Өскенді де көргенбіз, өшкенді де көргенбіз...

bereke

Экранның арғы  жағынан жаңалық жүргізіп отырған әйел жүргізушілер көбіне салқын қанды, алдындағы мәтіннен басқа көп ештемені ойламайтын, тым байсалды жандар болып көрінеді. Ал шын мәнінде, өмірде олар қандай? 

Анық әрі нық шығатын дауысымен ерекшеленетін білікті журналист, балаларының қызығын тамашалап, қолы қалт ете қалғанда уақытын соларға арнауға асығатын аяулы ана, әр жерде жұбайын мақтан тұтып, оның көрсеткен қолдауын бағалай білетін адал жар, қоғамда болып жатқан кез келген өзгерістке көз жұма қарай алмайтын өз мемлекетінің белсенді азаматы және жай ғана келбеті келісті ажарлы әйел Жанат Бақыт осы жайлы өз шындығын оқырманмен бөлісті.

1.Жанат, бүгінде нәзік жандылардың көбі жұмыс, мансап деп жүріп өздеріне «кәрі қыз» деген теңеудің қалай таңылып қалғанын түсінбей қалып жатады. Бұл жағынан сіздің жолыңыз болған екен?

 - Адам мамандық пен жар таңдауда шатаспауы тиіс қой. Мен Аллаға шүкір, екеуінен де жаңылмадым.

Жолдасыммен 1999 жылы, 9-сыныпта оқып жүргенде таныстым. Екеуміз көрші тұрдық. Сол кезден бастап дос болдық. Бірақ Ершатқа (жолдасым) бірден «екеуміз тек мен жоғарғы оқу орнын бітірген соң бас қосамыз, ата-анама берген сертім сол» дедім. Ол уәдесінде тұрды, мені 8 жыл күтті. Сөйтіп 2007 жылы бас қостық. Сонда қол ұстасып келе жатқанымызға биыл 16 жыл болған екен.

Ол кезде баламын ғой, әрине телеарна саласында жұмыс жасаймын, тікелей эфирге шығып, жаңалық жүргіземін-ау деген ой мүлде болмаған. Бірақ мұғалім болсам деген арманымның болғанын жасырмаймын.Және сол мақсатпен Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне түстім. Алайда көріп отырсыз, тағдыр ойламаған жерден мүлде басқа арнаға бұрып жіберді.

Қазір шыны керек, тұрмыс құрмаған қыздың саны көбейіп барады. Алла тағала бізге, қыз балаларға «Ана болу» мүмкіндігін нәсіп еткен. Әрі бұл табиғи міндетіміз. Ана - бір қолымен бесікті, екінші қолы­мен әлемді тербейді. Алланың бер­ген қуанышы «өзегіңді жарып шық­қан» сәбиіңнің бір ғана күл­кісіне ештеңе тең келмейді! Жұ­мыстан келгенде құлдыраңдап алдыңнан шыққан сәбиіңді құш­қан сәтте күні бойы шаршағаның­ды ұмы­тасың. Мансап пен ақша­ның тү­біне жету мүмкін емес. Сон­дықтан мансапты қуалаймыз деп жүріп уақыттың өтіп кеткенін байқамай қалмайық. Бақыттың бәрі мансапта емес қой?! 

2.Тікелей эфирде жаңалық жүргізу шынымен оңай емес қой. Техникалық ақауларды былай қойғанда, психологиялық фактордың да әсер етпей қоймайтыны белгілі деп ойлаймын. Көңіл күйіңіз болмағанда немесе ауырып тұрғанда мұндай келеңсіздіктерді қалай шешесіздер?

 

- Журналистика – жанкештілік пен төзімділікті қажет ететін, қызығы мен шыжығы қатарынан жүретін сала. Қарапайым көрермен 30 минуттық жаңалықта көреді де, оңай сынай салады, немесе оңай мақтай салуы мүмкін. Себебі сол 30 минуттық жаңалықтың астында қыруар еңбектің жатқанын біле бермейді ғой? 3 минуттық сюжетті журналист таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін жасайды. Шығарушы редактор, режиссерлер таңнан кешке дейін сол тілшілердің жұмысын тексеріп шапқылап жүреді. Содан кейін барып «соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, ең соңғы міндет дикторларға жүктеледі. Ал диктор күні бойы істеген журналистің жұмысын бір-ақ сәтте құрдымға жіберуге хақысы жоқ! Және қандай «проблемасы» болса да, мейлі ауырып тұрсын, мейлі қуанышы қойнына сыймай тұрсын, диктордың эмоциясын халыққа көрсетуіне болмайды!

