Қаныпезер

 

kanipezerОблыстық қылмысты іздестіру басқармасының бастығы Аxмет Алтаевтың қоңырауынан соң тергеуші Арнұр Жаңбыршин жұмыс орнына шұғыл жетті. 

Бөлме іші көк түтін, кезекті темекісін түбіне дейін раxаттана сорып, темекі тұқылы үйіліп тұрған күлсалғышқа  мыжып тастай салды. Көзін қолындағы қағаздан алмаған күйі:

-Отырыңыз, Арнұр!-деді көзілдірігін түзетіп қойып.

-Бүгін де осында түнеген сияқтысыз?

-Иә... Кеше отырғаннан әлі отырмын, жеңгең ренжіп жатқан болар,-деді күліп Алтаев. Әрі қарай сөзін жалғап:

-Білесің ғой, бір істі бастасам аяғына жетпей менде маза болмайтынын. Әрі... Қанша талайды көрген арлан болсақ та, мына 7 жасар Жұпар Серікболованың өлімі жаныма қатты батты. Немерем Жұпармен жасты ғой, білесің...

Жаңбыршин де күрсініп:

-Балғынның өлімі бәрімізді есеңгіретіп тастады. Қандықол қасапшы ұсталмайынша жанымыз тыныштала қоймас. Күдік тудыратын адамдардың барлығынан жауап алынды, оқыдыңыз, көрдіңіз. Сіздің ойыңыз қандай енді?

-Иә, бәрін көрдім, тыңдадым... Алтынбек Суатпаев, яғни Жұпардың анасының көңілдесі сол түні Астанада болдым деп жауап беріпті.

-Жұпардың анасы сол Суатпаев екеуі отбасын құрам деп жүрген кезде мынадай қайғылы оқиға болып тұр ғой. Суатпаевқа келсек, бұрын Шымкент облыстық сотының үкімімен 8 жылға сотталған екен, одан кейін істі болмаған. 

-Бірақ мынаны қара, Жаңбыршин,-деді Алтаев тағы бір темекісін тұтатып жатып,-Мен кеше сол Суатпаевтың көршілерімен сөйлестім. Ол қылмыс болатын түні Астанада болмаған. Көлігінің кешкі 18.00-де келіп, ертесі таңда бір кеткенін көршісі айтты. Міне, 296 үйдің тұрғыны Надежда Степанованың жауабы...

-Сонда...

-Жаңбыршин, уақыт тығыз! Суатпаевтың үйіне тінту жұмысын жүргізу керек. Кеттік!

***

Талай сырды тырнағына бүккен қараңғы түнде қараниетті ойын қалай да іске асыру үшін бүкшеңдеген жалғыз сұлба бүгін тағы көрінді. Беті жылтыраған төмен етектіні көрінсе, тұла бойын темір қарығандай қалшылдататын қасиеті өзін еркінен тыс үйіріп барады. Бұл да Құдайдың тамшыдай түйсік берген қос аяқты пендесі ғой, бірақ соған қарамастан қыз-келіншектермен адам секілді шүйіркелесуге батылы жетпей, қой аңдыған аш қасқырдай соңдарынан сүмең қаға аңду-бұрыннан әдеті...

Сол аңдыған төмен етектінің арын айуандықпен таптауға бүгін мықтап бекінді ол.

Кешкі 21.00-де автобусты тағаты таусылғанша күтіп, ақыры жаяу аяңдаған 17 жастағы бейбақ құзғынның алғашқы жемтігіне айналды... Жоспарын әлдеқашан құрып қойған айуан, бойжеткеннің ту сыртынан аяусыз ұрып құлатып, қараңғы  жерде абыройын айрандай төкті. Алайда қатігез қаныпезер ертесі-ақ қолға түсіп, 8 жылға сотталып кете барды.

Керек кезінде жағымпаздана, түлкідей жылмыңдайтын Алтынбек Суатпаев жақсы тәртібі үшін тар қапастан  мерзімінен бұрын босап шықты...

