Аурухана күнделігі

auruhana

10.08.09.

Бүгін таңертең Алматы қалалық клиникалық ауруханасының ақылы терапия бөліміне түстім. Қан қысымы біраздан қайта-қайта көтеріліп, соның әсерінен жүрекке күш түсіп, еркін жүру қиындап кеткен. Ана жұмысты, мына жұмысты бітірейін деп жүргенде сырқат біраз меңдеп кеткен сияқты. Өйткені денеде алқыну, кеудеге ауа жетпеу, тыныс тарылу сияқты аурулар пайда бола бастады.

Жағдайымды естіген ақылы терапия бөлімінің меңгерушісі Мағрипа Ғафурқызы Мұхамеджанова дереу орын дайындатып, №5 палатаға жіберді. Біз былайғы уақытта денсаулықтың қадірін білмейміз.

Тек ауырып, жаның қиналғанда ғана ақ халатты абзал жандардың көмегіне сүйенеміз. Мағрипа Ғафурқызының «емдейміз, барлық ауру түрлерін анықтаймыз, он күнде атқа мінгендей болып шығасыз»,-деген бір ауыз жылы сөзінің өзіне көңіліміз көтеріліп, дереу сауығып кеткендей күй кештік.

№ 5 палата үш орындық екен. Екі төсек бос тұр. Мен соның біріне жайғастым. Палата тап-таза. Терезе, есіктер айнадай жарқырайды. Жуынатын бөлменің есігін ашсаң бір хош иіс танауыңды қытықтай аңқып, желдеткіш гуілдей жөнеледі.

Төсек орындардың қыры сынбаған. Қақ маңдайдағы қабырғада үлкен телевизор тұр. Пластик есік, терезелер аурухананың жақында ғана күрделі жөндеуден өткендігінен хабар бергендей. Мен бұрыннан бұл аурухана туралы, оның бас дәрігері, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері Есентай Бөдесұлы Тәжиевтің іскерлігі жөнінде көп естігенмін. Осыдан бірер жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та осы ауруханада болып, бас дәрігердің жұмысына жоғары баға берген.

Осындай ой үстінде жай басып терезе алдына келдім. О, ғажап! Терезеден алып Алатаудың бүкіл панорамасы тап қасыңда тұрғанда көзіңе ап-анық көрінеді. Неткен сұлу табиғат! Басын мәңгі қар басқан Алатау, тауды жарып шығып көкке өрлеген көкпеңбек те тәкәппар шыршалар алыстан көз тартады.

Осы кезде палатаға асыға басып емдеуші дәрігерім Сара Қабайқызы Бисенова келіп кірді. Жылы ұшырай амандасып, дереу қан қысымын өлшеп, бүгіннен бастап жүрек қызметіне пайдалы система қойдыратынын, басқа да түрлі консультациялық-диагностикалық бөлімдер арқылы бүкіл организмді тексеретіндіктерін, соған сай дәрі, укол, беретіндіктерін айтты. Жүрегі жылы, жаны таза, көңілі кең, мейірімді Сара Қабайқызы биязы дауысымен ақыл-кеңестерін де айтып жатыр. Жаңа ғана ауруыңды ойлап, бүкіл дүниеден баз кеше жаздап тұрған сенің лезде көңілің көтеріліп, бойыңда өмірге деген жаңа бір құштарлық оянғандай болады. Міне, дәрігердің бір ауыз жылы сөзінің құдіреті қандай! Сірә, «дәрігер науқасты он процент дәрімен, тоқсан процент жылы сөзімен емдейді» деген рас сөз.

Соның арасында медбике Ақерке Советқызы қарындасымыз келіп системаға жатқызды. Асылы кейбіреулердің тамырын дәл табу оңайға соқпайды. Жоқ, Ақерке инені дәл сұқты. Сол ине арқылы тамырыңды қуалай дәрі тамшылай жөнелді. Осы дәрі тіп-тіке жүрекке баратын көрінеді. Өзі керемет шипа дейді. Ұсақ тамшылар осы тамыр арқылы жүрекке жеткенде бітеліп қалған қан талшықтарына нәр береді дейді. Бұл күні «изокет» деген системада тура үш жарым сағат жаттым. Система арасында Ақерке басқа да дәрілерді егіп жатты. Қолы сондай епті.

