Бақыттың бәрі мансапта емес

zhanatbakyt

- Жанат, сізді халық «КТК» телеарнасының жаңалықтар қыз­метінен жақсы біледі. Әңгімемізді журналистикаға оның ішінде теле­визия саласына қалай келгеніңізден бастасақ...
- Журналистика саласына шыны керек, ойламаған жерден келдім. Себебі бала күнімнен мұғалім болуды армандадым. Тіпті сол мақсатпен әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түстім. Ол кезде телевизия саласында жұмыс жасаймын, тікелей эфирге шығып, жаңалық жүргіземін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Алайда тағдыр ойламаған жерден мүлде басқа арнаға бұрып жіберді. 2004 жылы «Ана тілі» аруына қатысып, 1 орынға ие болдым. Сол сайыстан кейін мені «Хабар» ар­насы шақыртты. Кастингтен өтіп, актер Ерлан Біләлмен бірге «Ал­тыбақан» бағдарламасын жүргізе бастадым. Бір жылдан соң ол бағдарлама жабылып қалды. Дәл сол жылы «НТК» арнасындағы «Соңғы ақпараттарға» жүргізуші іздеп жатқанын естідім. Теле­журналистикаға қалай қызық­қанымды байқамай да қалыппын. Т.Жүргенов атындағы Өнер ака­демиясында педагог әрі кезінде телеарнаның бірінде диктор қыз­метін атқарған, бетке ұстар ұс­тазымыздың бірі Мұрат Әбзел­баевқа барып, сабақ алдым. Мә­тіндегі екпін, буын, қаратпа сөй­лем, одағай сөздерді ескеріп, тексті қалай оқу қажеттігін, дауыс ырғағымен қалай жаттығу жасау керектігін де сол кісіден үйрендім. Сөйтіп, 2005 жылдан бастап «НТК» телеарнасындағы «Соңғы ақпараттарды» жүргізе бастадым. Ал бір жылдан кейін «КТК» арна­сына ауыстым. Жалпы, журна­лис­тика мамандығының өзгелеріне мүлдем ұқсамайтын мамандық екенін түсіндім. 

-Тікелей эфирдің, дикторлықтың қызығы мен қиыншылығы неде?
-Журналистің жұмысы оңай емес, ол күнделікті жаңалықтарға беретін оқиғаға жеңіл-желпі қарай салмай, оның түпкі мәніне, себеп-салдарына назар аударып, көз жеткізіп барып беруге тиіс. Себебі, тілшінің бір ғана қателігі - қанша көрермен бар, сонша мың халық­қа зияны тиюі мүмкін. 30 минуттық жаңалықты тамашалаған көрер­менге тілшінің жұмысы жеңіл көрінуі мүмкін, біткен іске қашан да сыншы көп қой, мақтай салады немесе керісінше орынсыз сынай салады. Бірақ 2 минуттық сюжет­тің астарында қаншама қыруар ең­бектің атқарылатынын бірі біл­се, енді бірі біле бермейді. Ал біз бі­леміз. Сондықтан тікелей эфир барысында кейде сөзден жаңылы­сып қалғанда, сол материалды әзір­леген тілшіден кешірім сұрай­мын. Себебі журналист бұл жұ­мысты күні бойы еңбектеніп жү­ріп дайындады. Диктордың сын­шысы алдымен «өзі» болуы тиіс. Сол себепті диктор өзі жүргізген жаңалықтардың бейнетаспасын алып, көріп, сараптамадан өткі­зуден қорықпағаны жөн. Тікелей эфир болған соң түрлі жағдайлар болады, кейде суфлер дәл оқып жатқанда тоқтап қалатын сәт бо­лады немесе сюжеттің мәтіні эфир барысында келеді. Тікелей эфир бір жағынан сонысымен қызық. 
-Қазір телевизияға танымал­дылыққа жетелер баспалдақ ретінде қарайтындар көп. «Телевизияға барсам, атым шығады» деп арулар көгілдір экранды майшелпекке балайды. Бұл үрдіске қалай қа­райсыз?
-Бір танымал ақынның «Өс­кенді де көргенбіз, өшкенді де көргенбіз, өсіп болып, бөсіп бо­лып, өшкенді де көргенбіз», - деген өлең жолдары бар ғой... Жал­­пы, БАҚ саласы мен өнер жолы кәдімгі мұз айдыны секілді ғой. Еңсеңді тік ұстап, аяғыңның астына қарап жүрмесең, кез келген уақытта шалқаңнан жалп етуің мүмкін. Көрермен - бағалаушы, уақыт - төреші. Меніңше, адам баласын өшіретін қасиет - мақ­таншақтық, тәкаппарлық, ал өсі­ретін қарапайымдылық. Жеңіл олжаның құны қашан да төмен болады, сондықтан «тез жанған жұлдыз» тез өшеді. Алланың кез келгеннің қолына қона бермейтін бақты беріп тұрғанда, қадірін білу керек. Мен әріптесім Дастанды кәсіби журналист деп білемін. Әрі үздік дикторлардың бірі. Бірақ Дас­тан­ның бір «жұлдыз ауруына» шал­дығып, кеуде соққанын байқа­мап­пын. Меніңше, танымалды­лық­қа ұмтылмау керек. Ең басты­сы, рухани азығың бай болып, өз кә­сібіңді шын сүйсең, танымал­дылық өзі-ақ келеді. 
- «Бетіне опа-далапты жағып, экран алдында қуыршақтай боп оты­ратын, кәсiбилігі төмен теле­жүр­­гізушілер көбейді» деген сыни пікір­лер бар. Эфирге шықпас бұрын дик­торлықтың қыр-сырын үйрену қаншалықты қажет, әлде эфирге шығу үшін міндетті түрде келбетті болу керек, қалғаны маңызды емес пе?
- Бетіне опа-далап жаққан қуыр­шақтың барлығы диктор болатын болса, екінің бірі тележүр­гізуші болып кететін еді. Сон­дықтан «қуыршақ жүргізуші» деген тіркес маған мүлдем ұна­майды. Жалпы, адам болған соң сұлулыққа, әсем көрініске, әуезді әнге құмармыз ғой. Теледидардың қосқышын алып, хабар таңдап отырғанда, сыртқы келбеті тар­тымды, дауыс ырғағы құлаққа жағымды жүргізуші жүргізіп отыр­ған хабарға еріксіз тоқтап қаламыз. Сондықтан эфирге шығатын адам бұл талаптардың барлығына сай келуі керек. Қазір өзіңіз айтпақ­шы, «қателікке көп ұрынып, эфир­­ге немқұрайды қарайтын» дикторлардың көбеюінің себебі неде? Әйтеуір эфирге шығу үшін дикторлықтың қыр-сырын толық меңгермей, тым асығыстық таны­туында. Мысалы, көлікті мүлде жүргiзе алмайтын немесе нашар жүргізетін адамды көлік тізгініне отырғызып, жолға жібере салсақ не болады? Ол сас­қалақтап, қа­телікке бой ұрады. Эфир де дәл сол сияқты.
- «Журналистикада қыз бала­ларға орын жоқ» деген пікірге қалай қарайсыз? 
