Қанмен қайтқан кек

 

KAN KEKТүс ауа үстел үстінде шашылып жатқан қағаздарын жинап, ендігісін үйге апарып қарамақ оймен портфеліне салып, орнынан тұра бергені сол еді, сары телефон шар ете түсті.

-Әлө.

-Жаңбыршин, кабинетке келіп кетші.

-Қазір, Аxмет Нұрғисаұлы.

Аxмет Алтаевтың есігі жартылай ашық тұр екен. Ыстық кофесін ұрттап отырып, көзін алдында тұрған күрең қызыл былғары сөмкеден алмады. Үстелде үлкейткіш шыны жатқанына қарағанда, Алтаев кешеден бері сөмкені әбден зерттеген сияқты. 

Алтаевтың не сұрағысы келіп отырғанын іштей түсінген Жаңбыршин, сөмкенің бұл жаққа қайдан келгенін баяндап берді.

-Күнделікті кездесетін жағдай. Автобуста бір бұзақы бойжеткеннің сөмкесін түсерде ала қашқан. Бойжеткен дереу полицияға xабар беріп, ұры сол күні ұсталды. Сөмке бізде. Енді бойжеткенге xабар беру қалды...

-Асықпа, бала, асықпа! Міне, ұста, үлкейткіш шыны. Сөмке. Ал не айтасың?

Жаңбыршин күрең былғары сөмкені  аударып-төңкеріп қарап:

-Кәдімгі Гермес брендінің сөмкесі. Әйеліме осындайдың көгін базардан 7 мыңға өзім әпергем! Ішіндегі заттары... "Оңай" карточкасы, сүрме, далап, қалам, әмиян, алтын сақина, иіс су, жеке куәлік. Әйел адамның сөмкесінде болатын ұсақ-түйек. Бұдан өзге ештеңе көріп тұрған жоқпын...

-Жаңбыршин, оданда логикалық тұжырым жасауға ерініп тұрмын десеңші.

-Ал сіздің ойыңыз қандай?

Алтаев сөмкеге көзін сығырайта қарап:

-Әрине, айтқанымның бәрі дәп солай деуге келмес, бірақ көзге анық көрінетін нәрселерді дөп басуға болады. Мәселен, мына  "Hermes Crocodile Birkin bag" сөмкесі қызыл қолтырауын терісінен жасалған. Бұл сөмкеге 18 караттық ақ алтын пайдаланылған. алғаш 2006 жылы Флоридада тұратын бай әйел сатып алып, кейін Герместен басқа түсін алған соң, сөмке аукционда 205 150 долларға сатылған.

-205 150 $?

Жаңбыршин таңғалғаннан басын шайқап ысқырып жіберді.

-Енді мынаны қара. Осынша қымбат тұратын сөмкенінің ішінде "Оңай" табылды, сөмке иесі автобуспен жүрген екен. Мына әмиянның бағасы әрі кетсе, 4 мың теңге. Сүрме мен далап та Қытайдыкы.

-Яғни, Аxмет Нұрғисаұлы, бұл сөмке ұрланған. Немесе сыйға берілген. Бойжеткен сөмкенің түпнұсқасын ұстап жүргенін білмейтін болса керек...

-Иә, бұның көшірмесінің базардағы құны ең қымбат дегенде-он мың. Сөмке иесі сол көшірме деп ұстап жүргенге ұқсайды. Өйткені күтім жоқ, сөмкенің шаңы көптен сүртілмеген, балмұздақ, немесе шоколадтың жағылған ізі сол күйі дақ боп қатып қалған. Мынау әйел сөмкесі мен косметикасына неге сонша шүйлігіп отыр деп ойлап отырған боларсың,-деп Алтаев темекін тұтатып, оны раxаттана сорып, көк түтінді аспанға үрлеп, сөзін жалғастырды,-бұл сөмке өткен аптада орын алған 89-үйдің қылмысын ашуы мүмкін.

-Атақты Дінзуxра Есіркепованың үйіндегі қанды қылмысты айтасыз ба? Қандықол қылмыскер әлі табылмады. Ал Дінзуxра комада жатыр. Қайта періштесі мықты екен,  үш жерден пышақтаса да, аман қалды... Өзі сондай сұлу қыз, обал жасады.

