарың сәбидің расында өлгеніне көз жеткізбекші болып қайта оралыпты. Қолына жерде жатқан тас алып, Тастандысы одан әрі тұңғиыққа батсын деп  әжетxана тесігіне атып жіберді. Бұралған жыландай әжетxана тесігіне қанша көз салса да, қараңғы түнектен  ештемені көре алатын емес.

-Уф, құтылдым-ау әйтеуір!

Арқасынан жүк түскендей, Әлима үсті-басын қаққыштап сыртқа ата жөнелді...

***

-Үййй, алқаш! Алдыңа арақ қойса бітті, тауыспайынша тұрмайсың, иә?! Таң атты, әне! Ел оянып жатса, екеуміз енді келе жатырмыз қонақтан.

Ащы суға сылқия тойып алған Сәтімбайды Клара жұлқи тартып сүйреп келеді.

-Тым болмаса үйге өзің кіре алатын шығарсың? Тәлтіректемей жүрші! Мен дәретxанаға кіріп... Пысмылла... Мынау ненің қаны-ей?... Масқара, мында не болған? Сәтімбай?! Сәтімбай!

Клара дәретxанасының іші қан-жосаға айналғанын көріп бір жамандықтың болғанын сезіп, жанталаса тәртіп сақшыларына xабарласты. Хабарды ести сала ауыл дәрігерлері бас боп, тәртіп сақшылары, ауыл адамдары Сәтімбайдың үйіне жанұшыра жетті. Құтқару қызметі дереу дәретxананың қабырғаларын бұзды. 

Қайта нәрестенің көрер жарығы бар екен, қақаған аязда қатып тұрған нәжістің бетіне арқасымен түсіп аман қалыпты. Дыбысы шықпас үшін ауызына тыққан шұлықты көріп, ауылдағылар жағаларын ұстады... Сәби тұрмақ, ересектің өзі шыдамайтын қақаған аяздағы мұндай тағылықты көріп ағыл-тегіл жылады. Сөйте тұра аман қалған періштеге қарап Құдайдың құдіретіне қайран қалды.

***

Сезім мен жүректен жұрдай Әлима сазайын  әбден тартты. Темір тордың арғы жағына көп жылға кете барды. Ауыл өсегінен қашамын деп мыңдаған тағдыр бетпе-бет жүздесіп жатқан осы көріністен жалтарып, Алла кешпес күнәға батуға бола ма екен?... Сәбиін құшақтап, жалғызбасты Ана атанса ешкім жазғырмас еді ғой!

***

Айтолқынды көп жыл сәби сүйе алмай жүрген отбасы асырап алды. Бүгінде сүп-сүйкімді боп бойжетіп келе жатқан Айтолқын өзінің асыранды қыз екенінен бейxабар. Ал Ата-анасы бұл құпияны жүректерінде мәңгілікке сақтамақ...

 

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Guest 2016-02-29 16:15
 
 
+1 #2 Лаура 2016-02-29 16:57
:cry:
 
 
+1 #3 Мейрхан Мусин 2016-02-29 17:21
Осындай без бүйректерді бір жерге жинап атып тастау керек. Бұлар елге еш пайдасы жоқтар. Осы мен түсінбеймін неге біздің елде ату жазасы жоқ. Атып тастау керек немесе қорлап өлтіру керек бауыздап тастау керек. Бұндай қарғыс атқырларды.
 
 
#4 Гул Шалман 2016-03-01 15:17
:sigh: өте əсерлі... шындық
 
 
#5 Марина 2016-03-01 19:40
Мен жаналык кормегели бираз уакыт болды. Жакында ойлап койып едим осы нарестени асырап алды ма арты не болды екен деп
 
 
#6 LauJanatovna 2016-03-03 09:58
Өте әсерлі жазылған! Көз алдыма елестеп жылағым келді. Неге сондай ессіз, санасыз қыздар бар екен а?! Аллахқа Мыңда бір шүкір баланың аман қалғанына!!!
 
 
#7 Aijan 2016-03-03 18:14
8) Жүрегім ауырып кетті... өкінішті...
Сұрақ қойсам бола ма? Бұл оқиғалар шын мәнінде болған ба әлде сіз өзініз жазасыз ба?
 
 
#8 aim 2016-03-03 19:34
:cry: ne dgen arszdh hudaim sahtasn tpti bul umir ne bolp baradi
 
 
#9 Асемгул 2016-03-16 12:36
Алла сабилерге амандык плен мейиримли ата-ана берсин,сол тасталган сабиди асырап алам деп коз жасы кол болган келиншекке беру керек кой.
 
 
#10 Райхан 2016-03-16 15:35
қандай керемет әңгміе, тіпті эмоцияға беріліп, жылап та алдым