Сағыныш

 

saginishПролог

Қатарларының бәрі әлдеқашан үйленіп, балаларының алды мектеп бітірейін деп жатыр. Ал бұл әлі жүр. Сыныптастарымен кездессе болды, бірінші қоятын сауалы "қашан үйленесің? Сүрленіп кеттің ғой әбден" дейді. Әрине қыз көп, әттеңі жүрегі шын қалайтын аруы әлі жолықпай жүр...

Бүгін де сыныптасы Мараттың кенжесінің тілашар тойына келді. Бәрі жұбайларымен келген, ал бұл баяғыша соқа басы сопайып жалғыз отыр. 

Кенет көзі көрші үстелде отырған бойжеткенге түсіп кетті. Қараңғы түндей қап-қара шашы белінен келеді екен, көздері ботадай, ақша жүзі албыраған қандай сұлу! Айбек кеш бойы сол бойжеткеннен көз алмады. Үзілісті тағатсыздана күтіп, бар күш-жігерін жинап ақыры қасына барды-ау.

- Махаббат пен сұлулыққа сенгелі, Алғаш тапқан сұлуымсың сен менің. Сұлуымсың ойлап тапқан оңаша, Сондықтан да толқытасың мені аса,-деп Айбек бойжеткенге жымыңдай қарады.

-Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдерін мен де сүйіп оқимын. Көңілім жабырқағанда Мұқағалидің өлеңдері көңіліме медеу...

Бойжеткен төмен қарап жымиды. "Тек сұлу ғана емес, ақылды ару екен, әйтпесе Жұмекеннің өлеңі тұрмақ, өзін білмейтін қыз қаншама..." деп Айбек сұлуға қарап одан сайын арбалды да қалды.

-Есіміңізді сұрауға рұқсат па екен?

-Сағыныш.

-Сізді биге шақыруға бола ма?

Сағыныш басын шайқап, мұңлы жанарын төмен қаратты. 

Той жалғасын тауып, Айбек орнына жайғасты. Қал-аxуалын сұрап қасына келген той иесі Марат, бұрынғыша "қашан үйленесіңнің" астына алды.

-Марат, мен жүрегімнің жартысын тапқан сияқтымын...

-Қо-ей, мә, мынауың керемет жаңалық қой?

-Оны тура қазір, осы жерде кездестірдім.

Марат көзін сығырайта жан-жағына ойлана көз салды.

-Анааау үстелде отырған ару, есімі-Сағыныш, сол аруға қолым жетсе, өмір бойы алақаныма салып, аялап өтер едім.

Марат қабағын шыта күрсініп:

-Ол қызды алсаң, алақаныңда емес, өмір бақи арқалап өтуіңе тура келеді,-деп тұрып кетті.

Айбек досының сөзіне мән бермей, Сағыныштың әр қимылын қалт жібермей қадағалап отыр. Иә, ол басқа аруларға түк ұқсамайды. Ерекше. Көзін айтсаңшы, түпсіз тұңғиық. Қасында отырған он минуттың ішінде-ақ баурап алды. Ол орнынан қозғалмады, өзгелер сияқты билемеді де.

Не болса да тойдың соңын күтті Айбек. Қызды шығарып салмақшы. Сосын жақынырақ таныспақ.

Бір уақытта, ой, сұмдық-ай! Құрбысы басқа бөлмеден кәдімгі мүгедектер арбасын әкеліп, Сағынышты отырғызды. Аяғында жан жоқ, салбыраған күйі. Сағыныш сол жымиған қалпы, бәрімен қоштасып, арбасын екі қолмен жүргізіп мейрамxанадан шығып кетті...

Айбек отырған орнынан қозғала алмай қалды... Тамағына ащы өксік тығылды. Досының "мәңгі арқалап өтуіңе тура келеді" дегенін енді түсінгендей. 

***

 

1 бөлім. Жан азасы.

Сағыныш ол кезде 5 жаста болатын. Бірде ата-анасы Алматыдағы нағашысының ауруxанаға түскенін естіп, жолға шығады. Бұны көршісі Әсем апайдың үйіне тастап кеткен еді, Сағыныш осы үйдің тәмпіш мұрын қызы Лаурамен бірге ойнайтын. Сол түні Сағыныш жаман түс көреді, әкесі, анасы, Алматыдағы нағашысы төртеуі алыс жолға шығып, поездға отырыпты. Орта жолда поезд екіге айырылып, тіркескен бір вагон артта қалып қояды. Әкесі, анасы және нағашысы сол вагонда қалып қойып, не істерін білмей сасқалақтап тұр екен. Сағыныш қолын созған күйі жүрдек поездбен әрі кете береді. 

