Миялыға

Mialy

Сенімен бір еді менің қиялым,

Ашық күнде опат болған Миялым.

Жайсыз хабар жеткен кезде төгілген,

Көз жасымды енді қалай тиямын?

 

Көктем болып күліп келер ақ таңда,

Үйлер құлап, апат болып жатқанда.

Үзіліп түскен сияқты еді жүрегім,

Түңілгендей жақыннан да, жаттан да.

 

Булыққаннан бітелгендей көмейім,

Мынау ғажап бейқамдыққа не дейін.

Өмір бойы долданбаған Ойылым,

Тасыды деп қалай ғана сенейін.

 

Ех, Миялым, Миялым-ай, Миялым,

Қымбат еді шөбің, нуың, қияғың.

Су астында қалды-ау көбі үйлердің,

Биігіндей адыраспан, мияның.

 

Зарлы үнің жеткен кезде құлаққа,

Жүрсем-дағы астанада, жырақта.

Жан-тәніммен сеніменен бір болдым,

Сен даусымды естімедің бірақ та.

 

Қиын күндер кешкеніңді білемін,

Сен деп соғып жатты жүрегім.

Ел еңсесін түзесе екен тезірек,

Деп күн сайын тілеуіңді тіледім.

 

Сол тілегім орындалар күн келді,

Ауыл көркі бұрынғыдан жөнделді.

Бүкіл халық қолын созып өзіңе,

Шет елден де алдың көмек, жәрдемді.

 

Еске түссе сол бір күндер қайтадан,

Жел тербеген кәрі емендей шайқалам.

Бір құдірет болса жердің бетінде,

Туған жердің құдіреті деп айта алам!

  

Сен әрқашан арман, ойым, қиялым,

Сен арқылы мен еңсемді жиямын.

Гүлдене бер, көркейе бер, жайнай бер,

Туған жерім, о, Миялым, Миялым!

 

                          ***

О, Миялым, көрмегелі көп болды,

Жүрегіме сағыныш боп өрт қонды.

Көз алдыма елестесе өткен күн,

Сағынамын өзіңде өткен көктемді. 


Сені ойласам түнгі ұйқымды төрт бөлем,

Арман қанша жете алмаған, жетпеген.

Ақын боп та, әкім боп та мен әлі,

Биіктерге шыға алмаппын көптеген.

 

Біреу айтар тәкаппар ғой, өр ғой деп,

Біреу айтар құр қалада жүр ғой деп.

Білер бірақ қадірімді ағалар,

Менен бұрын тоздырғандар бір көйлек.

 

Мен туралы өсек те көп білемін,

Бірақ саған адал менің жүрегім.

Не десе де айта берсін жүрт сөзін,

Сені сүйген көп ұлыңның бірі едім.

 

Сондықтан да сені ойлаймын,Миялы,

Жетер күнді қиялдаймын, Миялы.

Сенен асқан жер жаннаты жоқ деуге,

Ешқашанда ұялмаймын, Миялы.

 

О, Миялы, жарқыраған жарығым,

Құдіретіңді алыс кетіп таныдым.

Жұлдыз болып жана бер сен көгімнен,

Көкірегімде күмбір қаққан алыбым.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 дидар мурат 2016-03-07 01:40
:-|
 
 
#2 Lyazzat 2016-03-07 01:43
1993 жылы Ойыл өзені тасып, ауылымыз суға кетті. Үйлер құлады, адам қайтыс болды. Су кетті деп, үйімізге әкелгенде, аулада киіз үй тұрды. Үкіметтің бергені. Әлі ұмытпаймын, сандықтан бар киімді шығарып, жайдық. Адам бойымен бірдей су бәрінің быт-шытын шығарған. Бала кездегі альбом қалмады, кептіргенімізбе н, бір-біріне жабысып қалған. Төлдеп тұрған қойлар қозыларымен қырылып қалған...
 
 
#3 Жерлес 2016-03-07 11:16
Миялы казир гулденип коркеюде, туган жер аркимге ыстык кой !
 
 
#4 Нуржамал 2016-03-07 12:07
Қазір сол біркүндердегі бастан кешкен күндер ертегідегідей.Е ртегінің соңы арманына жетіп бақытты өмір сүріпті деп аяқталмайма?!Со л сияқты бүгінде Миялы көркейіп,қаламе н теңесті.Отжақпа йды,газ!Су келіп тұр!Миялыға жер жетпейді гой!Ауа қандай!Шүкір,шү кір!Баршаның тілегі қабыл!
 
 
#5 Айнур Марат 2016-03-08 23:57
Тамаша!