Системадан тұра бергенде жүгіріп медбике Нұржан Ағампейісова келді. «Аға, қазір УЗИ-ға, ЭКГ-ге түсесіз, тез жүріңіз»,-деді. 2 этажға түстік. «Аға, ертең осы №16 бөлмеден жүректі  УЗИ-ға түсіресіз»,-дейді Нұржан. Сұлу жүзі алабұртып тұр. Өзі «тал бойында бір мін жоқ» дейтіндей көркем жан.

Осының бәрінен өте бергенде емдеуші дәрігер Сара Бисенова келді. “Сізге ертең таңертеңнен бастап коктейль кислородын береміз. Ал бүгін қаласаңыз желкеңізге массаж, электрофарез алыңыз”,-деді. Мен келістім.

Аурухананың физиотерапия бөлімі өзінше бір орталық екен. Бөлім меңгерушісі Римма Әбенқызы Абдуллаева кезекті еңбек демалысында екен. Аға медбике Нұржамал Қашағанова, медбике Света Тілекметова емделушілерді жылы қабақпен қарсы алып, қажетті емдерін беріп жатыр. Мұнда тұзды шахтаға түсу, ішекті жуу, балшық пен түрлі ванналармен емдеу жүзеге асырылады екен. Тұзды емдеу саунасы, айналмалы душ, Шарко душы, су асты және панто ванналарының денсаулықты түзеуде пайдасы көп дейді. Мұндай ем түрлері бұрын тек санаторийлерде ғана болатын. Бұл да бас дәрігердің іскерлігі арқасында жүзеге асқан жұмыстар көрінеді.

Осының бәріне жүгіріп жүргенде түс ауды. Енді тек желкеге массаж жасату ғана қалды. Массажист назым Садабаеваның қолы керемет қайратты, желкең мен арқаңның құрысып қалған тамырларын бытырлатып үзіп жатыр. Массаждан соң тынысың ашылып, бойың кәдімгідей жеңілдеп қалғандай болады.

Палатаға келсем қасымдағы жігіт те келіпті. Саят Салықов деген 28 жасар жас жігіт. Мамандығы дәрігер екен. Қан қысымы 180/130 болып көтеріліп ауруханаға түсіпті.

Сонымен ауруханадағы алғашқы күн зу етіп өте шықты.

 

11.08.09.

Бүгін жүректі УЗИ-ға түсірді. Невропотолог, уролог дәрігерлері келіп консультация берді. Емдеуші дәрігер Сара Қабайқызы системада жатқан кезде келіп қан қысымын өлшеді. 130/90. Қан қысымы түсіп келе жатқан сияқты. Бірақ таңертең 10-15 минут дене шынықтыру әлі қиынға соғып тұр. Жүрек соғып, алқынып қаламын. Бүгін келген медбике Айнұр Мырзабаеваның қолы сондай жұмсақ, епті. Тамырды дәл табады. Аққұба жүзі алабұртып, үнемі күлімсіреп жүреді. Өзі қандай сұлу болса, жаны да сондай сұлу. Бір жақсы да аяулы жан.

Таңертең қасымызға бір жігіт ағасы келіп орналасты. Өзі салдырлаған, ерекше ақ көңіл жан екен. Ұлы жаны қалмай әкесін әп-сәтте орналастырып үлгерді. Мен «Астана» телеканалының «Деловые новости» хабарын жүргізетін Жандарбек Сәрсебаевты бірден айтқызбай-ақ таныдым. Ал әкесі Жекен Сәрсебаев «Әлем» халықаралық сауда компаниясының президенті екен. Қытай, Ресейден негізінен құрылыс материалдарын жеткізетін көрінеді. Өзінің иелігінде кірпіш шығаратын заводы, жері, біраз шаруашылығы бар екен.

