Қазіргі заманның Ләйлісі мен Мәжнүні

aila mazhnun- Қанат, бері кел!

Төргі бөлмеде желкесі күжірейіп отырған әкесіне көрінбей өтіп кетпекші еді. Болмады. Байқап қалды.

- Отыр. Екі айдан кейін құдай қаласа диплом аласың. Соған іле той жасау керек. Мырза құда да осыны құп көріп отыр. Ұқтың ба?

- Жоқ. Мен Мырза құдаңыздың қызына үйленбеймін. Өзімнің сүйген қызым бар.

- Ой, мына кеще не деп отыр? Сүйген қызың анау Жолымбеттің қызы ма? Ойбай-ау. Мырза кім, Жолымбет кім? Мырза білдей бір ауданның әкімі. Ал Жолымбет бір институттың жалаңаяқ жай мұғалімі. Олар біздің теңіміз бе? А? Осыны неге ойламайсың сен кеще? Мырзаның Қымбатын алсаң екі қатар коттеджі әзір. Қызметің де дайын. Рахат өмірде сайран салып өтесің. Ал Жолымбет болса үш бөлмелі пәтерінде өздері азар ілдалдалап жан бағып отыр.

- Досыңыз сияқты еді ғой.

- Бір кезде дос болса болған шығар. Ол баяғыда ғой. Қазір заман басқа. Ол кім, біз кім? Осыны неге ұқпайсың?

- Сүймеген қызды қалай алам? Қымбат темекі тартады. Арақ ішеді. Баққаны дискотека. Өзі бірнеше жігітпен жүрді.

- Ештеңе етпейді. Әлі сүйіп кетесің. Мен өзім де әкемнің айтқанымен үйленгенмін. Одан кем болған жоқпын. Сен жалғыздың ертеңіңді мен ойламасам кім ойлайды? Баяғы оқу өткен, білім қуған заман қалды қазір. Ендігі заман кімде ақша болса сонікі. Жолымбет оқу, оқу деп өмірден артта қалды. Қысқасы, оның қызын алмайсың!

-Мен Ай-Шолпаннан басқа қызға үйленбеймін. Махаббат сендер ойлағандай ойыншық емес.

- Әй, махаббатшылын мұның. Қазір ғой не ішем, не кием жоқ. Ал ертең қалтаңда көк тиының болмай, қарның ашып, қатының қашып жүрсең махаббат, сахаббатың не екенін білер едің.

-Олай асыл сезімді қорламаңыз. Абай да "Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар" деген.

-Әй, Абай дейді ғой. Ол да шіріген байдың баласы. Егер махаббатшыл болса пәлен қатын алар ма еді, а? Мына біз кұсап жалғыз қатынмен қақшимас па еді? Қазір махаббат деген жоқ. Есесіне ақша, бай құда деген бар. Шіркін, Мырза мен Ғалиябанудың жалғыз қызын алсаң бізге де жаман болмас еді.

-Өлсем де алмаймын!

-Аласың! Жарайды, сен кещемен кешке шешең келген соң сөйлесерміз. Қазір Мырза кұдаға барам. Тойдың жайын сөйлесем.

Әкесі арсы-күрсі шығып кетті де Қанат үнсіз отырып қалды. Мынау масқара ғой, деп ойлады, әкесі соңғы үш-төрт айдан бері осындай бір пәлені шығарды. Шешесі де әкесінің жағында. Екеулеп күнде миын жейді.

Ал осыдан жеті-сегіз жыл бұрын мұның әкесі де институтта жай мұғалім еді. Ұзақ жыл итшілеп жүріп Жолымбет үш, бұл екі бөлмелі пәтерді бір үйден азар алды. Ол кезде бұлар араларынан қыл өтпейтін дос еді. Жарты құртты бөліп жейтін, бір жартыны бөліп ішетін.

