Мен үшін бірінші орында әрдайым-отбасы

zhas

1. Біздің оқырмандарымыз өзіңізді КТК телеарнасындағы кешкі жаңалықтардың жүргізушісі ретінде жақсы танитыны белгілі. Бірақ жеке отбасыңыз жайлы көпшілік біле бермейді. Сондықтан отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз?

-Мен Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы селосында 1984 жылы дүниеге келдім. Отбасында төртеуміз, үйдің сүт кенжесімін. Әкем туған өлкеге есімі танымал ақын-жазушы Жолдығали Бақытов.

5 жасымда әсем қала Алматыға қоныс аудардық. Содан бері Алматыда тұрамын. Қазір отбасылымын, шүкір, сүйікті жар, ибалы келін, аяулы анамын деп ауыз толтырып айта аламын. Алтындай Алдияр және Кәусар есімді ұл-қыздың анасымын.

 2. Әйел кісі отбасы-ошақ қасында болуы қажет деп жатады. Сіз отбасында қандай анасыз? Жалпы балаларыңызға қаншалықты көңіл бөлесіз? Себебі балаларыңыздың кешкі асын ішерде сіз үнемі кешкі жаңалықтар жүргізіп отырасыз. Әлде үйіңізде күтуші жұмыс істей ме?

-Білесіз бе, менен көпшілік «үй қызметшісін жалдайсыз ба?» деп сұрап жатады.Жоқ, мен үй күтушісін ешқашан жалдаған емеспін, жалдамаймын да. Әйел адам мейлі ол әнші болсын, мейлі ол журналист болсын, тіпті басшы болсын, бірақ өз шаңырағында-Әйел болып қалуы керек. Мен тамақты өзім пісіремін, үйді өзім жинаймын, жолдасымның, бала-шағамның киімдерін өзім жуып, үтіктеймін. Кешке ертегі оқып, сабақтарын оқытамын. Себебі әйел-үйіне жылу нұрын шашып тұратын отбасы ұйытқысы.

Шынымды айтсам, соңғы рет қашан 10-ға дейін ұйықтап, диванда отырып теледидар көргенім есімде жоқ. Себебі оған уақыт табылмайды. Сізге өтірік маған шын, тіпті осы жасыма дейін бір киноны соңына дейін тапжылмай отырып көрмеппін... 

Мен үшін бірінші орында әрдайым-отбасы. Қызмет саған отбасы бақытын бермейді, бар жан-тәніңмен беріліп жұмыс жасап, жеке өміріңді ұмыт қалдырар болсаң, күндердің күнінде жастарға орын беріп, жылы орныңды босатуға тура келеді. Сол кезде жан-жағыңа қарайсың, қатарыңның бәрі баяғыда балалы-шағалы болып кеткен, ал сен жалғызсың, не отбасың жоқ, не қызметің жоқ... Сондықтан артымда өсіп келе жатқан сіңілілеріме айтарым, ешқашан мансапты, қызметті алдыңға қатарға қоймаңыздар...

«Қалауын тапса қар жанар» демекші, ниет болса әйел адам бәріне үлгереді, «мен ештеңеге үлгермеймін» дейтіндерді жалқау әйелдер санатына қосар едім.

3. Жоғары білімді филология мамандығында алған екенсіз. Тележурналистика саласына қалай келдіңіз?

-Бұған дейінгі сұхбаттарымда айтқам, «көгілдір экран алдында жаңалық жүргізем» деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бала күнімнен мұғалім болуды армандадым. Сол мақсатпен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне түстім. Бірақ бір Алланың қалауымен мамандығым мүлде басқа салаға кетті. «Ана тілі аруы-2004» жүлдесінен кейін бірден телеарнаға шақырту алдым. Кастингтен өтіп, содан бері телеарна саласында қызмет етіп келем. Журналистика жалпы-қызығы мен шыжығы қатар жүретін, қайнап жатқан қазан іспеттес қой. Қызығына бір кірсең, шыға алмай қалады екенсің. Сол қазанда біте қайнап келе жатқаныма да 10 жылдан асыпты...

Журналист – сауатты жазып, сауатты сөйлей білу керек, тілдегі нормативтік талаптарды, үндестік заңын сақтай отырып, мәтінді оқу керек. Осы жағынан филологияны қызыл дипломмен тәмәмдағаным көп көмегін тигізуде. Оның үстіне қарапайым көрермен көгілдір экраннан көрген, естігеннің барлығын дұрыс деп қабылдайды. Сондықтан депутат, министр, журналист, жүргізуші, дикторлардың қате сөйлеулеріне хақы жоқ. Егер біз дұрыс сөйлемесек, қарапайым халық қайдан дұрыс сөйлесін?

 

4. Тікелей эфирде бағдарлама немесе жаңалықтар жүргізу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні рас. Сөзден жаңылу, мүдіру өз тәжірибеңізде болды ма?

- Тікелей эфир-өзгеріске ұшырамайтын құбылыс. Нақ осы сәт. Қателік кешірілмейді. Жөтелсең де, шатассаң да, сен халықтың алдында-тікелей эфирде отырсың. Тікелей эфир-алғаш рет көлік жүргізгенің сияқты ғой, сақтық қажет, бірақ сасқалақтамауың керек.

Мен жұмысыма үлкен жауапкершілікпен қараймын. Себебі бүкіл редакцияның күні бойғы жұмысының нүктесін қойып, халыққа жеткізетін ол-диктор. 30 минуттық жаңалықты тамашалаған адам сырттай оп-оңай сынай салады, бірақ сол 1 минуттық сюжеттің астында қаншама еңбектің жатқанын, қандай жанкештілікпен дайындалғанын білмейді. Сол ұжымдық еңбекті біз бағаламауға, қате оқуымызға хақымыз жоқ.

Техника болған соң суфлердің істемей қалуы, немесе эфир басталар сәтте мәтіндердің компьютерден жоқ болып кетуі-талай кездесті ғой. Бірақ тфә-тфә, мүдіріп көрмеппін. Қуыршақтай әдемі болып, мәтінді оқып отырғанға ел диктордың жұмысы оңай деп ойлайды. Бірақ олай емес... Бұл саланың да өзіндік қиындықтары бар. Жалпы диктор қандай болуы керек, қысқаша айта кетейін. Менің түсінігімде:

  • Диктор-оқып отырған дүниесін көзіне елестете отырып, жүрегімен жеткізуі тиіс.
  • Студия табалдырығын аттаған сәтте-ақ, барлық проблемасын, қуаныш, қағысын сол жерде қалдыруы керек.
  • Диктор- әрдайым ізденісте болуы шарт. Ол өзіне-өзі «сыншы».  Болдым, толдым деген адам ешқашан биікке шыға алмайды.
  • Шапшаңдық пен қағілезділік керек. Тікелей эфир болған соң,  түрлі келеңсіз жағдай орын алады.
  • Қандай жағдай болса да шатаспауың керек. (Мәселен, алдыңда 5 камера қатар жұмыс жасап тұрады, әрі 10 адам отырған редакцияда не болып жатқанын құлақтағы құлаққап арқылы естіп отырасың).
  • Диктордың өзіндік СТИЛІ қалыптасуы керек. 
  • Иығын тік ұстап, әдемі отырған диктор көрерменнің көзіне де жақсы көрінеді.

 

5. Тележүргізуші ретінде өзіңізге көңіліңіз тола ма?

- Жалпы «жасандылық», «жалпақшешейлік», мақтаншақтық, тәкаппарлық, сосын әлгі «жұлдыз ауруы» дегендей қасиеттер жаныма мүлде жат. Өйткені біз «өс­кенді де, өсіп, бөсіп бо­лып, өшкенді де көргенбіз»...

 Кейбір адамдар телеарнадан бір күн көрініп «жұлдыз» болып шыға келеді, «базарда жүруге, асханадан тамақ ішге ұяламын» деп шығады. Ол не сөз? Түптеп келгенде оны жұлдыз қылып отырған сол халық. Мен шынайылықты жақсы көремін. Өмірде қандайсың, телеарнада болсын, тіпті әлеуметтік желіде болсын, сол қалпыңды сақта. Маска киюдің қажеті жоқ, себебі халық ақымақ емес, жасандылық пен шынайылықты оп-оңай ажыратады. Жасандылық алыстататын болса, шынайылық жақындатады. Адамның беті ғана жылтырамай, ішкі жан дүниесі таза, мөлдір болуы керек. Ал сырты мен іші тап-таза болып, үйлесімділік тауып тұрса, міне, сол адамды нағыз-сұлу жан дер ем.

Адам ең алдымен өзіне сыншы болуы тиіс. Өзіне көңілі толды деген сөз, ол адамның сол жерде өшкені... Мәселен, мен әлі күнге диктор ретінде өзіме көңілім толмайды.Күнделікті жаңалықтың қайталауын міндетті түрде көріп, жіберген қателігімді келесіде қайталамауға тырысамын...

 

6. Көрермендер сізді жаңалық жүргізгеніңізге көздері үйреніп қалған. Продюссерлерден ток-шоу жанрындағы телебағдарламалар жүргізуге ұсыныс түсті ме? Өзіңіз қандай бағдарлама жүргізгіңіз келеді?

- Бүгінде 22 жылдан бері жарық көріп келе жатқан, марқұм әкемнің көзіндей боп қалған газетті басқарып отырған жайым бар. Әрі сәл уақытым болса, әңгіме, шағын повестер жазуға тырысамын. Ал ток-шоу жүргізу жайлы ойламаппын, шыны керек. Әлеуметтік парақшама қыз-келіншектерден күнде толассыз хат келеді. Әр хатта-бір адамның тағдыры жазылған, мен сол хаттарды парақшамда жариялап, ел ақыл-кеңесін айтып жатады.

Егер алда-жалда мүмкіндік болып жатса, осындай шынайы өмірден алынған, нәзік жандыларға арналған бағдарлама ашар едім.

 

7. Режиссерлар киноға түсуге шақыртып жатыр ма? Шақырып жатса киноға түсуге қалай қарайсыз?

