Алты қырдан асқан шақ

5

Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық-әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық,жалықтық, қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз?

Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе өз сөзім өзімдікі дедім де ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.

Абай. Бірінші қара сөзінен.

 

Ес біліп, етек жапқан біздің балалық шағымыз Ұлы Отан соғысынан кейінгі ауыр кезеңге тап келді. Жастай жетімдіктің ауыр зардабын тарттық. Қиыншылықтарды бұғанамыз қатпай жа­тып көп көрдік. Аш та болдық, тоқ та болдық. Күлдік тежыладық та. Бірақ мұны тап сол заманда қатты жоқшылық, тапшылық болды деуге әсте болмайтын. Әсіресе,халықтың ертеңгі күніне деген сенімі зор болғаны анық. Қысы суық, жазы ыстық Тайсоғанның шыжыған құмында туып өскендіктен бе жастай қара жұмысқа жегіліп, еңбектің дәмін ерте таттық. Үлкендердің айтуынша кішкентай күнімнен тентектеу болып өсіппін. Тентек болғанда да аттың құйрығынан тартып жүргізбейтін, үнемі ауыл арасын шулатып жүретіннің нағыз өзі болыппын. Осыдан әбден зәрәзеп болған анам Балқаш 1956 жылы мені Гурьев қаласында тұратын інісі Ыбыраштың қолына жіберген екен. Оқытсын, адам етсін дейді ғой баяғы.

Содан сол жылы күзде облыс орталығындағы педагогикалық институтқа оқуға түскен апам Жібекке еріп жолға шығып, бір күндері Қаракөл, Қарабау арқылы қалаға азар жеттік-ау. Көлік о заманда жоқтың қасы. Аудан орталығы Қарабауда.Әйтеуір осы жерден қалаға екі күнде бір рет автобус жүреді екен. Сонымен мықшыңдап қалаға да келіп жеттік.

Нағашым Ыбыраштың үйі қала іргесіндегі Құрсай ауылында екен. Үйінде келіншегі Кенже, ұлдары Қыдырқожа, жеңгесі Әуес, оның қызы Орынша ғана бар болып шықты. Ол жылдары нағашымыз Мәскеу қаласынан техникум бітіріп келіп, Гурьев балық консерві заводында бас бухгалтер болып қызмет етеді екен.Бұл сол кезде үлкен қызмет болса керек, әйтеуір үйде ішіп-жем жағы мол. Сол жылы мені мектепке алмай қойды. Біз қараша айында келіппіз, ал сабақ қыркүйекте басталып кетіпті. Содан мектепке келесі жылы баратын болдым. Қалаға келген соң тіршілік мүлде басқа арнаға бет бұрды.Мұнда үйдің бүкіл билігі Әуес апамызда екен. Бірінші күннен бастап маған ол кісіні «мама» деп атау жөнінде бұйрық берілді. Одан кейін таңертең тұрған соң ешкіге шөп салу, жем беру, суару, отын жару, көмір тасу, су әкелу, дүкенге сүтке бару сияқты жұмыстар жүктелді. Ал демалыс күні орта қап шемішкені арқалап қала орталығындағы базарға апарып сатамыз.Кешке біраз ақша тауып кейін қайтамыз.Ойын ойнауға жұмыс күндері кешке қарай жарты сағат  қана уақыт беріледі. Кешегі тентек ауыл баласына осы тәртіпке бірден көндігуге тура келді. Осы тірлік менің бүкіл балалық тентектігімді сап тыйды. Әуес мамамыз сырт көзге қаталдау болып көрінгенмен шын мәнінде жүрегі жұмсақ, әрі өте әділ еді. Бар ниеті Қыдырқожа екеуіміздің үстімізде болды. 1957 жылы Жанкелдин орта мектебіне барғанда жаңа мектеп формасын, былғары бәтіңке, жаңа сөмке алып берді. Мені бір жыл бойы үйде апаларым Жібек пен Орынша оқытқандықтан мектепте үздік оқыдым. Ата-аналар жиналысында Әуес мамамыз үнемі ең алдыңғы қатарда төңірегіне масаттана, мақтана қарап отыратын. Ол кісі анау-мынау деп көп ақыл айтпайтын, бүкіл өнегесін ісімен көрсететін. Ең бастысы,көңілі,жүрегі кең еді. Бала болсақ та біз мұны жақсы білдік.Бірақ...

