Желөкпе

 

zhelokpeМақсатта сенде, менде жоқтың бәрі бар. Соңғы маркілі Лексус, айфон 6s, брендті киім, пішен ақша, қысқасы ішкені алдында, ішпегені артында. Белі ауырып таппаған соң ашуланған кезде сындырған айфонына да, ішіп алып соққан көлігіне де жаны ашымайды... Әкесінің арқасында қаладағы ең таңдаулы деген оқу орнын бітірді. Дұрысын айтсақ, анасын зар қақсатып жүріп, әйтеуір дипломын алатын кезде бір барған, нақты қай оқу орнын бітіргенін өзі де жөнді білмейді. Әкесі лауазымды қызметтен бір кресло дайындап қойған, алайда Мақсаттың жұмыс істеуге қыдырудан қолы тимей жүр. Түнімен ішеді, шегеді, таң ата ілініп-салынып үйіне әрең жетіп, күні бойы ұйықтайды. Күндегі тірлік осы.


Бала күнінде дұрыс тәрбие бермеген соң, қазір тепсе темір үзетін ата-анасының Мақсатқа шамалары жетпейді. Баланы ақшамен емес, сүйіспеншілік, мейіріммен өсіру керек екенін енді түсініп жатыр. Алайда, тым кеш...
Ащы суға тойған сайын Мақсат қайғырып жылайды. Не үшін? Ол бай, әрі ода бәрі бар емес пе? 
"Мен сондай бақытсыз жанмын, мен ата-анамның қамқорлығына зәру бейшарамын" деп күнде шерін тартқатады ақшасына қызыққан құзғын достарына қарап. 
...Расында Мақсаттың бала күніндегі қағілезділігіне ел сүйсінетін, "осыдан бірдеме шығады-ау" дейтін. Бәрі бір-ақ күнде бүлінді. Әкесі мен анасының арасында жиі болатын жанжал мұның жүйкесіне ауыр тиетін. Анасының Әкесінің бетін аяусыз тырнап, аузына келген былапыт сөзді не үшін айтатынын түсіне алмай әлек болатын. Күндіз өз-өзінен ашуланып, үйдегі заттарды сындыру, бақырып жылап, ақыры арақ ішіп ұйықтау-анасынының әдетіне айналды. Мақсат көзіне көрінуге қорқушы еді, бөлмесінен шықпайтын, күтуші әкелген асты да сол жерде ішетін. Ақыры бұл мектепке барғанда ата-анасы ажырасып тынды. Анасының долы мінезінің кесірінен ажырасты ма, әлде әкесінің басқа біреуі болды ма, ол жағы бұған беймәлім. Тіпті білуге де құмартпайды. Қазір әкесін мүлде көрмейді, тек жиі ақша жіберіп тұратынын біледі. 
Мақсаттың қазіргі мақсаты-тек әкесінің ақшасын оңды-солды шашу... Виски. Түнгі клу. Қыздар. Болды...
****
Ал Еркін-үйінің үлкені. Қарапайым отбасынан шыққан бала. Алғыр боп өскен ол мектепті үздік бітірді. Өз күшімен грантқа түсіп, қосымша жұмыс істеп, ата-анасына көмектесті. Ақшаны тиындап жинап жүріп, әке-шешесіне салмақ салмай сүйгені Айжанға үйленіп, өзі той жасады. Айжан да тәрбиелі отбасынан шыққан қыз. Бұл үйге тез сіңісіп кетті. Бірінен кейін бірі шекесі торсықтай екі ұл туып берді.
5 жыл да зырлап өте шықты. Күн-түн демей жұмыс істеп жүріп, ақша жинап, Еркін әкесінің туған күніне биыл "Ауди" көлігін сыйға тартты. Ата-анасының қуанышында шек болмады. Ескі көлік болса да, еңбекпен келген соң өздеріне сондай қымбат. Алайда Еркін өзінің және екі ұлы мен әкесінің ажалы сол көліктен келетінін біліп па...
Сол күні Еркіннің ұлы нағашы апасына қыдырып барған-ды. Ертең киетін мектеп формасын сол үйде ұмыт қалдырғанын кеште бір-ақ көрді. Ойланбастан атасы немересін көлігіне салып алып құдағиының үйіне жиналды. Кішкентай Әли де "мен де барамдап" жылады. Еркін кенжесінің көңілін қимай, киіндіріп өзі де бірге көлікке отырды. 
Төртеуі үйден көп ұзамай, үлкен трассаға шыққаны сол еді, ащы суға елірген Мақсат лексус джипімен құйғытып отырып, жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, бұлар келе жатқан "Аудиды" оңдырмай соқты. Соққының жойқын болғаны соншалық, Ауди мыжылып, күл-талқаны шықты...
Еркін де, әкесі де, екі балапаны да тілге келместен сол жерде опат болды...
Жан-жақтағы куәгерлер, көршілер бай баласы Мақсатты көліктен суырып алып, тепкінің астына алды. Ащы суға тойып алған Мақсат есін жияр емес, тек өзін тепкілегендерге "әкемнің кім екенін білесіңдер ме? Бәріңді құртам" деп доқ көрсете берді... полициялар келіп оны қорғаштамағанда, ол ашуға мінген xалық қолынан қаза табар ма еді, кім білсін...
Ол есін ертесі, темір торда жиды. Күйеуі, баласы, екі немересінен қатар айырылып, қайғыдан қан жұтқан Күләш апай келіп "Сен-қанішерсің" деп зарлағанда бәрін түсінді, кірерге тесік таппады. Өкінді. Жылады. Кешірім сұрады. Бірақ бәрі тым кеш еді... одан бір үйдің төрт мүшесі тіріліп келмейді...
Мақсат он жылға Сотталып кете барды. Бұл оқиға әкесінің де қызметіне әсер етпей қойған жоқ. Мұның да анасы қайғырып, бар кінәні күйеуіне жабуда, "ақша берсең де баламды шығар түрмеден" деп жылайды. Әрине. Ақша не істетпесін. Сол көк қағаздың арқасында бостандыққа шығар-ау Мақсат. Тек... Мына өмірде жауапқа тартылмаса да, Ана өмірде не деп жауап берер екен...

20.11.2015

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Nuri 2016-03-11 17:37
Шымкентте болған қанды оқиға желісімен жазылған екен. Өкінішті ақ... :-? Көпке сабақ болар тамаша туынды!