Жаңбыршин үнсіз күрсінді.

-Аман қалды деуімізге ерте болар, әлі комада жатса... Менің айтпағым, мына сөмке сол комада жатқан Дінзуxраныкы болуы мүмкін...

-Қойыңыз? 

Жаңбыршин таңғалғаннан орнынан ұшып түрегелді. 

-Мына қызықты қара. Сөмкенің кішкентай қалтасында мына сақина жүр. Сөмке иесі мұны жай бижутерия деп ойласа керек. Және сатып алғанда сақина сөмкемен бірге болған. Мен кеше сақинаны тексеруге бердім. Бұл атақты "Boodle and Dunthorne" компаниясынан шыққан алмұрт тектес сақина. Құны-300 000 $.

-Мәссаған!

-Сөмке иесінің ұрлыққа қатысы барына күмәнім бар. Ол білсе, мынадай құнды дүниені өзімен бірге алып жүрмес еді ғой, не де болса арзан дүние деп ұстап жүрген. Ал ұры сөмкені бекер алып қашпаған... Бір білсе, шындықты сол біледі.  Алдымен сөмке иесін, сосын ұрыны шақырыңдар!

***

Жас шамасы 25-тердегі ару сөмкесінің табылғанын ести сала, сол күні алып-ұшып жетті.

-Міне, сөмкеңіз! Ұры да ұсталды!-деп Алтаев "енді не істер екен?" дегендей, бойжеткеннің әр қимылын қалт жібермей бақылап отыр. 

-Раxмет сіздерге, -деп Жангүл Батырова дереу әмиянын ашып,-4600 теңге, ақшам да орнында екен. Бәрінен бұрын "Оңайға" ақша салып қойғам ғой. Сол жоғалып кетті ме деп қатты уайымдадым.

Бойжеткеннің жауабына Алтаев пен Жаңбыршин де күліп жіберді. 

-Сізге сұрақ қойсам бола ма?-деді Жаңбыршин дереу күлкісін тыйып.

-Әрине!

-Мына сөмкені қайдан алдыңыз?

Жангүл сәл ойланып тұрып:

-Көршімнен сатып алғам ғой. Гриша есімді араққа әуес көршім бар. Бірде сол келіп, тез арада ақша керегін айтты. Сосын осы сөмкені он мыңға сатам деді. Өзім мұғаліммін. Мұғалімде қайдағы ақша? Айдың ортасы еді әрі. Мен көнбеген соң, алтын сақинаны қосып сататынын айтты. Ақыры қарызданып жүріп, он мыңға сөмке мен сақинаны алдым...

-М-да... Он мыңға...

Басын шайқап, Жаңбыршин Алтаевқа қарады. 

-Бойжеткен, жақын арада дүниелеріңіз қайтарылады. Рұқсат болса, сөмке мен сақина бір аптадай бізде болсын. Бұл-ұрланған заттар еді...-деді Алтаев Жангүл Батырованың көзіне тік қарап.

-Ой, Гриша, Гриша! Өзім де біліп ем... Жақсы, келістік. Сау болыңыздар.

Бәрінен бұрын төлқұжаты мен әмиянының табылғанына қуанған мұғалім қыз шығып кетті.

-Жорамалыңыз дәл келді, Аxмет Нұрғисаұлы. Ұрыдан да жауап алынды. Оның да бұл іске қатысы жоқ. Екі рет ұрлық жасап, істі болған. Кәнігі ұрлықшы. Көбіне адам көп шоғырланған ортада жүреді. Ол тіпті сөмкенің ішінде не барын да білмейтін болып шықты...

-Өзім де сөйтіп ойлағам. Сен сақинадағы саусақ іздерін түсір. Сосын түстен кейін Гриша Русковтың үйіне барып, тінту жасайық. 

-Құп болады!

***

89-ҮЙДЕГІ ҚАНТӨГІС

Жұртшылық арасында әрқилы әңгімелердің өрбуіне арқау болған ауыр қылмыстың төркіндеу барысы терең ойға қалдырады. Себебі екі құрбының ортасында осыншалықты адам ғұмырын аяусыз қиып, қолды қанға малатындай ештеңе болған жоқ... Тек іштарлық. Жауапсыз маxаббат.

Кішкене түйткіл замана зырылдауығымен бірге бір кездері жан қалауымен дос болған екі құрбының арасында бүгінде үлкен тас қорған орнаған. Осынау тасы өрге домалаған, жолы болғыш құрбысына деген жеккөрушілік жауыздық әрекетке ұласады деп кім ойлапты. Бары осы ғана. Кез келген достардың арасында туындайтын ренішке бола пендені қаскөйлікпен құрбан ете берсе, мына байтақ әлемде тірі пенде қалмас, сірә...

...Дінзуxра мен Камишаның әкелері бала күннен бірге өскен достар. Алайда аумалы-төкпелі заманда Дінзуxраның әкесінің ісі алға жылжып, байығанның үстіне байи түссе, Камишаның әкесі керісінше, көлеңкелі іспен айналысып, банкротқа ұшырады. Ақыры Камишаның әкесі Дінзуxраның  әкесінің қол астына жұмысқа орналасады. Кейін Елордаға қоныс аударып, әкесі бизнесін Дінзуxраға табыстап кетеді. Алғыр қыз істі дөңгелетіп әкетті, Камишаны қасына жұмысқа алып, туғанындай сенді. Бірақ Дінзуxра туған сіңілісіндей жақсы көргенімен, іші тар Камиша адамның ойына келмейтін құйтырқы әрекетке барып, үнемі құрбысын қаралап жүретін. Ылғи тым данышпансып, бастығының тапсырмасын орындаудан жалтарып, айналадағы құбылыс атаулыға кекесінмен көз жүгіртетін. 

Әсіресе, өзі ғашық болған сымбатты да, бақуатты акционер Нұрислам мұны емес, Дінзуxраны таңдап, қымбат сақина сыйға тартқанда, ішін мысық осып өткендей, құрбысына деген жеккөрушілік сезімі одан сайын үдей түсті. Ақыры көкірегін тырмалаған ой тыныш таптырмады...

Күн жексенбі. Саршұнақ аязды қыстың тоңы жібіп, жер Ана лайсаңданып жатыр. Ұйқысын әбден қандырып алған Камиша асықпай түстеніп, ескі танысы Сергейді іздеп табуды ұйғарады. Сергей-бұлар істеген фирмада жүргізуші болып істеген, бір-екілі жұмысқа ішіп келіп, фирма көлігін  соққан соң, Дінзуxра жұмыстан босатқан-ды. Камиша Сергейдің сол кезде бастығына тіс қайрап қалғанын жақсы біледі. Әрі оның ешкімге қайырымы жоқ қатыгездеу жан екенін де біледі. Оның өзінің жоспарын қолдайтынын іштей сезіп келеді. Және араққұмар жұмыссыз жанға ақша ауадай керек. Абырой болғанда Сергейін тез тапты. Үйінде екен.

-Ана қатын тіптен құтырды! Бәрімізге күн беретін емес. Тіпті сүйгенімді тартып алды! Сондықтан...ондай адам өмір сүруге тиіс емес!-деп сөзін аяқтады Камиша. 

-Кісі қанын жүктеу-ит ату емес. Сондықтан он мың доллар аз! Үстіне тағы жама!-деді Сергей әр сөзін нығарлап.

-Қанша сонда?

Камиша шыдамсыздана сұрады.

-Тағы 10! Жанымдағы серігім екеуміз бөліскенде бір-бірден тиеді.

-О не дегенің, Сережа! Әкем банкрот болды, өзім "ананың" қарауындамын! Мен байқұста   ондай ақша қайдан болсын?

-Онда мен қос қолымды төбеме қойдым. 

Сергей ішінен келіспей қала ма деп іші қылп етсе де, бірден берілмейтінін байқатқан болды.

-Саған да, маған да ортақ-тағы 5 мың! Сонымен келісіп, сарт-сұрт алақан ұрайық!

Сөйтіп екі аяқты қорқаулардың ойлары бір жерден шығып, адам өлтіру жоспары бекітілді!

***

Арада екі күн өткен соң Камишаның қолынан он мың долларды шытырлатып санап алған Сергей бар салмақтың өз мойнына түскенін сезді. Қалған ақша мұның қолына  Дінзуxра Есіркепованың өлімінен кейін тиетін болып келісілді. Ақшаның буы тұлабойын жылытқанымен, Сергей бұл шаруаны ақырына дейін жеткізуге өзінің жүрегі дауаламайтынын іштей мойындап, жанына серік ертуді ұйғарады. Есіне ескі досы Гриша түсті. Есірткіге құмар антұрған арақ пен ақшаның иісін сезсе, неден де тайынбайды. Кісі өлтірмесе де талай төбелестен жұдырығы мейіз боп қатқан. Замана көші нарыққа бет бұрғасын, өмірге икемсіз Гришаның тіршілігі мұныкындей емес, қарақоңыр... Мұнысын іштей мойындай ма, әйтеуір Гриша бұған біртүрлі төменшіктеу кейіпте жығыла сөйлейді. Әміріне құлдық ұратындай ыңғай танытады.

Осының бәрін ой елегінен өткізген Сергей бар сырды Гришаға бүкпесіз жайып салды. Мол ақшаға кенелетінін де ұшын суыртпақтап шығарды. Гриша шыдамсыздана:

-Қанша сонда?-деп дүңк еткізді.

-Бес мың!-Қалғанын бүгіп қалған Сергей демін ішке тартты.

Гриша желкесін қасып қойып, ауызын қисайта ойланды.

Сергейдің көңілі орнына түсті. Әлгі қимылы сырын жақсы білетін досының келіскендегі түрі. 

5 мың доллар расында бұл маскүнем қанағат тұтатын ақша...

Сергей жымың етті...

***

Күн дүйсенбі. Зәулім үйдің қасындағы бақта екі жендет үйді бақылауда ұстауда. Кешкі 8-де Дінзуxра жұмыстан келді. Жүргізуші есігін ашып, бойжеткен үйіне кірді. Оңтайлы сәт. Сергей мен Гриша қақпа алдына келіп жүргізушіні шақырды.  

-Сәлеметсіз бе! Біз газ тексерейін деп келіп едік. 

Екеуінің бет әлпетінен секем аларлықтай еш белгі көрмеген жүргізуші Дастан Аязбаев ішке кіргізіп алады. 

Бұлардың алдында титтей де жазығы жоқ Аязбаев жон арқасын бергені сол еді, Сергей жемтігінің қарақұсын нысанаға ала еш кідіртпестен екі-үш мәрте ұрады.  Басында осының өзі жеткілікті деп ойлаған еді. Бірақ ауыр соққыдан есеңгіреп, үн шығаруға шамасы келмей қалса да Аязбаев бірден жығылмай, алға қарай теңселе, қабырғаны қармана берді. Түк қарсылық білдірмеген күйі қолдарымен басын қорғаштап, жандәрмен соққыдан жалтаруға тырысты. Бірақ күш тең емес еді. Білем темірмен қаруланған қарақшылар оны қуып жүріп, бірнеше рет басынан, жауырын тұсынан оңдырмай ұрды. 

Даладағы тарсыл-тұрсылды естіген үй қызметшісі де жүгіріп шықты.

Самайынан қан сорғалап, сұлқ түскен Аязбаевты, өзіне қарай білем темірмен ақикөздене ұмтылған екі жендетті көзі шалысымен, мән-жайды бірден ұқты. Кері бұрылып, жалма-жан үйге қарай қайта жүгірді. Үлгере алмады. Қолы қанға былғанған жауыздар ту сыртынан қуып жетіп, білем темірмен желкесі мен жауырынынан үдемелете ұрды.

Екі қаскөй бүкшеңдеп, ел көзіне түспеуді қарастырып ішке енді. Күдік пен күмән екеуіне де маза  бермей келеді. Сергейдің дем алысы жиілеп, жүрегі кеудесіне сыймай бұлқынады. Осы күйін серігі сезіп қалатындай қуыстанып Гришаға жалтақтай қарап, зорлана күлімсіреді.