Сол жылдары қазақ дастарханына арақ деген пәле жаңа-жаңа келе бастаған еді. Келе-келе бүкіл той, барлық қызық, қуаныш, тіпті садақа да арақсыз өтпейтін болды. Оны еркектер де,ара-тұра әйелдер де ішуді әдетке айналдыра бастады. Осы арақ аз жылда біраз отбасының шаңырағын ортасына түсіріп үлгерді.Бұл індеттен нағашым Ыбыраш та аман қалмады. Ол кісіні төңіректеген жігіттер үнемі арақ ұсынып, бұл келе-келе әдетке айналды. Қазір дәл қандай себептен екенін білмеймін, сол 1957 жылы ол кісі бір жылға сотталып кетті. Келесі жылдары ол кісі  түрмеден келген соң да үйде берекет болмады. Арақ жүрген жер оңа ма, ақыры нағашым Ыбыраш ақыл десе ақыл, көрік десе көркі бар әйелі Кенжеден ажырасып тынды. Ол күндердегі Әуес мамам мен апам Орыншаның, Қыдырқожаның жағдайын тілмен айтып жеткізе алмаймын. Сөйтіп, 1960 жылы мені тәрбиелеуге жанын салып жүрген жақсы, ең жақын адамдармен қош айтысып, қайтадан апам Жібекке еріп, өзім туып өскен ауылыма оралдым.

Бірақ осы қалада өткен төрт жыл мен үшін есею, ақыл тоқтату жылдары болды.Бұл балалықпен қош айтысқан, үлкен өмір жолына жаңадан нық қадам басқан, тентектіктен арылтқан жылдар болып есте қалды. Осы жылдарда кітаппен әбден достасып, өз бетімше қазақ, орыс жазушыларының кітаптарын еркін оқи бастаған едім. Мұның кейінгі өмір жолдарында болашақ журналист болуға көп пайдасы тиді. Әрине, ауыл мен қаланы салыстыра алмайсың. 1960 жылы қайтадан ауылға келгенде алғашында біраз уақыт үйрене алмай жүрдім. Бұл кезде мен оқуға келген Жаңашаруа мектебі жеті жылдық шағын ғана білім ордасы еді. Сол жылы мектепке директор болып Сауғабай Үсенов ағамыз келіпті. Мұғалімдердің көбі егде, қарт кісілер еді. Тек 1964 жылға қарай  Серікбай Оңғарбаев, Қуаныш Омаров, Галя Төленова, Құрманғазы Бисенов, сәл кейінірек Мәжит Жанахметов, Жанболсын Енбаев сияқты жас мұғалімдер келе бастады. О кездегі ұстаздардың шәкірт тәрбиелеудегі тәлімі  ерекше еді. 1963 жылы мектепке аға пионер вожатый болып жасы бізден сәл үлкендеу Орынғали Ерекешев деген жас жігіт келді. Әр түрлі мерекелерде «Мектеп айнасы» деген қабырға газеті шығып тұрды. Осы газетті шығару үшін Орынғали үнемі мені қасына  шақырып алатын. Тапсырма беретін оқу ісінің меңгерушісі Кенжетай Бақонов ағамыз. Келе-келе осы қабырға газетін бір өзім шығара бастадым. Мақала, өлең жазуға да қаламым төселе бастады. Бір күні Кенжетай ағамыз маған мектепте өткен бір кеш туралы аудандық «Коммунизм туы» газетіне мақала жазу жөнінде тапсырма берді. Шимайлап-шимайлап ақыры шағын бір мақала жазып, оны аудандық газетке жолдап кеп жібердім. Арада 5-6 күн өткенде әлгі мақала газетке шықты. Содан жиі-жиі жаза бастадым. 1965 жылы газетке шыққан алғашқы өлеңім дәл бүгінгідей есімде. Ол «Төрт жолдар»  деген тақырыппен шыққан мына екі шумақ өлең еді

Бар халықтың тілдерінде-Ленин,

Туған жердің күнде өрінде-Ленин.