Адамдық қасиеттен жұрдай Алтынбек жең астынан сығалап, алғашында мүләйімсіп, ақылды жанның кейпінде жүрді. Тіпті көрші-қолаң, тамыр-таныстың өзі "кім қателеспесін? Істі болған жан деуге ауызың бармайды. Тар қапастан дұрыс адам болып шығыпты" десті.

Керек десең ібілістің өзін алдап кететін Алтынбек Раушанның жүрегін бір көргенде-ақ жаулап алды. 

Қыздай тиген жолдасы жалғызы Жұпар туыла сала жол апатынан көз жұмған-ды. Одан бері де 7 жыл өтті. Жеті жыл ішінде бірде-бір еркектің жылуын сезінбеген Раушан тілі майда Алтынбекке арбалды да қалды. Аз ғана уақыт ішінде иі жұмсақ жесірдің үйіне қалаған уақытында келіп кететін көңілдесіне айналды. Раушан Алтынбектің "жақын күнде үйленеміз. Қызыңды туғанымдай көремін" деген бөспесіне сенді. 

Үйлеріне бөтен адам келсе тосырқай қарайтын 7 жасар Жұпар қашан көрсең де қызара бөртіп, түлкідей жылмыңдайтын Алтынбекті жақтырмай-ақ қойды. Анасының көзінше сол бөтен жан:

-Мектепке биыл бардың ба, қызым? Сабағың жақсы ма?-деп басынан сипап, бетінен сүйгені де сондай жасанды... 

Алтынбектің қызын өбектегенін көріп Раушан да мәз болатын. Тіпті болашақ жарына пәтерінің кілтін де беріп, жанындай жақын тартып, жан жүрегімен сенді.

Алайда адам бейнесіндегі айуанның ойы басқа еді. Арам ойы-аузынан әлі ана сүті кеппеген жайқала өскен жауқазын қызды құрбандыққа шалу. Ібілістің жетегіне ерген Алтынбек бір ысып, бір суыды. Сай-сүйекті сырқыратар осындай жауыз үкімді ол сол күні белгілеп қойды...

Әдеттегідей сабақтан келген Жұпар түскі асын ішіп болып, сабағын оқып отыр еді, сыртқы есік ашылды.

-Анашым? Сіз бе?

-Мен ғой, Жұпаржан...

Алтынбек әдеттегідей жымсиды.

-А-а, сіз бе... Анам жұмыста.

-Білем. Бүгін анаң екеуіңді қонаққа шақырдым. Раушан маған "сені алып кел" деді. Өзі жұмыстан шығып таксимен барады. Саған керемет тортқа тапсырыс бердім. Аниматорлар, тағы да балалар келеді...

-Рас айтасыз ба?

Жұпар қуанып кетті. Сәби көңіл жауыздың көкейін тырнаған арам ниеттен мүлде бейxабар еді. Анасы күнде "ол енді сенің әкең" деп қайталай беретін ағайының соңынан қуана ілесті. 

Бүлдіршінді  жетектеген Алтынбек қала сыртындағы жапырайған жұпыны үйге ымырт түскен кезде келді. Үйде аниматор мен тәтті торт тұрмақ, анасы да жоқ екен. Қаршадай қыздың балаң жүрегі бір жамандықты сезіп:

-Анам қайда?-деді жәутеңдеп. 

-Келеді! Қазір келеді!-деп жемтігін көздеген құзғын сопайған шишаның ауызын тісімен жұлып алып, ащы суды қылғыта берді. 

Жұпар қорыққаннан дірілдеп жылап отыр. Анасы келер емес. Көздері құтырған иттей қараған Алтынбек салқын жымияды. Түрінің жаманы...

Еңіреп жылаған бүлдіршін шыдамы таусылып есікке қарай жүгірді. Сөйткенше болған жоқ, тарамыс қолдар мұны ту сыртынан шеңгелдей бүрді.  Әзәзілдің жетегіне еріп, арақтың қызуы бойына барған Алтынбек ар-ұятан безді. Бүлдіршін шыңғыра барынша арпалысты. Қатыгез жүрек ақыры күшіне мініп, дегеніне жетіп тынды... Ауыр қылмыс жасалды. Өмірге не үшін келгенін әлі түсініп үлгермеген бейшара бүлдіршін есі кіресілі-шығасылы, қоянның көжегіндей діріл қағып жатыр. Сол сәтте неден болса тайынбайтын жауыз тез қимылдап, қылмыс ізін жасыру мақсатына кірісті. "Не де болса шалажансар жатқан бүлдіршін тірі қалуға тиіс емес" деп шешті жауыз. Анадай жерде тұрған кір жаятын жіпті алып,  сорлы қыздың мойнынан орап асқан қатігездікпен қылқындырды. Мынау жарық дүниеге шыр етіп келіп, бар-жоғы жеті-ақ жыл өмір сүрген Жұпар Серікболова осылай адам кейпіндегі айуанның қолынан мерт болды...

Алтынбек бейкүнә сәбиді асқан қатігездікпен өлтіргенімен қоймай, қылмыс ізін жасыру мақсатында Жұпардың мәйітін ет турағыш қасапшыдай балтамен шауып, қапшыққа салып, көшедегі қоқысқа тастап кетті.  Қулығына құрық бойламайтын оңбаған қылмысын осылай жуып-шайды.

Ертесі түк болмағандай ұялы телефонын қосып, жұмысына аттанды. Қызын жанұшыра іздеген Раушан сол таңды ұйқысыз атырды. Қасынан қу түлкідей табылған Алтынбек Раушанның қасынан бір елі шықпай, Жұпарды іздегенсіді. Өтірік жылап, қызды іздегенсіген одан ешкім күдіктенбеді. Күні-түні қайғыдан қан жұтқан ананың қасынан шықпады. 

Арада екі-үш күн өтті. Қыз табылмады. Күмәнді адамдардың бәрінен жауап алынды. Алтынбек жауабында сол күні "Астанада болдым" деді. 

Шұғыл іздестіру тобы қала сыртындағы қоқыс жәшігінен шіри бастаған қыздың мүрдесін табады. Сот-дәрігерлік сараптамасы қыздың зорланып, асқан қатігездікпен кісі қолынан өлгенін анықтады. 

***

Таң қылаң бере Алтаев пен Жаңбыршин үйіне сау ете кіргенде, Суатпаев алғашында сасып қалғанымен, барынша сабыр сақтап білдірмеуге тырысты.

-Суатпаев, сіз қылмыс орын алған күні, 23 қарашада қайда болдыңыз?

-Сіз... Менен күдіктенбейтін боларсыз?

-Сұрақты мен қоямын! Отыр! Қайда болдыңыз?

-Астанада.

-Алайда көршің Надежда Степанова сіздің үйде болғаныңызды айтты. Және үйіңізге бүлдіршін жетектеп кіргеніңізді көргенін жеткізді.

-...

-Аxмет Нұрғисаұлы, мынаны қараңыз, қоқыс жәшігінен бүлдіршіннің бас киімі мен қан жұққан жейде табылды.

Жаңбыршиннің қолындағы айғақтарды  көргенде Суатпаевтың көзі шарасынан шықты. Күдік күшейе түсті. 

-Ал, не дейсіз, Суатпаев? Мындағы қан құрамы тексеріледі.  Сайраңыз! Бүлдіршіннің бас киімі қайдан жүр?

Алтаевтың дауысы қатқыл шықты.

-Біреу салып кеткен. Жала бұл...

Сасық күзендей арпалысқанмен, Суатпаев қаны тамшылаған қылмысын жасыра алмады.

-Менің қолымда болса, мұндай жауыздарды ату жазасына жіберер ем!-деді Жаңбыршин тістене. 

Суатпаев мүләйімси еңіреп жылап жіберді. Алайда қанша жыласа да бейкүнә бүлдіршінді айуандықпен өлтіріп, мәйітін қорлаған қылмыскерге кешірім болмады, оны ең ауыр жаза күтіп тұрды... Осы өмір де, ана өмірде де...

23.01.16

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...