Құзғын шоқыған раушан

 

raushanТеріскей батыстың өңменнен өтетін қара суығы. Адам аяғы сиреген мезет. Қаланы қою қараңғылық құшағынан көше шамдарының жарығы ғана арашалап тұр. Анадай жол жиегінде қараңдаған сұлба көрінді. Арақашықтықты жеңіл көлік жылдамдығы әп-сәтте жақындатты. Қара күртеше киген бойжеткен көлікке қарай қолын ербеңдете бұлғады. Қыздың түрі күздің тұлабойды қақсатқан өткір желіне төтеп бермегені анық.

Бейсеует уақытта жүрген бұл 20 жастағы Жамал еді. Жақында Мирас есімді жігітпен танысып, ес-түзсіз ғашық болды. Сол Мирасы бүгін түнгі он бірде қоңырау шалып, аяқ асты досының туған күн кешіне шақырды. Әрі өзінің сырадан ұрттап алғанын айтып, таксимен келе салуын өтінді. 

Екіұдай ойда болған Жамалды ақыры ғашықтық сезімі жеңіп, түннің бір уағында бойжеткен туған күн кешіне барамын деп шешті. Мінезі жұмсақ анасы қанша қарсы болғанымен, оған көнетін Жамал ба, ақыры кетіп тынды...

***

...Әйелін балалардың көзінше пышақтап өлтірген қандыбалақ қылмыскердің бұл өңірге аяқ басқанына екінші жылға айналған. Бас бостандығынан айырылған Самат түрменің дәмін тиіп-қашып татты. Оңтүстіктегі Қазақстандағы арнаулы мекемеге ауыстырылған ол  жұмыс істеп жүріп, ебін тауып, артынан осы жаққа жылыстап кетті. Жергілікті жағдайға судай сіңіп, тастай батты. Түрмеден оралған соң жұмысқа тұяқ іліктірген жоқ. Оған көңіл қошы да аумады. Сабау бастыға қайта селтең жүріс жақын болды... Ескі әуенге басты.

Қоңыр күзде үйде жатқысы келмеген Самат әдетінше көше кезуге шықты. Қалтада бір тиын жоқ. Бірақ өзі сияқты досы Әсет екеуінің әлденеден үміті бар. Паx, шіркін-ай!

Бұларға тап болғаны қара түсті "Киа" көлігі. Көлік иесі жұмысынан шыққасын адам тасып, нәпақа айырысуды кәсіп қылған. Сыпайы түрде амандасқан қой терісіндегі екі шибөріге Мансұр Әлібаев ақжарқын қалыппен:

-Иә, жігіттер, қайда барасыңдар?-деді.

-Онша  қашық емес. Қалаға дейін жеткізсеңіз болды.

-Қанша бересіңдер?

-Мың теңге!-Мың теңге тұрмақ, он теңгесі жоқ Самат пен Әсет жарыса қайталады.

Бұл сөзді естіген жүргізуші қуана келісті.

Артқы орындыққа жайғасқан Самат шамалы уақыттан соң мүләйімсіп:

-Аға, келесі көшенің бойында ағам тұратын еді, бір затымды алам да шығам. Соға аламыз ба?-деді.

-Жарайды,-деді жүргізуші Мансұр Әлібаев.

Жеңіл көлік жарық көмескілеу қараңғы жерге келгенде желке тұсына бір нәрсенің нұқи тірелгенін байқап, жүргізушінің жүрегі зырқ етті. 

-Қозғалсаң атып өлтірем! Жол жиегіне тоқта да, ақша бер! Тез, әкең!-деді арт жақтан шыққан өктем дауыс.   

Есі шыққан жүргізуші Саматтың бұйрығын мүлтіксіз орындады.  Тек "аман қалсам, ешқашан көлікке отырмаспын" деп қалшылдап отыр.

Самат жүргізушіні тапаншамен қорқытып түсірді.

-Багажын ашып қарашы! Мынаның қол-аяғын байлайтын зат бар ма?

Әсет көліктің артынан жуан жіп тауып алды. 

Екеулеп жүріп жүргізушіні  аяқ-қолынан айналдыра орап шарбаққа байлады.

-Эй! Бізді көрген жоқсың, түсіндің бе? Көлігіңді сосын тауып аласың!

Ұқтың ба?

Мансұр Әлібаев басын изей берді. Оның аман қалуына түнгі құзғындардың айтқанын қалт етпей орындаған көнімпаз мінезі себеп болған сияқты.  Әйтеуір Құдай сақтап бұған қарсы ешкім күш қолданған жоқ.

Самат от алдырған көлік біраздан соң түн қараңғылығына сіңіп жоқ болды. Екі шибөрі қалаға қарай тартты. Саматтың ойыншық тапаншамен жүргізушіні қорқытып, қалтасындағы 7 мың теңгесін сыпырып алғанын айтып, екеуі ішек-сілесі қата күлді. 

***

Бойын суық аралаған Жамал аяқтарын кезек соғып, бүрсең қағып тұр. Көлік тоқтайтын емес. 

