Үйге келген адамға дәм таттырмай шығармаймын

berekeli

1. Жанат ханым, журналымыздың аты «Беркелі дастархан» болғандықтан сұрақтар асхана аясында болмақ.  Ең алғаш қандай тамақ істегеніңіз есіңізде ме?

1. Әрине! Есімде болғанда қандай! Алғаш рет  тамақты  бесінші сыныпта оқып жүрген кезімде пісірдім. Ата-анам таңнан қара кешке дейін жұмыста, қарным қатты ашып кеткен. Сонымен өзімше іске кірісіп кеттім, анамнан көргенімді қайталап үлкен қара қазанды алып, астын жақтым. «Әрі қарай не істеуші еді?» деп өз өзімнен сұрап қоямын, сосын бір пакет кеспені қазанға салып, қақпағын жаба қойдым. Бір уақытта тысырлаған дыбыс шығады, «неге өйтеді екен?» деп қоямын, қарасам, масқара, кеспем күйіп жатыр. Сасқанымнан сұрап алғандай, бір кесе су құя құйдым. Керемет дәмді ас әзірлеп жатқандай өзімше шай жасап жүрмін. Көзім шкафтағы тұзға түсіп кетті, мәссаған, анам «астың дәмін кіргізетін-тұз» деп жататын еді, бірақ қанша мөлшерде салу керек? ...Әйтеуір аямай төрт ас қасық салдым. Жарты сағаттан соң асты күйіп, беті піспеген кеспемнің дәмін көрдім, тұзға кеспе түсіп кеткен сықылды... Ол асты күшігім Рэкс те жемей қойды. Мұндай асты қалай ұмытарсың?)

2. Ас пен асхананың «басшысы» Сіз болғандықтан,  отағасы мен балалардың дұрыс тамақтануына қаншалықты көңіл бөлесіз?

Жалпы зиян деген тағамның бәрі дәмді боп келеді ғой. Мәселен, қуырылған тағам – зиян, бірақ  дәмді! Жолдасым да, өзім де тез толықтыққа бейімбіз, сондықтан тағамға аса көңіл бөлемін, диеталық болмаса да, көбіне асылған тағам пісіруге тырысамын.

3. Сіздің тоңазытқышыңызда үзілмейтін тағам?

Ет жемейтін қазақ бола ма? Әрине, тоңазытқышымнан ет үзілмейді. Балаларымының дұрыс тамақтануына көп көңіл бөлемін жалпы, сондықтан жұмыртқа, сүт тағамдары, жеміс-жидекті де үзбеуге тырысамын.

4. Әлеуметтік желілерге түрлі дәмді тағамдарды пісіріп, суретін салып жатасыз. Қонақты жиі күтетіндігіңізді де анық байқаймыз.  Бірақ,  мүсініңізде мін жоқ.  Диетаға бағынасыз ба?

Өзімнің сүйіп жейтін тағамым-манты мен ет. Уақытым болған кезде мантыны түйіп, тоңазытқышқа қатырып қоямын. Жалпы үй күтуші, тамақ әзірлейтін аспазды ешқашан жалдап көрген емеспін, бәрін өзім жасаймын.

Ал диетаға келетін болсақ, нәрестелерімді дүниеге әкелген соң қатты толып кетем, табиғатым сондай, сол кезде қарақұмық диетасын ұстаған ем. Ал қазір диета ұстамаймын. Мен таңғы жетіде тұрғаннан кеш батқанша бір орында отырмай шапқылап жүремін. Үй шаруасы бар, балалардың баратын түрлі үйірмелерін қосыңыз, өзімнің екі-үш жұмысыма үлгеруім керек, дегендей... Сондықтан таңғы жетіде кешкі асты әзірлеуге тура келеді, ондағы ойым, кешке жұмыстан жай келгенде жолдасым мен балаларым тамақтың піскенін күтіп, қабақтары шытылмасын деймін. Ең бастысы адам жалқаулыққа берілмей, көп қимылдаса, әрі бәріне үлгереді, әрі ол дене бітіміне де пайдалы, тез толып кетпейді.