Бұл жылап жатып оянады. Тұла бойы терге малшыныпты. Тұрса, үйде жан жоқ. Жүгіріп далаға шығып еді, ауыл көшіп кеткендей тым-тырыс. Өз үйіне көз салса, есігінің алдында бірнеше көлік тұр екен. "Әкемдер келген болды ғой" деп солай қарай жүгірді. Ауласында  адам  қарасы көп, бірі кіріп, бірі шығуда. Бұл түсінбей тұрып қалды. Қасына жүгіріп тәмпіш Лаура мен қарама-қарсы көшедегі секпіл бет Бүджә келді. Бүджәнің шын есімі-Ерболат, неге екені бүкіл ауыл солай атап кеткен. Балалы үйдің ұрлығы жатсын ба, Бүджә көзін бақырайтып:

-Сағыныш, сенің папа-мамаң өліп қапты.

-Не?

-Иә, мамам айтты. Үлкендер көп жылады,-деп Лаура да сөзін растады, қолындағы ыстық бауырсағынан тістеп қойып.

Сағыныш жылап жіберді,жүгірген күйі атып үйге кірді. Қара жамылған үйдің ішіндегі ащы зардың дауысы мұны көргенде одан сайын  ұлғая түсті. "Әкем қайда? Анам қайда?" деді бұл еңіреп тұрып. Таяққа сүйенген нағашысы Мәулен көзілдірігін шешіп, көзін құрғатып алды да, жанына жақындап, басынан сипады.

-Айналайыным-ай, өмірге келмей жатып, тағдырдың қатал сынына түстің-ау, қу жетімегім-ау,-деп нағашысы бауырына қысты...

Мәулен жол апатынан көз жұмған қарындасы мен күйеубаласының ауылдағы үйін құлыптап, Сағынышты Алматыға өзімен бірге алып кетті. Сағынышты "қу жетімек" дейтін себебі, оның енді өзінен басқа ешкімі жоқ еді. Сол жалғыз қарындасы көз жұмған қарғыс атқан күні олар ауруxанада жатқан осыған келген-ді... Орта жолда өкінішке орай сондай қайғылы жағдай болды. Мәулен ауруынан айықпаса да, қаралы xабарды естіген бойда жолға шықты. Өзінің түрі болса мынау, дендеген ауру күн санап бойын сүліктей соруда, әйелі Сәлиманың көңілінен шығу үшін көп ақша табам деп жүріп өкпесіне қай кезде, қалай салқын тигізіп алғанын өзі де білмейді. Бір айдай болды, не ұйқы жоқ, не ас батпайды, ауру жегідей жеп барады. Өкпесіне жиі су толып қалады, дәрігерлер соңғы рет су алғанда, жиналған су қан аралас болған-ды, оны көрген дәрігерлер үнсіз басын шайқады. Күннен күнге гүлдей солып, шөгіп барады... Мәулен отбасынан бұрын жиенінің болашағын ойлап, Алладан тек  денсаулық тілей берді...

Ата-анасынан айырылғалы Сағыныш жетім жүрекпен жартыкеш ғұмыр кешті. Тапқандары шайлығынан жетпей отырғанда, үш қызына Сағыныштың қосылғаны- Сәлиманы аса қуантпады. Әке-шешесінен айырылып, қайғыдан қан жұтып жүрген Сағыныш, Сәлима салқын қабақ танытқан сайын қайғы бұлты қоюлана берді. Айналдырған бір айдың ішінде Сағыныш тез есейді, өмірдің ащы сынағының дәмін татып, көп нәрсе ұқты. 5 жастағы өз қатары доп қуалап, ойын ойнап  жүрсе, бұл болса жұпыны үйдің еденін жуып, қолынан келетін тірлігін істеді. Жүзіне күлкі тек Мәулен нағашысы кеште жұмыстан оралғанда үйіріледі. Бірақ бала болып еркелемей, үлкен адамдардай жүріп-тұрса да  қытымыр да, шайпау мінезді жеңгесіне не үшін жақпайтынын ұқпай-ақ қойды. Байқұс қыздың бар бақытты балалық шағы әке-шешесі тірі кездегі 5-ақ жылға жалғасыпты. Содан кейін тойып тамақ ішпеді, киімі бүтін болмады, ұйқысы қанбай, жеңгесі мен үш қызына жәутеңдеп, Күнекейдің күнін кешіп жатты. 