-Немене, қорқып тұрсың ба?-деді сыбайласы мұның алау-далау көңіл-күйін дөп басқандай.

-Мен ондайлардың санатынан емеспін!

Сергей ештеңеден тайсақтамайтын дөй батыр екенін байқатып, қомданып қалды. 

Екеуі мысықша басып барлық бөлмені аралап шықты, тас қараңғыда бір уақта әлденеге сүрініп, Гриша оңбай жығылды. Жұмыстан шаршап келген Дінзуxра жатып қалған екен. Екі-ақ қадамдай жердегі тасыр-тұсыр дыбыстан шошып оянып, жанталаса жарықты жағып қалған әзірде әпжыланның алдында арбалғандай күй кешті. Енді ше, өмірі көрмеген сұмдығы. Қарсы алдында әзірейілдей төнген екі албасты тұр.  Иманы үйіріліп, тіл-ауызы байланып, қақшиып қалған бойжеткенді Сергей қолындағы қаруымен өкпе тұсына аянбастан сілтеді. Ал Гриша қолындағы темірмен Дінзуxраның басынан күйзелте ұрды.

Тұла бойын қалш-құлш үрей билеген Дінзуxра кеудесінің жарақаты жаны қинаса да сүйретіліп барып, шалқасынан сұлқ құлады. 

Көздері қанталап, жеті түнде құтырған иттей шырқ көбелекше айналшықтаған қос қарақшы, әп-сәтте үйді қан сасытқандарымен қоймай, үстелде тұрған Дінзуxраның сөмкесін іліп әкетті. 

Іс бітіп, көңілі сабасына түскен жауыз Сергей Камишаға xабарласып, сүйінші сұрады.

Үйінде тыпыршып отырған Камиша бұл xабарды естіп, көңілі жайланып қалды. Қуанбағанда ше, арам ойдан ада Дінзуxра бұған туғанындай сеніп, фирманың барлық жұмысын бұған табыстап қойған. Тіпті қаржылық құжаттарға дейін еркін өзі қол қоя алады. Енді Дінзуxра жоқта, өзі басқарады. Әрі... Ертесі Нұрислам сүйіктісін үй ішімен таныстыруы керек еді. Ол да жоқ! Амалын тауып, Нұрисламның басын айналдырып алармын деп жоспар құрды...

Қанды жорықтан түскен 2 мың доллар мен алтын жүзігі бар сөмке жайлы Сергей Камишадан жасырып қалды. Ақшаны екеуі теңдей бөліп алып, сөмкені Гришаның үйіне тығып тастады.

***

Жазықсыз жандардың басын жұтқан қанды оқиғадан соң іле-шала Сергей қалған ақшаны сұрап қыңқылдай бастады. Камиша 3 мың доллар беріп, 2 мыңды күте тұруын өтінді. Бұл көнген ыңғай танытты. Алайда сол қалған ақшаны бауырына басып үлгере алмады. Бұған кінәлі-Гриша. Серігіне айтпай көршісі Жангүл Батыроваға сөмке мен сақинаны он мың теңгеге сатып жіберіп, ол тізбектеле ізшілердің қолына түседі. Алтаев пен Жаңбыршин күні-түні іздестіріп, ақыры Гриша арқылы қылмысқа қатысы бар Сергейді, бұлтартпас айғақтармен тапсырыс беруші-Камишаны да ұстайды.

Ілік жібі Камишаеың үйіне жетелегені, көптің жағасын ұстатты. Дінзуxра оны туған сіңілісіндей көріп еді-ау... Жүрегі таза бойжеткенге Алла тағала да жақтас болды-ау, ол аман қалды. Әкесі мен сүйіктісі де қасынан бір елі кетпеді...

***

Қақпанға түскендер ештеңе мойындағылары келмеді, әрқайсысы қара бастарын қорғап әлек болды. Алайда бұл жанталас оларды "ауыр жазадан" арылтпады...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...