Қасіреттің қара түнегі

 

kara tynek-Айтолқын, міне, мынау сенің бөлмең. Қарашы, қандааай кең! Баяғыда әкең, інің төртеуміз бір бөлмеде жатушы едік, енді әрқайсысымыздың өз бөлмеміз бар, керемет емес пе?
Сәуле қызының бетінен сүйді. Ол расында бақытты еді. Өмірінде бірінші рет сәттілік серік болды. 1 бөлмелі үйлерін сатып, 2 бөлмелісін іздеп жүрген еді, сол күні интернетті ашқаны сол, арзан бағаға "3 бөлмелі үй сатылады" деген жарнамаға көзі түсті. Сенбей, қоңырау соқты. Жас келіншек "шұғыл түрде ақша керек болған соң сатуға мәжбүрмін" деп жауап берді. Алып-ұшып Сәуле бірден жетіп келді. 
Еуроремонт жасалған айнадай жарқыраған үй, асүйі бұлардыкынен екі есе үлкен. Бірден күйеуіне қоңырау соғып, екеуі құжаттарын тексерді. Бәрі дұп-дұрыс. 
Бұлардың қуаныштары қойындарына сыймады. Кеше ғана отбасымен 1 бөлмелі үйде тығылысып отыр еді, бүгін xан сарайындай кең үйге қоныс аударды. Жөндеу жұмысын жасаудың да қажеті жоқ. Жалтырап тұр!


Айтолқын-үлкен қыздары, 11-сыныпта оқиды. Інісі Марлен 2-сынып оқушысы.
Туғанынан ата-анасының қойнында жатып үйренген Айтолқын жалғыз өзі бір бөлмеде көпке дейін көз ілмеді. Былай дөңбекшіді, былай аунады, ұйқы келер емес. Ойына қай-қайдағылар келді.
Бір мезгілде төсегінің жанынан біреу өткендей салқын жел бетін өбіп өтті. Онсыз да бойын үрей билеп жатқан оқушы қыз қорыққаннан демала алмай қалды. Көзін ашса, беймәлім мақұлық алқымынан алып тұншықтыратындай көрінді. Ішінен "біссімілласін" қайталай берді. Бөлмеде өлі тыныштық орнады. Көзін ашпаса да, бар назары бөлмедегі дыбыста. Тылсым нәрсе қасына қайта келіп, көз алмай бетіне тесіле қарап тұрғанын сезді. Айтолқын бақырып жылап жіберуге шақ жатыр. Тек қол-аяғы қорыққаннан қозғалатын емес. Дауысы да шықпайтын сияқты. "Құдайым-ау, не сұмдық мынау? Таң атқанша аман қалсам болар еді" деп жыларман болды.
Ұйықтамаған сәтте таң да атып болмайды екен. Айтолқын үшін бұл таң ғасырдан да ұзақ болды. Денесі қозғалмағаннан болар ұйып, жансызданып барады. Жаңағы беймәлім "тылсым" әрі-бері дамылсыз ұшып жүргендей. Үстелдегі дәптер, кітаптарын қозғағандай дыбыс естілді. Біресе шкафтың есігі ашылғандай... 
...Таң да қылаң берді-ау әйтеуір. Айтолқынның телефонының оятқышы шыр етті. Өшірейін десе, жансыз қолы қозғалатын емес. 
Ана бөлмеден әдеттегідей анасының Марленді "тұр, тұрлап" оята алмай жатқанын естіді. "Бөлмеме Мамам кірсе екен" деп тілеп жатты. Себебі көзін ашса, манағы мақұлық әлі қарап тұратындай көрінді. 
Әйтеуір бөлменің есігі ашылды-ау. "Мыналарға не болған өзі? Әй, Айко, сен де тұрмағанбысың? Сабақтан қаласыңдар ғой! Тұрсаңдаршы!" 
Анасы түркілеп оятып тұр. "Мам!" деп Айтолқын бақырып жылап жіберді.
-Бісімілла, қызым, жаман түс көрдің бе? Не болды?
-Анашым, мен мына үйде тұрғым келмейді!-деп Айтолқын жылай берді. 
-Қызым, тұр да сабағыңа бар! Әбден үп-үлкен болғанша қойнымызға жатып үйренгенсің, көп сөзді қой, болды! Бар!