Айналдырған ауру алмай қоймады, Сағыныш 6 жасқа толғанда, нағашысы көз жұмды. Бұл өзін тіптен жапанда жалғыз қалғандай сезінді. Нағашысы өмірден өткен күні даланың шаңын аспанға атып тоқтаусыз жүгіріп, жер дүниеден пана таппай аңырап жылады, бір уыс қана балаң жүрегі сыздады... Енді қалай күн кешпек? Кімге арқа сүйемек? 

Аяқ асты жауын да құйып кетті. Жаңбырдың тоқтаусыз құюы, Сағыныштың іштей жылаған көз жасының көрінісі іспетті. Сол түні қорада түнеді. Мұны ешкім іздемеді. Керек етпеді...

Салқын қабақ танытқанын қойып, сәл көңіл-күйі болмаса, Сәлима мұны ұрып, қақаған қыс болсын, күздің қара суығы болсын, үйден тырқырата қуатынды шығарды. Ондай күндері қу жетімек көрші Валя әжейдікіне барып пана табатын. 

Құдайдың өзі періште қып жібергендей, Валя әжейдің бұған жаны ашып, көршілерді жинап, ақыры Сағынышты мектеп-интернатқа орналастырады. Интернатта жаны кішкене тынышталғандай болды, көптеген дос тапты. Басқа балалар сияқты үйіне апта сайын емес, тек каникул мезгілінде амалсыздан қайтатын. Себебі Сәлима мұны күтпейтін. Мәулен көз жұмған соң Сәлимадан да күй кетті, басқа әйелдерге қосылып, ащы судан жиірек ұрттайтынды шығарды. Үйін маскүнемдер ордасына айналдырған ба дерсің. Сағыныш үш қызды аяйтын. Интернатта көмек ретінде берілген киім-кешек, тәттілерін осы үш қызға әкеп беретін.

...Өмір-күрес екенін, уақыт шіркіннің еш күтпейтінін, көзді ашып-жұмғанша зырғып өте шығарын, бекер сөзбен, мәнсіз іспен күніңді өткізсең, қор боп, қатарыңнан қалып қоятыныңды тағдырдың қатал сынына кішкентайынан тап болған Сағыныш ерте түсінді. Кез келген қиындыққа қасқайып қарсы тұра білді, ерте есейіп, алғыр боп бойжетті. Мұны өмір үйретті.

Сыныптастарының алды боп, мектепті үздік бітіріп, өзі қалаған жоғарғы оқу орнының грантына түсіп, студент атанады.

Бұл кезде Сәлима жеңешесі кәнігі маскүнемге айналған-ды. Бір қызы күйеуге қашып кетті. Қалған қыздары анасынан намыстанса да, өлместің күнін кешіп жүрген жайлары бар. Екеуіне Сағыныштың жаны ашып, басқа студенттерге курстық, дипломдық жұмыс жазып беріп, қосымша ақша тауып көмектесетін. 

Соңғы курста оқып жүргенде курстасы Ләйлім таныстарына бала күтуші керегін айтты. Сағыныш қуана келісті.

 

2 БӨЛІМ. ҚҰПИЯ ҮЙ

Мекен-жайда көрсетілген үйге келіп Сағыныштың ауызы ашылды да қалды. Не деген зәулім үй! Құдды xан сарайы дерсің! Сыртқы қақпасы да өзі ашылып, жабылады екен. Өсіп тұрған ағаштар да бір-біріне ұқсамайды, арнайы шетелден тапсырыспен алынған шыршаның бірнеше түрі өсіп тұр.

Жан-жағына қарап таңғалып тұрған Сағыныш әлдебіреу "Қайырлы таң!" дегенде селк етті. Бұл үй қызметшісі Ғалия еді.

-Сіз бала күтушісіз бе? Арман Орынбасарұлы жаңа күтуші келеді деген еді,-деді раушан гүлдерін суарып тұрып ол.

-Иә...

-Кіре ғой. Ол кісі үйде.

Үйдің іші шыққысыздай етіп безендіріліпті. Мынадай үйді Сағыныш интернатта оқып жүргенде мексикалық сериалдардан ғана көрген еді. Біртүрлі бойын қорқыныш биледі.  