- Жалпы, журналистика - жан­­кештілікті қажет ететін, қы­зығы мен шыжығы қатар жүретін сала ғой. Сәкен атамызша айт­қанда, тар жол, тайғақ кешу. Жас қы­здарымыз қолдарында микро­фон, кейде дау-дамайдың орта­сында, не қақаған аязда, тау-таста жүреді. Журналистика төзімділік­ті, шап­шаңдықты, рухани пара­саттылық пен білімділікті қажет ететін сала. Әлсіздері көп тұрақта­майды, оның қиындығына шыдап, отымен кіріп, күлімен шыққан «ер мінезді» қыздар ғана қалады ақыр аяғында. Сондықтан бұл салада қыз бала­ларға орын жоқ деген пі­кірге ке­ліспеймін, қайта қыздар­мен са­лыстырғанда, жігіттер аздап жал­қаулау бола ма деп қалдым. Алла тағала бізге, қыз балаларға Ана болу мүмкіндігін нәсіп еткен. Әрі бұл табиғи міндетіміз. Ана - бір қолымен бесікті, екінші қолы­мен әлемді тербейді. Алланың бер­ген қуанышы «өзегіңді жарып шық­қан» сәбиіңнің бір ғана күл­кісіне ештеңе тең келмейді. Жұ­мыстан келгенде құлдыраңдап алдыңнан шыққан сәбиіңді құш­қан сәтте күні бойы шаршағаның­ды ұмы­тасың. Мансап пен ақша­ның тү­біне жету мүмкін емес. Сон­дықтан мансапты қуалаймыз деп жүріп уақыттың өтіп кеткенін байқамай қалмайық. Мансап қуалап кеткен қыздарды көріп жүрміз, ар­ма­нын­дағы орынтаққа да ақыры жетер. Алайда бақыттың бәрі мансапта емес... 
- Соңғы кездері телевизияда жүр­ген қыз балалар атақ-абыройын шығару үшін түрлі әрекетке барып, анайы сөздер мен көріністерді де көптеп қолданады. Өзіңіз телеви­зия­дағы қыз баланың абыройы ту­ралы не айтасыз? Жалпы, «атың шықпаса жер өрте» деп мұндай қы­лықтарға бару қаншалықты орын­ды?
- Адам өзгерді, адам заманды өзгертті. «Қызға қырық үйден тыйымның» да өзектілігі әлсіреп ба­рады... Уәлибек ағамыз айт­пақшы, ұзын қолаң шашымыз бен етегіміз уақыт өткен сайын жоғары қарай қысқаруда. Иманымыз әл­сіреп барады. Мұрын, ерін, тіліне сырға тағып, шашын жасыл түске бояған қыздарды көргенде, құ­быжық көр­гендей шошитын бол­дық әуелі. Батысқа қатты елік­тейміз. Мейлі, еліктеу де дұрыс шығар. Бірақ содан өзіміздің салт-сана­мызға сай келеді-ау дегенін са­ралап алуымыз керек сияқты. Жал­пы, қазақ қызының болмы­сына қарапайымдылық, сы­пайы­лық, инабаттылық, үлкенді сый­лау, кішіге ізет көрсету, ақылды­лық, имандылық сияқты қасиеттер кі­ретіні сөзсіз ғой. Жас қыз­дары­мыз экранға шыққан апайларын үлгі тұтады, шаш сәнін солар­дың үл­гісімен қойып, соларша киіну­ге тырысады. Ал сол қыздарымыз үлгі алатын апайлары «қалай бол­са солай сөйлеп», анайы қылық­тар танытып тұрса, не болады сонда? Білем, кей жүргізушілер Батыс­тың жұлдыздарына ұқсасам, солар сияқты сөйлеп, қылық көрсетсем дейді. Сөйтіп шоу жасау үшін ка­мера алдында білгендерін іс­тей­тін болды ғой өзі. Мен бұған қар­сы­мын. Бұл әрине, жеке өз пікірім. Баға беретін - халық қой қашан да.
- Сіздіңше, бүгінгі заманның қазақ тележүргізушісі қандай болуы керек?
- Тележүргізуші болу екінің біріне бұйырған сый емес. Сон­дықтан бұл бақ қолыңа қонды ма, бағала. Бойыңдағы білім мен ше­берлікті дамыт, әрдайым ізденіс­те жүру керек. Бірақ халық сені мо­йын­дағанға «кеуде соғып» ке­туге де болмайды, әрине. Мадаққа се­міріп, бұл бақты көтере алмағаның кәсіби шеберлігіңнің құлдырағаны деген сөз. Камераны сезініп, кө­рер­менді сыйлау керек. Сондық­тан телеарнаның «айнасына» айнал­ған жүргізуші студияға кір­ген сәтте барлық «проблемасын» сол табалдырықта қалдырып, халық таңғалатындай «жарқырап» шығуы тиіс. Киім киісі, дене бітімі сымбатты, тартымды, дикциясы жағымды, сөзінің етек-жеңі жи­нақы, тілі таза шықса, бұл адамды халық қалайша қабылдамайды?! Өз басым Баян Есентаеваның кәсіби шеберлігіне тәнтімін. Осы қасиеттің барлығы оның бойында бар. Сондай ер мінезді нағыз теле­жүргізушілеріміз лайым тек кө­бейсе екен!