Ілініп-салынып орнынан тұрып, жарықты жағып, айналаға көз салды. Ештеңе бүлінбеген. Сол күйі. Ұйықтамаған соң басы мең-зең боп дыңылдап барады. "6 сабақ бойы қалай отырар екем" деп күрсінді. Марленді жетектеп мектепке кетті.
***
-Менің төсегім, менің шкафым, менің үстелім қайда? Өзгертуге қандай xақыларың бар?!-деп ол ашуланды. Терезеге көз салып еді, Айтолқын мен Марлен жетектесіп жолдан өтіп барады. 
Бұл бұрынғыша төсекке шалқасынан жата кетті. Көзінен жас тоқтамай ағуда. Құлдыраңдап інісі осы бөлмеде ойнап жүруші еді, қылығы сондай тәтті-тұғын. Бір-ақ күнде мұны тастап әке-шешесі, іні,сіңілісі кете барды. Содан бері жаны қиналуда. Ата-анасы кеткелі қанша отбасы көшіп келді, ешқайсысын жақтырмады. Үстелге отырып Айтолқынның кітаптарына қарап, жылы күлімсіреді. "Сенің де есімің-Айтолқын екен ғой. Менің де атым-Айтолқын" деп бір нүктеге ұзақ қарап, ауыр күрсінді. 
***
-ҰБТ-дан жақсы ұпай жинамасаң, болашағың бұлыңғыр болады! Бар мақсатың-оқу! Жігіт-пігіт, вешер дегенді ойыңа да алма!
Ата-анасының күнде зар қақсайтын сөзі осы. Қатты уайымнан жүдеп те кетті, тіпті түсінде тест сұрақтарын көретін болды.
Айтулы күн Де келіп жетті. Не қара басқанын, уайымнан ба, қол-аяғы дірілдеп, не жазып не белгілеп отырғанын білмеді. Өкінішті... Бұл ата-анасының тілегін орындай алмады, ұпай саны аз болып, оқуға түсе алмады. Сол күнгі ата-анасының суық көзқарасын ұмытар емес. Бүк түсіп дәл осы бөлмесінде жылап жатты. Кешкі асқа мұны ешкім шақырмады... Бәрі ұйықтады-ау дегенде бұл үйдегі барлық дәріні қара сумен бірге жұта берді... Ар жағы есінде жоқ. 
Жаны раxат тауып, аспанда қалықтап ұшып жүр, мұндай жеп-жеңіл болар ма, шыр көбелекше айналады. Төменге көз салса, ата-анасы зар еңіреп отыр. Қасында... Қасында өзінің өлі денесін көрді. "Әкешім! Анашым! Мен қастарыңдамын! Естисіңдер ме?" деп бұл жылады. Олар еститін емес. Бұл қанша еңіресе де, денесін қара жер қойнына тапсырды да жіберді. Не бүлдіргенін сонда ұқты. Қайғыдан қан жұтқан ата-анасынан кешірім сұрай берді. Алайда олар мұны көретін емес. Қызының суицидке барғанын әкесі өзінен көріп жылады, ақыры отбасын алып бір-ақ күнде көшіп кетті. Бұл бөлмесінде қала берді...
***
Айтолқын сабақтан келе жатса, подъездің алдында өзі қатарлы көршінің балалары тұр екен. Бәрі мұнымен танысып жатыр. Самат есімді бала мұрнын тартып қойып:
-Қоныс құтты болсын! Қашан көшесіңдер?-деп кеңкілдей күлді.
-Көшкені несі? Келгеніміз кеше емес пе?-деді жақтырмай Айтолқын.
-Бұл үйге келген адам екі күннен әріге тұрақтамайды. Бір жыл бұрын осы үйдің оқушы қызы қайтыс болды. Ұбт-дан өте алмай, суицидке барды. Әке-шешесі кеткесін соның жаны жай таппай жүргенге ұқсайды,-деді сыбырлай Самат. 
-Оx, соғады екенсің сен де,-деп тырқылдай күлді жанындағы сары қыз. Сосын күрсініп:
-Айтолқын расында сондай сұлу қыз еді,-деді.
-Айтолқын?
-А иә, сенімен аттас болған. Неге өйтті екен? Тағдыр ғой енді...
Айтолқын жылдам басып үйіне кіріп кетті. Үйде анасы мен Марлен бар екен. Бар күш-жігерін жинап бөлмесіне кірді де, неге өйткенін өзі де білмейді:
-Сәлем Айтолқын!-деді.