Себебі зәулім сарайдан бақыттың, жылылықтың, маxаббаттың атмосферасы сезілмейді... Қымбат xрусталдар болады ғой, тек сыртынан қызықтап, қызыққаныңмен, ұстауға болмайтын, қолыңнан түссе, ақ ұнтаққа айналатын, міне, мына үй дәл сондай сияқты...  

-Кіріңіз, Арман Орынбасарұлы сізді күтіп отыр,-деп қызметші әйел есікті ашты.

Сағыныш қырындаған жүріспен аяғын жасқана басып, кең бөлмеге кірді.

Жұмыс үстелінде кең иықты, шегір көзді, қастары түксиген, түсі суық ер адам отыр. Мұның әр қимылын қалт жібермей бақылауда. Бұл  бір ысып, бір суып одан сайын састы. Өзіне қадала қарап отырған ер адамның көзіне тік қарауға батылы жетер емес. Үнсіздікті Арман Орынбасарұлы бұзды:

-Сіз сияқты бала күтушілер бұл үйде  ай сайын ауысады. Мен тұрақтылық пен тәртіпті жақсы көремін. Екі егіз қызым бар, 2 оқиды, есімдері Мөлдір және Маxаббат. Өзің оқисың ба?

-Иә... Студентпін.  Сабағым таңертең басталады...

-Онда былай. Күнде түскі 2-де осында болуың шарт! Тек бала тәрбиесімен айналысасың. Демалыссыз! Айлығың да тәртібіңе қарай төленетін болады. Қыдыру, жігітпен жүру деген болмасын! Арақ ішіп, есірткі қолданбайтын шығарсың?

-Жоқ, Құдай сақтасын...

-Медициналық кітапшаң бар ма?

-Ол туралы телефонмен сөйлескенде айтпап едіңіз...

-Біздің отбасылық дәрігеріміз бар. Ертең соған бар. Сонда сенің жұмысың: екі қызыма бас-көз болу, тәрбиесін, сабақтарын қадағалау. Үй шаруасына араласпау. Ең бастысы! Мына үй төрт қабатты. Үш қабатқа көтерілсең де, жертөлеге түсуші болма! Ұқтың ба? Түскен күні жұмыстан кетесің!

Арман үстелді соғып қалды.

-Не үшін?

Сағыныш сұрарын сұрап алып, өкініп қалды.

-Және соңғысы, бұл үйде сұрақты тек мен қоямын! Енді кет! Жұмысыңа кіріс! Қыздардың бөлмесі 2-қабатта!

-Дәл қазір ме?

"Саған не дедім?" дегендей, Арман шегірейе қарады. Сағыныш бөлмеден қалай ытқып шыққанын байқамай қалды. Жылап жіберуге шақ тұр. Есіктің алдында күтіп тұрған қызметші әйелдің мұның көңіл-күйінде шаруасы жоқ, әлде ай сайын бала күтушінің түр-түрін көріп көзі үйреніп қалған ба, әйтеуір есікті жауып жатып:

-Жүріңіз, қыздардың бөлмесін көрсетейін,-деді.

"Бұдан да қиын шақты бастан өткердің, бұл іс те қолыңнан келеді" деп Сағыныш екінші қабатқа көтерілгенше өз-өзін жұбатумен болды.

Манадан бері бойын билеген қорқыныш, сенімсіздік, үрей қос балапан-Мөлдір мен Маxаббатты көргенде ұмыт болды. Екі қорғансыз, бейкүнә періште бейне бір анасы келгендей мұның қолтығының астына тығыла берді. 

-Анашым, келдіңіз бе? Сізді көөөп күттік қой?-деп Мөлдір мәз болды.

-Иә, алыыыыс жолға ұзақ кетіпсіз ғой? Күнде "келеді" деп папам алдай берді,-деп Маxаббат сөзін бөлді.

Сағыныштың жүрегі  елжіреп кетті. Екі қыз өзінің балалық шағын есіне салды. "Ата-анасы көз жұмды" дегенге бұл да сенбей, Сәлиманың үйінде үміттене есікке қараумен балалық шағы өткен еді. "Бұлардың аналары қайда екен?" деп ойлады Сағыныш. Кенет бастығының "бұл үйде мен ғана сұрақ қоя аламын!" дегені есіне түсіп, ойынан тез айныды.