- Шақырған жерден қалмай, жаңалық тізгінін ұстап отырып, киноға түссем, немесе той жүргізсем, сүйкімім кетіп қала ма деп қорқамын. Сондықтан киноға түсу-ойымда жоқ...

 

8. Қазір тележүргізушілерінің көбісі тіл тазалығын сақтай бермейді. Мұның себебі кәсіби тележурналистердің жоқтығынан ба? Әлде он қайнаса сорпасы қосылмайтын өзге саланың мамандарына ерік беріп қойғаннан ба?

- Қазір бағдарламалардың тағдыры-рейтингке қарап тұрған заман болды. Ал арна басшылары бағдарламаға көрерменді көптеп тарту үшін, кәсіби журналистерден гөрі танымал адамдарды шақырғанды жөн санайды. Байқап отырсаңыз, көптеген шоу-бағдарламаларды әншілер жүргізеді. Өз саласы болмағандықтан білмейді, сондықтан тіл тазалағын, орфографиялық, орфоэпиялық, үндестік заңын сақтамайды...

 

9. Сізді кешкі жаңалықтар жүргізгенде, мерекелік кештерде үнемі ұлттық нақышта өрнектеліп тігілген киімде көреміз. Бұл сіздің өзіндік ерекше стиліңіз бе, әлде патриоттық сезіміңіз басым болғандықтан ба?

- Телеарна-халық айнасы. Біз де Қымбат, Рабиға, Дана апайларымызға қарап бой түзедік. Соларға еліктедік. Біздің де артымызда сіңілілеріміз өсіп келеді. Екі жыл бұрын маған мынадай ой келді. Неге біз шетелдің киімін киіп, жаңалық жүргізуіміз керек? Неге өзіміздің қазақи нақышта тігілген киімдерімізді сәнге айналдырмасқа? Неге отандық өнімді қолдамасқа? Сол оймен, міне, 2 жылдың жүзі болды, тек қазақи нақыштағы оюлы киімдерді киіп жүрмін.

 

10. Ұлттық нақышта тігілген киімдеріңіз кім болсын үлгі аларлықтай дүние екені белгілі. Сондықтан әр қазақ ұлттық киіммен жүрсе деп тілейміз. Бірақ көпшілігінің ұлттық нақыштағы киімді тіктіруге қалтасы көтере бермейді. Сіз киіміңізді арнайы тапсырыспен тіктіресіз бе? КТК телеарнасының басшылары ұлттық нақыштағы киіммен кешкі жаңалықтар жүргізуіңізге қарсы болды ма, әлде қолдау көрсетті ме?

-Менің ойымша, қазақтың ұлттық киімдерінің насихаты аз. Қазір заманауи үлгідегі ұлттық киімдер баршылық, Тек оларды кең көлемде насихаттау  жағы кемшін. Сондықтан, биыл «Ұлттық киім күні» жалпыхалықтық сипат алып кете алмаған секілді. Алайда, уақыт өте ұлттық киімдеріміздің насихатын арттыра берсек, әлі-ақ халқымыз күнделікті өмірде ұлттық киімді киіп жүретін дәрежеге жетеді деп ойлаймын. Тәжікстан, Монғолия, т.б. мемлекеттерде жүргізушілер эфирге ұлттық киіммен шығады. Ал, біз ұлттық нақыштағы киімдерімізді шаң басқан сандықтан 22 наурызда алып, 23-і қайта салып қоямыз. Мені қынжылтатыны осы. Бірақ, қазақша киінуіміз керек дегенде, бұрынғы ата-бабаларымыз киген киім емес, қазіргі заманға сай тігілген, ұлттық ою-өрнегі мол киімдерді айтып отырмын. Шын мәнінде, қазақы ою-өрнектің өзі, ұлттық киімдеріміздің бет-бейнесі дер едім. Эфирге алғаш оюлы киіммен шаққанда, басында қарсылық білдіргендер болмады емес, болды. Соған сай біраз уақыт менің де қарсыласуыма тура келді. Қазақша оюлы киімді өз елімде кимегенде, қай жақта кием? Бірақ, сол уақыт аралығында қасымдағы құрбыларым, теледидардан көрген, артымызда өсіп келе жатқан сіңлілерім мен киім алатын дүкенге тапсырыс беріп жатыр екен. Бұл мені қатты қуантты. Көрдіңіз бе, телеарна адамға қалай әсер етеді? Өйткені, теледидар – тәрбие құралы.

Бірақ қолөнердің аты қолөнер, бір оюлы жакетті жасау үшін шеберге қаншама тер төгуге тура келеді... Сондықтан бағасы да соған сай қымбаттау болады. Қыста киізден жасалған жакет кисем, жазда ол ыстық. Сонымен ойлана келе, өзім дизайнын сыза бастадым. Сосын сол идеямды жүзеге асуына көмек беріп, лазермен киізді оюлап компьютер арқылы ойып бере алатын адамды таптым. Сөйтіп, заман талабына сай, өзі сапалы, әрі ерекше жакеттер дүниеге келді. Бүгінде эфирге киіп жүрмін, ел жақсы баға беруде.

"Жастар үні" журналы.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...