Барлық ем-домды қабылдап, система қойдырып, уколыңды алып, желкең мен арқаңа массаж жасатып оралғанда түскі астың да уақыты келіп жетеді. Шыны керек, жасымда он жыл интернатта жатып оқыған, екі жыл жарым әскерде, бес жыл студент болған маған аурухананың тамағы бірден ұнады. Негізінен диеталық тамақтар тез қорытылады, сіңімді, дәмді. Аспаздар Зоя Бакирджанова мен Бану Керімбекованың күлімсіреп ұсынған тамақтары анау-мынау ресторандағыдан кем емес. Бірақ соған қарамастан үсті-үстіне тамақ тасушыларды өз басым түсінбеймін. Тіпті кеште беретін айраны да, түсте беретін сүті де ерекше дәмді. Жұмыртқа да, сыр да, сүзбе де береді. Күнде таңертең беретін сары майы тағы бар. Бұдан артық не керек? Жалпы көп адамдар санасындағы «аурухананың тамағы дәмсіз болады» деген түсінікті өзгерту қажет.

 

12.08.09.

Аурухана тіршілігі сағат таңғы 6.00-де басталады. Күн сайын Раушан Рахимова, Айша Эламашева, Мөлдір Тұралбаева кезек-кезек терезеден бастап тумбочканы, тоңазытқышты, ванна бөлмесін жарқыратып жуа бастайды. Медбикелер қолтығыңа градусник қыстырып, уколын салып, дәрісін беріп таңғы тірліктен хабар береді. Медбике Зульфия Усманова системасын қойып, олардың басы-қасында аға медбике Нұргүл Топашева жүреді. Сағат 8 болғанда бөлім меңгерушісі Мағрипа Ғафурқызы мен емдеуші дәрігер Сара Қабайқызы келіп, емделушілермен жылы амандасып, жағдайларын сұрап, арасында әзіл-қалжыңын айтып көңілдерін көтеріп кетеді. Бүкіл ем-домды алып болғаныңша түс ауып та үлгереді.

 

13.08.09.

Бүгін қасымыздағы Саят Салықов ауруханадан шықты. Оның орнына Орталық Азия университетінің бас инженері Мұрат Жиенбаев келіп жатты. Мұраттың жасы 47-де. Оның 2004 жылдан бері қан қысымы жиі көтеріледі екен. Саят та, Мұрат та мұны экологияның нашарлығынан көреді. Ал Семейде туып өскен мына Жекен Сәрсебаев пен Тайсойғандағы ең алғашқы ядролық жарылыс кезінде соның қасында болған өзім ше? Саят 28-де, Мұрат 47-де болса 62-дегі Жекен мен 60-қа келіп қалған бізге не жорық?! Біз қалай ауырмайық? Оның үстіне 1967 жылдан бергі журналистік жұмыс жүйкеңді жеп, шашыңды ағартса оған не дейсіз? Біздің ұрпақтың көрмегені бар ма?

Бүгін де емдеуші дәрігерім Сара Қабайқызы келіп, диагностика қорытындыларына байланысты бойымда біраз аурулардың бар екенін айтты. Әрине, оның ең бастысы-жүрек. Әзір инфаркт, инсульт болмағанмен біраз аурудың бойды иектеп алғаны анық. Демек, жүйелі емделу керек.

 

14.08.09.

Бүгін күн жұма. Қазақ үшін қасиетті күн. Біз ерте ояндық. Жекең кеше көрші палатада жатқан Мұса деген ағамен танысыпты. Ол кісінің жасы 73-те, өзі атақты актер Асанәлі Әшімовтің күйеу баласы көрінеді. Қызық болғанда, бәріміз ем-домымызды алып, уколымызды салдырып, дәрімізді ішіп бола бергенде палатамызға сол Мұса ағамыз кіріп келді. «Ал, жігіттер, бір сыйлы кісіден дәм келді, тамақтан үлкен емессіңдер, кәне жүріңдер»,-деді ол кісі. Бармасақ ұят, шынында дәмнен үлкен емеспіз, әрі жасы үлкен аға. Барсақ бір табақ жылқының еті. Қазы, қарта, жал, жая. Асекеңнің үйінен келіпті. Ұлытаудың жылқысы көрінеді. «Ет дегенде бет бар ма?» дейтін қазақ емеспіз бе, әп-сәтте табақты босатуға жақындаттық. «Тауыспасаңдар асатам»,-дейді Мұсакең. Ақыры бүкіл ауруды ұмытып, Асекең беріп жіберген етке кеңірдектеп тыңқиып тойып шықтық.

 

15.08.09.

Бүгін система, укол алып, электрофарез, массаж жасаттым. Физиотерапия бөлімінде Мөлдір Әбуева қарындасымыз інжір ваннасына түсірді.“Қан қысымыңыз 120/80” деп емдеуші дәрігерім Сара Қабайқызы қуантып кетті. Енді түсқайта қорқасоқтап отырған бір емді қабылдау қажет. Ол-«АМОК-2» аппаратымен ішекті тазалату. Жекең мен Мұрат кеше тазалатқан. Мақтап отыр екеуі де. түс ауа тәуекел деп төменге түстім. Медбике Дәрия Тасжүрекова қарындасымыз арнаулы орынға отырғызып қойып, іске кірісті. О, несін айтасыз, ішектен алғашында қап-қара бір пәлелер ақты, аздан кейін барып дұрыстала бастады. Осы жерде ұлы Абайдың «Адам бір арқалаған боқтың қабы» деген сөзі ойға оралды. Данышпан қалай тауып айтқан!

 

16.08.09.

Бүгін күн жексенбі. Сағат 8-ге дейін ұйқыны соқтық. Сосын тамақ ішіп алып, үшеуміз біраз әңгіме айттық. Жекең өте әңгімешіл адам, ал Мұрат көп сөзге жоқ. Екеуі де қызмет бабымен Үрімшіде, Шәуешекте бірнеше рет болыпты. Олардың айтуынша, онда мүлде басқа өмір, ол бізге ертегі көрінеді. Шынында айтып отырса ғажап! Осы соңғы 20 жылда Қытай халқы ерекше байып кеткен. Оны байытқан бұрынғы СССР елдері ғой. Қытай байыды, есесіне біз быт-шыт болдық. Қазір тіс шұқығыштан бастап бүкіл киім- кешегіміз, техникамыз солардікі. Оларға тиіп жатқан қыздарымыз қаншама! Қытай тілін үйреніп жатқандар тіпті көп. Енді аз жылда қытайлықтар 16 миллион қазақтың тең жартысына жетпесе болғаны. Бізде бұл қауіп бар.

Түстен кейін үшеуміз айналасы атшаптарым аурухананың іші-сыртын түгел аралап шықтық.

 

17.08.09.

Бұл аурухана Алматыдағы іргелі емдеу орындарының бірі. Халыққа 1971 жылдан қызмет көрсетеді. Бір мезгілде стационарға 710, ақылы бөлімде 265 адам емделеді. Ақылы қызмет көрсететін поликлиникасы және бар. Бір жылда 30 мың адам емделсе, поликлиникада 20 мың адам денсаулығын түзетеді екен. Аурухана дәрігерлердің білім жетілдіру базасы болып табылады. 18 кафедрасы бар. Профессорлар О.Әбдіразақов, Б. Шалекенов, Б.Салханов, С.Каменова, Е.Мәмбетовтің есімдерін бүкіл республика жұртшылығы жақсы біледі. Соңғы жылдары аурухана осы заманғы ең соңғы жетілдіріген диагностикалық медициналық құралдармен жарақтандырылған. Аурухана ұжымы бас дәрігер Есентай Тәжиевтің есімін үлкен құрметпен атайды. Аурухананың осындай дәрежеге жетуінде ол кісінің өлшеусіз еңбегі жатқанын айтады бәрі де. Біз көрген кезде де Есентай Бөдесұлы бірде аурухананың бір шетінде жүрсе, енді бірде екінші жағында жүрді. Арухананың сыртынан қосымша құрылыстар салынып жатыр. Олардың бәріне бас-көз болу керек. Мынадай үлкен емдеу мекемесіне басшы болу оңай еместігі көзге айқын көрініп тұр.

 

18.08.09.

Бүгін таңертең бөлім меңгерушісі Мағрипа Ғафурқызы келіп қан қысымын өлшеді. 130/90. Сірә, көп жылдардан бері үнемі жоғары болып жүретін қан қысымының оңайлықпен көне қоятын түрі жоқ сияқты. Емдеуші дәрігер Сара Қабайқызы келіп, кейбір дәрілерді қысқартқанын айтты. Оның ішінде ұйықтататын да дәрі бар екен. Осы күні Жәкең де, мұрат та «АМОК-2» аппаратымен ішектерін тағы бір жудырды. «Керемет жеңілдеп қалдық» дейді.

Система, укол, дәрі ішу, массаж жасатумен жүргенде түс ауды. Жәкең, Мұрат үшеуміз біраз әңгіме соқтық. Осы күні физиотерапия бөлімінде бір қызық жағдай болды. Осында қызмет істейтін Нұрсая деген қарындасымыз күйеуге қашып кетіпті. “Айтпай кетті” деп мұндағылар біраз шуласып қалды.

 

19.08.09.

Түнде нашар ұйықтап шықтым. Мұндайда көңілге түрлі ой келеді: ағайын, туған алыста. Ұл-қыздардың өз тірліктері бір бастарына жетіп жатыр. Олар күнде келгенде не бітіреді? Аяғыңмен жүріп емделгенде ешкімге салмақ салмайсың. Егер кездейсоқ қатты ауырып қалсаң ше? Оның беті әрмен, әрине.

Кеште телевизор қараймыз. 16 тамыз күні мына “Алма Арасанда” бір КамАЗ бір машинаны тапап, содан  аялдамаға барып соғып, он бір адам, соның ішінде машина ішіндегі бір үйдің алты адамы қаза тауыпты. Сұмдық! Қазақ «пәледен, жаладан, көлденеңнен сақта!»дегенде осындайды айтқан-ау. Әйтпесе аялдамада қаннен қаперсіз тұрған жандар таудай КамАЗ тапап өтеді деп ойлап па таңертең үйлерінен шыққанда.

Таңертең емдеуші дәрігерім Сара Бисенова ертең ауруханадан шығатынымды айтты. Асықпай тәптіштеп алға қарай қалай емделу керектігін түсіндірді. Өзі бір ерекше мейірбан, ғажап жақсы адам. Мағрипа Ғафурқызы өз бөліміне кілең бір керемет жақсы жандарды қалай іріктеп алған! Сұрастырсақ мұнда қызметке үлкен конкурс арқылы алады екен. Әсіресе, медбикелер Айнұр, Нұржан, Зульфия, Ақерке, аға медбике Нүргүлдің мінездері жібектей, өздері шетінен сұлу. Емделушілерге «ағалап, апалап» жандары қалмайды. Ақ халаттары қандай кіршіксіз таза болса, жандары да сондай таза.

 

20.08.09.

Жәкең екеуміз бүгін ауруханадан шықпақшымыз. Осы он күнде үшеуміз әңгімеміз жарасып, тіпті бірге туғандай болып кеттік. Кейбір ішкі сырларымызды да ортаға салдық. Мұрат екеуміздей емес, Жәкең «жаңа қазақтардың» қатарында. Бірақ екі сөзінің бірінде «Е, Құдайға тәубә» деп отырады. «Баймын, бармын» деп кеуде қағу жоқ, сондай қарапайым. «Алға қарай сіздің «Атамекен» газетіне біраз адамды жаздыртып, аздап қаржылай да көмек беремін. Экологияның жағдайын бір білсе біз сияқты семейліктер білуі керек қой»,-дейді кәсіпкер Жекен Сәрсебаев толғана сөйлеп. «Несі бар,уәде-Құдай аты»,-дейміз біз көңілденіп. «Әңгіме жоқ, көмектесемін, айтқаным айтқан»,-деп қысқа қайырады Жәкең.

Біз ұсыныс, тілек кітаптарына ризашылық алғыс айтқан сөзімізді жазып бердік. Бөлімше меңгерушісі Мағрипа Мұхамеджановаға, емдеуші дәрігеріміз Сара Бисеноваға, он күн қамқорлығында болған медбике қыздарға түгел алғыс айтып, сыртқа бет алдық. Көңіліміздегі сырқатымыздан айықтырған ақ халатты абзал жандарға деген ерекше бір қимастық сезім өзімізбен бірге кетіп барады.

Рахмет, ақ халатты абзал жандар!

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Адемі 2016-05-15 15:15
;-) оте тамаша туынды .окып отрып озм балницада жаткандай куйде болдым.