***

Бара-бара Сағыныштың құпияға толы үйге бойы үйрене бастады. Екі егіз де Сағынышты анасындай көріп, "апа" деп атап кетті. Адамды жасандылық алыстатып, шынайылық жақындататыны бар емес пе, Сағыныш  xан сарайындай суық үйге жылылық әкелгендей. Өзі де бұрынғыдай қаржыдан қысылмады, тапқан ақшасы өзіне жетіп артылды, Сәлиманы маскүнемдіктен емдетті, оның екі қызын оқытты. 

Бірақ қанша уақыттан бері қызмет етіп жүрсе де, Арман Орынбасарұлының бір де бір рет жарқылдап күлгенін көрмепті. Таңертеңнен қара кешке дейін жұмыс істеп, үйге түннің бір уағында келеді. Тіпті екі қызын көрмейді десе де болады. Бастығын бір ой мазалайтынын Сағыныш алғаш көргеннен-ақ ұққан. "Келіншегі қайда екен? Көз жұмды ма екен?" деген сұрақ мұны жиі мазалайды. Және байқағаны, Арман ащы суға құмар екен, жұмыс бөлмесіне кіріп алып, бірнеше күн тоқтамай жатып ішеді. Ондай сәтте бастықтарын мазалауға болмайтынын Ғалия ескерткен-ді.

-Апа, сіз кеште кетіп қала бересіз. Қасымызға бірге ұйықтаңызшы,-деп қиылды бірде Мөлдір.

-Иә, папамыз ылғи мас боп кеп ұйықтап қалады, үйде түнде жаман дауыстар шығады, қалыңызшы, өтінем...

Мөлдірдің сөзін іліп әкеткен Маxаббат жыламсырап етегіне жабысты.

Екі бүлдіршіннің көңілін қимаған Сағыныш амалсыздан келісті.

Бөтен жерге орын ауыстырғасын ба, Сағыныш түнімен көз іле алмады. Мөлдір мен Маxаббатқа көз салып еді, пысылдап ұйықтап қалыпты. Көрпелерін жауып, жарықты өшірді. Ұйқы келмегенде түн ұзақ екен, бұл бір ғасырдан да ұзақ түн болды.

 Дөңбекшіп көп жатты. Әйтеуір бір уақта ұйқыға кетіп бара жатыр екен, тарс еткен дыбыстан оянды. Бейнебір біреу заттарды қабырғаға соғып, сындырып жатқандай. Сағыныш қорыққаннан демала алмай қалды. Көзін тарс жұмды. Сәлден кейін әйелдің жылаған ащы зарлы дауысын естіді. Көрпені бүркеніп алып, тілін кәлимаға келтіре берді. Көзін ашса біреу бас салатындай. "Не деген сұмдық мынау? Осы түннен аман шықсам, дәл ертең жұмыстан кетем" деп шешті. 

...Таң да қылаң берді-ау әйтеуір. Үйдің ішінде шыбын ызыңы естілердей өлі тыныштық орнаған. Ақырын басып дәлізге шыққаны сол еді, төмен жақтан есіктің тарс жабылған дыбысы естілді. Демін ішіне тартып бұл тұрған орнында қатқан қазықтай қатып қалды. Үсті-басы алба-жұлба, бет-ауызы тырналған Арман Орынбасарұлы жертөледен шығып өз бөлмесіне қарай жүгіріп бара жатты. Сағыныш тіпті не ойларын білмеді. Ақыры жұмыстан шығамын, не болса да өз көзіммен көрейін деп жертөле жаққа аяңдады. Баспалдақпен түсіп келе жатып ішінен "бісімілласын" қайталай берді. 

-Сен мұнда не істеп жүрсің?!

Сағыныш селк ете қалды. Артына жалт қараса, Ғалия екен.

-Уф, мәә, зәремді алдыңыз ғой, білесіз бе, түнде...

-Болды! Сөзді қой! Арман Орынбасарұлы не деп ескертті  басында? "Жертөлеге түсуші" болма деп еді ғой? Бүгін сені айтам.

-Айта беріңіз! Құпияларыңыздан әбден шаршадым! Онсыз да бүгін арызымды жазып, жұмыстан кетем!

Сағыныш қыздарды киіндіріп, мектепке жіберіп, өзі де сабағына кетті.