- Ата-анаңыз, өскен ортаңыз туралы айтып берсеңіз?
-1984 жылы 18 сәуірде Аты­рау облысы Қызылқоға ауданы Мия­лы селосында дүниеге келдім. 1991 жылы әкемнің қызметіне байла­нысты Алматыға көшіп келдік. Отбасында төртеуміз. Әпкем мен екі ағам бар. Әкем - Жолдығали Бақытов өмір бойы журналистика саласында қызмет етіп келеді. Қа­зір «Атамекен» газетінің бас ре­дакторы. Анамның мамандығы - есепші. 
- Қолыңыз қалт еткенде өлең, новелла жазғанды ұнатады екенсіз. Болашақта тележүргізуші Жанат Бақыт емес, ақын, жазушы Жанат Бақытты тануымыз мүмкін бе?
-Бәлкім әкем ақын, жазушы болған соң шығар, бала күнімнен поэзияға құмар болдым. «Балдыр­ған», «Ұлан» газеттеріне 1-2 шумақ өлеңдерімді жолдап тұратынмын. Қазір де көптеген ақындарымыз­дың өлеңдерін сүйіп оқимын. Сөз­дің құдіреті керемет қой, шіркін! Көңілің құлазыған сәтте сол өлеңдерді оқысаң, жаның жадырап шыға келеді. Қазір ке­ремет жазбасам да, анда-санда әңгіме, новелла түртіп қоятыным бар. Жақында сүйікті актрисам жайлы шағын кітапша жазып шықтым, Алла қаласа жақын күндері жарық көріп қалар...
- Алдияр есімді ұлыңыз бар екен. Бала тәрбиесіне қаншалықты мән бересіз. Жалпы, отбасында әйел мен еркектің рөлі теңдей болуы керек деген пікірмен келісесіз бе?
- Ерді ер қылатын да, жер қы­латын да әйел ғой. Жүсіп Баласағұн үйленер кезде жар таңдауға қа­тысты мынадай төрт түрлі өсиет айтыпты: «Атақты әйелді алсаң, атағына тіленерсің. Бай әйелді алсаң, ұстап-тұтқан затындай меншігіне айналарсың. Сұлуды алсаң, сұлуға сенен басқа көзін тіккен көп, күйеу емес, күзетші бо­ларсың. Ал адал жарың атағың да, байлығың әрі сүйген сұлуың. Үшеуін де қондырғаның қолыңа». Еркек әйелден қашан да бір саты жоғары тұрады. Отбасында екеуі­нің рөлі тең болуы керек дегенге ке­ліспеймін. Адам баласы маман­дық пен жар таңдауда қателеспеуі керек. Шүкір, екеуінен де қате­леспедім деп сенемін. Жолдасым үнемі мені қолдайды, қызметте өсіп-өркендеуіме әрдайым қолдау көрсетеді. Ұлымыз Алдияр көк­темде 3 жасқа толады, қазір ата-әже­сіне қыдырып кетті. Атасы мен апасы алыста тұратын болған соң жатсынып кетпесін деп жиі апа­рып тұрамыз. Алладан ең бастысы «балама сана бер» деп тілеймін. Ақылды, парасатты адам жаман болмайды, ешқашан.
- Әсерлі әңгімеңізге рақмет! 
Сұхбаттасқан 
Әйгерім ДОСЫМ, "АЙҚЫН".

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...