Бір мезет сонадайдан жарық көрінді. Қолын ербеңдеткен Жамалдың жанына қара түсті "Киа" сықырлай кеп тоқтады...

-Сәлеметсіздер ме, оныншы ықшамауданға дейін жеткізіп тастайсыздар ма?

-Жеті түнде бұл жақта неғып жүрсің қаңғалақтап?-Жүргізушінің қасындағы бұжыр бет Жамалға қарап дүңк етті.

Қас қылғандай соның арасынша Мирас та асықтырып қоңырау шалды. Телефонмен сөйлесіп, өз-өзімен әлек болған Жамал көліктің артқы орнына отырып алды. 

-Анау-мынау емес, қыздарың айфон ұстайды,-деп Самат Әсетке қарап миығынан күлді. 

Қара көлік көзді ашып-жұмғанша кілт ышқынып, безеңдеп ала жөнелді. 

Қараңғы көшелермен зымыраған "Киа" мүлде басқа жаққа бағыт алды. Телефонмен сөйлесіп болған Жамал мән-жайды енді ұққандай, аш қасқырдай жалаңдап отырған екеуге жыламсырай қарап:

-Ағай, сіз...мүлде басқа жолмен кетіп барасыз ғой? Түсіп қалайыншы...

-Жап ауызыңды! Телефон, сөмкеңді бізге бер! Әйтпесе жаныңды жаһанамға аттандырамыз!-деп жүргізушінің жанындағы бұжыр бет баж етті. 

Самат болса бір қолымен рөлді ұстап, екінші қолымен тапанша кезеніп отыр. Жамал байқұс тапаншаны көріп есі шығып, қорқақ көшектей дір-дір етеді, сөмкесімен қоса телефонын Әсеттің қолына ұстата салды.  

Құйқылжыта айдап келе жатқан көлігін Самат қараңғы көшенің шетіне қисайта тоқтатты. Қолында тапанша.

-Түс көліктен! Бол тез! -деп бойжеткенге бұйыра сөйледі.

Жамалдың жүрегі әлдебір сұмдық оқиғаның басталғалы тұрғанын жақсы сезді. Көліктен түскелі жатқан оны бұжыр бет тегеурінді қолымен  жұлқи шығарды. Жамалдың жүрегі зырқ етті, қорыққаннан сөйлей алатын емес. Екі шибөрінің бетіне жалтаңдай қарады, екеуінің де сұсты көздері қанталап кеткен, жүздері әлем тапырық. 

-Жіберіңіздерші! Жалынам. Міне, алтын сақинам мен сырғамды қоса берейін!

Жалынған бойжеткеннің дауысы ышқына шықты.

Ар, ұятты садаға қылған, бойларын xайуанға тән сезім билеген екі құзғын бейкүнә бойжеткенге қарсы ауыр қылмыс жасады, ұрып-соқты. Бұжыр бет Жамалдың дыбысы шықпас үшін ауызына шүберек тығып, қолын жіппен тас қып байлап, асқан қатігездікпен он екіде бір гүлі ашылмаған қыздың абыройын айрандай төкті. Онымен қоймай, талмаусыраған қыздың үстіне сыра құйып, әбден келемеждеді. 

Алайда өзгенің өмірін қас-қағым уақытта талақ қылғандарымен, өз шыбын жандары тым тәттірек еді. Шаруалары біткен соң  екі құзғын бойжеткенді сол жерге тастап, сөмке мен бағалы телефонын, күртешесін алып, көліктеріне мініп жоқ болды...

***

Жамал қанша жатқаны белгісіз, әйтеуір бір уақытта есін жиды. Жанталаса орнынан тұрып қолындағы жібін шешті. Үсті-басында сау-тамтық жоқ, киімінің бәрі жыртылған. Теңселе басып жол жиегіне тоқтады. Күздің қара суық желі өңменінен өтіп барады. Жол шетінде қанша тұрғаны белгісіз, үздігіп қара жолға қарап тұр. Ештеңе ойлағысы да келмеді, не жыламады... Қатқан қазықтай қалшиып тұр тек. 

"Тұрмысқа пәк боп тимесем, елге өмірбақи қарабет болаймын ба?  Бұлай өмір сүргенше өлгенім артық... " 

Жамал осындай шешімге келді. Таң да қылаң беріпті. Бұл әлі тұр. Бір мезетте ту сыртынан құлағына әлдебір дыбыс шалынды. Жамал бұрылып соған қарады. Алыстан ақ көлік ызғытып келеді екен. "Е, Алла, кешіре гөр мені" деген Жамал көлікке қарай тұра жүгірді. 

***

Тағы бір қылмыстық іске тергеу жүргізіп жүрген Арнұр Жаңбыршин тағы да таңға дейін жұмыс істеді. Көзі іліне берген соң үйіне барып 2-3 сағат мызғып алу үшін асығып келе жатқан беті еді. Қара жолдың бойынан шашы алау-далау, үсті-басы жұлым-жұлым бойжеткен көлігіне қарсы жүгіріп келе жатқанда, тежегішін түбіне дейін басып, көлігін дереу оңға бұрды, көк Камри көлігі оң жақ маңдайымен шеткі дүңгіршекті қиғаштай сүзіп әрең тоқтады. Дүңгіршектегілердің иманы үйірілгенімен, ешкім жарақат алмады. 

Басын терезеге соққан Жаңбыршин басын  ауырсынып, көліктен қиралаңдай шықты.

-Сіздің есіңіз дұрыс па өзі? Сәл болмағанда дөңгелектің астында қалар едіңіз ғой?-деп қатқыл үнмен Жамалдың жанына жетіп барды.

Онсызда есі кіресілі-шығасылы тұрған Жамал ботадай боздап қоя берді. Жаңбыршин бойжеткеннің үсті-басына қарап мән-жайды ұққандай. Екі қарақшы қыздың күртешесін де сыпырып алып кетіпті. 

Бүрсеңдеп тұрған қызға пиджагын беріп барынша жұбатуға тырысты.

-Жыламаңыз болды.

-Менің өлгім келеді...

-Өлім жайлы айтпаңыз. Жүріңіз, сізді ауруxанаға апарайын.

-Үйіме апарыңызшы...

Жамалдың қарсы болғанына қарамастан, өз ісінің мықты маманы Арнұр Жаңбыршин бойжеткенді ауруxанаға апарды. Адам жанына шипа тапқызып, тәубесіне келтіретін ауруxананың оймақтай есігіне күні-түні титтей де тыныштық жоқ екен, табалдырығы таптаурын беймаза орынға айналғалы қашан... 

Осылай ойланып тұрған Арнұр Жаңбыршинді дәрігер түртті.

-Жамал Ерманованың жағдайы бірқалыпты.  Денесіндегі жырылған, көгерген жеріне дәрі-дәрмек жағылды. Кеудесінен соққы алған. Бауырына, оң жақ өкпесі, көк етіне аздап зақым келген. Және...Бойжеткенге зорлық көрсетілген. Енді биологиялық сараптама жасалады,-деді дәрігер Мұxамеджан Естібайұлы. 

Жамал сырқатынан толық айығып, ауруxанадан 24 күннен кейін бір-ақ шықты. Осы күннің ішінде қасынан бір елі шықпаған тергеуші Арнұр Жаңбыршинға кәдімгідей бауыр басып қалғандай ма, қалай өзі...

***

Жамалдың телефоны мен ұрланған көлік арқылы екі қылмыскер сол күні-ақ ұсталып, сазайларын алды.

Қанша жанталасқанымен, Самат пен Әсет қылмыстарын жасыра алмады. Толып жатқан бұлтартпас дәлелдер олардың ар шеңберінен қатігездікпен аттаған есерсоқ әрекеттерінің соңғы нүктесін қойып,  екеуі де бас бостандықтарынан айырылды...

***

Арнұр мен Жамал дәм-тұздары жарасып көп ұзамай шаңырақ көтерді. Тума-туыс, дос-жаранның басын біріктіріп дүркіретіп той өткізді. Шағын ауыл шетіндегі қараша үйдің ауласынан келімді-кетімді кісі аяғы, әуеге қалықтаған әуезді ән апта бойы үзілген жоқ. Қос жастың жүздері жарқын, жұптары жарасымды. Әсіресе, әбден жұмысқа беріліп кеткен ұлын уайымдап жүрген ана байқұста ес жоқ. Әркімге бір самбырлай сөйлеп, сүрініп-қабынып екі ортада жүгірумен болды. Сол күні аналарының етегіне оралған бала қыңқылы да, арақ ішпесе тұра алмайтын көрші Тоқтардың да мас боп жатқаны да еш сөкет көрінбеді...  Бәрі жарасымды.

Сол күнгі түнгі қорқаулардың қылмысы Арнұр мен Жамалдың арасында мәңгіге құпия боп қалды. Тек со күні кездесуге қыздың неге келмегенін жалғыз Мирас түсінбеді. Ал Жамалдың өзгеге тұрмысқа шығуын "сатқындыққа" балап, мазасын алмады. 

...Бүгінде ел қызыға да, қызғана қарайтын қос жұп-Арнұр мен Жамал үш баланың ата-анасы. Жақында тағы бір нәресте дүние есігін ашпақшы...

***

P.S. Азғындық, қатігездік сынды алақұйын қатігездікке бой алдырып, іргесі үгітілген қаншама отбасы бар... Бірақ қазақ жігітінің бәрі бүлінген деуге әсте болмас, "Құзғын шоқыған раушан"  оқиғасы шын өмірде орын алған жағдай. Егер Арнұр сияқты азамат кездеспесе, қызғалдақтай құлпырған бойжеткен екі құзғынның Ақылға қонбайтын қатігездігінен ғұмырымен қоштасар еді-ау. Арнұр Жаңбыршин кейіпкерім сияқты қазақ жігіттері көбейе берсін.

Иә... Бұл тағдыр...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...