Адамның кейбір кездері

jizn2

Адамның кейбір кездері,

Көңілде алақ басылса.

Тәңірінің берген өнері,

Көк бұлттан ашылса.

 


Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл.

Не жазып кетсе, жайы сол,

Жек көрсеңдер, өзің біл.

Абай.

 

2011 жылы қазан айының 14 жұлдызында бірінші рет инфаркт алдым. Алпыс жыл бойы аздап қан қысымы анда-санда мазалағанмен қатты ауырып көрмеппін. Ешбір операция да жасатпаппын. Осыған Аллаға шүкіршілік айтып, ауырта көрме деп тілеп  жүргенде төтен ауру аяқ астынан алып ұрды. Жүрекке операция жасатып, төсек тартып жатып қалдым. Содан бір жылда алты рет аурухана төсегіне таңылдым.

Ауырып жатқан адамға ой серік. Ине, система, түрлі дәрігерлік ем-домнан көзің қарауытып, бойыңды әлсіздік билеп жатса да түрлі ойлар мазалап, жаныңа тыныштық бермейді. Ондайда мен ұлы Абайдың өлеңдерін қолға аламын. Одан бұрын қанша оқысам да байқамаған ғажап ойларды табамын. Оқимын да керемет әсерге бөленемін.

***

Қазір жұрт газет оқымайды. Газет-журналдарға жазылу жыл өткен сайын қиындап барады. Мысалы, мен басшылық етіп отырған «Атамекен» газетінің бір жылдық жазылу бағасы 1600 теңге. 1997 жылдан бері осы баға. Бірақ соған жазылмайды жұрт. Бұдан қымбаттасаң ірә жазылмайды. Амал жоқ зиянға батып, демеуші іздеп зар қағасың. Біздегі айтысқа миллион теңгелеп машина тігіп жатқандар еліміздегі жалғыз экологиялық газетке бес-он мың теңгелерін де қимайды. Енді бір байлар «50 мың теңге берем», « 100 мың теңге берем» деп, ақыры алдап кетеді. Ал қоршаған ортаны қорғау министрлігінде газетке ақша бөлінбеген болып шығады. Министрлер миллиондап ақша жеп, сотталып жатады. Жемқорлық барлық салада жойылмай тұр. Тіпті өршіп барады.

***

Қазір газет бетіндегі салақұлаш мақалаларды ешкім оқымайды. Жұрттың бәрі баюды, қарқардай етіп үй салуды, қымбат машина сатып алуды ғана ойлайды. Қалада да, ауылда да жағдай осылай. Адами, рухани құндылықтар жойылып бітті. Мұндайда Абай данышпанның:

Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,

Шошимын кейінгі жас балалардан.

Терін сатпай, телміріп көзін сатып,

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман,-деп осыдан жүз жылдың үстінде зарлап өткені ойға оралады.

***

Егер Мұхтар Әуезов бүгінгі нарық заманында туса төрт томдық «Абай жолына» демеуші іздеп, дүниеден баз кешіп кетер еді. Ал есесіне Абай байыған үстіне байып кетер еді. Неге? Себебі Абай қайтыс болған 1904 жылдан бері оның өлеңдері бүкіл қазақша газеттердің айдарына (рубрика) айналып келеді. Осының бәріне қаламақы (гонорар) алса, Абай байымағанда кім байыр еді? Мысалы, «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Адасқанның алды-жөн, арты соқпақ», «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Пайда ойлама, ар ойла», «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Сөз түзелді тыңдаушы, сен де түзел», «Туғанда дүние есігін ашады өлең», «Білімдіден шыққан сөз», «Баяғы жартас-бір жартас», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Сүйер ұлың болса, сен сүй», «Ғашықтың тілі-тілсіз тіл», «Әсемпаз болма әрнеге», «Өнерпаз болсаң арқалан», «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан», «Ұстаздық қылған жалықпас», «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар», «Әннің де естісі бар, есері бар», «Өлеңді мен жазбаймын ермек үшін», «Өмірдің алды-ыстық, арты-суық», «Құлақтан кіріп бойды алар», «Жүремгінің түбіне терең бойла», «Өлең шіркін-өсекші жұртқа жаяр», «Атымды адам қойған соң», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Жүректе қайрат болмаса» деп кете береді.