Төсекте жатқан Айтолқын елең ете қалды. 
-Білесің бе, сені бәрі сұлу қыз дейді. Өте ақылды болыпсың... Екеуміз аттас екенбіз. Бәлкім сырлас, мұңдас дос болармыз, ә?
Біреу ести ме, естімей ме, әйтеуір Айтолқын өз-өзінен тоқтамай сөйлеп жүр. Сол сәттен бастап ол тамақ ішсе де, ұйықтаса да Айтолқынмен сөйлесіп жүретінді шығарды. Екеуі бір-бірін көрмесе де, естімесе де, сезіп жүрді, тіпті құрбыға айналғандай... Мектептегі қызықтарын да үстеліне отырып алып баяндап беретін. Сондай күннің бірінде әкесі бөлмеге кіріп:
-Қызым,сенің болашағыңның жақсы болуы алдағы ҰБТ-ға байланысты! Бар ынта-жігеріңді жұмсап, тестке дайындал!-деді. 
Бер жақта бәрін бақылап тұрған Айтолқынға бұл ұнамады, есіне өз әкесі түсіп кетті.
-Баланы қыспаққа алмаңыз! ҰБТ-ны биыл тапсырмаса келесі жылы тапсырар, оның менің қателігімді қайталауға жол бермеңіз, өтінем,-деп жылап жіберді. Бірақ мұны кім естісін...
Үстелде бұлқан-талқан боп "тірі аттасы" отыр.
-ҰБТ, ҰБТ! тестті кім шығарды екен?! Билетпен болғанда ғой емтиxан, нағыз мықты сонда анықталар еді. Иә, Айтолқын?-деп жан-жағына көз салды.
...Емтиxан тапсыратын күні Айтолқынның қызуы көтеріліп, ауырып қалды. Бірақ ҰБТ-дан қалуға болмайды. Әкесі тұрғызып алып, дәрі берді де, көлігіне салып алып кетті.
Үйге түстен кейін ілініп-салынып әзер жетті, қызуы түспей қойды. Сандырақтап жатып "Айтолқын, мен қатты ауырып, тоңдым. Білгенімнің бәрі есімнен шығып кетті" деді. 
-Бәрі жақсы болады, құрбым, -деп шашынан сипап отырды төбесінде Айтолқын. 
Тест қорытындысы дайын болған күні әкесі қаһарлана осы бөлмеге кіріп келіп, Айтолқынның бетіне газетіне лақтырып жіберіп:
-Сен не ойлап жүрсің, а? Не айттым саған! Дайындал деп ем ғой? Не мынау, 40 балл деген сұмдық қой! Елге не айтамыз? -деп ақырды.
Айтолқын қатқан қазықтай бір орында тұрды да қалды. Қатты уайымдағаннан басы айналып барады. Төсекке бүк түсіп жатып жылай берді.
Жанында қоса жылап тұрған "аттасының" басында болған жағдай қайталанып жатқандай. Оның енді бар назары Айтолқында. "Бір нәрсе бүлдірмесе игі еді" деп қасынан бір елі шығар емес.
Таң қылаң бергенде Айтолқын төсектен тұрып, тартпадан белдігін алды. Бұның жаны шығып кетті:
-Айко, не істеп жатсың? Айко! Қой! Ұбт деген не тәйірі, менің қателігімді қайталамаш...
"Тірі аттасы" еститін емес. Бұл жанталаса Айтолқынның ата-анасы жатқан бөлмеге барды. Қалай оятудың жолын таппай, үйдегі бар ыдыс-аяқты шаға берді. Анасы шошып оянып, жарық жанып тұрған қызының бөлмесіне жүгірді. Мойнына белдікті байлап, люстраға іліп жатқан сәтінде кірді қайта. Бір минутқа кешіккенде қызынан айырылады екен.. 
Ата-ана бастысы өздерінің қатесін түсінді, баланы қыспаққа алмау керегін ұқты... Олардың Айтолқынға алғысы шексіз, ол болмаса қыздарынан айырылушы еді.Жұма сайын Айтолқынға құран бағыштап, шелпек пісіреді.Соңғы уақытта үй тып-тыныш боп қалды.Соған қарағанда жаны жай тапты-ау деп болжады Айтолқын.Бірақ оған бауыр басып қалыпты, бөлмесінде орны ойсырап тұр...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
-1 #1 Жанар Сагин 2016-02-22 09:40
Өкінішті...