Қанат Ай-Шолпанмен бірінші кластан бастап бірге оқыды. Он жыл бойы екеуінің сумкаларын өзі тасып жүрді. Он жыл бойы бір партада отырды. Екі әке-шеше де балаларының достығына қатты қызығатын. Бірақ арада ешқандай келісім болмаған. Ол кезде құдалық туралы әңгімелесу де бір түрлі оғаш болып көрінетін.

Заман аяқ астынан өзгерді. Қоғамның асты үстіне шықты. Ертеңгі күнді бір ерекше түйсікпен ұға білген Қайрат арақ бизнесіне шықты. Әйелі де саудамен айналысты. Адал жолмен де, арам жолмен де ақша сауа бастады. Адам бір құнықпасын, құнықса тоқтамайды екен. Содан бес-алты жылда әбден байып, байлықтан екі көзі тұманданып, аяғын талтандап баса алмай қалды. Төлебаев көшесінен төрт, "Самалдан" бес бөлмелі пәтер сатып алды. Өзі "Мерседеспен", әйелі "Мицубисимен" жүреді. Бұған "БМВ" машинасын әперді.

"Бай байға, сай сайға құяды" дегендей, бұлар бұрынғы жолдастарын ұмытты. Бұрынғы үйінде қалған Жолымбетті екі-үш жылдан бері көрген емес. Есесіне "жаңа қазақтардың" ішінен талай дос, жолдас тауып жатыр. Мырза да солардың бірі. Дардай бір ауданның әкімі. Шіріген бай. Пәлен базары, автозаправкасы, рестораны бар, "крышасы да" тым жоғарыда. Ал бұларға дәл осындай құда керек.

Бірақ қырсық жалғыз баладан шықты. Мырзаның қызын алмаймын деп қиғылықты салып жүр. Соңғы үш жылдан бері бұлар көрші тұрады. Қымбат таңқы танау, қара қыз. Әдемі емес. Рас, Ай-Шолпан сұлу қыз. Екі көзі мөлдіреген ботагөз ару да Қанатты сүйеді. Бірақ Жолымбет кедей, бұлардың теңі емес. Осы жағы қинайды.

Ұлы да әкесі сияқты айтқанынан қайтпайды. Әлде жалғыз, ерке өскен соң осындай болды ма екен? Тіпті көнер емес. "Егер Ай-Шолпан екеуміз қосылмасақ бірге өлеміз" дейтінін қайтерсің. Баяғы "Ләйлі-Мәжнүн", "Қыз Жібек", "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" сияқты ертегілерді көп окығаннан болар деп қояды бұлар. Әйтпесе мына заманда махаббат бар дегенге кім сенеді?

Сол күні Қанат үйге қонбады. Гаражға барса машинасы жоқ екен. Ал ертеңіне... Сағат бестерде сұмдық хабар келіп жетті. Қапшағайдан келе жатқан "БМВ" алып бәйтерекке соғылыпты. Қанат та, Ай-Шолпан да тіл тартпай кетіпті. Быт-шыт болған машина ішінен "Бізді кінәламаңыздар. Мәңгі бірге болғымыз келді" деген бір жапырақ қағаз ғана табылды.

Екі отбасы да қайғыдан қан жұтты. Жер бауырлап "Ой, бауырымдап" барған бұларға Жолымбет басын көтеріп қараған да жоқ. Оның осы отырысынан бұлар "түкірдім сендердің байлықтарыңа" дегенді ұқты.

Содан бері бір жылдай уақыт өтті. Қайрат екі пәтерін де сатып, бұрынғы үйіне көшіп барды. Күн ұзақ бір нүктеге қадалып есік алдындағы бақта отырады да қояды. Қартайып, шөгіп кеткен. Соңғы кезде Абайдың кітаптарын қайтадан парақтап отыратын әдет шығарыпты. Ара-тұра "Махаббатсыз дүние бос" деп күбірлеп қояды. Қолда бардың қадірін кезінде білмегеннен асқан қасірет бар ма екен мына жалғанда, ай, жоқ шығар...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...