Ал тұтас бір кітапқа жүк болып тұрған өлеңдері ше? Мысалы,

Құдай-ау қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар.

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар,-деген өлеңдегі «Махаббат, қызық мол жылдар» сөзін белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов өзінің атақты романына тақырып етіп алды. Сол сияқты «Ғашықтық құмарлықпен-ол екі жол», «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Жүрек-теңіз қызықтың бәрі-асыл тас» деген өлең жолдары да бір-бір кітап болып шықты. Мына мен де мақалама тақырып етіп Абайдың өлең жолдарын алып отырмын.

***

Осының бәріне қоса Абайдың көп өлеңдері керемет афоризмге айналып кеткен. Мысалы:

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол-

Адам болам десеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ,

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой,-

Бес асыл іс көнсеңіз.

Сол сияқты жақсылық пен жамандықты жырлаған

Күшік асырап, ит еттім,

Ол балтырымды қанатты.

Біреуге мылтық үйреттім,

Ол мерген болды, мені атты,-деген өлең жолдарында терең философия мен ғажап ойлар тұнып тұр емес пе?

Мына бір өлеңді оқи-оқи жаттап аласың:

Тоты құс түсті көбелек,

Жаз сайларда гулемек.

Бәйшешек солмақ, күйремек,

Көбелек, өлмек, сиремек.

 

Адамзатқа не керек,

Сүймек, сезбек, кейімек.

Харакет қылмақ, жүгірмек,

Ақылмен ойлап сөйлемек.

 

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.

Қайран Абай! Бұлай жазбаса Абай Абай бола ма?

Адамзат-бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.

Мұндай ғажап өлеңдер адамды терең ойға батырады.

Күн артынан күн туар,

Бір күн дамыл өткізбес.

Ой артынан ой қуар,

Желге мінсең, жеткізбес.

Осы өлеңдерді оқығанда жаның нұрға бөленеді. Мұны қазіргі жастар біле ме? Әй, қайдам, олардың көбі Абайдың кім екенін де білмейтін шығар.

***

Біздің қазақта дүниетануымыздың ұлттық бір жүйесі-бата беру. «Бабадан асқан әз болмас, батадан асқан сөз болмас» дейді қазақ. «Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деген де біздің халық. Бата біздің әрқайсымыз үшін теңдесі жоқ асыл сөз болуы тиіс. Өз басым осы кезге дейін батаны шебер беретін құдамыз Әріп Сыбанбаевтан асқан адамды көрмеппін. Ол кісінің әр батасы бір қара тұрады десек артық емес.

Бата-ежелгі замандардан халықтың ойы, ниеті, тілегі мен ісі. Оны ғасырлар бойы атақты адамдар мен даналар берген. Мысалы, Асан Қайғының мына батасы қандай керемет!

Ұлдарың басты болсын,

Қыздарың шашты болсын.

Азаматың атты болсын,

Қыздарыңның емшегі,

Найза өте алмастан қатты болсын.

Қатындарың қанды келсін,

Қара бурадай санды келсін,

Әумин!

Өкінішке орай, біздің алдымыздағы ағаларымыз және біз қатарлылар бата беруді білмейді. Оның орнына тост айтардағы тілекті ғана азар ыңқылдап айтып шығады. Оның өзін де жетістіріп айта білмейді. Ұят-ақ нәрсе.

***

Біздің қазақта қыздар, қызды ауыл, махаббат туралы небір ғажап өлеңдер бар. Оқисың да таңғаласың. Өз басым осындай өлеңдерден қатты әсер аламын, қазақ сөздерінің құдіретіне еріксіз бас иемін. Мысалы,

Көрінген сонадайдан торы ат басы,

Жаманды жаратқанша жаратпашы.

Айқасып қалқатаймен жатқан түні,

Ауылыңды жау шапса да оятпашы.

немесе

Ілгегі көйлегіңнің қатар-қатар,

Ағытып болғанша оны таң да атар.

Қалқатай, сен ар жақта, мен бер жақта,

Арасы мына өзеннің қашан қатар?

Керемет қой!