5. Ыдыс таңдардарда неге басымырақ көңіл бөлесіз? Сапасына ма әлде сәніне ме?

Ыдыстың сәніне де, сапасына да көңіл бөлуге тырысамын. Мәселен кейбір сапасыз ыдыстар денсаулыққа өте зиян, құйған шайың тез суып, жағымсыз дәм татып, берекені алады. Дастарханның айнасы-ыдыс-аяқ қой, көрік, сән берсін деп сол себепті қымбатын, әдемісін алуға тырысамын.

6. Ас-ауқатқа қатысты ырым-тыйымдарды ұстанасыздар ма? Мысалы,  сынық ыдыспен ас ішпеу,  нанды төңкеріп қоймау т.с.с.

Қазақта ата-бабамыздан қалған ырым-тыйым, наным-сенімдер көп қой, қайсысын ұстанатынымды қазір есіме түсіріп көрейін.

Түнде тамақтың бетін жауып қоямын. Пайдаланған ыдысты жумай ешқашан ертеңге қалдырмаймын.  «Таңғы асты қалдырма, түскі асқа телмірме, кешкi асты бақпа» дейді қазақ, таңғы асты міндетті түрде ішеміз.

Үйге келген адамдарға дәм таттырмай шығармаймын. Дәмнен үлкен нәрсе жоқ, дәм, асты сыйлау қадірлеу, қуыс үйден құр шықпау, тағамды шайнаңдап шығу керек.

«Нанның қиқымын жеген бала бай болады» деуші еді әкем, бала күнімнен қазірге дейін сол, нанның қоқымын қалдырмай жеп қоямын. Сондай-ақ нанды бiр қолмен үзбеймін, балаларыма да айтып отырамын.

Асты тек оң қолмен ғана жеу керек, бұл астың адалдылығының және сіңімділігінің кепілі деп ырымдайды.

Соғымбасы берілгенде төрден қайтқан табаққа келін ретінде сәлем жасаймын.  Жасы үлкен адамнан бұрын етке қол салмаймыз. Одан кейін ыдыс аяғымның кішкене шеті ұшқындаса да тастаймын. Себебі сынған ыдыс жаман энергетика жинайды деген сенім бар...

7. Фастбуд өнімдерін пайдаланасыз ба?

Жемеймін мүлде деп жалған сөйлемей-ақ қояйын, екі айда бір рет балаларым жегісі келген соң тұтынамын.

8. Сұлулық әлеміндегі кеңесшілер «қандай жеміс жесең,  соның шырынын бетіңе жақ» дейді.  Сұлу болып жүруіңіздің сырымен бөлісіңізші?

Мен осы жасыма дейін косметологқа барып көрмеген адаммын. Көбіне табиғи заттармен үйде бетімді күтуге тырысамын. Мысалы қарапайым ас содасын жиі пайдаланамын. Бет жуатын гельге сол ас содасын қосып, бетіме скраб жасаймын. Одан кейін ұн мен содаға, су қосып маска жасаймын. Құлпынай, не кивиді блендерден өткізіп, мұз қатырғышқа қатырып қоямын, бетті тазаласаң, нағыз пилинг сол. Бірақ қыста ғана жасау қажет. Кәдімгі ақұршықты үккіштен өткізіп, жұмыртқаның ағы мен лимон шырынын, үпілмәлік майын қосып, бетіңізге жақсыңыз, керемет крем болады. Ал бетті медициналық марлымен тазаласаңыз, тональды крем қалмайды.

9. Дайындаған тағамдарыңыздан көбіне қандай пікірлер естисіз?

Әзірге жағымсыз пікір естімеппін. Менің мантыны жиі түйетінімді оқырмандарым да біліп алған, «Жанаттың мантылары әдемі, дәмі де тіл үйіретін шығар» деп жазып жатады. Жолдасым фаршты ұнатпағандықтан, етін де, пиязын да, асқабағын да қолмен турап жасаймын, сол себепті шығар, ата-анам, жолдасым, бала –шағам сүйіп жеп жатады.

"Берекелі дастархан" журналы.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Aijan 2016-03-03 18:39
Кеңестеріңіз керемет екен, рахмет :-) :-)