Бақ самалы, нұрлы теңіз, от сезім,

Жасыл бақтың гүлдерінде-Ленин.

***

Адам! Адам! Дүниені жаратқан,

Кең әлемді бір өзіне қаратқан.

Сол адамға қарап көкте күн батқан,

Сол адамның шұғыласымен таң атқан.

Содан бастап аудандық «Коммунизм туы» газетіне менің мақалаларым әр нөмір сайын дерлік шыға бастады. Ара-арасында облыстық «Коммунистік еңбек», республикалық «Лениншіл жас» газеттеріне, «Қазақстан әйелдері» журналында да мақала, өлең, новеллаларым жарияланып тұрды. Осының арқасында 1966 жылы 9 класты бітірген соң жазғы каникулда мені «Коммунизм туына» қызметке шақырды. Үш ай газетте қызмет істеп, біраз тәжірибе жинадым. Осы кезде газет редакторы Төлеубай Ысқақов, орынбасары Ізни Нұрқасымов, жауапты хатшы Төкен Ахметова, бөлім меңгерушілері Арыстанбек Наурызғалиев, Қабижан Сағиев, Әнуарбек Қосанов, жаңадан жоғары оқу орнын бітіріп келген Төлеген Жаңабаев сияқты ағалармен жақын танысып, көп кешікпей бірге туғандай болып кеттік. Бұл ағалардың қамқорлығын, адамгершілік қасиеттерін, жандарының тазалығын тілмен айтып жеткізе алмаймын. Егер мен кейінгі өмірде аз да болса ел үшін бір нәрсе тындырсам осының бәрі осы ағалардың арқасы деп білемін. Бір ғана мысал. 1970 жылы әскер қатарынан келіп Казгу-ге оқуға барарда еңбек кітапшасы керек болғанда әнуарбек қосанов ағам біраз мекемелерге жүгіріп, ақыры тауып әкелгені бар. 1967 жылы «коммунизм туы» газетінің редакторы Төлеубай Ысқақов пен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Жұмаш Нақпаев Казгу-дің журналистика факультетінің деканы Тауман Амандосов ағамызға арнайы кіріп, менің емтиханнан алған балым жетпесе де оқуға қабылдауын өтінгені бар. Үш сабақтан төрт алсам да мектепті жаңа бітірген бойда 12 балмен оқуға түсу қиын болған. О кезде міндетті түрде еңбек стажы керек еді.

Содан екі жыл әскерде болып, 1970 жылы КазГУ-ге оқуға түсіп, 1975 жылы журналист мамандығын алып шықтым. Сол жылы өзім еңбек жолымды бастаған «Коммунизм туына» барып, үш жыл жауапты хатшы, ал 1978-1989 жылдары осы газеттің редакторы болдым. Бұл кезде бар болғаны 29 жаста болатынмын. Бірақ редактор Ізни Нұрқасымов та, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сайфолла Сүйінов те жассың деген жоқ, редакторлық жауапкершілікті мойынға артып берді. Осы оншақты жыл менің өмірімдегі ең бір жарқын, ең бір жақсы жылдар болды. Газет талай рет одақтық, республикалық, облыстық сыйлықтарды жеңіп алды. Облыстағы ең таңдаулы «Баспасөз кабинеті» бізде ғана болды. Аудандық газеттердің ішінде тарихта жалғыз біздің редакцияға 1983 жылы су жаңа «УАЗ-469Б» жеңіл машинасы берілді. 1978 жылы менен басқа бірде-бір жоғары білімді журналист болмаған газетке кейін өз қолыммен аттандырып, Нұрлан Қабылов, Мағрупа Қазиханова, Әбілхан Төлеуішев, Лес Жолдиев, Рәзия Өтемағамбетова, Жұмабай Құлиев сияқты қыз-жігіттердің КазГУ-ге түсіп, оны бітіріп шығуына ықпал еттім. Әйтеуір олардан қолымнан келгенді аяған жоқпын. Мұның өзі де алдағы ағалардан алған өнеге, ізгі қасиеттің жұқанасы еді.

Әрине, ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Мына өмірде қателескен, аяқты шалыс басқан кездерім болмады десем өтірік болар. Бәрі де болды. Бірақ бір нәрсе анық: өмір бойы қаламға деген адалдықтың туын биік ұстадым. Ешкімге жамандық жасаған жоқпын. Жалған атақ пен даңғазалықтан аулақ болдым. Қол жетпеске ұмтылған емеспін. Тіпті осы алты қыр асқанша туған күнімді де атап көрмеппін. Бұл жақсы ма, жаман ба-ойлаған емеспін.

Ал атақ дегенде осы өмірімде Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты деген жалғыз сыйлық алыппын. Мен үшін бұл кез келгеннен орденнен қымбат. Себебі бұл менің қырық үш жылғы журналистік еңбегімнің жемісі. Біреулер өлерменденіп бірнеше ауданның, облыстың құрметті азаматы деген атақты сұрап алып жатады. Бұл да мені қызықтырған емес. Себебі кеңес кезінен қалған осы бір атаққа күмәнмен қараймын. Сонда басқа азаматтар құрметсіз болғаны ма деген ой жатады көңілде.

Оңашада кейде ұзыннан ұзақ созылып жатқан өмір жолына ой жіберіп, өзіне-өзі есеп бермейтін адам жоқ шығар. Әрине, қазір баяғы 17 жас қайтып келсе көп нәрселерді басқаша істер едім деп ойлаймын. Бірақ бұл мүмкін емес. Сондықтан біреуге қарап пікір етуге, біреуге қарап шүкір етуге тура келеді. Басқа қолдан келер қайран жоқ. Жас ұлғайған сайын жоғарыда Абай хакім айтқан мына бес күн жалғанның баянсыздығына, ешкімге ешқандай опа бермейтіндігіне көзің жете түседі. Асылы тірліктің, тіршіліктің шын мәнін түбіне дейін түсіне білген адам мына әлемде әлі жоқ шығар. Жақында бір жас журналист «сіз баспасөзге қырық үш жылыңызды арнапсыз, он бір жыл «Коммунизм туында», 16 жыл «Атамекен» газетінде бас редактор болып  қара шашты ағартыпсыз, қолыңыз жаза-жаза сүйел болыпты, сонда барлығы кітапқа шаққанда қанша том болар еді?»-деп сұрады. «Егер әр кітапты үш жүз беттен есептесек он-он екі том болады,-дедім мен,-бірақ газет мақалаларын кітап етіп шығарғаннан абырой тапқан адамды көрген жоқпын. Сондықтан мұның қажеті жоқ».

Шынында газеттің өзі бір күндік те, ал сөзі мың күндік қой. Бірақ ол көркем шығарма емес, уақыт өте келе мәні мен маңызын жояды. Көркем шығарманың жөні бөлек. Мысалы, кезінде Ленин, Сталин, Хрущев, Брежнев туралы қанша дүние жазылды. Қазір солар қайда? Басқаны айтпағанда Лениннің керемет 55 томы қайда қазір? Маркстің атақты «Капиталы» қайда қазір? Сталиннің 13 томын кім біледі?Кім оқиды?

Міне, жаза берсең осындай ойлар көп-ақ. Бұл ойлар әр кеудеде болуы мүмкін. Адам шынында көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен болады. Бірақ шын дарын болмаса қанша жазса да жақсы журналист бола алмайды. Бұл туралы жазушы Шерхан  Мұртаза: «Журналистен жазушы шығуы мүмкін, ал бірақ кез келген жазушы журналистің арбасын сүйретіп кете алмайды» дейді. Өте дәл айтылған сөз.

Міне, алты қырдан асқан шақта көңілді мазалаған ойлардың кейбір ұшығы осындай. Әрине, көңілде сайрап тұрған ойлардың бәрін қағазға түсіре беру міндет емес. Бірақ әр кез өткен өміріңе есеп беріп, жақсы жандардың жақсылығын айтып отыру-міндет. Бұл келер ұрпаққа да өте қажет. Сірә, әйгілі «Қара сөздерін» жазғанда Абай данышпан да осыны ойлаған болуы керек.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
+1 #1 Асылхан 2016-03-07 12:07
Иә!!! Жанат ханым шыққан жеріңіз сол батыс, сол Атырауға келіп тіреледі екен ғой. Қалай әкеңіздің туған жеріне келіп тұрасыз ба??