***

Кейбір кезде отырып ойланасың, осы қазақ тіліне қайдан қауіп төніп тұр деп. Жоқ, ешқандай қауіп жоқ. Біреулер зар қағатындай түк те жоқ. Қайта қазақ тілі өсіп, өркендеп, көсегесі көгеріп жатыр. Оны тікелей президентіміздің өзі қолдап отыр. Кешегі тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста да ол кісі осы мәселеге арнайы тоқталды. Атап айтқанда президент былай деді:

«Баршаңыз білесіздер, Қазақстан халқын біріктіретін қуатты құрал- біздің мемлекеттік тіліміз. Жойылудың алдында тұрған қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, тәуелсіздікпен бірге қайта түледі. Біз тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінде білім беретін мыңнан аса мектеп тұрғыздық. 1991 жылы қазақ тілінде білім алатын шәкірттер саны 32 пайыз болса, ол көрсеткіш бүгінде 85 пайыздан асты. Енді 2020 жылы мемлекеттік тілді меңгерген отандастарымыздың үлесін 95 пайызға жеткіземіз. Бұл межеге біз кезең-кезеңмен жетуді көздеп отырмыз. Қазір елдегі өзге этнос өкілдерінің 30 мыңнан астам балалары қазақ тілінде білім алуда. Тәуелсіздік жылдары қазақ халқы-ұлыстың ұйытқысына, қазақ тілі-тұтас ұлыстың ортақ тіліне айналды.

Әрине, тіл мәселесі-уақыттың еншісінде. Санның артуы, сананың орнығуымен барлығы өз орнына келеді. Бұл орайда біздің басты байлығымыз-ел бірлігі екенін ешуақытта ұмытпауымыз керек. Еліміз қуатты болса, мемлекеттік тілдің болашағы да соншалықты шуақты болмақ. Дүниеде қазақ деген ел барда қазақ тілі мәңгі жасай береді!». Демек, біздің елде тілге қамқорлық уақыт өткен сайын жақсара берері кәміл. Құр зарлаудың мәні жоқ.

***

Мен алғашқы еңбек жолымды «Коммунизм туы» (қазіргі «Қызылқоға») газетінде 1967 жылы әдеби қызметкер болып бастадым. Ал редакция есігін алғаш рет 1965 жылы ашқанмын. О кезде редактор Төлеубай Ысқақов, орынбасары Ізни Нұрқасымов, жауапты хатшы Төкен Ахметова еді. Редакцияда Мақат Хайруллин, Арыстанбек Наурызғалиев, Қабижан Сағиев, Әнуарбек Қосанов сияқты кілең жоғары білімді журналистер қызмет істеді. Олардың  бәрі де бір-бір газетке редактор болатын азаматтар еді. Менің олардың үйренгенім өте көп. Және бәрі шеттерінен бауырмал еді. Білгендерін үйретуден жалықпайтын. Олардың көбі қазір бұл дүниеде жоқ. Олардың сағынғанда кейде жаным езіліп, көзімнен жас парлап отырады. Қайран, асыл ағаларым!

Осы «Қызылқоға» газетін әлі де ыстық ұям деп санаймын. Мұнда қазір кілең талантты жас қыздар мен жігіттер қызмет істейді. Соңғы кезде газет сапалы шығып жатыр. Оны бұрын да айтқанмын. Қазір «Қызылқоғаға» арнап жазған дүниелерімді басқа еш жерге ұсынбаймын. Өз басым осы газеттің тұрақты авторы екенімді мақтаныш етемін.

***

Адамға қашанда ой серік. Әсіресе, ауырып жатқанда көп ойланасың. Қамшының сабындай қысқа ғұмырымда не бітірдім, не тындырдым деп ойланасың. Жұрттың бәрі Абай бола алмас, бірақ туған ел игілігіне қызмет ету әркімге борыш қой. Егер  менің осы жазғандарым қазіргі жастарға ой салса, бұдан асқан қуаныш жоқ.

Адам мінезі қызық: қазір қуансаң, қазір ренжисің. Мұндай кездер және жиі ұшырасады. Өмір ғой. Ал жастардың бүгінде салақұлаш мақалаларды оқымайтыны рас. Сондықтан қысқа-қысқа жазып, оларды «ой тамшыларына» сыйғызуымның себебі осы.

2011-нің сәуірінде екінші рет инфаркт алдым. Бірақ өмір жалғасып жатыр. Жалғаса да бермек...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Қалжан, 2016-03-08 23:40
Рахмеееет! Керемет! Аман болыңыз!