Менің атым-Қасірет...

 

detdomМенің есімім-Қасірет, басқалардан өзгешелігім, қатарластарым дүниеге келгенде, ата-анасына қуаныш сыйласа, мен керісінше... шешеме қайғы-қасірет әкеліппін. Анам мені көре сала тілі байланып, есінен танып қалған көрінеді. Себебі мен кемтар боп туылдым. Басқа аналар балаларын мейірлене құшақтарына алғанда, менің анам бетіме де қарамай қойыпты.
Перзентханада мейірбикелер мені «өрмекші қыз» деп атап кеткен көрінеді. Анам бағудан бас тартып, ауылдағы әжеме жіберіпті.

70-ке келген кейуана обалы не керек, 4 жыл бойы мені бағып-қақты. Бақытты балалық шағым өкінішке орай осы 4-ақ жылға жалғасты. Өзім кемтар, сыртқы түрім қорқынышты болғаныммен, жан дүнием, ойлау қабілетім өзім қатарлас «кәдімгі балалармен» бірдей. Әжем «тағдырдың қатал сынына ұшыраған байқұсым-ау, сені қандай тағдыр күтіп тұр екен? Менің түрім болса мынау, төрімнен көрім жақын...» деп жылап отыратын. Мені әжем "Қасірет» деп атап кетті, шын атымды білмеймін. Әжемнің айтуына қарағанда, анам тәнін саудалап күнін көрген, кейін кімнен жүкті болып қалғанын білмеген көрінеді. Кім білсін, қаралуға ақшасы болмады ма, әлде «баласын саудаласам» деген ойы болды ма, әйтеуір мені өмірге әкеліпті. Ал әкемнің кім екенін мен тұрмақ, анам да білмейтін болып шықты. Әркіммен бір төсектес болып, жұқпалы ауру жұқтырғаннан, мен осылай кемтар болып туылыппын. Бірақ шешенің аты шеше, бәрібір анамды жақсы көрдім. Бір көрсем деп армандадым...
Күндердің күнінде пейілі кең әжетайым өмірден өтіп, мені жалғыз қалдырып кете барды... Қаралы күні анамды да алғаш рет көрдім. Ол өте көрікті еді, өте... Анама мейірлене қарап, құшағына алады деп күттім. Алайда... анамның сырты сұлу болғанымен, жан дүниесі тым суық болып шықты. Маған суық көзбен бір қарап, тіпті жаныма жоламады да. Шешем әжемнен қалған жұпыны үйді иелену үшін ғана келген екен. 
Өзім кемтар болғандықтан, 4 жасымда тілім жаңа-жаңа шығып, енді-енді тәй-тәй басып жүрмін. Аяулы анашым бәрін ойластырып қойған екен, сол күні-ақ көлікке отырғызып алып, күздің жаңбырлы күніне қарамастан «аюдың апаны» Мүгедектер үйіне дірдектетіп әкеп тастады да, әжемнің көршінің қыздарынан сұрап алып берген ескі киімдерімді лақтырған күйі жылдам басып кетіп қалды. 
Артына бұрылып та қарамады. Тым болмаса бетімнен өмірімде бір рет те сүймеді-ау...
Көмейіме өксік тығылып, өмірімде алғаш рет бақырып жыладым. Маңдайыма жазылған тағдырыма лағынет айттым. «Киімдеріңді ауыстыра ғой» деген дауысқа аянышты көзбен артыма қарадым. Жүзінен мейірім шуағы төгілген «жақсы апайды» көріп, әжемді көргендей қуанып кеттім. Бірақ қатқан қазықтай бір орында тұра бердім. Өксігім басылар емес. Ерте қуаныппын, соның арасынша жүзі суық, қаһарлы бір жуан тәте келіп жұдырықпен көкірегімнен аямай ұрған кезде бір бұрышқа ұшып кеттім. Демім шықпай қалды. Тынысым тарылып, демала алар емеспін. «Есің дұрыс па? Титтей қызды сонша ұрғаның не?» деп ұрысты «қатігез апайға» «жақсы апай». «Титтей қыз? Бұларды бірінші күннен осылай тәрбиелеу керек! Түрін қарашы, өрмекші құсаған сүмелек. Тағы бір бейшара қосылды! Көресіңді көрсетем, түсіндің бе? Айтқанымды істемей көр, өлтіріп тастаймын! Сені біреу іздейді дейсің бе? Керек емессің сен, ей? Шешін дедім бе, шешін! Сұрың құрсын, албасты!» деп басымнан нұқып қалды. 
Аспан төңкеріліп жерге түскендей болды. Осы бір аюдың апанында мәңгі қалатынымды ойласам, денем түршігеді...Жан-жағыма зер салсам, бұл жерде мен сияқты мүмкіндігі шектеулі балалар ғана тәрбиеленеді екен, бірінің көзі көрмейді, бірінің аяқ-қолы жоқ, бірі мен сияқты құбыжыққа ұқсас кемтар, сөйлей де жүре де алмайды. Кейбірінен ата-анасы менікі сияқты мүлде бас тартып тастап кеткен, кейбірінің әке-шешесі анда-санда болса да бас сұғып тұрады екен. Оларға қызыға қараймыз...
Бұл жерде көретін қорлығымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 2 жастағы Асыл төсектен тұра алмайтын бала. Оған тәрбиешілер де қарамай, жатқан жерінде дәрет сындырып, құйымшағы ойылып, әбден шіріп кетіпті. Байқұс бала сөйлей де, жылай да алмайтын мылқау ғой, жаны әбден қиналған болар. Ақыры ауруханаға жіберді. Аптасына бір рет моншаға түсіреді. «Монша» деген атауы ғана, әйтпесе бәрімізді қораға тоғытылған бір отар қой құсатып, шешіндіріп кіргізеді де, «қатігез апай» шлангмен жуындырады. Су ыстық болып, талай рет күйіп қалдық, талай рет құлап, денемізді жарақаттадық. Құлап жатсың ба, тұншығып жатсың ба, апай қарамайды. Жыласаң тепкінің астына алады. 
Бұл жердегі балалардың бәрінің денесінің көк ала қойдай болып жүретініне көзіміз әбден үйреніп кеткен. 
Анда-санда ата-аналары кеп тұратындарға үйден «базарлық» әкеледі. Әке-шешесінің алдында «мылқау байқұстар» базарлықты көргенімен, дәмін татпайды да. Қатігез апай пакетіне толтырып үйіне алып кетеді. 
Бір рет түнгі кезекшілікте «жақсы апай» Аяулым болды. Бәріміз анамыздай ол кісіні жақсы көреміз. Алладан тек сол кісі кетпесе екен деп тілейміз. Бірде Аяулым апай базарлықты бәрімізге үлестіріп берді. Алма жеп, айран ішіп бір марқайып қалдық. Бірақ... Ертесі Ақмарал алма жегеннен бе, тамақ ішіп отырып іші өтіп кетті. Көзі аларған қатігез апай жетіп келіп катоп езгішпен басынан әбден соққылады. Байқұс қыздың басынан атқылаған қан біздің бетімізге, тамағымызға шашырады. Ақмаралды жұлқылап алып кетті, ал бізге қан шашыраған тамақты түк қалдырмай жегізді. «Оңбаған шошқалар! Тіпті менің балаларым да бес уақыт тамақ ішпейді! Бұларға рахат! Тегін тамақ! Тамаққа тоймайтын бәлелер! Көттеріне де тыным жоқ!» деп ақырды. Жаны қиналған Ақмарал түнімен жылап шықты. 
Ертесі Аяулым апай келіп, Ақмаралдың күйін көріп шошып кетті. Көз жасына ерік беріп, бәрімізді құшағына алып «бір шара қолданбаса болмайды, директорға айтамын! Телеарна шақырамын" деді тістене. Бірден директорға барды да. Бірталай шу болды. Енді жаман апайлар бірігіп Аяулым апайдан құтылудың жолын таппай жүр. Мен кетпесе екен деп ішімнен жыларманмын...
Қатігез апайдың айтуынша, біз мына «апаннан» шықсақ «психушка» деген жерге барады екенбіз. «Тез өссек екен, қатігез апайдан құтылатын. Тезірек "психушкаға» кетсек екен!» деп әрқайсысымыз тілейміз. Ол жер «жұмақтың төріндей» елестейді, тек «жаман апайлардың»тепкісінен құтылсақ болды. О жақта не күтіп тұрғаны тек Құдайға ғана аян...
О адамдар! Қолдың кірі «ақша» үшін, бір сәттік ләззат үшін тәндеріңді саудалайсыңдар, бірақ соңын ойламайсыңдар. Соңы... біз сияқты «қателіктердің» өмірге келуімен аяқталады. Бізді өмірге мүлде әкелмеңдер, немесе тастанды етпеңдер... 
Менің көкейімде бір сұрақ бар, қатігез апайлар бізді ұрып-соққанда Құдайдан қорықпай ма? Мүмкіндігі шектеулі, ата-ана жылуын көрмеген қорғансыз бейшарамыз онсызда. 
Мүгедектерге әкелген тамақты өз баласына қалай жегізуге болады? Сендердің аяқ-қолдарың бүтін, сонда да өмірдің сынына шыдамай сынып, суицидке барып, өз-өздеріңді өртеп жатасыңдар. Ал біз ше? Жүре де, сөйлей де алмаймыз. Мүсәпірміз. Сонда да үмітіміз өшпей, күресудеміз әйтеуір. Бірақ мақсатқа жетудің жолын білмейміз... Сендердің көрген қиыншылықтарың біздікімен салыстырғанда... қандай деп ойлайсыздар? Ойланыңыздар, адамдар...

