Алматыда көктем ерте шығады

almaty

Мен Алматының атын сонау 1962 жылдарда алғаш естідім. Біздің Жаңашаруа сегіз жылдық мектебінде менен бір сынып жоғары оқитын Лес Мұратов апта сайын «Алматы қаласы, Мир көшесі, пәленінші үй, пәленінші пәтер, Қабдулову Зейнолле» деп хат жазады да жатады. Қызыға қараймыз. Алматыда осындай ағасы бар адам қандай бақытты деп ойлаймыз. О кезде почталарда әр түрлі әдемі қалалардың фото суреттері сатылады. Солардың ішінде Алматы ерекше сұлу болып көрінеді. Түп-түзу көшелер, биік үйлер, әсіресе ақ бас Алатаудың суреттеріне қызыға қараймын. Сөйте-сөйте осы қалаға шындап ғашық болдым. Енді Алматы туралы фото суреттермен қатар газет-журналдарды, кітаптарды жинай бастадым. Мектепті тезірек бітіріп, осы бір сұлу қалаға жеткім келеді.

Бірақ мұның сәті тек 1967 жылы түсті. Осы жылы шілдеде Діңқайыр Дөшкенов екеуміздің табанымыз әсем Алматыға алғаш рет тиді. Осының алдында бір жыл бұрын мектеп бітірген Құрылыс Сүлейменов, Бағыт Досжанов, Амантай Қуанышев бізді поездан күтіп алып, Космонавтов пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы өздері жалдап тұрып жатқан пәтерге алып келді.

О, ол кездегі Алматының сұлулығын айтуға тіл жетпейді. Қала тап-таза. Көшелерден алма мен алмұрттың иісі аңқиды. Арықтардың суының тазалығы сондай қолмен ұрттап іше беруге болады. Көшеге шықсаң аяқ аттасаң газды су, балмұздақ. Бәрі су тегін. Әр көше сайын асханалар. Тамақтары керемет дәмді.

Содан құжаттарымды КазГУ-дің журналистика факультетіне тапсырып, қаланың көрікті жерлерін аралауға кірістім. Емтиханның үшеуін де төрт пен беске тапсырсам да стаж жоқ болғандықтан оқуға түсе алмадым. Бірақ елге кетуге Алматыны қимаймын. Содан қазан айының басында ғана Миялыға келдім. Келген соң аудандық «Коммунизм туы» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа орналастым. Ал келесі 1968 жылы мамыр айында әскерге кеттім. Екі жыл үш ай Украинада болып, тек 1970 жылдың шілдесінде ғана Алматыға қайтып оралдым. Осы үш жылда қала мүлдем өзгеріп кетіпті. Ленин даңғылындағы ескі үйлер түгел қиратылып, жаңа бірнеше көшелер салыныпты. Қала бұрыңғыдан да сұлуланып кетіпті.

Сол жылы КазГУ-ге оқуға түсіп кеттім. Содан кейінгі бес жылым осы әсем қалада өтті. 1975 жылы оқуды бітірген соң осында қалғым келді. Бірақ о заманда бұл тіпті де оңай емес еді. Жатақханада да, біреулердің көмір қорасында да тұрдық. Пәтер мәселесі өте қиын болатын. Амал жоқ, елге кетуге тура келді. Ауылда он бес жыл қызмет істедім. Сөйтіп, өзім өлердей ғашық болған Алматыма тек 1990 жылы ғана келдім.

Содан бері қанша су ақты, қанша мұз қатты. Мен енді алматылық болдым. Бұл менің өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі еді. Маған Алматының көктемі мен жазы да, күзі де, қысы да керемет ұнайды. Әсіресе, қысқы кештерде қаланың жарқ-жұрқ еткен мың сан шамдарына қарап, жиі ойланып отырамын. Осындайда алыстағы ауылым еске түседі. Шыны керек, ауылды да сағынамын. Оның таза ауасын, бет қарыған өткір күнін, қатты аязы мен боранын, тіпті апталап соғатын қара дауылын да жиі аңсаймын. Алматының ұзақ та салқын кештерінде туған ауыл туралы көп ойланамын. Енді осы кейбір ойларымды газет оқырмандарыммен бөліссем деймін.

***

Осындай кештердің бірінде әбден сарғайған қағаздарымның ішінен «Өмір туралы ойлар» деген бір топ өлеңдерімді тауып алдым. 1967 жылы 17 мамырда «Коммунизм туында» шығыпты. Әп-әсем өлең. Сонда мен 17 жаста екенмін. Қазір осындай өлеңді жаза алам ба, жоқ па-білмеймін. Сол өлеңдер-мынау.

 

Өмір кейде мұң боп есік қағады,

Бар шаттығы жете бермес әр үйге.

Біреулерге тағар болсаң кінәні,

Себебін де ойлайсың ғой, әрине.

 

Шаттығымды күндер кейде ұрлайды,

Бір қуансаң болмайды ол да дәнеңе.

...Өмір деген бір қайғыдан тұрмайды,

 Бір шаттықтан тұрмайды екен және де..

***

Бір адамның бір адамнан несі кем,

Әркімді де бағалаймыз ісімен.

Мен қорқамын көз алдыңда көлгірсіп,

Күліп тұрып жылататын кісіден.

 

Жүріп жатса тамағың тоқ, жайлы ісің,

Бостан-босқа шу шығарар қай кісің.

...Біреулердің жүрміз білмей қадірін,

Жылап тұрып жасыратын қайғысын...

***

Өмір асау құнан болса мөңкіген,

Мен-шабандозоны қолға үйретем.

От күндерім алға қарай жөңкіген,

Бір тартылмай өте шығар күй ме екен?

 

 

Асау құлан қабырғасын тепкілеп,

Зымырасаң қызады ыстық от қанда

Ешкім айтпас бақытыма жеттім деп,

Тіпті соңғы сағаты кеп соққанда...

               ***

Мен өлеңде дара соқпақ салмадым,

Оған бәлки жетпес менің әлім де.

Бұлбұлдарға толғаннан соң жан-жағым,

Құлақ салып келем әлі әр үнге.

 

Өмір-өлең мұнша неткен сүйікті ең,

Кім-кімге де толқу керек тасарда.

Құлау оңай, шыққан заңғар биіктен,

Шығу қиын сол биікке қашанда.

 

***

Мамандығым журналист болғандықтан елімізде қанша газет-журнал шығады, жіті қадағалап отырамын. Қазіргі дерек көзі бойынша Қазақстанда 8248 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген екен. Соның ішінде 2513 БАҚ белсенді жұмыс істейді. 212 электронды ақпарат құралы, 2392 шет мемлекеттердің ақпарат құралы Қазақстан аумағында таралады. Сондай-ақ KZ доменіне ие 9 мыңнан аса домен тіркелген. Елдегі БАҚ-тың 85 пайыз басылымды қоғамдық қауымдастықтар, 11 басылымды саяси партиялар мен қозғалыстар, 10 басылымды діни ұйымдар шығарып тұрады.

***

Мен жасымнан А.С. Пушкиннің өлеңдерін сүйіп өстім. Кейін М.Ю. Лермонтов өлеңдері ұнай бастады. Мысалы, Михаил Юрьевич  Лермонтовтың «Бэла» деген   әңгімесінде жалаңқылыш Казбич дегеннің мініп жүрген атын мақтап айтатын әні бар.

Много красавиц в аулах у нас,

Звезды сияют во мраке их глаз.

Сладко любить их - завидная доля,

Но веселей молодецкая воля.

Золото купит четыре жены,

Конь же лихой не имеет цены.

Он и от вихря в степи не отстанет,

Он не изменит, он не обманет.

Кейіннен Бэланың інісі сол жүйріктің өтеуіне деп өз әпкесінің кол-аяғын  байлап Печоринге әкеп тастайды. Осы өлең кезінде маған қатты әсер еткен. Атты, жүйрікті сүйетін қазақпыз ғой.

***

Әрине, мен Абайды, халық ауыз әдебиетін қайталап оқудан жалықпаймын. Біздің ауыз әдебиеті сұмдық керемет қой! Қаншама ұлағат, ғибрат, асыл сөздер бар онда. Мысалы, Жәнібек ханның сауалына Жиренше шешеннің қайтарған жауабын оқып көріңізші.  

Ел тағдырын он екі биімен кеңесіп шешетін Әз Жәнібек хан сынап көру ойымен:

Кәріліктің белгісі не деп білесің, Жиренше - депті:

Қаратауға қар жауар, қарсы алдыңнан жел тұрар.

Қыз алған қалай?

Қыз "өзің білерсің" дер.

Жеңге алған қалай?

Жеңге "өзім білем" дер.

Жесір алған қалай?

"Балам" білер дер...

 

                          ***

Әз Жәнібек бірде Жиреншеге: "Әкесі өлген қалай болар" депті.

- Асқар тауы құлағанмен бірдей болар,

-Шешесі өлген қалай болады?

-Ағар бұлағы суалғанмен бірдей болады.,

-Ағасы өлген қандай болады?

-Оң қанаты қайрылғанмен бірдей болады.

-Інісі өлген қандай болады?

-Сол қанаты қайрылғанмен бірдей болады.

-Апа-қарындасы өлген қалай болады?

зын өрісі қысқарғанмен бірдей болады...

 

Керемет емес пе!

***

 

Ал  қаздауысты Қазыбектің қалмақ  ханына  айтқаны  ше?

Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден кұт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз.

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөзді асырмаған елміз.

Досымызды сақтай білген елміз.

Дәм-тұзын ақтай білген елміз.

Асқақтаған хан бол­са хан ордасын таптай білген елміз.

Атадан ұл туса, кұл боламын деп тумайды.

Анадан қыз туса күң боламын деп тумайды?

Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.

Сен қалмақ та біз қазақ,

Қарпысқалы келгенбіз.

Сен темір де, біз көмір,

Еріткелі келгеміз.

Екі еліктің лағын

Теліткелі келгенбіз.

Танымайтын жат елге,

Танысқалы келгенбіз.

Танысуға келмесең,

Шабысқалы келгенбіз.

 

Сен қабылан да, біз арыстан,

Алысқалы келгенбіз.

Жаңа үйреткен жас тұлпар,

Жарысқалы келгенбіз.

Тұтқыр сары желімбіз,

Жабыскалы келгенбіз.

Берсең жөндеп бітіміңді айт,

Бермесең, дірілдемей жөніңді айт,

Не тұрысатын жеріңді айт!

***

Бабалардан бізге жеткен мұндай өсиет өлеңдер өте көп. Оқысаң көп ғибрат, мол өнеге аласың. Мысалы, әз Жәнібек хан бірде алпыс екі биінен "дүниеде не өлмейді" деп сұрапты. бір ділмарлары:

Ағын су өлмейді, асқар тау өлмейді,

Аспанда аймен күн өлмейді,

Әлемде қара жер өлмейді, -депті.

Сонда Жиренше шешен:

Ағын судың өлгені алты ай қыста қатқаны,

Асқар таудың өлгені басын бұлт шалғаны.

Ай мен күннің өлгені

Еңкейіп барып батқаны.

Қара жердің өлгені

Қар астында жатқаны.

Ажал деген атқан оқ

Бір Алланың қақпаны.

Дүниеде не өлмейді?

Жақсының аты өлмейді,

Ғалымның хаты өлмейді,-депті.

***

Қазақ ертеден сөзге тоқтаған. Сөз құдіретіне бас иген. Мысалы, бірде Едіге ханға көңіл айта барады.

Ақсұңқар ұшты ұядан,

Қол жетпейтін қиядан.

Қанаты бүтін сұңқар жоқ,

Тұяғы бүтінтұлпар жоқ.

Көтер, ханбасыңды!

Іш мына асыңды!

Босатпа беліңді, Мұңайтпа еліңді!

Сынбасты адам жаратпайды,

Өлместі құдайжаратпайды, -

дегенде хан "қайтсемқайғым жеңілдейді деп сұрапты. сондаЕдіге:

Қайғың жиылған жұрттың тобында қалады,

Атылған мылтықтың оғында қалады,

Жүйрік аттың тұяғында қалады,

Аққан судың жиегінде қалады.

Сұлу қатынның қойынында қалады,

Қызық, мереке ойында қалады,

Істемесең, мойныңда қалады,-деген екен.

 

***

 

Есей би бір сөзінде:

Өсиетке терең бол,

Өсек сөзге керең бол.

Кедеймін деп налынба,

Арыңды сатып жалынба.

Бұл атаңнан қалған арық,

Егін ек те бол қарық.

Атаңның ботасын алма, батасын ал,

Бота өліп қалады, батадан бағың жанады.

Ит жақсыны да, жаманды да қабады,

Жалақор өз жазасын өзі табады.

Ағайынмен жауласпа, басың азаяды,-десе, Үмбетәлі жырау Бұқарға былай дейді:

Үй сыртында арқа тау,

Панасы жоқ болса, бүл шіркіннің несі тау?

Кетеген болса, түйең жау,

Тебеген болса, биең жау,

Ұрысқак болса, ұлың жау,

Керіскек болса, келінің жау.

Үйіңдегі ұлың жаман болса,

Есіктегі кұлмен тең.

Қойнындағы катының жаман болса,

Қаңтардағы мұзбен тең.

Кей сорлының қатыны

Күндіз ауру, түнде сау -

Арқаңа артқан тұзбен тең.

Жылға-сай батпақ болса өте алмассың,

Жастан шыққан жүйрікке жете алмассың.

Дүниенің жүзінде осы қиын-

Жаман деп өз үйіннен кете алмассың.

Бәйбішең аю болса аса алмассың,

Қарау болса, әй деуге бата алмассың.

Мейманға отың басы суық болса,

Еліңе жақсы жігіт атанбассың.

Тіпті ып-ырас!

***

Қазір қазақта ән де көп, әнші де көп.Бірақ, ән жайлы, өлең туралы толғанғанда Абай ақынға кайта-кайта жүгінуге тура келеді. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең, өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен, ойлансаңшы бос қақпай елең-селең...». Бұған аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының: «Қазақтың әндері біздің текемет пен сырмағымыздағы оюлар тәріздес. Оюлардың ұштары қалай әдеміленіп, сүйірленіп бітетін болса, қазақтың әр әнінің иірімі сондай әдемі. Мен әрбір оюды көрген сайын: «Шіркін, осы ою қандай әнге құрылды екен деп ойланам» деген ғажайып сөзін қосыңыз.

«Айғайлағанның бәрі әнші емес, ән шығарғанның бәрі Шәмші емес». Үлкен жүрекпен толғана салған әнді үлкен жүрекпен тыңдау ләзім. «Өзгеге,  көңілім, тоярсың, өлеңді қайтіп қоярсың? Оны айтқанда толғанып, іштегі дертті жоярсың. Сайра да зарла, қызыл тіл, қара көңілім оянсын. Жыласын, көзден жас ақсын, омырауым   боялсын...».   Иә,   алты алашта ән мен өлеңнің құдіреті тура­лы Абай ақыннан асырып айтқан адам жоқ.

Осындай әндер айтыс ақыны Есенқұл Жақыпбековте көп. Соның бірі «Алдай-ау». Сөзі де, сазы да, тіпті айтар назы да халық әндерінің үлгісіне келіңкірейді.

  Алдай-ау, алдай, алдай-ау,

Дүние түбі балдай-ау.

Алқынған күндер талпынған,

Жәутеңдеп қарап артымнан,

Қалды-ай-ау бәрі қалды-ай-ау...

Әннің осы жерін тыңдағанда жүрегің шымырлап кетеді. Кеудеңе өксік тығылып, көзіңе жас келеді. Өмірдің өткіншілігі, тіпті қысқа екендігі жаныңды жабырқатады.

Мұның бәрін қазақ «өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ», деген бір-ақ ауыз сөзбен түйіндесе, Әбіш Кекілбаев ағамыз:

Дүние деген-жәрмеңке,

Келдің екен-көріп кет!    

Дүние деген-жәрмеңке,

Алдың екен-беріп кет!-дейді.

Ал ақын Әбділда Тәжібаев одан әрі кетіп:

Шын екен-ау өмірдің,

Тіпті шолақ екені.

Бесік пенен табыттың,

Аралығы екі елі,-деп фәни жалғанның қысқалығын бір-ақ шумақ өлеңге сыйғызған.

***

Табиғат. Адам. Тіршілік. Экология. Біз қазір бұлар туралы көп айтамыз. Бірақ айтамыз да, сол табиғатты бүлдіреміз. Осы ақылға сия ма? Бұл туралы жазушы Табыл Құлияс:

«Табиғаттың бермесін тартып аламыз» деген ұран небір жақсылықтардың түбіне жетті. Дүрілдегендер қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып байтақ далада атпен жүргенде алды-артынды кес-кестеп ұшып жаксылыктың тілекшісі ақтамақ карлығаштардын да тұқымын кұртты» десе, актер Асанәлі Әшімов: «Адам қолымен жасалатын ұяттар көп. Соның бірі - табиғатпен санаспау. Мәселен, біз қасқырды аяусыз қырдық та, қойдың етінің дәмділігін жойдық, торғайды қырдық, кей жерлерде егін шықпай қалды. Мінеки, табиғатта артық ештеңе жоқ-дейді. Өткір шындық осы.

***

Мен кейінгі жылдары ақын Өтежан Нұрғалиевпен көп әңгімелесіп жүрдім. Өте қызық кісі еді. Мінезі шатақ болатын. Абайды, Мұхтар Әуезовті, Ғабит Мүсіреповті мойындамайтын. «Қазақ жүз жылдан кейін Мағауинды, екі жүз жылдан кейін Өтежан Нұрғалиевті ғана оқиды» дейтін. Үйінде кітап өте көп болатын. Ұзақ жылдар пәтер ала алмай жүрді. Кейін Иманғали Тасмағамбетов әкім болып келген соң ғана үй  алды. Бірақ үйді маған тұрғын үй департаментінің бастығы Нұғыман Асқаров берді деп жеңістік бермейтін.

Осы Өтежан Нұрғалиевтің атақты режиссер Асқар Тоқпановқа арнаған жақсы бір өлеңі бар. Екеуінің де мінезі шатақтау болатын. Бірақ Өтежанның өлеңі жақсы еді.

Әулие деуге, діндарлык жолын қумаған,

Қобыланды деуге, қылышпен жауды қумаған.

Тоқпанның ұлы, Құдайдын құлы, о ғажап,

80-ге дейін тордағы аңдай тулаған.

Мақтау не керек, ол өзін-өзі мактады,

Боқтау не керек, ол өзін-өзі боқтады.

Қазақтың намысын қазақта біреу сақтаса,

Ұстазым менің-Тоқпанов қана сақтады.

Өтірік-өсекті көрсе айбаттап,

Бүйірден сүзді өгіздей,

Тамағын жөнді жегізбей.

Алысып өтті, күресіп өтті Тоқпанов,

Дастархан үсті көк дауыл соққан теңіздей.

80-ге келді, сан қызық көрді, арман жоқ,

Айтатын сөзі айтылмай жерде қалған жоқ.

Адамша келіп, адамша кетті Асекең,

Салмағы- жердей, арманы-шалқып аспан боп.

Шынында да Асекең сондай кісі еді. Енді өзі қалыпқа сыймаған адам еді ғой. Оның әр жерде айтқан сөздері көп, қауып айтса да, тауып айтатын. 1991 жылдары менің де 1-2 рет Асқар Тоқпановтан сұхбат алғаным бар-ды.

***

Біздің қазіргі жастарымыз, тіпті біз қатарлылар намаз, құран оқи білмейді. Дұғадан да түк хабарлары жоқ. Ондайда көбі «пенсияға шыққанша жаттап аламыз ғой» дейді. Иманға пенсияның не қатысы бар? Ал көп балалар бесіктен белдері шықпай жатып ораза ұстайды. Хиджаб киеді. Мешіт көбейген сайын иман азайып барады. Осы қорқынышты.

***

Біздің ауданда керемет өнерлі, әнші, ақын, күйші жігіттер көп. Соның бірі менің Серікбай Оңғарбаев ағам. Жасынан керемет әнші болды. Ермек Серкебаев ренжімесін Серікбай Оңғарбаев ағамыз одан асқан әнші еді. Әттең, өнер жолын қумады. Отбасын, қартайған әке-шешесін тастап ауылдан кете алмады.

Тағы бір сұмдық өнерлі жігіт Қалидолла Ізекенұлы ініміз. Каз ГУ-ді 1975 жылы бізбен бірге бітірді. Өзі ақын,өзі әнші, өзі композитор. Қысқасы, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Ауылда жүріп-ақ көп іс тындырды. Әндерін, кітаптарын шығарды. Өткен жылы медаль алды. Шын талант деп осындай жандарды айтуға болады.

Сосын Бақтыбай Садықов деген дәрігер жігіт болды ауданда. Қаракөл, Қарабау учаскелік ауруханасында бас дәрігер боп қызмет істеді. Кейін біраз жыл аудандық медицина мекемесін басқарды. Өте көрікті, әнші жігіт еді. Егер Асқар Тоқпапов сияқты режиссер тап болғанда керемет актер, не кино актер болатын еді. Оның «Отыздан асып барамын» деген әнін тыңдағанда еріксіз жүрегің елжіреп, көзіңе жас үйіріліп отыратын. 2008 жылы жол көлік апатынан қайтыс болды. Әттең, шын таланттың қадірін ешкім білмеді.

***

Қазақта нақыл сөз көп. Бірақ оған көңіл аударып жатпаймыз. Мысалы, «Орта жолға жеткенде атың өлмесін,орта жасқа жеткенде қатының өлмесін», «Әйелмен жағаласудан жаумен жағаласу жеңіл», «Жақсы әйел аз нәрсені көп етеді,көп нәрсені көл етеді» деген қазақ нақылдарында қаншама шындық жатыр. Ырымдар да солай. Мына ырымдарға көңіл аударайықшы. Қыздар басына ақ, қара орамал тақпайды. Ақ - жаулыктың, ал қара - қайғының белгісі.

Жас балаға бұғана ұстатпайды - бойы өспей қалады дейді.

Үйге кіріп келе жатқан бала есік алдында құлап қалса - үйге береке, ырыс, байлық келеді деп қуанады. Оны төрге апарып үш рет аунатады.

Жыңғылмен атты қамшыламайды-малды не адамды ұрмайды. Жыңғыл тікенді бұта. Онымен ұрса мал да, адам да ұшынады дейді.

Ұл бала көзін ашып ұйықтайтын болса -бақытты, жары сұлу болады.

Шалқасынан жатып ұйықтайтын болса -жайдары, ақкөніл болады.

Аяқ-қолын созып, бей-жай ұйықтайтын болса -кемеңгер болады.

Етбетінен ұйықтайтын болса-қызғаншақ, кейде ойшыл болады.

Бүк түсіп ұйыктайтын болса -уайымшыл болады.

Көрпені тұмшалап орап алып ұйықтайтын болса-ынжық болады.

Жастықтың үстіңде ұйықтайтын болса-ел басқарған көсем болады.

Қыз бала көзін ашып ұйықтайтын болса -жолдасы көрікті болады.

Баланың бетінде қалы болса -балуан болады.

Мандайы кең болса-жайдары, еркін болады.

Желкесінің шұқыры үлкен болса-жалқау болады.    

Баланың бір құлағынан екінші кұлағы үлкен болса-күйші болады.

Алақаны ашық, алаңсыз болса - мырза болады.

Анасының омырауын тас қылып ұстап еметін болса -сараң болады.

Басбармағы үлкен, сүйрік болса - сері болады.

Бармағы майысқан болса - шебер болады.

***

Адам баласы жасы ұлғайып, қартайған сайын жастық пен балалық шақты көп аңсайды. Қайта жасару мақсатында емес, құдайдың жаратылысы сондай болғандықтан. Балалық шақ-тұма тазалықтың белгісі. Балдәурен-асқақ шыңдарға ұмтылдыратын асыл армандардың бастауы.

***

Біз басшылар туралы көбіне ғайбат сөйлеп жатамыз. Жаппай жамандаймыз. Өзіміз сол орынға отырсақ не бітірер едік? Оны ойламаймыз. Ал ел басқару тіпті де оңай шаруа емес. Тіпті шағын мекемені басқарып көріңізші. Сондықтан да  Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды кала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактат» деп аталатын кітабында: «...Ешбір жанға бағынбайтын басшы адам, міне, осындай. Ол-имам, ол-қайырымды елдің басшысы. Өз бойында туа біткен он екі касиетті ұштастырған адам ғана осындай бола алады» деп жазып, басты-басты қасиеттерді атап өтеді. Одан бөлек «Бектікке лайык бек кандай болуы керектігі» айтылатын «Кұдатғу білік» трактатында Жүсіп Баласағұн:

«Ел басқардым дегенше, өртке кірдім дегейсің,

Уайым, мұң жүгінен, төрт бүгілдім дегейсің.

Бек білімді, ақылды, адал балсын, ақ болсын,

 Парасаты, ақылы, ізгілерге жақ болсын.

Осындай бар қасиетін шығара алса жарыққа,

Бақ құсындай қонар еді қалың қара халыққа»-деп жырлап,ел басқару кез-келгеннің маңдайына жазылмайтыны, жаратушының адам баласына берер сирек сыйы екенін ұғындырады. Шыныда осы ғой.

***

Алматының қысқы кештері әрі салқын, әрі ұзақ. Ойлансақ ой түбі жеткізбейді. Мұндайда ойға, даналардың, бабалардың сөздері де, құрдастардың өздері де, жасыңда ойнап-күлген сұлулардың көздері де жиі оралады. Соның бәрі санаңда жаңғырығып, қағаз бетіне төгіледі. Одан кім қандай сабақ алады, ой түйеді-бұл әркімнің өз шаруасы. Бірақ бір шындық сол-ойсыз адам болмайды. «Ой да көп, уайым да көп ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ ойнай берсең» деген рас.

***

Өткен жылдың сәуір айында екінші рет инфаркт алған соң денсаулық қатты төмендеп кетті. Баяғыдай көсіліп бет-бет мақала жазуға шама жоқ. Бірақ кейбір 70,80 жасқа толған ағалармыз өздері туралы пәлен газетке мақала жаз деп өтініп қоймайды. Тек соңғы кезде Ақтаудан, Қызылордадан, Атыраудан, Оралдан осындай бірнеше хат алдым. Бірақ көсіліп сала-құлаш мақала жазуға әлім келмейді. Мұны ағаларымыз дұрыс түсінсе деймін.

***

Мен Алматыны шын жүрегіммен сүйемін. Сондықтан бір ғана өмірді осы сұлу қалада өткізген дұрыс деп ойлаймын. Әлемде Алматыдан асқан әсем қала жоқ мен үшін. Жылда Алматыда көктем ерте шығады. Биыл да солай. Ақпан айы орталана бере торғайлар шықылықтап, ауадан жылы леп есе бастады. Бұл көктемнің белгісі. Көп кешікпей Алматыға көктем келеді. Өмірдің жаңа бір көктемі. 

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Баха 2016-03-13 19:39
Керемет!!!