Сен студия табалдырығын аттадың ба, бітті, бар қуаныш-қайғыңды сол босағада тастауға тиіссің. Эфирге шықтың ба, сен-халықтың адамысың. Себебі диктор-халық мен тілшінің арасындағы көпір іспетті.

Оқып отырған ақпаратыңды көз алдыңа елестете отырып, жүрегіңмен жеткізсең, айтқан ақпарың міндетті түрде халықтың жүрегіне жетеді, олар сенің сөзіңе сол кезде ғана сенеді. Және құр оқымай, қазақ тіліндегі «үндестік заңын» сақтай отырып оқуы керек. Өйткені «телеарна-тәрбие құралы», біздің киген киімімізді, отырған отырысымызды, сөйлеген сөзімізді жастар дұрыс деп қабылдайды. Ал егерде ешқандай тіліміздегі «нормативтік талаптарды» сақтамай, судыратып оқып шығатын болсаң, көптің біріне айналасың... Сырт көзге қатал көрінгеніммен, жан дүнием нәзік жанмын, ал біздің ақпараттардың қандай болатынын сіз жақсы білесіз. Кейде сюжет болып жатқанда жылап та аламын. Бірақ эмоцияны халыққа көрсетпейсің ғой...

Енді оқып отырған суфлердің істен шығуы, сюжеттің уақытымен келмеуі сияқты келеңсіздіктер тікелей эфирде міндетті түрде болып тұрады. Ондай кезде шапшаң қимылдап, қағілездік танытсаң-кез келген кедергіден оңай шығасың.

3.Бүгінгі белсенді тірлікте балаларға көңіл бөлу, олармен ұзақ уақыт бірге болудың қиындап бара жатқаны белгілі. Ал бұл жағынан сіз қаншалықты үлгеріп жатырсыз?

- Бұрында бақыттың кілті мансапта, ақшада деп ойлайтынмын. Олай емес екеніне балалы болған соң көзім жетті. Жыл өткен сайын жасармайтының белгілі. Сонда қызмет саған «отбасылық бақытты» бере ме? Бала бере ме? Тіпті жасың өткен соң сенің  орныңа жас маманды алуы да ғажап емес. Сол кезде жұмысыңда жаныңда жүргендердің біреуін де таппай қалуың мүмкін.

Сондықтан мен үшін бірінші орында тек-отбасы. Сондан кейін барып – қызмет. Сен қандайсың, сол күйіңде қабылдап, сені шын жақсы көретін, тек қана ақиқатын айтатын ол-ата-анаң, сосын отбасың. Әкем өкінішке орай өмірден өтіп кетті, анама көп көңіл бөлуге тырысамын, күнде хабарласып тұрамын.

Қалған уақытымның 70 пайызы балаларыммен өтеді.

 4.Әйел заты болғаннан кейін үйдің шаруасы, ас қамы сіздің мойныңызда. Осы жағынан өзіңізді пысықпын деп айта аласыз ба?

- «Ерте тұрған әйелдің көп ісі артық». «Уақыт жетпейді» дейтін жалқау әйелдің сөзі дер едім. Таңертең 6 болмаса да, 7-де тұр. Неге үлгермейсің? Үлгересің.

Мен кейде күлемін, күнделікті жоспарым әншілердің «тойының тізімі» сияқты тура. 7-де тұрып, балаларды балабақшаға жіберемін, үш мезгіл тамақ, үй шаруасы, жуатын кірің, келімді-кетімді қонағың бар дегендей... Және телеарнадағы қызметтен бөлек, әкемнен қалған газеттің бас редакторымын, түрлі съемкаларым бар, оны қосыңыз. Одан кейін жастар шыны керек, қазір әлеуметтік желіде отырады ғой, интернетке күнде әңгімелер саламын. Сосын мені қынжылтатын бір мәселе бар, ол ана тіліміздің өз жерінде өгейдің күнін кешуі. Жан-жағыңызға қараңызшы, жарнама, бильборд болсын, аудармасы ақсап тұр. Тіпті Елбасының аты-жөнін қате жазған соң, не сұпрайсыз? Сондай қателерді теріп, әлеуметтік желіге салып жүрмін. Мүмкін Тіл комитеті көріп, қолға алар... Кейбір дүкендер кешірім сұрап, қателерін түзеп жатыр. Кейбіріне тегін-ақ аударып беремін, себебі күйіп кетем аудармасын көріп. Тфә-тфә, әйтеуір шапқылап жүріп бәріне үлгеруге тырысамын. Құдай күш-қуаттан айырмасын...