АВТОРДАН.
Бұл әрине 4 жасар «Қасіреттің» айтқан әңгімесі емес. Мен бір баланың ойы арқылы мүгедектер үйіндегі бүкіл жетімдердің жанайқайын жеткізгім келді. Олардың ауыр тағдырымен таныса отырып, өздеріңіздің қандай бақытты жан екендеріңізді сездіргім келді. Он екі мүшелеріңіз сау, Құдай сіздерге өмір сүруге мүмкіндік беріп отыр. Бірақ «болмас» сынақта сынып жатасыздар. Күресудің орнына өз-өздеріңізді өртейсіздер, терезеден секіресіздер, тамырларыңызды кесесіздер...
Мүгедектер үйіне жұмысқа Жаңадан орналасқан "Жақсы" апайдың әңгімесін тыңдаған соң күні бойы жыладым. ЖАҢАҒЫ ОҚИҒАЛАР КҮНДЕ ОРЫН АЛУДА. КТК ТАЛАЙ КӨРСЕТТІ ДЕ. ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР ӘТТЕҢ! Көмейіме ащы өксік тығыла берді. Балаларды ойлап жүрегім езілді. Сіздерге ойымды барынша жеткізуге тырыстым деп ойлаймын... 

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Аяужан 2016-02-29 11:29
:cry:
 
 
#2 Арайлым 2016-03-05 18:10
Шукыршылык ету керек осы омырге'! Алла жар болсыншы осындай адамдар канша ма!
 
 
#3 Айзат 2016-04-22 14:52
:eek: :eek: :eek: :cry: :cry: :cry: :sigh: :sigh: