Жалғыз ұл

rasstavanieЕржан Қаратайдың мына жалғаннан ұрпақсыз өтем бе деп әбден торығып, қырыққа жеткенде көрген жалғыз ұлы еді. Бүл өмірге келгенде дүрілдетіп той жасады. Өлгенде көрген жалғыз ұлдан ештеңе аямады. Бетінен қақпай өсірді. Бес жасқа келгенде әдемі велосипед, он екіге жеткенде "Жигули" сатып әперді.

Қаратай ұлын бес-алты жасқа келгенде үйіне келген қонақтармен бірге қақ төрге отырғызатын болды. Ол ол ма, баланы арақпен ауыздандыра бастады. "Әй, Қаратай, мұның не жапырақтай балаға арақ ішкізіп!Ертең алқаш болып шықпай ма?"- деген қарттардың сөздеріне пысқырған да жоқ. "Жалғыз ұлдан немді аяймын. Ішсін. Жесін. Кисін. Өмірдегі қызықтың бәрін көрсін. Он сегізге толған күні тіпті қатын алып беремін",- деп бөсетін ондайда Қаратай.

"Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің" деген ып-рас екен. Ержан жөнді оқымады. Сонда да болса мектепті ілдәлдалап бітірген ұлын Қаратай ақшаның күшімен Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне түсірді де жіберді.

Ержан университетке шетелдің машинасымен келеді. Қалта толған буда-буда ақша. Үнемі ашқұрсақ жүретін курстастарына ішкізеді, жегізеді. Олар мәз. Совхоз директоры болып істейтін әкесінің дәулеті жетеді. Соңғы жылдары бір ауданға әкім болған Қаратай енді тіптен дүниенің бетіне қарамайтын болды.

Жалғыз ұл барған сайын оңбады. Бірде біреудің машинасын соқса, енді бірде төбелесіп милицияға түсіп қалады. Оның бәріне әке байғұс жүгіреді. Әйтеуір құдайға шүкір, таныс жетеді. Қазір бәрі сатылатын заман ғой. Ақша беріп жүріп бәрінің тігісін жатқызады.

Сөйтіп жүргенде Ержан үйленетін болды. Әке-шешеде жан қалған жоқ. Дүрілдетіп қаланың қақ ортасындағы "Алматы" ресторанында той жасады. Тойға кілең ығай мен сығайды шақырды. Әттең, өзінің үйлену тойында мас болып қалып Ержан ұят істеді. Столдарды аударды ма-ау, даяшыны ұрды ма-ау, әйтеуір істемегені жоқ. Қаратай ұлын әке-көкелеп азар үйге жеткізді.

Ержан соңғы мезгілде арақсыз тұра алмайтын халге жетті. Ішеді де жүреді. Әкесі екі-үш рет емдетіп те көрді. Болмады. Бір-екі ай ішпей жүреді де қайтадан баяғы әніне басады. Алпысқа жақындаған Қаратай енді шындап қауіптене бастады. "Егер жазатайым бірдеңеге ұшырап өліп қалса ше?" деген сұмдық ой санасынан кетпейтін болды. Сонда бұл дүниеден ұрпақсыз өтеді ғой. Мына жиған қыруар дүние-мүлік, асыл жиһаз, алтын, ақша кімге мұраға қалмақ?

Мың күн сынбаған шөлмек шарт етіп бір күні сынды. Ержанның өлі денесін үйіне әкелгенде сағат түнгі он екі еді. Ресторанда бір жігітпен ерегісіп, табан астында үш литр арақ ішуге бәстескен Ержан соңғы бөтелкені қолына ұстаған күйі о дүниеге аттанып кете барыпты.

Жалғыз ұлдан айырылған әке қайғысын тілмен айтып жеткізу киын еді. Шешесі ауруханаға түсіп қалды. Жалпақ дүниеде жалғыз қалған Қаратай оңашада қабырғасы сөгіліп тұрып ұлының суретімен сырласады. "Сенің өмірден қыршын кеткеніңе мен, мен ғана кінәлімін. Сені арақпен ауыздандырған мен. Сенің орныңа мен өлуім керек еді, құлыным. Енді не істеймін? Тұлдыр тұяқсыз қалдым ғой, балам-ay. Ержаным-ау!" Кенет дауыс салып жылағысы келді. Көзінен жас шықпады. Бірақ іші-бауыры езіліп барады. Көзі мөлдіреген әдемі жігіт суреттен бұған жымия көз салады. Мұны түк те кінәлап тұрмаған сияқты...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Sezim 2016-02-28 09:15
:sigh: :sigh: