Бір жылдың жаз бен күзі және қысы

bir jil

2011 жылдың сәуір айының аяғы еді. Аяқ астынан Алматыдағы №7 Қалқамандағы ауруханаға түсіп қалдым. Бұл жерде ең басты қателік менің өзімнен болды. Бір емшіге барғанмын. Ол «Айқын» газетіне сұхбат беріп, жер бетіндегі ауру біткенді жазамын деп жаһанға жар салыпты. Кәдімгі сумен емдейтін көрінеді-мыс. Аты-жөні Сайлаухан Әуепбаева-ау деймін ұмытпасам. Содан инфаркт алған басым 48 рет суын, ыссы және екі сағаттан үйдегі ваннаға түспеймін бе? Сатып алған 14 мың теңгенің стаканы, 14 мың теңгенің белдемшесі, үлкен тілген әлгі әйелдің суреті және бар. Ауырған жерге әлгі портретті бассаң құдайдың құдіреті ауырғаны басылатын көрінеді-мыс. Әлгінің айтуынша менің екі ай жарым өмірім қалған көрінеді-мыс. Енді пәлен мың ақша төлесем ол емдеп мен он бес жыл өмір сүріп, үкіметтің сегіз наградасына ие болатын көрінемін.

Ақыры соған «емделіп» кірпігі азар қимылдап жатқан мені «жедел жәдем» №7 ауруханаға алып келді. Мұнда он екі күн жатқан соң «бұл жерде емделмеймін» деп шығып, 2010 жылы баяғы жүрекке операция жасатқан ауруханаға ауыстым. Азар жіберді. Егер енді 1-2 күн кешіккенде жағдайым өте қиын болатын еді. Содан бірінші Алла, екіншісі құдам Ернат, кіші қызым мен күйеу балам Жанат пен Ершаттың көмегі арқасында азар-азар тірі қалдым. Сөйтіп, сол ауруханада мамыр, маусым, екі ай бойы ес жимастан жаттым. Осы екі айды төсекте төбеге қараған күйі қозғалыссыз өткіздім. Міне, осы кезде екінші рет инфаркт алдым. Қазақтың «сатып алған аурудың емі жоқ» дегені осы екен. Мұны көп адам білмейді осы дүмбілез емшілерді әр жерге қаптатып жіберген мұндай Үкіметті жеті атасынан боқтасаң дұрыс болар еді. Олардың жұмысын тексеру мүлдем жоқ. Ақша берсең бәрін шешуге болады. Әй, азған заман-ай! Баяғы елді партия басқарған кезде мұндай сұмдық болып па еді?! Жоқ, әрине! Меніңше мұның бәрі М.С.Горбачевтің сатқындығынан болды.

Өмір болған соң оның өріне шығып сүйіндік те, өзегіне түсіп күйіндік те. Толстой айтпақшы, «Өмір деген тек қана түзу жолмен жүру емес, сол түзу жолмен келе жатып бұрылысқа келіп, бұрылыстан келе жатып құлап қалу, қайта тұру, қайта жүру».Рас қой. Адамның биологиялық өсу жолының өзі бір керемет құбылыс. Бұл туралы кезінде бұрынғы өткен ақындарымыз бен шешендеріміз айтып кеткен. Мысалы, Балуан Шолақтың өлеңі:

«Бес жаста безіп үйден талaтмініп,

Он жаста жарға ойнаған лақтайсың.

Келгенде жиырмаға сазда өсетін,

Балауса бейне балғын құрақтайсың»,-деп басталып, әрбір атаулы жастың ерекшелігін екшеп айтады.

«Отызда ор қояндай аспанға атып,

Қырықта мүшеленген құр аттайсың.

Елуде ақыл-ойың тегіс талып,

Төскейден сарқыраған бұлақтайсың...». Осылайша жалғаса береді.

Меніңше былайша топшылауға болады: 1 мен  13 жас арасын жас бала дейміз, 13 пен 29-дың арасын бозбала, жігіт дейміз, нағыз ғашық болып, жер-көкке сыймай жүретін кез осы мезгіл. 29 бен 49 жас аралығы-кемелдену шағы, дәл осы кезде мемлекетке де, халыққа да, ағайын-туғанға да жақсылық жасайтын кез. Бұл аралықта өмірдің қиындығын көріп, басы талай тасқа тиіп, одан тәжірибе жинақтайды, өз бойындағы немесе отбасындағы кемшіліктерді аңғарып, соны түзеуге тырысады. 49 бен 61 жас-егде тартқан кез. Көпті көрген, сезген мезгіл. Елге ақыл айтатын шақ.

Ал оның арғы жағы-абыздық, ол 80 жасқа дейінгі аралық. Бұл - бір отбасының ғана емес, бүкіл елдің тілеуін тілеп, елде дау туса татулық айтып, екі жақты жарастырып, игі істермен айналысатын кез. Бұл кезде қарттықты да айқын сезінесің.   

Абыздықтан әрісін қауса дейді. Абыздықтан биіктік, ол-әулиелік, көрегендік. Көрегенді болу үшін көргенді болу керек. Қазақ ақындарының көбі адам жасын шебер суреттеген. Мысалы, Шал ақынның өлеңдері сұмдық философияға толы.

Жолға шыққанда Құлеке өзімен бірге 9 жасар Шалды божы ұстатуға ала шығатын болса керек. Сондайда Шал үлкендердің сөзін құлағына құйып ала берген. Мысалы, бір ауылға барғанда сол ауылдың үлкені Меңдеш ақсақалбылай депті:

Елу - ердің жасы,

Алпыс - сұмдықтың басы,

Жетпіс - оттың қасы,

Сексен - көрдің қасы,

Тоқсан -қураған еті жоқ, қу сүйек,-деген екен. Шыныда осы ғой.

Қай заманда ақын-жыраулардың аузы аққа жарымаған, олар ешқашан байымаған. Мұны атақты Досбол датқада айтқан:

Хан алдына барғанда,

Хан таппады мінімді.

Би алдына барғанда,

Кесе алмады тілімді.

Өз аулыма барғанда

Итке берсін күнімді.

Әулиелік сөз емес пе? Мысалы, мына мені алайық. Мен Қызылқоға ауданында аттай 15 жыл қызмет еттім. Аудандық «Коммунизм туы» газетінде редактор, аупорткомның бюро мүшесі, ауткомның 7-8 рет депутаты болдым. Беделсіз болған жоқпын. Аудандық газет осы мен басқарған жылдары Мәскеудің, Алматының, облыстың талай рет дипломдарын алды. Ал осындай адамға әркімге беріп жатқан ауданның «Құрметті азаматы» атағын әлі күнге берген жоқ.Бұл атақ маған ештеңе бермес те. Бірақ осыны аудан басшылары білуі керек қой?...

КазГУ-ге оқуға түскен жылдары орталық сквердегі Лениннің ескерткіші қасында ақын Мұқағали Мақатаевтың соңында жүретінбіз. Бірде Шәмші Қалдаяқов келе қалды.Ол кісі өте әзілқой, ақын жанды адам екен.Әңгіме барысында біздікүлдіріп отырды.Ол кісі бір кезде:

Қыз еді баяғыда мақалымыз,

Бүгінде бурыл тартты сақалымыз.

Дүние-ай, өткен күннің белгісі жоқ,

Қыз кетіп, қатын болды қатарымыз.

Немесе:

Күнара сайын қырынбай,

Мұрттың сәні келе ме,

Бірдеңеге ұрынбай.

Қырттың сәні келе ме. 

Құбылаға жығылмай,  

Жұрттың сәні келе ме, -деген бір шумақ әзіл өлеңін айтты. Қанша әзіл болса да астарында көп зіл жатқан жоқ па? Ұлының аты ұлы, дарынның атыдарын ғой. Содан кейін Шәмшіні көрген жоқпын.

Біз туған жерді жиі аңсаймыз. Сағынамыз. Шіркін, бір көрсек дейміз. Оның құдіреті сұмдық қой.

Баяғыда біздің заманымыздан бұрын (605-562) Вавилонның Н... деген патшасы, бірде Каспий теңізінің шығыс-оңтүстігіне шабуыл жасап, Шәмирәм деген асқан сұлу қызды тұтқындап алады. Бірақ Шәмирәм көлі жоқ, тауы жоқ Вавилон жерін жақтырмай ауыра береді.

Патша Шәмирәмнің көңілін аулау ушін, сәулетті көркем сарай орнатады. Алайда Шәмирәм Каспий теңізінің бұйра-бұйра толқындарымен ұшқан құстың қанаты талатын жазық далаларын сағынаішқұста болып, ақыры қайтыс болады.

Міне, туған жердің тартылу күші (магнитизм) деген осы. Біздің қазақта бұрынғы өткен хандар да, шешен, батырлар да тегін адамдар болмаған ғой. Қазіргідей сөз түсінбес дәлдүріштер о кезде жоқ болды. Мысалы, бірдеескек желдің екпінімен домалап бара жатқан қаңбақты байқап қалған хан Жиренше шешенді сынамақболып, "қайда барады екен, біліп кел" деп жұмсапты. Қайтып келген Жиренше шешен ханға айтқан екен: Көшерімді жел біледі, Қонарымды сай біледі. Осыны білмеген хан ақымақ па, біле тұрып жұмсағанына жөнеп берген сен ақымақ па? –деді хан ием.

Хан үннен қалған.Қазір уәзірлеросылай айта алар ма еді? Әй, қайдам! Бұтына бүлдірген бала секілді үнсіз тұратын шығар. Радиодан:

Қаз дауысты Қазыбектің

Алтын ұяң - Отан қымбат,

Құт-берекең - атаң қымбат,

Аймалайтын анаң қымбат,

Мейірімді апаң қымбат.

Асқар тауың - әкең қымбат,

Туып-өскен елің қымбат.

Ұят пенен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат.

Бұрын атам қазақ алыста жүрген ұл-қыздарына, бауырларына, туыстарына, жақын жуықтарына «елдің дәмі» деп ауылдық құртын, ірімшігін, сары майын, тарысын, болса бір-екі балығын ауыз тисін деп посылкамен салып, не беріп жіберіп тұратын. «Алыста жүр ғой, ауылдың дәмінен ауыз тисін» дейтін. «Құлыным, жалғызым, інім жесін» деп үлкендер құрақ ұшып тұратын.

Ал қалалықтар ауылға үнді шайын, алмасын, конфет-печеньесін салып жіберетін. Қазір бұл қалды. Жетпегеннен емес. Пиғылдан. «Өзімнің бала-шағама жетпей жатқанда өзгеде нем бар» деп ойлайды көбі. Әйтеуір анда-санда кейбіреуі телефон соғады. Соның өзінде іштерінен «өздері неге соқпайды екен, қап, біраз ақшам шығып кететін болды-ау» деп қиналып тұрады. Ия, заман адамды өзгертті. Ең бастысы, адамның пиғылы өзгерді. Елді қомағайлық жайлап барады. Осындайда есімекешегі Алтай көкем, Назым мамам, Айтбай ағам түседі. Үйіне барсаң шай ішкізбей жібермейтін. Интернатта жатқанда Назым маманың ыстық таба нанын сары майға талай жағып жеп едік. Сонда асып-тасып төгіліп жатса, бірсәрі ау. Бәлкім, менің өзім де осындай болармын. Адам өз кемшілігін өзі көп көре бермейді ғой...

***

Міне, әңгіме басында айтқан өмірдің бір жазы, бір күзі және бір қысы ажалмен арпалысумен өтті. Өткен бір жылда жеті рет аурухана төсегіне таңылдым. Енді-енді ес жиып жатқан жай бар. Бұл бір жыл менің өмірімдегі ең ауыр сынақ кезеңі болды. Әйтеуір Құдай қолдап, әзер аман қалдым.

... Қазір Алматыға көктем келді. Бірақ кеш келді. Күн әлі де жылымай тұр.Ауада ызғар бар. Дегенмен жылитын түрі бар. Көктем өтсе, жаз келсе жағдай әлі-ақ жақсарар... Шіркін, Жаз табиғаттың керемет шағы ғой бұл!

Жолдығали БАҚЫТОВ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. 

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
+1 #1 Берик 2016-03-09 11:16
Жанат апа акениз Касиетти Кызылкога топырагында дуниеге келген екен...сизге де жуккан екенгооо..калам ыныз карышты болсын...