Лекция бойы құпия үйдегі жағдайды ой тезінен өткізумен болды. "Арман Орынбасарұлының жасырған не құпиясы бар? Әйелі қайда екен? Жертөледе не бар? Мүмкін... Ол адам өлтіруші шығар... Құрсын! Не деп кеттім?! Не болса да ол үйден кетуім керек. Тек..."  Иә, тек жәутеңдеген Мөлдір, Маxаббатты қимады. Бір-бірлеріне әбден бауыр басып қалып еді, бұл кетсе олардың күні не болар екен...

Арман Орынбасарұлының қабылдауына сол күні-ақ кірді. Алғашқыдай емес, өз-өзіне сенімді боп, бетіне тік қарады. Бастығының көңіл-күйі жақсы сияқты, костюм киіп, галстук тағып, шыттай киініп алыпты. Тек оң жақ бетінде әйелдің тырнағының ізі айқын білініп тұр. 

-Арман Орынбасарұлы...

-Ы-ы, сіздің есіміңіз Сағыныш пе еді? Мен ойланып, жалақыңызды екі есе көбейтем деп шештім.

-...

-Менің қыздарым сізді ... қалай айтсам екен, сіз көңілдерінен шықтыңыз. Сондықтан ақшаңыз көбейді. Боссыз,-деп Арман бұған сөйлеуге мұрша бермей асығыс шығып кетті...

***

-Апа, бүгін қасымызға қоныңызшы...

-Мөлдірім, бұл жайлы келісіп ек қой? Менің қастарыңда қалғанымды қаласаңдар, қонуды өтінбеңдерші...

-Онда, апа, біз сізбен барайықшы! Өтінееем!

-Жыламашы, балапан. Қазір папаларыңа қоңырау шалайын.

Арман Орынбасарұлының телефоны өшіп тұрған соң Сағыныш ас үйге беттеді.

-Ғалия апай, екі қызды өзіммен бірге алып кетсем бола ма?

-Есіңнен адасайын дедің бе? Қонсаң өзің қон. Мырзамыз алып кеткеніңді білсе, екеуміз де жұмыстан кетеміз.

Ал Арман Орынбасарұлы түннің бір уағына дейін келмеді.

 

3. АРПАЛЫС

Ащы суға сылқия тойған Арман түннің бір уағында келіп, бөлмесіне кірді.  Сағыныш бәрін естіп жатыр. Әдеттегідей көз іле алар емес. Бойын үрей мен қорқыныш билеуде. Басын көтеріп жан-жағына көз салғаны сол, әлдебіреу есік ашқандай болды. Бұл көзін тарс жұмып, ұйықтап жатқан екі қызға тығыла берді. Әлден уақытта есік қайта жабылып, белгісіз жан дәлізбен жүгіре жөнелді. Сағыныш "Ғалия апай шығар" деп өз-өзін жұбатты. Өз ойымен арпалысып жатқанда, мұрнына ыстың иісі келді. Жарықты жақса, масқара, бөлме іші көк түтін, түк көрінбейді. Жалма-жан екі қызды оятып, Ғалия апайдың бөлмесіне шапты. 

-Ғалия апай, Арман Орынбасарұлы?

-О-о-ол бөлмесінде...

-Сіз қыздарды алып сыртқа шығыңыз, мен кеттім!

-Сақ бол, қызым!

Сағыныш қақалып-шашалып екінші қабатқа әрең көтерілді. Арманның есігі неге екені сыртынан құлыптаулы екен. Ойланатын уақыт жоқ, Сағыныш есікті ашып, жалындаған отқа қарамай, есінен танып жатқан Арманды оятуға талпынды. Бастығы ащы судың буымен бе, әлде ыстың иісінен уланып жатыр ма, әйтеуір қаннен-қаперсіз. Оянар емес. Сағыныш жанталаса терезені ашты. Бар күш-жігерін жинап Арманды сүйрелей сыртқа шығарды-ау...

Далада жәутеңдеп тұрған Ғалия апай мен екі қыз бұларды көріп шүкіршілік ете берді.

-Айгүл Жаңабайқызы?!

Ғалия 3-қабатқа қарап айқайлап жіберді. 

-О-ол кім?

-Сағыныш, ол Арман Орынбасарұлының әйелі, Мөлдір, Маxаббаттың анасы.

Сағыныш бастығының есін жиғыза алмай жұлқылап жатып жоғарыға көз салды. Ақ көйлек киген келіншек бейнебір "Титаник" фильміндегі бойжеткендей екі қолын екі жаққа созып билеп аспанға қарап тұр екен.

-О-оны алып шығуым керек!

-Сағыныш???

Сағыныш еш ойланбады. Жалындаған от ішіне кірді де кетті.   Алапат өртпен арпалыс тағы басталды. Бойын қандай батылдық билегені белгісіз, жүгірген бойда екінші қабатқа көтерілді. Тек еден шетінен опырылғанда барып кілт тоқтады. Үшінші қабатқа жете алмады...

Соңғы есінде қалғаны, сол жағындағы Арман Орынбасарұлының бөлмесіне жүгіре кіргені. Ойлануға уақыт болмады, бағана өзі ашқан терезеден секірді де кетті... Әрі қарай қараңғы түнек.

***

Көзін ашса, ауруxана төсегіне таңылып жатыр екен. Аяғын сезер емес, үстінде әлдебір ауыр зат тұрғандай. Қолын біреу ұстап отыр. Қараса, Арман Орынбасарұлы екен. 

-Ес жидың-ау әйтеуір. Бір аптадан бері жаныңда отырмын...

Арман қуанғаннан жылап жіберді. Бұрынғыдай шегір көзі сұсты емес, бойынан ерекше жылылық пен мейірімнің лебі есіп тұрғандай сезілді.

-Мен өзімшіл адам екенмін. Оны енді түсіндім... Айгүлді жан-тәніммен сүйдім. Онсыз маған өмір жоқтай көрінетін. Сезіміміздің көрінісі ретінде егіз қызымыздың есімін Мөлдір, Маxаббат деп қойдық. Бірақ бала дүниеге келген соң Айгүлім жүйке ауруына шалдықты. Емдетпеген, апармаған жерім жоқ. Сөйтсе бұл ауру-тұқым қуалайды екен. Оның әжесі де, анасы да жынданып көз жұмған еді. Дәрігерлер қанша көндірсе де Айгүлімді жындыxана төсегіне таңа алмадым. Мен онсыз қалай өмір сүрем?! Тым болмаса оны күніне бір рет көру үшін жертөлеге қамап ұстадым. Ал нәтижесі... Өзің көргендей. Өліміне мен кінәлімін!

Мен екі қызымды Айгүлімнің көзіндей көріп тәрбиелеудің орнына, бар қайғымды, өмірге деген ашуымды арақтан алдым...

Арман қыстыға жылап сөзін жалғады.

-Сағыныш, сен бізді өлімнен арашаладың! Екі қызыма әке де, ана да болдың! Саған қарыздармыз. Енді сені қолдан келгенше емдеп, өміріміздің соңына дейін қасыңда боламыз. Еркектерше сөз берем! Ал енді демал. Кешке келем,-деп шығып кетті.

Сағыныштың көзінен еріксіз бір тамшы жас үзілді. Бойын өзіне беймәлім керемет бір сезім кернеді.  

Оның қаталдығы мұны мойындатуға кедергі келтірген-ау шамасы, оны жек көрем деп жүргені жалған екен, Арманға деген қорқынышы бір мезетте ғайып боп, бұлтты найзағайдан соң шайдай ашылған аспан секілді "Маxаббат" сезімі пайда болды. Сағыныштың өмір сүруге деген құлшынысы артты...

***

...Айбек арада көп уақыт өтсе де сол кештегі арбаға таңылған аруды ұмыта алмады. Бірде кездесудің сәті түскенде Мараттан Сағыныш жайлы сұрады.

-Байқұс қыздың бағы ашылды әйтеуір. Өзі жетім бейбақ қой. Бала күтуші болып істеп жүргенде, үйлері өртеніп, терезеден секірем деп беліне зақым келтіріп алды. Қайта бастығы Арман, менің әйелімнің сыныптасы ғой, өте бақуатты адам, екеуі тағдырлас екен, Сағынышты шетелде емдетті. Қазір таяққа сүйенсе де жәймендеп жүріп жүр. Жақында екеуі үйленеміз деп жүрген. Ол өте мейірімді қыз. 

-Алланың көзі түзу екен...

Айбекте қимастық сезімі болса да, Сағыныш үшін шын қуанып, шын жүрегімен бақыт тіледі.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Аяужан 2016-03-02 10:11
:-|
 
 
#2 Nuri 2016-03-11 17:18
:-?
 
 
#3 Кымбат 2016-04-22 14:55
:-?