 5.Сұхбаттарыңызды қарап отырсам, қалаға ерте көшіп келген екенсіздер. Дәл сол уақытта қоғамда еліктегіштік, «заманауи» болуға деген құлшыныс белең алып тұрған еді ғой. Бойыңыздағы қапарайымдылық пен биязылықты қалай сақтай білдіңіз?

- Иә, өзім Атырау облысының қызымын. 1990 жылдары Алматыға көшіп келдік. Ол кезде бар-жоғы 6 жаста едім.

Мен негізі таза қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін нағыз «патриот» отбасында тәрбие алып, өстім. Қазір ойлап отырсам, әкем Жолдығали Бақытов мықты ақын-жазушы, бірнеше газеттің бас редакторы болып, көптеген кітабы жарық көрсе де, қарапайымдылықты биік қойған жан болған екен. Қарауындағы адамдарға бір рет болса да дауыс көтеріп сөйлегенін көрмеппін. Қарапайым болғаны сол, өмірінің соңына дейін автобуспен жүрді. Көлік, ұялы телефон дегендерге жоламайтын. Анам да сондай, өте салмақты, қарапайым жан. Сосын мен кімге тартайын? (күлді).

Жалпы «жасандылық», «жалпақшешейлік», мақтаншақтық, тәкаппарлық, сосын әлгі «жұлдыз ауруы» дегендей қасиеттер жаныма мүлде жат. Өйткені «өс­кенді де, өсіп, бөсіп бо­лып, өшкенді де көргенбіз»...  Кейбір адамдар телеарнадан бір күн көрініп «жұлдыз» болып шыға келеді, «базарда жүруге, асханадан тамақ ішге ұяламын» деп шығады. Ол не сөз? Түптеп келгенде оны жұлдыз қылып отырған сол халық. Мен шынайылықты жақсы көремін. Өмірде қандайсың, телеарнада болсын, тіпті әлеуметтік желіде болсын, сол қалпыңды сақта. Маска киюдің қажеті жоқ, себебі халық ақымақ емес, жасандылық пен шынайылықты оп-оңай ажыратады. Жасандылық алыстататын болса, шынайылық жақындатады. Адамның беті ғана жылтырамай, ішкі жан дүниесі таза, мөлдір болуы керек. Ал сырты мен іші тап-таза болып, үйлесімділік тауып тұрса, міне, сол адамды нағыз-сұлу жан дер ем.

6.Кішкентай балаларды тәрбиелеп отырған ана ретінде бүгінгі қоғамның балаға берер қандай артықшылығымен мақтанып, қандай кемшілігінен жасқанасыз?

- «Қазіргі балаларға рахат осы» деп кейде күлем. Қазір бәрі бар ғой, шіркін. Дүкенің самсап тұр, балаларымыз кәмпиттерге қарағысы келмейді әуелі. Біз ше? Баяғыда аналарымыз қонақ шақырса қуанатын едік. Көк сандықтың түбіне тығылған кәмпиттерді сол кезде бір көретін едік. Сол сандықтағы кәмпиттерді ұрлаймыз талай таяқ та жедік қой. Қуыршақ мультфильмді көру үшін жалғыз демалыс күніңде таңертең тұруға тура келеді. Себебі жексенбі таңғы 8-де ғана болушы еді мультфильм. Оның өзінде теледидар дұрыс көрсетпей, қызарып кетсе төбесінен қойып қаласың (күлді). Ал қазір ше? Балалар әуелі компьютер мен айфоныңды біліп туады. Әуелі өзіңе үйретеді. Бір жағынан оларды кінәлауға да болмайтын шығар, әркім өз заманына қарай бейімделеді ғой. Егер технологияны дұрыс пайдалана отырып, түрлі зияткерлік ойындар ойнатса, баланың интеллектуалдық қабілеті артады, есте сақтау қабілеттері жақсарады. «Біз сол интернетсіз-ақ өстік» деп кертартпалыққа салынудың қажеті жоқ болар, әр заманның өз ерекшелігі болады ғой. Тек уақытыңды бөліп қадағалап отыру керек. Себебі «тәрбие-отбасынан» басталады.

7.Өзіңізді күтуге қаншалықты уақыт бөлесіз?

- Мен жалған сөйлегенді ұнатпаймын. Шынымды айтайын ба? Мен сұлулық салонына тек тұрмыс құратын күні бардым. Одан кейін бас сұқпаппын. Біріншіден, уақыт-тапшы. Сұлулық салонын аралап жүргенше, сол уақытты бала-шағаммен өткізіп, солармен ойнап-күлсем, соның өзі маған витамин. Одан кейін сұлулық салондарының үйіп-төгетін уәделеріне сенбеймін. Не сұрайсыз, әуелі үйге хабарласып, «үйтеміз, бүйтеміз, 10 жасқа жасартамыз» дейтін болыпты. Телеарнаға осындай аузы күйген талай клиенттер келді. Біреуі сұлу боламын деп керісінше бетін күйдіріп опық жесе, екіншісіне сұлулық салоны түрлі кремдерін «несиеге» сатыпты. Ай сайын 20 мың, бір жыл бойы төлейді. Масқара ғой?! Ал сол кремнің құрамын тексертсе, бетке мүлде пайдасы жоқ екен! Міне, осындайларды көрем де, мүлде бармаймын.

Үйде өзім маска жасап, крем жағамын. Тіпті маникюрға да бармаймын.

  1. 8.Қандай бағдарламаларды тамашалап, кітаптарды оқығанды ұнатасыз?

- Бала күнімізде айфон, интернет деген жоқ, ортасы жерге түсіп кеткен керуетте жатып алып барлық кітапты оқушы едік. Сондай керемет кез еді! Кейде сағынамын. Қазір жиі кітап оқимын деп алдамай-ақ қояйын, ғаламтордан жүктеп алып анда-санда оқимын. Есесіне газет-журналдың барлығына дерлік жазылғанмын. Үзбей оқимын. Әрі өзім газеттің бас редакторы болғандықтан, барлық мақаланы жібермеуге тырысамын. Телеарнаға келетін болсақ, «жыртың-жыртың» еткен шоу бағдарламалардан гөрі, адамға берері мол, ой салатын хабарларды жібермей көремін.

9.Өлең шығарып, әңгіме жазады екенсіз, мұнан басқа тағы қандай қабілеттеріңізбен мақтана аласыз?

-Бала күнімде суретші болсам ғой деп армандаған едім. Ақ параққа түрлі-түсті бояумен сурет салуға құмармын. Бәлкім сондықтан болар, бетті «кәсіби» тұрғыда әрлимін. Эфирге гримді өзім жасап шығамын, кешкі шаш үлгісін де жасау қиындық туғызбайды. Эфирге шығар  кезде гример қыздарға салмақ салмай, өзім бояна саламын. Егер грим, не шаш үлгісі дұрыс болмаса, диктордың көңіл-күйі бұзылып, ақпаратты дұрыс жеткізбеуі мүмкін. Ал қолыңнан келсе, өзіңе қалай ұнайды, гримді солай жасап аласың. Бұл кішкентай болса да, көптің қолынан келе бермейтін қасиет деп қояйыншы.

  1. 10.Спортпен шұғылданасыз ба?

- Бұл сұрағыңызға жауап беруге ұялып отырмын. Өйткені спортқа мүлде жоқпын. Алайда алға қойған мақсаттарымның бірі-спортпен шұғылдану. Адамнан адам шығу оңай ма, екіншімді босанған соң біраз салмақ қосып алдым, әрі теледидардың 8 кг қосатынын білесіз. Диета ұстау да қиын. Эфирден шығып, үйге жеткенше кешкі 21.30 болады, түнгі ондағы қандай диета? Қазір қызым кішкентай, әрі емшек емеді. Сәл өсіп, балабақшаға барған соң, спорт залына жазылайын деп отырмын.

11.Біздің оқырманға бір ауыз тілегіңіз.

- Қазір не көп? Жұлдыздар жайлы газет-журнал көп. Бәрінің жазатыны-бір тақырып. Тіпті оқығың келмейді. Ішінен керекті дүние таппайсың. Ал сіздердің журналдарыңыз жас аналарға, жүкті әйелдерге, жалпы әйелдер қауымына ауадай қажет! Қаншама пайдалы дүние жазасыздар! Ең бастысы, журналдарыңыз ғұмырлы, оқырмандарыңыз көп болып, жазатын дүниелеріңіз таусылмасын!

«Береке» журналы.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...